09.02.2023
  149


Автор: Жабал Ерғалиев

ҚҰЛПЫТАСТЫҢ КӨЗ ЖАСЫ

(Психологиялық драма)


Қатысушылар:


Әбіл


Аужан                    бір ауылдың үлкендері


Қалима Әйелдер


Ербол (ол қаңғыбас от жағушы) - жазасын өтеп келген жас жігіт


Ержан-үлкен бір шенеунік


Жамал- Ержанның әйелі


Сәкен – Ержанға бағынышты мекеме бастығы


Оққағарлар


 


 


Адам баласы ендігі арада тұрып та, онан соң туып та өмір сүруге болмайды деген кесіммен қотаны жүдеп қалған шағын ауылдың бес-алты қаралы үйінің біреуінде ас берудің қамы жасалып жатыр. Бір шаңырақта жалғыз отырған аурулы-сырқаулы, уайым мен қайғы жеген Әлима кемпірдің қайтыс болғанына да қырық күн толмақшы. Осы ауылдан көше алмай қалғандар жалғыз кемпірді жер қойнына беріп, кейуананың шаңырағының шамын қырқы өткенше сөндірмейік деген ниетпен марқұмның үйіне кезектесе түнеп, енді, міне бәрі жабылып ертеңгі асқа да әзірленуде. Үлкендер жағы намаз оқып болып, дастархан басына жиналып, әңгіме бастап жатыр.


Әбіл:-Е, марқұмның аруағы шат болсын де! Апырай-ай, ә!.. Зымырап өтіп бара жатқан уақытты қарашы, ә! Жарықтықтың қырқы да болып қалды.


Аужан:-Осы Әбесі, мына көрші ауылдарға да хабар берген дұрыс-ау деймін. Ас-су жетеді. Ол жағынан ұялмаспыз.


Әбіл:-Енді бар шаруаны өзің қолға алып, соның басы-қасында өзің жүрсің ғой. Айтамын, шақырам, хабар берем деген мәселенің бәрін өзің-ақ ойластырып шешсейші.


Аужан:-Айтқаныңыз-ақ болсын!.. Әбе, осы марқұм Әлиманың жалғыз ұлы бар еді ғой, әлгі Алматыда оқып жүріп, сотталып кететін.


Әбіл:-Е, сорлы бала! Несін айтасың, тектінің бір ұрпағы еді ғой ол да! Сайтан адастырайын десе, ол да оңай көрінеді ғой. “Кебенек киген келер” деген бар ғой, жазасын өтеген соң аман-сау келсе болар.


Аужан: “По моему” соның “срогы” биыл бітетін жыл. Әлгі қай жер еді, “аспанда құдай, астында мұнай, ортасында адай” дейтін бір жер бар ғой, әлгі қара май шығатын, сол арада деуші еді.


Әбіл:-О, жазған құдай, әлгі қалай еді, Гуриіп пе еді?


Аужан:-Иә…иә…Гуриіп…бірақ қазір сол әлгі Атырау деп аталады ғой. Сол Ербол босапты, Алматыға келіпті, әлгі оқуының дипломын аламын, сосын


 


ауылға келемін деп хабар айтыпты. Соны марқұм Әлима осыдан бір ай бұрын шамасында қуанып, үй-үйді аралап айтып шыққанын құлағым естіп еді.


Әбіл: Осы сол әңгімені мен де естіп едім. Сорлы бала бүгінді - ертеңді келіп қалса жарар еді. Анасына топырақ салу бұйырмаса да, тым болмаса бір дұғасында бетін сипар еді-ау!


(Әбіл қарт осыны айтуы мұң екен “Ағатай!”, “Ағатайлаған” әйел дауысы шығады. Әңгіме сап тиылады. Қазан-ошақтың жанындағы әйелдер дауыс шыққан жаққа қарай үрейлене қарап, аңтарылып тұрып қалады. Бұл ауылдың шеткі үйінде тұратын Қалима кемпір болатын).


Әйелдер:-Ойбай-ау, мынау Қалима ғой! Екі өкпесін қолына алып жүгіріп келе жатқаны несі?! Не ғана болып қалды екен? Бойым ауырлап тұр деп төсек тартып жатыр еді мана.


Қалима: (ентігіп, әлденеге абыржыған қалып үйге кіреді, Әйелдер де соңынан ереді). -Ағатай!..Ағатай!.. Ух…ох..ах…Ағатай!..Ағатай!..


Әбіл: -Шырағым келін, тыныштық па әйтеуір! Не болып қалды? Айтсаңшы енді ентігіңді басып, жүрегіңді орнына түсіріп…


Қалима:-Ағатай!.. Ағатай!.. Қазір… қазір айтамын. Тух, мына жаман жүрегім аузыма тығылып, орнына келмей тұрғанын қарашы! Қазір…қазір…Ауыл шетіне… ана жерге… (қолымен қара жол жақты нұсқайды) бір мәшине келіп тоқтады… өзі такси мә деймін.


Аужан:-Иә Қалимаш, сонан кейін деймін…


Қалима: Тұра тұршы! Жан алқымнан алмай! Ағатайға айтып жатырмын ғой енді.


Әбіл: Сөзін бөлмеңдерші енді! Тыңдасаңдаршы сабыр сақтап! Келін шырақ, айта бер!


Қалима: Соны айтам-ау! Сол әлгі мәшинеден біреу түсіп жатқан соң, терезеден үңіліп қарап тұрсам…шырамыттым, сол әлгі осы үйдің Ерболынан аумайтын біреу. Құдай ақы, көз алдымызда өскен бала еді ғой, бейшара неме, құдды Ербол! Сол…сол ағатай! Ербол келе жатыр. Қазір өзі де осында, үйіне кіріп келер.


Әбіл: Келін шырақ! Мынауың тосын да болса… жақсы хабар екен. Ал, енді келе қалса, бірден жылап-сықтап ала жөнелмей, сабырмен, байыпты қарсы алайық. Алып-ұшып келе жатқан жүрегін шошытып ала көрмейік. Естірту жағын маған қалдырыңдар.


(Үйге қолында жол сөмкесі бар Ербол кіріп келеді).


Ербол: (сәл-пәл тосырқап тұрып қалады). Ассалаумағалейкум!


Әбіл:Уағаликумассалам! Бар бол, балам! Кел… кел…айналайын, құрдасымның баласысың ғой, келе ғой, маңдайыңнан иіскейін! Орнымнан тұрып барып, өзім-ақ құшағыма алар едім, мына аяқ құрғыр басқызбайды.


(Ербол Әбіл қартпен, үйде отырғандармен қол беріп амандасады).


Ербол:-Аға, апам қайда?


Әбіл:-Балам…балам әуелі өзің менің қасыма келіп, мына араға отыршы.


Келші…


Ербол:   Апам   қайда?   Апам   қайда   жүр?   (Қарттың   жанына   келіп жайғасады).


 


Әбіл:-Ал, кәне шәйлеріңді әкеліңдер! Кәне, наннан ауыз ти! Е, балам ендігі татар дәміңді адалыннан татқыза көрсін!


Ербол: Аға, апам қайда деймін?


Аужан: (Әбілге қарап) Ербол шырақ, апаң манағы бір кезде мына көрші ауылдағы бір жамағайындарының жайын біліп келемін деп сонда кетіп еді. Осы қазір-ақ келіп қалар…


(Әйелдер жағы көздерін жаулықпен басып сыңсып жылайды).


Ербол: Аға, апам қайда деймін?


Әбіл: Ербол, айналайын! Мына жалған дүние кімге опа берген дейсің?! Есің бар азаматсың сен де! Ер азаматтың басына не түспес, ол не көрмес, неге көнбес!.. “Адасқанның алды жөн, арты соқпақ”,-демеп пе еді баяғылар. Сенің де ендігі алдың жөн, Ербол, шырақ! Адасқан боларсың! Шатасқан боларсың! Мына тұрлауы жоқ дүние шіркінде кімнің сүрінбегені, кімнің күрсінбегені бар?! Ендігі қалған ғұмырыңда айың оңыңнан тусын! Берік бол! Мықты бол! Анаң Әлима дүниеден озып кеткен, ақ жуып, арулап қойғанымызға да міне, ертең қырық күн болады. Жазу солай болды, айналайын!


Әйелдер: (дауыс шығарып) Сорлы апам-ау! Ерболым деп өтті ғой!.. Бір көре алмай өзіңді, зарығумен кетті ғой!


(Ерболдың көзінде жас. Орнынан тұрып келіп, екі бетін қос қолымен басқан қалпы, тізерлеп отырған бойы, үнсіз қалады).


Ербол: (жан даусы шырқыраған күймен) Апа-а-а-а!


(Тағы да сәл үнсіздік, сол отырған қалпынан қозғалмайды).


Ербол: (сол жан даусы шырқыраған күймен) Апа-а-а-а! Апа-а-а-а!.. Апа-а- а-а!..


(Үнсіздік. Сәлден соң Ербол орнынан тұрып екі көзінен жасы парлай жүріп жан азабымен ерсілі-қарсылы сенделген қалпы назын айтады).


Ербол: Апа! Апа деймін! Білесің бе, мені естисің бе, апа!.. Мен... мен кінәлі емес едім ғой. Ешнәрсеге жазықты емес едім ғой, апа-ау!..


Ешкімге…ешкімге де зорлық жасаған жоқпын, апа! Апа… апа… естисің бе?! Тым болмаса сен естіші, сен тыңдашы! Жазықты емеспін деп шырылдаған жан дауысымды тірі пендеге жеткізе алмай, айыпталып кете барды сорлы ұлың, апа-ау! Енді… енді мен өзімнің жазықсыздығымды да, жанымның жазылмас жарасын да ешкімге айтып жатбаспын да! Апа… апа-ау, соны бір сен… менің жазықсыз екендігімді бір сен ғана білсең болды! Енді өзге ешкімнің де алдында ақталып жатпаймын! Апа… апа… а… а…а!…


Әбіл: (Ерболдың жанына келеді, басу айтады)—Қой… қой, балам! Сабыр қыл айналайын!.. Әлима жарықтық та сенің жазықсыз істі болғаныңды өзі де айтып өтті ғой! Білді… білді… апаң!


Ербол: Аға… аға… әлгінде сіз де маған адасқан боларсың дедіңіз-ау! Аға… аға-ау, мына дүниеде … мына өмірде адасып жүрген жалғыз мен ғана ма екенмін?! Мен де… сіз де… бәріміз де адасып жүрміз! Дүниеден тұрақ таба алмай барлық адам баласы адасып жүр қазір!


Біресе ана қоғам… біресе мына қоғам…біресе социализм… біресе коммунизм… толып жатқан бір реформалар жасаймыз деп сандалып, барлық адамзат адасып барады. Ей адамзат, қайрып енді шыға алмайтын қалың тұманға


 


еніп, беймәлім бір тұңғиыққа батып бара жатырсың! Естисің бе?! Естисің бе?! Сен адасып… адасып жүрсің! Естисің бе… естисің бе?!


(Шымылдық).


Ақ қайыңы мен көк қарағайы ұшар басына дейін жарыса өскен Көкше таудың етегін шайып жатқан Әулиекөлдің жағасындағы “Найзажетпес” шағын мейрамханасында көңілді бір топ дем алып жатыр. Көл жағалап серуендеп келе жатқан Ержан мен Жамалға сол көңілді топтың дастархан басындағы дуылдаған әңгімелері анық естіліп тұр.


Сәкен: (орнынан тұрып). – Мен үшін бүгін бір сәтті күн болды! Апыр-ау министрліктен келетіндер шіреніп-шіреніп келетін бір дөйлер ме десем, оу, айналайындар бәрің де бір тамаша азаматтар екенсіңдер-ау! Тіпті кейбіреулерің баламдайсыңдар! Аптаның басында Ержан Төлеуович жолдастарыммен барамын, қарсы аласыз ба дегелі, шынымды айтсам, сонан бері не ұйқы, не күлкі көрген жоқпын.


Әйтеуір білетіндерден сұрай жүріп… қарсы алып жатқан жай осы, бауырлар! Осыған риза болыңдар! Ал, кәне Ержан Төлеуовичтің өсе беруі үшін… бәрің де өсіңдер, айналайыңдар! Ал, кәне… алып қоялық!


(Дастархан басындағылар гуілдеп орындарынан тұрып, ағынан жарылған Сәкенге риза болып жатады. Дуылдап жатқандардың үстіне Ержан мен Жамал кіреді).


Ержан: Әй, осы сендер осы бір дастархан басында жайындай жайылып отыра-отыра шаршаған жоқсыңдар ма?! Манадан бері жеп жатырмыз… ішіп жатырмыз… ішіп жатырмыз… Мына Сәкен Бөрібаевичтің бар тапқан- таянғанын бір күнде ішіп-жеп кететін болдық-ау! Ұят тағы! Кәне қояйық…қояйық та тұрайық! Мына орман ішін серуендеп қайтайық та!..


Сәкен: Ержан Төлеуович… күнде келіп жатқан жоқсыздар ғой. Айына- жылына бір келгендеріңізде тік көтеріліп, жиған-тергендерімізді алдарыңызға тосып күтіп ала-алмасақ не болғанымыз? Ішіңіздер… жеңіздер! Осының бәрі өздеріңізге бұйырған ақ адал асымыз. Ал енді, орман ішін аралап, тау-тасты кезіп дем аламыз десеңіздер, ол да болады… Моншаны да жағып, саунаны да дайындап қойдық. Қазір моншаға түсіп, буланып, денемізді… қанымызды қыздырып, сонан соң орман ішіндегі бұлақ басына барып, серуендеп қайтуға да әбден болады. Бәрі де дайын… бәрін де әзірлеп қойғанбыз өздеріңізге.


Ержан: Енді, о не дегеніңіз? Қонақ қойдан жуас демеуші ме еді?! Бізде ерік бар ма, май берсең де жей береміз ғой… Әй, бәрін де дайындап қойдым дейсің бе? Сауна… о… ғажап… әй, қыз да бар ма, ей?!


Сәкен: О, ол не дегеніңіз… әрине қыз да бар, қымыз да бар дегендей. Сіз үшін бәрі де әзір… бәрін де алдыңызға әкеле аламыз.


Жамал: Әбекесі!.. Àу, Әбекесі! Сылаңдап көз алдыңызда мен тұрғанда құмартып іздеп тұрғаныңыз ол не қылған қыз!.. Әбе…ке!.. Қыздың қызығын көргеніңіз аз да емес еді ғой?!.


 


Ержан: Жамалчик!.. Ну, Жамалчик! Болмашы жерден қызғаныш шақырмай, шағын жанжал шығармай отырыңыз. Ұмытып кеттіңіз бе, сіз бен біз қалай келісіп едік? Мен дегенің түз тағысымын дегендей… Түзде не кездеспейді… соның бәрінің дәмін татуым керек, қолыммен ұстап көруім керек… қызықтауым керек… Мен еркекпін ғой! Оның үстіне маған қызықпайтын… маған құмартпайтын… мені сыйламайтын…тіпті мені ойлап төсегінде аунақшып түн баласы ұйықтай алмайтын қыз-келіншектер қанша ма? Міне, мыналардың бәрі де жік-жапар болып, қолдарын қусырып, мені сыйлап отырған жоқ па? Ішіңіз дейді… жеңіз дейді… мына дүниенің қызығын көріңіз дейді, қызықтаңыз дейді. Сен де бір қызығым емес пе едің, көріп жүрмін ғой сені де! Бір сен… бір сенің ғана қызығың қазір аз маған. Біле білсең бәрі де…бәрі де аз маған осы күні. Так что… сол аз дүниенің қызығынан мені қаға көрме, қарашығым!


Жамал: Аз дейсіз бе?! Он екімде бір гүлім ашылмаған пәк жаныма жара салғаныңыз да аз ба еді? Менен басқа жылатқандарыңыз да аз ба еді?!


Ержан: Жамалчик… ау, Жамалчик!.. Мына жұрттан ұят тағы… өзіңіз масайып қалғанның қай жағындасыз? Баяғыда…а… біздің ауылда өткен бір той-томалақта бір ағамыздың әйелі қызыл шарапты құмарта сіміре берсе керек. Сонысын ұнатпаған ағамыз анда-санда жеңгемізге: “байқап ішсеңші” деп қоятын көрінеді. Қаны қызып алған жеңгеміз де бой бермей: “қайтер дейсің, бұл қызыл арақ қой”—деп сіміре… сіміре берсе керек. Тойдың соңында орнынан тұра алмай қалған әйелінің масайрағанына намысы келген ағамыз: “Айттым ғой саған! Ойнайсың қатын қызыл арақпен”,-- десе керек… Сол сияқты қызыл шарап сенің де буыныңды алып қалғанның қай жағы?!.


Жамал: Мастығым әлде қашан тараған менің... Есіңізде ме… профессор деген дардай атағыңызбен екі жыл бойы маған бір пәннен зачет қоймай әуреге салғаныңыз... Солай уысыңызға түсіргенсіз! Мен ақымақпын, шын ақымақпын! Университеттегі оқуымнан шығып кетсем де пәктігімді кәрі теке тап саған алдырмауым керек еді…


Ержан: Міне, айттым ғой!.. Айттым ғой!.. Сен массың!.. Масайып қалдың!..


Қай-қайдағыны айтып, сандырақтай бастадыңыз!..


Жамал: Сорлы қызды зорлаған қылмысыңның ізін жасыру үшін не істемедің сен? Не бір зұлымдыққа бармадың сен?!.


Ержан: О… мемлекеттік, айыптаушым! Айтыңыз… айтыңыз… айта түсіңіз! Қазір әркімнің өз аузына келгенін оттайтын заман!.. Демократия… бостандық … Байыңа да, патшаңа да не айтам десең де… оларды қалай қаралаймын десең де болатын заман…өз еркің!.. Ау, не?.. Не?.. Не істеппін мен осыншалықты?!Айтсаңшы тірідей өлтірмей!


Жамал: Айтамын, Әбекесі! Мен айтсам аузыма келгенді емес, көкірегіме кек болып қатқан… жаныма қайғы мен сары уайым салған зарымды айтамын… Не істедім        деп         енді  мүләйімсімей-ақ             қойсаң   да   болатын   еді   ғой.


Мүләйімсіген, мүсәпірім! Не… сенің театрдағы жастар кешінен мені жатақханама шығарып салған Ерболды дәл үйінің алдында ұстатқызып, бейбақтың қалтасына наркотик салғыза қойып… онан кейін оны нашақор саудалаушы… онан кейін өзің зорлаған қыздың ажалына себепкер ретінде


 


айыптатып… көзін жойып… мені алдап-арбап, қорқытып-үркітіп… уысыңа түсіргенің есіңнен кете қойған жоқ шығар әлі!..Енді, міне, мазағыңа да айналдыра бастадың!


Ержан: Жамалчик!.. Оу Жамалчик, қойсаңшы енді, ұят тағы мына жұрттан. Болды!.. Ал, болды… бояуы сіңді… Жалғыз сен дейсің бе маған зачет тапсырған. Талай… талай ұлы бар, қызы бар дегендей… Талайлардың… біреуінің біліміне… біреуінің көркіне қарап зачет қойып оқытып… білім беріп, ұшырып жіберіп жаттық қой әйтеуір. Солардың далада жылап қалған ешқайсысы да жоқ әйтеуір. Қазір сол ұлдардың бәрі де бір-бір қыздың байы, сол қыздардың бәрі де бір-бір еркектің қатыны… бір-бір үйдің иесі болып жүріп жатыр әйтеуір. Мен сүйкегендердің, маған сүйкенгендердің еш нәрсесі кеткен жоқ әйтеуір. За то… оқуларын бітіріп, дипломдарын алып… бәрі де адам болып кетті. Солардың арасынан…ау, мың қыздың арасынан… сені ғана алақаныма қондырып, уысымда ұстап қалған жоқпын ба? Не өкпеңіз бар? Ау, жарығым, айтсаңшы, не өкпең, не назың бар?


Жамал: Өкпем көп! Көңілім қалды бәрінен де… Тойдым бәріне де…тойдым әбден…


Ержан: Тойдым демеңіз… тойындым деңіз!


Жамал: Иә… иә… тойындырдыңыз!.. Тойындырдыңыз арамға!


Ержан: Так…мыналар…бәрің де шыға тұрыңдар! Мен өз әйелімнің маған деген қара қазандай өкпесін жападан жалғыз отырып, өзім ғана рахаттана тыңдағым келіп тұр.


Сәкен, Сәкен шырақ” Сен де… сен де бара тұр? Ана “Вискиіңнен” өз қолыңмен мына рюмкеге шүпілдетіп бір құйып кетші.


Иә…Жамалчик…ал енді сөйлеңіз, айтыңыз! Сүйіктім-ау, өзіңді осы кеш бойы тыңдауға әзірмін. Сен… бірдей бір Министрліктің мен сияқты бірдей бір Вицесін, бірдей бір ірі тұлғасын мына тәмәм елдің алдында масқаралағың келді ме? Ау, жаңағыңыз не?!. Атым ел аузында жүрген… ертең Парламентке депутаттыққа дауысқа түскелі отырған мен сияқты азаматты қорлағың келді ме? Ал айтыңыз… айтыңыз кәне! Тыңдайын!..


Жамал: Айтамын… Айтар болсам…ең әуелі бәріне де өкінетінімді айтамын. Сенің үлде мен бүлдеге бөлеп, тойдырған бар арам дүниеңнің бәрін де құсып тастағым… құса алмағанымды тап қазір отқа жағып жібергім келеді. Сенің жылатып тастап кеткен өз әйелің мен екі балаңның көз жасы… Сонан соң әлгі… өзің зорлап, сол қорлыққа шыдай алмай жатақханасының жоғары қабатынан секіріп кетіп, жұлыны үзіліп өлген сенің мойнындағы жас қыздың көз жасы…


Ержан: Енді қайт дейсіз?! Бәрі де бір сіз үшін. Қатыным мен баламды тастап кетсем, ол да мына сіз үшін… Бірақ өзіңіз білесіз... Мен оларды ренжітіп де жүрген жоқпын ғой... Енді қазір Алматыда бас қатын, Астанада жас қатын ұстайтын заман ғой. Так что, сіз ол үшін уайымдамаңыз? Ақшаларын беріп тұрмын, жағдайларын жасап тұрмын… Олардың маған деген еш өкпелері, тіпті еш іреніштері де жоқ. Соны біліп қойыңыз!..


Жамал: Маған ше? Біреудің ұясын бұзған мені… сенің сол әйеліңнің күнде қарғап отырмасына кепіл бола аласың ба?


 


Ержан: Енді… қарғаса қарғайтын… айтса айтатын болар. Әйелдің қарғысы әйелге дарымайтын дейтін. Қамықпаңыз, Жамалчик!..


Жамал: Сен қорықпасаң да, мен қорқуға айналдым. Мен қорқамын!.. Қорқамын!.. Бірге оқып студенттік кезеңнің дәуренін бірге өткізген маған деген мөлдір махаббаты мен кіршіксіз сүйіспеншілігін аяғыма басып, таптап кеткен Ерболдың шынайы көңілінің киесінен де қорқатын болдым. Ербол, жаным! Кешір мені! (Ағыл-тегіл жылайды). Адастым…адастырды мына адамдар! Жаңылдым… жаңсақ бастым. Сүріндім, тұзағына түстім мына құзғынның! Масайрадым…Мына жалғанның қызылды-жасылды алдамшы дүниесі есімнен тандырды, мас қылды. Міне, ішемін… ішемін қазір де. Мен мынаның арқасында қымбат шарап ішіп, масайрап жүрген жоқпын, Ербол! Бұл… бұл…мына тостағаныма шүпілдеп толып тұрған сенің көз жасың… қанды жасың… Сен білесің бе, Ербол, мен қазір күн сайын не бір жазықсыз жандардың көз жастарын ішіп жүрмін ғой… Сен соны білесің бе, Ербол!


Әй, (Ержанға ұмтылады) уың бар ма? Оны да ішемін… уланбаған нем қалды? Арамдалмаған не қалды? Әкел кәне, уың бар ма?!. Уың бар ма деймін?!. Құй… құй мынаған!


Бәріне де сен… сен кінәлісің! Сен… сен…


Ержан: Өй… Жамалчик!    Өй… өй! Не болды саған?!. Не?!. Не?!.


Жынданғанның қай жағындасың өзің?!.


Жамал: Жоқ!.. Әзірге жынданған жоқпын! Жындансам екен тезірек! Есі кетіп есірген мына дүниенің сен сияқты ессіздерінің етегінен ұстап өмір сүргенше… енді өлгенім жақсы. Өле қоймасам… сол сен айтқандай жынданып кеткенім тіпті де жақсы! Еркегі сайқалданып кеткен мына дүниеде не ақыл, не ес қалды дейсің?!. Некелі әйелінен ұрлана жүріп, көрінген жерге ұрығын шашып, ұрпағын аздырған еркектің мына дүниеге жасаған қиянатын мына қара жер… қалай …қалай ғана көтеріп тұр екенсің?!. Ей, қара жер! Қалай … қалай ғана көтеріп тұрсың деймін?!.


Ержан: Жамалчик! Ау, Жамалчик, айналайын қойсаңызшы енді! Бүкіл еркек атаулыны ессіз қылғаныңыз жетер енді. Ал енді біз…біз мына еркектер кәне, нені… кәне, кімді аздырып, нені арамдап біттік? Әйел мына сендердің де азғандарың мен азғындағандарың аз ба еді, ей?!


Жамал: Ей дүние! Сорлы дүние!.. Рас…рас айтасың! Соры қайнаған сол сорлы дүниеде әйелдің азғаны да, азғындағаны да аз емес. Иә… иә… аз емес! Сәби дүниені… пәк те таза дүниені аздырған да… тоздырған да мына сендерсіңдер!..


Ержан: Қойшы, ей, ақылманым! Қалайша,ей?!


Жамал: Былайша, ей! Осы күннің еркек атаулысының бәрі бірдей аңшы болып кеткен жоқ па? Еркек болып атқа мінбек түгілі… сол атыңды ерттей де алмайтын… қолдарына шоқпар, сойыл ұстамақ түгілі… боққа толған қарындарын ырсылдап, көтере алмайтын сен сияқты еркектер ғой обал- сауабына қарамай осы даланың үркек елігінің бәрін де атып алып, қырып жатқан. Біз де… мына әйел біз де… сол елік емес пе едік?!. Қорғансыз, панасыз… Мына дүниенің бәрінен қорқып… бәрінен үркіп… бәрінен үрейленіп жүрген біз сияқтыларды сендер емессіңдер ме қан жылатып, аяусыз атқан… әлі


 


де аяусыз атып алып жатқан. Сен де мені… Оқуымды бітіре алмай, дипломымды ала алмай қалам ба деп үркіп жүрген мені… сен… сен де атып алғансың. Мен де бір күнәсіз, үркек елік едім ғой…


Ержан: Елігім-ау! Жарайды енді, атып алған екенмін… ал енді содан өлген жоқсың ғой!


Жамал: Пәктігім үзілген сол түні-ақ, сол төсекте өліп-ақ кетуім керек еді… Өлмедім ғой мен сорлы! Бірден өлмей қалғаным несіне керек енді?!. Енді міне…күн сайын өліп бара жатырмын. Сол күн сайынғы ажалымның азабын өзім ғана күн сайын тартып келемін. Менің жанымның созылмалы ажалын ешкімнің басына бермесін де!


Ержан: Жарайды…жарайды!.. Ал, ақылманым, сен енді мынаны айтшы! Әйел азбаса… әлгі қыздардың өздері тапқан өз балаларын емізбестен де… шырылдатып босанған жерлеріне тастап кетіп жататындықтарына… мына еркектер тағы да біз кінәліміз бе?! Ал, кәне, айтарыңыз бар ма осыған?!.


Жамал: Сөз жоқ, біз кінәліміз! Иә..иә…бәріне де әйел біз кінәліміз! Өзің жасаған қиянат атаулының кінәсін де, күнәсін де біреудің мойнына жүктеуге келгенде ешкімге дес бермей, еселеріңді жібермей, жалынан ұстатпас асау да тәкаппар… паң да асқақ болып шыға келесіңдер ғой әйтеуір сендер!.. Өйткені… сендер … еркектер жаңбыр жаумай жер қуарып кетсе де, көк аспанды кінәлап, құдайға қарғыс айтып үйренген жансыңдар. Әрине… баласын шырылдатып тастап кетіп жатса, сөз жоқ оған әйел кінәлі! Бірақ… сол баланы сол әйел кімнен тапты екен?!. Әйелдің жанымен бірге ұрпағы үшін сол әйелі мен бірге сол еркегінің жаны неге бірге шырқырамайды? Мына жарық дүниеге іңгәләп, шырылдап келген сәбимен бірге оның әкесінің жаны да неге бірге шырылдамайды?!.


Хайуан… хайуансыңдар!


Ержан: Жамалчик, қойшы енді. Хайуан… хайуан дейсің ғой тіпті өзің!.. Біздің әзірге сол хайуаннан көп артықшылықтарымыз да… біраз айырмашылықтарымыз да бар ғой…


Жамал: Білем… білем… ол артықшылықтарыңды! Менің қолымда дүниені қайра жарататын құдірет болса ендігінің еркегін ұрғашы атаулымен сол хайуандар сияқты жылына бірақ рет жанасатын қылар едім.


Ержан: Әй, вот это идея! Әй, дұрыс айтасың!.. Тіпті дұрыс айтасың!.. Осы біз адам баласының ендігі еркегі де бар ғой… сен айтқандай сол хайуандар… яғни, барлық жан-жануарлар сияқты… сендермен бар ғой… әйелдермен жылына бірақ-рет шағылысып тұратын болсақ бар ғой… онда мына дүниеде тастанды балалар дегеніңіз атымен болмас та еді!.. Мына қарашы! Жылына бірақ рет шағылысып, табатын өз баласын жылқы малы тастай ма?!. Ит те тастамайды ғой! Сиыр да… қой да… шошқа да тастамайды ғой! О, ғажап!.. Міне ғажап!..


Жамал: Сорлы… ақылың жаңа кіргендей мәз болдың-ау! Алла тағала нәпсісін тиып ұстасын деп саған берген ақыл мен ой-сананы сол хайуандарға қимағанын қайтерсің?!. Хайуан болғысы келген сорлым-ай… Сен онсыз да… өзің де хайуансың!.. Соны да білмей келгенсің-ау!.. Бар … бар… бастығымыз келеді деп саунасын жағып.. суын жылытып, қыздырып… қыз-қырқынын


 


жинап, өзіңді тосып отырғандарға бөгелмей бар енді!.. Араларында пәктігі үзілмеген үркек еліктері де бар шығар! Бар, атып ала ғой!


Ержан: Жамалчик!.. Атып алу… атып алатын дегеніңіздің қалғалы қай заман?! Қазір атып емес, Жамалчик, сатып алатын … сатып алатын заман!..


Жамал: Бар… бар!..Ұрлап-қарлап жинап алған байлығың жетеді ғой… бар да сатып ал! Арамнан келген дүние байлығының арамға шашыларына көзім баяғыда жеткен менің!..


(Қалта телефонын алып әлдекіммен сөйлеседі). Нұрлан, айналайын машинаңды әкелші есік алдына. Мені тезірек қалаға жеткізіп тасташы! Шаршап кеттім…


Жо-жоқ ағаң қалады осында! Ол аңға … аңға шығамын дей ме?! Тез келе қойшы, енді айналайын!..


(Жамал далаға шығады. Кетіп бара жатып Сәкенге жолығысып қалады. Ол Жамалды байқамай өтіп барып, кері бұрылады).


Сәкен: Жамал, айналайын-ау, қара басып, өзіңді көрмей өтіп кете жаздағанымды қайтерсің?! Ғафу ет, айналайын! Сізді қалаға қайтқалы жатыр дей ме?! Несіне асықтыңыз?!


Жамал: Оқасы жоқ, аға! Қайтпасам болмас, шаршаңқырап кеттім. Көрмей өтіп кете жаздағаңыздың да еш айыбы жоқ. Ағасы-ау, біз көруден… көруден қалғалы қашан?!. Бәріміз де көрсоқырмыз осы күні!..


Сәкен: Айналайын-ау, осыншалықты несіне қамығып, неменеге күйініп кеттіңіз?!. Көңіліңізден шыға алмай, ренжітіп алған жоқпыз ба?


Жамал: Жоқ, аға, сіздің еш айыбыңыз жоқ! Оған қысылмаңыз! Бәріміз көруден қалған көрсоқырмыз деген сөзіме ренжи көрмеңізші, аға! Менің жан дүниемде не болып жатқанын кім біліп, кім көре алар дейсіз?! Адам баласы бірін-бірі көруден қалды ғой!.. Көруден қалды ғой, аға!.. Соны білесіз бе?! Басты қайғы да осы ғой…осы ғой, аға!


(Шымылдық).


Ұзақты күн, онан қалды түн баласы құрылысы бір тоқтап көрмеген үлкен шаһардың әр тұсына бірер жылдың ішінде салынып қалған не бір сәулетті де дәулетті жеке үйлер кім- кімді болмасын сүйсіндіргендей. Сол қаладан не бір тұрақ, не бір баспана таба алмай жүрген бір қаңғыбас әр үйдің танбаланған белгілеріне жете көз салып келеді. Шаршаған, өңі де, түрі де жүдеу. Қолындағы шағын бір қапшығынан уқаланып, жыртылуға айналған газетті алып, соған шұқшияды. Сәлден соң ол әлдебір үйдің қоңырауын


басады.


Қаңғыбас: --Сейфуллин көшесіндегі 45-ші үй осы болды ма екен, ханым?!


Жамал: Па, шіркін! Ханым деп сызылып тұрғаныңызға қарағанда хан сарайынан шыққан біреу болдыңыз-ау деймін, мырзам?!


Қаңғыбас: О, ханым! Мырзам деген бір ауыз сөзіңіз жан жүйемді босатып жіберді-ау! Үніңіз қандай майда еді! Мен дегеніңіз жолым болмай жүрген бір бейбақ едім, енді сәтін салар. О тәңірім, сәтін сала гөр! Менің де айымды оңынан тудыра гөр!


 


Жамал: О, мырзам! Жаныңыз да, бойыңыз да босамасын. Сіз босағанмен бос жатқан жан мен емес. Еміренуіңді қоя тұрып, онан да не шаруамен келіп тұрсыз, соны айтыңыз. Қазір не көп, кім көп, үй-үйді аралап, қайыр-садақа сұрап, болмаса қоқыс теріп жүрген көп! Солардың бірі ме десем, сөзің ірі, етің тірі біреу көрінесің! Үсті-басыңның жүдеулігі болмаса.


Қаңғыбас: Қазіргінің адамынан қайыр-садақа сұрап жүрген солардың есі бүтін емес-ау деймін. Қайырымдылықтың қанаты қайырылып, мейрімділіктің сағы мүжілгелі қай заман, ханым-ау?! Меселімді енді Сіз қайтара көрмеңіз-ші! Осы үйге от жағушы қажет болып тұр деген құлақтандыруды мына бір газеттен оқып келіп тұрмын. Сол оттарыңызды осы мен-ақ жағып тұрайын.


(Үйден Ержан шығады).


Ержан: Әй, ханым… ханым деп қақсап тұрған андағың кім өзі? Кісінің жүрегі айнығандай өзінің түрін қарашы. Азған біреу ме!


Жамал: Қайдан білейін, кім екенін?! От жағушылыққа сұранып тұр. Сол от жағушыны іздеп жарнамалап, жар салып жүрген де өзіңсің ғой. Ал енді өзің сөйлес!


Ержан: Иә… айта ғой, сөйлеңіз енді!


Қаңғыбас: Мына газеттен осы үйге от жағушы қажет дегенді оқып, келіп тұрғаным ғой. Біреу-міреуді алып қоймасыңыз мен-ақ от жағушыларыңыз болайын.


Ержан: Иә… от жағушы қажеті, қажет бізге! Ал енді, мына түріңе қарағанда сенің қолыңнан сол от жағу дегеніңнің өзі келе қояр ма екен деп күмәнданып тұрғаным. Мұншама азып кеткен не қылған жансың?


Қаңғыбас: Мен бе? Мен де … мына азған заманның бір азғынымын да! Оны айтасыз… менің мамандығымның өзі осы от жағушылық. Тіпті өзімді сол от жағуға жаралған жандай сезінемін.


Ержан: Болды енді! Жақындамай әрі тұршы, иің шығып, жидіп кеткеннің қай жағындасың?


Қаңғыбас: Енді үйі-күйі жоқ мен сияқты қаңғып жүрген адамнан қақ исі шықпағанда жұпар иісі шығуы керек пе?!


Ержан: Болды енді! Анау көк есікті кішкене сарайды көрдің бе? Бар…бар…соған кір де андағы үсті-басыңдағы алба-жұлба шоқпыттарыңды таста да, сол арадағы пешке салып, жағып жібер. Сол арада жуынатын жер бар, жуын, қырын, жөнге келіп алшы. Мен қазір саған жөні түзу киім әкелткізіп берейін. От жағатын да … жататын да жерің сол арада, білдің бе, ей?!


Қаңғыбас: Білдім…білдім! Құдай жарылқасын! Барайын…барайын.


Ержан: Әй от жаққаныңа қанша ақы сұрайсың?! Қанша айлық төлеп тұрайын?


Қаңғыбас: Қажеті жоқ сол айлық дегеніңіздің! Оны айтпасаңыз да болады.


Сосын кейін… кейін бір реті келгенде есеп айрысармыз өзіңізбен.


 


*             *             *


 


Жамал жасанған жарасымды үйіне кіреді де, әлде бір тәтті де мұңылы музыканы жібереді. Өзі сол саздың әлдилеуімен терең ойға беріледі.


Жамал: (ішкі ойы).-Апыр-ау, кім болды екен әлгі бейбақ! Апыр-ау, кім болды екен? Жатсам түсімнен, тұрсам есімнен бір кетпей қойған Ерболымның қос жанарының ұшқынын сезгендей болдым ба әлгінде?! Менің бетіме тура


қарамағаны несі! Ербол!.. Ербол!.. Бірақ сен осыншалықты азып, осыншалықты жүдеп кете қойдың ба екен? Мені сүйген алаулап жанған жүрегің қайда?


Жалындай жарқылдап жүрер жаның қайда? Сөнген бе?.. Сөнген бе бәрі де! Маған деген жүрегіңдегі тәтті бір сезімнің сол отын сөндіріп, жан жүрегіңдегі маған деген аяулы сүйіспеншілігіңді жоғалтып алсаң… оған мен…мен… бір мен ғана жазықтымын!


(Үйге Ержан кіреді).


Ержан: Туһ, әлгі бір бичтің үсті-басының сасып кеткені-ай! Сол шоқпытын үстінен әзер тастатып, зорға дегенде отқа салғызып жібердім. Тап бір француздың модельерлері тігіп берген киімдей тастағысы келмейді өзі!


Ау, Жамалчик, сен неге томсырая қалғансың? Жай ма, әйтеуір?!


Жамал: Жай, әшейін! Басымның ауырыңқырап тұрғаны. Қазір дәрімді ішсем, басылады!..


Ержан: Дәрігерге көрін, болмаса үйге шақырайық!


Жамал: Жоқ, қажеті жоқ! Бір бүгін ауырған, бір бүгін қақсаған бас дейсің бе? Дәрі ішсем басылар!


Ержан: Ал, бопты онда! Мен жұмысқа кетемін. Бүгін кештеу келетін шығармын. «Важный» бір кеңес болады деп отырған.


Жамал: Қашаннан бері сенің ерте келгеніңді есептеп, кеш келгеніңді шотқа қағып күтіп отырушы едім. Бар, жолыңыз болсын!


(Қолында дипломаты бар Ержан үйден шығып кетеді. Ізінше қолында түрлі құрал-жабдықтары бар қаңғыбас от жағушы кіреді).


От жағушы: Ханым, кіруге болар ма екен?! Өзімнің от жағушылық қызметіме кіріспес бұрын, әуелі үйдің ішіне жылу жүйелері қалай тартылды екен, су ағызатын шүмегі, бу шығаратын тетігі қай арада, соның бәрін өз көзіммен көріп, қолыммен ұстауым керек. Бетін аулақ қылсын, қыс ішінде жылу жүйесі қатып, жарылып жатсақ қиын болар. Сақтықта қорлық жоқ деген, бәрін көріп алайын деп едім.


Жамал: Кіріңіз, көріңіз! Осы үйдің несін көргіңіз келсе де еркіңізде!


От жағушы: Жо-жоқ! Сіз дұрыс түсініңіз! Маған хан сарайының да қызығы жоқ. Қызарған қызыл дүниеден көңіл шіркін қалған соң, сол енді көзіме қызыл шоқ болып басылмасын деп, міне, осы үйге де қара көзілдірік киіп алып, кіріп тұрмын.


Жамал: Па, шіркін! Байлығың тасып, сол тасыған байлықтың кемесінен түсіп қалған жандай сөйлейсің-ау өзің?


От жағушы: О, ханым, имандай шынымды айтайын! Мен дегінің шексіз бай едім ғой! Тіпті сол байлығымның шегі де, шеті де болмайтын.


 


Жамал: Е, сол байлығыңды қай араға шашып кетіп, қай жерде жоғалтып жүрсің? Біреудің отын жағып, күлін шығаруға мәжбүрлеп, дәрменді еткен, оның үстіне бір шашылғанда жоқ болып, адыра қалған ол не қылған байлық?


От жағушы: Ол ма?!. О… мен оны ешкімге де, тірі пендеге айта алмаймын! Ал, енді мен мына бір суы тамшылап тұрған шүмекті бекіткенше (әлдебір тетікті бұрай бастайды) сізге бір сауал қояйын, соған жауап беріп көріңізші!


Жамал: Енді сен қалып едің маған сұрақ қоймаған?


От жағушы: Талай бір төрелер мен талай бір мырзалардың алдында небір сауалдарға жауап берген боларсыз?! Енді мен сияқты да бір міскіннің бір сауалын тыңдаңыз!


Жамал:-Ал, тыңдалық! Ал, құлағымыз сізде!


От жағушы: Е, бәсе! Ханым деген солай болар? Ал, енді осы байлық дегеніміз не? Сізден соны сұрайын деп едім.


Жамал: Байлық дегеніңіз бе… ол не дейсіз бе?!.


От жағушы: Иә…иә… байлық дегеніміз не?


Жамал: Енді ол… Қалай десем екен?!.


От жағушы: Қалай десеңіз де… байлық дегеніңіз не екенін айтып берсеңіз болғаны!


Жамал: Денсаулықты байлық дейді. Сосын…


От жағушы: Дұрыс! Денсаулық - басты байлық! Сосын…


Жамал: Өзіңіз мені тергеудің астына алдыңыз ғой. Онсыз да басым сынып ауырып тұрғаны! Білмеймін... ойлап көрмеппін байлық дегеннің не екенін?!


От жағушы: «Вот», міне, көрдіңіз бе? Жалғыз сіз ғана емес, осыны бірде-бір адам білмейді!


Бірде-бір адам білмейді! Ал… мен… мен… білемін!..


Жамал:-Ал, енді соны сен өзің ғана білсең әй, қаңғыбас, айтсайшы кәне! О, менің ендігі сырласарым да, ермегім де өзің ғана болып қалмасаң қайтсын осы?!


От жағушы: Болсақ, болармыз? Несі бар? Мен де ермегі болғанмын сіз сияқты еркелердің!.. Мені не, осылай...азып, тозып, қаңғыбас болып туды деп ойлайсыз ба?!.


Жамал: Жо-жоқ!.. Қалай болып туғаныңызды ойлап, басымды қатырып нем бар?! Онсыз да басым қаңғып отыр.


От жағушы: Ауырып қаңғыған бас ешнәрсе емес-ау, түймедей-ақ бір дәрімен жазылар! Адасып, жаралы болып қаңғыған бастың күнін кеше көрмеңіз! Оның дәрісі түгіл, дәруін де таба алмайсыз. Жоқ ол… жоқ!..жоқ!..


Жамал:-Иә, сосын әлгі байлық дегенің не болды өзі? Қысыр әңгімеңді қой да, білсең соны айтшы!


От жағушы: Білемін дедім ғой! Білемін! Сабыр сақтаңыз, айтамын қазір. Сіз…осы бар ғой қазір, міне… мынау үш қабатты коттеджіңізді…құлағыңыздағы андағы гауһар сырғаңызды, тағы неңіз бар еді?..


Жамал: Көгілдір құндыз ішігім… “Джипім” бар!


От жағушы: Иә, сол құндыз ішігіңізді…сол “Джипіңізді”… соның бәрін… бәрін өз байлығыңыз деп санайсыз, ә?!.


 


Жамал: Енді ше? Байлық емей немене ол! Байлық болғанда қандай? Ал, сол сенде неге жоқ?!.


От жағушы: Мен де -- баймын!


Жамал: Қойшы,   ей!..   (қарқыладап   күледі).   Әй,   ол   байлығың   қайда?


Көрінбейді ғой!


От жағушы: Көрінетін байлық бар, көрінбейтін байлық бар! Менікі сол… көрінбейтін байлық!


Жамал: Көрінбей қалған, болмаса көрініп, көзге түскісі келмейтін ол не қылған байлық?! Пұлым жетеді! Мүмкін мырзалығыңыз ұстап, сол көрінбейтін байлығыңызды маған сатарсыз, ә?!


От жағушы: О, бәрін де… дүниенің бәрін де… тіпті адамның арын да саудалап жүрген өздеріңіз-ақ өзге дүниені өзгелерден сатып-ақ ала берсеңіздерші! Менімен саудаласпай-ақ қойыңыз! Мен сата алмаймын! Жо- жоқ… сата аламаймын!..


(От жағушы жақындап Жамалдың жанына келеді де, стол үстінде тұрған арақ-шараптың ішінен, бір шыны сыраны қолына алады).


От жағушы: -О, жарықтық, сыра! Ханым, борша-боршам шығып, әбден терлеп, сусап кеткенім. Мына бір бөтелке сыраны ішуге рұқсат па екен?


Жамал: Ішіңіз!(Зілсіз кекесінмен). Көрінбейтін байлығыңызбен түбінде бір өтей жатарсыз?!.


(От жағушы сыраны аузынан сіміріп салады).


От жағушы: О-о-о… шіркін! (қолындағы бос бөтелкені ұстап тұрып) Ханым, міне, менің байлығым!.. Және де көзге анда-санда болса да бір көрініп қалатын байлығым осы, міне! Ал мен дегенің бір бөтелке сыра ішкен күні баймын! Бай болғанда да қандай, мына жалпақ дүниеге сыймай кетемін!


Жамал: (Орнынан тұрып, арақ құйып ұсынады). -Ау, сорлы бір бөтелке сыра ішкен күні байығаныңнан жалпақ дүниеге сыймай кетесің… тойып арақ ішсең байлығың қай жағыңнан шығар екен? Мә, ішші мынаны, көрейік байлығыңның сыйқын!..


Ербол: (масайыңқыраған күймен, бос бөтелкені көтеріп). Менің байлығым мынау, міне! Сіздің байлығыңыз мынау хан сарайындай үйіңіз!.. Сіз де байсыз, мен де баймын!.. Сонда екеуіміз де теңбіз! Нөл де нөл!.. Сонда байлық дегенің -


- нөл!.. Иә… иә… нөл... нөл!.. Түк те емес ол… нөл… нөл!.. Сол нөлді қуып барады ақымақтар… (қарқылдап күледі) Әй, неменені қуып бара жатырсыңдар? Нөлді ме?!. Ха-ха-ха!.. Нөлді ме?! Ха-ха-ха!..Нөлді қуып барасыңдар ақымақтар! Әй, қайтыңдар бері!.. Ол нөл ғой…нөл!.. Нөл дегенің түк те емес… ол нөл… нөл! Сол нөлге тең байлықты қуған өмірлерің де нөл! Нөлден түк қалмайтынын білмейді сол ақымақтар! Әне, қуып барады! Әй, қайтыңдар… қайтыңдар бері!.. (Сәл үнсіздік. От жағушы сабасына түскен кейпімен).


Нөл!.. Нөл!... Өл!.. Өл!..


Ханым деймін! Уа, ханым! Байлық дегеніңіз осы, міне… нөл… нөл!.. Ал, қазіргінің байлары мен мен сияқты қаңғыбас бичтерінің арасында қандай айырмашылық барын білесіз бе?


Жамал: О, сенің білгеніңді бізге білу қайда? Айта беріңіз! Ең әуелі өз қолымнан құйып берген андағы арақты алып қойыңызшы! Сосын айтыңыз!


 


От жағушы: (арақты ішіп қояды). О… шіркін! Ал, енді… мысалы мен өлсем, осы маңдағы өңкей БИЧ-тер жиналып көмер де, әзер болса сол бейшаралар екі бөтелке арақ ішер сол күні! Ал енді… сіз кешіріңіз… осы үйдегі бай мырза өлсе… сіздер… ал, әзер болса екі жылқы соярсыздар сол күні… Міне…ха… ха… ха… қазіргінің байы мен сорлысының арасындағы айырмашылық осы! Екі бөтелке… екі жылқы!.. Екі бөтелке… екі жылқы!.. Ха… ха… ха!.. Екі бөтелке, екі жылқы!.. (масайыңқыраған қалпы, орындыққа отырып қалады).


Жамал: Ау, кеш болды! Осы байыған қалпыңызбен барыңыз енді жатар орныңызға!


От жағушы: Қазір…қазір… Мен осы сізге көрінеді-ау дейтін байлық атулыны көзіңізге көрсетіп, қолыңызға ұстаттым ғой деймін. Енді не қалды?!.


Жамал: Енді ме, әлгі көзге көрінбейтін… ешкімге сатпаймын деп бұлдап отырған байлығыңыз қалды. Көрінбесе көрінбесін, тым болмаса соның не екенін айтып қалыңызшы!


От жағушы: Көзге көрінбейтін бе?.. Көрінбейтін байлығым ба?!. Ол… ол ма… ол-менің жан-дүнием! Ол – менің жүрегім… сезімім… сүйіспеншілігім… махаббатым!.. (Жамал шошынған күймен орнынан тұрып кетеді. Сол сәтте от жағушы қара көзілдірігін шешіп, ерекше бір толғаныс, тебіреніс үстінде).


Жамал! Жамалым!.. Менің жан дүнием сен едің ғой! Жүрегім де… сезімім де… сүйіспеншілігім де, махаббатым да сен едің ғой! Сен едің ғой бәрі де мен үшін!… Байлық та… бақыт та! Азсам да, тозсам да, жүдесем де мен осы… саған деген жан дүниемді… аяулы бір махаббатымды ғана сақтап қала алдым!.. Сақтадым… сатқан жоқпын… сата да алмаймын!.. Мен…мен бір кездегі өзіңнің Ерболыңмың ғой! Ерболмын мен! Жамал, мен Ерболмын!..


Жамал: (Жан даусы шығып) Ер-бол! Ер-бол! Бұл сенсің бе, жаным?! Ербол, рас бұл сенсің бе? Рас па... рас па?!. Ербол!.. Ербол! Бұл сенсің бе, жаным?! Айтшы... айтшы... бұл сенсің бе, Ербол?!.


Ербол: (шаршаған, қажыған үнмен) Жа-мал, иә, бұл менмін! Менмін, жаным! Іздеп, таптым сені! Менмін… менмін, жаным!


Жамал: (Көзінде жас. Қос тізерлеп отыра қалады). Қос жанарымнан сорғалаған көз жасыммен күн сайын мен өзіңнен кешірім сұраумен болдым десем… оған не иланарсың, не иланбассың! Өз зарыммен, өз мұңыммен өлмей тірі жүрсем өзіңді бір кездестірермін… іздермін… табармын… әйтеуір бір жолығармын… сол сәтте аяғыңа жығылып тұрып кешірім сұрармын деуші едім. Соның сәті енді келді! Ақталмаймын алдыңда! Тек қана кешір! Кешіре біл мені! Сенің маған деген жаныңның пәк те мөлдір сезімін, ғашық болған жүрегіңнің іңкәрлігінің жан даусын шығарып шырылдатып тастап кеткенім менің опасыздығым да болар. Мынау опасыз дүние ең әуелі жаны да, жүрегі де нәзік әйел затын алдап, жалмайды екен. Опасыз дүние! Қайда… қайда жетелеп, желіктіріп әкетіп бара жатырсың әйел жанын?! Қайда… қайда деймін?! Сол опасыз сорлы дүниенің сорлы әйелі менмін… менмін! Әй, дүние, неге… неге ғана сорлатасың әйелді, неге… неге ғана жылатасың әйелді! Есерліктен кекірік атып жатқан есер дүниенің ермегіне айналу үшін жаратылып па едік?! Аппақ


 


пәк дүниені… бәріңді… бәріңді… ақ сүтімен ауыздандырған әйел ананың жаны мен тәнін неге… неге саудаға салып қойдындар?!


Кешір, дүние!.. Кешір Ербол! Зарланып замананың ащы запыранын ішкен жалғыз мен дейсің бе?!


Кешір… кешір мені!


Ербол: Менің алдыма келіп басыңды июдің де, зар иленіп кешірім сұрауыңның да ешбір қажеті жоқ енді! (Үнсіздік).


Мен үшін еш нәрсенің де қажеті жоқ ендігі арада. Жалынан ұстатпай кеткен жалған дүниенің жазасын тарттым, көңілім қалды бәрінен де! Суындым… өмір алдамшы екен! Соны ұғыну арқылы… мына өмірде адам баласына бір ажалдың барлығына қуанатын болдым. Мен де… сен де… бәріміз де… әйтеуір бір өлеміз! Міне, мен қазір осыған ғана қуанамын! Дүниенің әділдігі—ажал екен! Ешбір байдың да, ешбір әміршінің де дүниеге әділдік, теңдік орнатуға әлмисақтан бері құзыры жүрмей, құдіреті жетпей келсе, сол әділдікті ажал… ажал ғана орната алады екен! Сен соны білесің бе! Жасасын өлім! Жасасын ажал!..


Жамал: Не дейсің?! Не деп кеттің сен?! Бір кездері өмірге құштар болған көңіліңді өлім әлдилеп, ажал аужарын айтып тұр ма тап қазір саған? Мен де… мен де өзіме өлім тілеп, өз ажалыма асығып, өз ажалымды аңсап күн кештім, түн қаттым! Сенсіз өткен менің өмірімнің әр күні өлген өмір! Сенсіз жүрген жарық дүниенің әр күні сөнген өмір! (Солқылдап жылайды). Мен әлде қашан өлгенмін! Мен баяғыда өлгенмін, Ербол, сен соны білесің бе?!


Ербол: Өлген өмірімнің соғып тұрған мына ғазиз жүрегімнің саған… бір өзіңе … бір өзіңе деген аяулы да тәтті сезімі ғана мені айдаһар ажалдың аузына түсірмей өзіңнің алдына алып келіп тұр, міне! Шаршасам да, шалдықсам да… жүдеп жадасам да сол бір сезім… өзіңе деген осы бір сүйіспеншілігім сүріндірмеді… от болып жанған сол сезім өзің болып әлдилеп, аялады, өзің болып тербетіп, тебірентті… жанымды жылытты, қуат құйды бойыма, әл берді… сағыныш болып өртеді.. Сәулесі мол жарық күнге асықтырды! Сол сезім менің өмірім екен! Өмір дегеніңнің өзі білесің бе, сезім… сезім екен! Сезімі барлар ғана сүйе алады… Сезімі барлар ғана ғашық бола алады. Мен – бақыттымын! Жан дүниемде сол сезімнің болғандығы үшін, сол сезіммен мына өмірдің ләззатын сезініп, сүйе білгенім үшін, сол сезіммен өзіңе ғашық бола алғаным үшін бақыттымын! Ол сезім… сол сезімнің иесі де.. киесі де… құдіреті де… қасиеті де сенсің … сенсің, Жамал!


Менен… ешқашан кешірім сұрамай-ақ қой, жаным! Ынтыққан ынтызар қос көңілдің, бірі-біріне асық та, ғашық та болған қос жүректің жаныммен ғана сезіне алған аппақ қардай кіршіксіз ақ сезімнің бір-бірінің алдындағы еш айыбы да, еш жазығы да жоқ. Сені мен менің бір-бірімізге деген сол бір сырлы сезімдердің ешбір айыбы жоқ еді ғой?!


Жамал: Сенің сол құдіретті сезіміңнің алдында басымды иемін! Сезімсіз қалып семіп бара жатқан дүние ақиқатын айтайын ба саған! Айтар болсам, сезімі жоқтардың алдына бара көрме, күйзелесің, жаның жаралы болады! Сезімі жоқ өлі жүректің жанына жата көрме, дүниенің нәзіктігін сезіне алмай қапаланасың! Сезімі жоқ ерінді сүйе көрме, дүниенің бал ләззатын тата


 


алмайсың! Сезімі жоқ құшаққа құлшынбай-ақ қой, ондайлар сенің жаныңды жылыта да алмайды, жұбата да алмайды! Арам жеп, семіріп май басқан жүректердің өліп қалған осы өлі сезімдері қауіпті бір дерттей таралып… ол аппақ дүниені лайлап… жалмап бара жатқандығынан шошынамын, қорқамын мен! Мені… өз сезіміңмен мына сезімсіз қалған дүниеден құтқара көр! Әлдилеші… аялашы… еркелетші… тербетші… жан ләззатына бөлеші… сүйші, сүйші мені!


(Шымылдық)


Ержан қаһарлы. Кең үйді ерсілі-қарсылы кезіп жүр. Жанындағы түр- түстері сұсты оққағарлары үнсіз.


Ержан: Ах, сайқал! Ах, сайқал! Тірідей қанын ішермін қазір!


Әй, сен (бір оққағарын иегінен көтеріп) бәрін біліп жүріп… маған неге айтпадың, ә! Қақ маңдайыңа бір оқты жібере салайын ба? Ал, сен ше!.. (екіншісін құлағынан жұлқылайды). Бәлкім… менің әлгі бедеу қатынымның қойнына сен де барған шығарсың?!


Оққағар: Құдай сақтасын!


Ержан: Құдай!.. Құдай! Білем сендердің құдайшылықтарыңды! Анау бич-от жағушы қойнына барғанда…


біз де құр қалмаспыз деп қутыңдаған шығарсыңдар, ә!.. Әй.. сендердің әрқайсыларыңа ай сайын… әй… ай сайын бәлен жүз доллардан төлеп… басымды қорғатқаным құрысын! Әй төсегімді… төсегімді неге бірге қорғамадыңдар! Қорладыңдар-ау!.. Өлтірдіңдер-ау! Алып келіңдер ана сайқалды!


(Үнсіздік. Лып еткен екі оққағар Жамалды алып кіреді. Жүзінде ешбір абыржу, қорқу, үрку байқалмайды. Ажарлы. Жүкті екендігі сезіледі. Ержан жағынан тартып жібереді).


Жамал: -Жағымнан тартпақ түгілі, жанымды суырып алсаң да, бәрібір маған енді!


Ержан: Ах, сайқал! (қалшылдап кетеді). Сайқал! Сайқал! Тұрған жеріңде буындырып тастайын ба өз қолыммен!


Жамал: Мейліңіз! Еркіңіз білсін!


Ержан: Қызығыңды көрген алғашқы түннен бері… өткен оншақты жылдан бері…бала көтермей келе жатыр едің, андағың қайдан пайда бола қалды?


Жамал: Құдайдың бергені!


Ержан: Құдай атсын! (Тағы да жағынан тартып жібереді). Ах, салдақы! (Ашуға мініп) Мен… мен елдің сөзіне сенбедім ғой. Қатының өзіңнің “бичіңмен” әуейі болып алыпты дегенді айтқандардың жағасынан алып… қой, бұлар ішіп отырып, мас болған соң ауыздарына келгендерін айта салған шығар дейтінмін. Көзім жетті! “Видеонаблюдение” қойып, сонан көріп, бәріне де өзімнің көзім жетті! Әй, анау қаңғыбас бичпен, ана қара шаласы шыққан от жағатын жердегі қақ төсекке жатып та ләззат таптың ба, ей?!.


(Жамалды тағы да тартып жібереді).


Жамал: Болды, енді! Жетер сенікі! Сенің ұрлық-қарлықпен, алдап-арбаумен салған үйіңнен де... со-нау Араб Әмірлігінен “самолет” жалдап алғызған арабтың былқылдаған ақ төсегінен де… ана бичтің қара шаласы шыққан қақ төсегінің ләззәті есімді алғанын несіне жасырайын?!. Мә… кесіп ал басымды!


 


Мына бала да … соныкі!.. Арам сенен зұлым туар, ол да адал дүниені былғар деп… бәрін байлатып тастап, тап сенен бала көтермей келгенім де рас! Қайда ол? Мына жендеттерің ол сорлыны қай жерге апарып көзін жойды? (Жамалдың көзінде жас) Қайда... қайда деймін ол!


Ержан: Ох… оңбаған… емешең үзіліп, бүйірің бүлкілдеп тұр екен әлі де!


Қанбағансың-ау деймін, қаншық неме? Кім ол? Кім?.. Кім?!. Кім ол?!.


Жамал: Иә… иә… оның ыстық құшағына мейірімімнің қанбай қалғаны да бар, оны несіне жасырайын? Мен деп соққан жүрегінің лүпілін де естіп тұрмын тап қазір! Білмейсің бе?… Ол – Ербол ғой! Ербол! Ербол!.. Менің Ерболым!..


Ержан: (Ыршып түседі). Ер-бол! Ербол дейсің бе? Болса несі бар? Болсын… ал болсын! Ендеше мен оған итаяқтан ас ішкізіп, мойнына қарғы бау тағып, үйшікке қамап қойдым! Итше ұлытып, қыңсылатамын мен оны! Ит өліммен өледі ол әлі!


Жамал: (кектеніп). Ол сорлыға көрсеткен азабың аз ба еді? Аз ба еді ей?! Ең әуелі жүрегіндегі мені жұлып алып… онан соң жаламен басын еркінен айырып… сағын сындырып… бағын қаққаның да аз ба еді?.. Өтінемін… көрсет маған Ерболды! Мені де соның жанына апарып бірге байлап қой. Енді өлтірсең де бірге… бірге өлтір! Өтінемін… өтінемін сенен!..


Ержан: Қаншығы болып әлі де бірге қыңсылағың келеді ме, ей?!. Әкетіңдер… андағыны көзіме көрсетпей.. . Мен ана шатқалға бара берем. Өшім бар… өшім!.. Кегім… кегім бар! Андағыны сендер сол араға түс ауа алып келіңдер!.. Көрсін көзімен!


(Шымылдық)


Өзінің сәнді жатын бөлмесіндегі төсегіне келіп сұлқ түсе құлаған Жамал солқылдап ұзақ жылайды. Әбден шаршап барып, басын көтереді. Қол сөмкесін алып, әлдебір қағаздарды, түрлі бір заттарды салып алады. Сонан соң қалта телефонмен сөйлеседі.


Жамал: Алло… бұл полицияның кезекшісі ме? Маған бастық керек еді.


Жамал десеңіз біледі өзі. Тезірек қосыңызшы! (Үнсіздік).


Алло… аға, мен ғой! Анада біздің үйдің бір от жағушы “бичі” жоғалып кетті деп сізге арыз беріп едім ғой. Сол күйеуімнен болды-ау деймін. Қазір мені от жағушыны тұтқындап, азаптап ұстап отырған сол жерге алып бармақшы!


(Есік ашылып, оққағар кіреді. Жамал жалма-жан әңгімесін қоя қояды).


Оққағар: Жүріңіз! Есік алдына шығыңыз да машинаға отырыңыз! Кетеміз!


Тез жиналыңыз!


(Тау шатқалына келеді).


Ержан: О… даланың аруы… таудың сұлу маралы… шатқалдың шаттығы… қаңғыбастың қатыны келдің бе, ей?!.


Жамал: Келдік, алдыңызға! Ербол қайда? Ербол!.. Ербол!..


Ержан: А… а… а!.. Сізге Ербол керек пе? Көресіз… көресіз қазір!.. Көресіз!... Шыдамай бара жатырсыз ба?!.. (Оққағарға ыммен бұйрық бергендей болады).


Сәл шыдаңыз… сәл ғана!.. Сәл ғана!..


 


(Әлгіндей болмай оққағар аузы буулы, қарғы баумен байланған Ерболды алып келеді).


Жамал: Ербол! (ағыл-тегіл жылайды). Ендігі көрмегенің… жо-жоқ мына менің саған көрсетпегенім осы еді енді! Құдай-ай!.. Құдай-ай!.. Бәрін де… өмірдің азабын да… мына сұмның мазағын да бір мен үшін… бір мен үшін ғана тарттың-ау! Қайтейін?! Қайтейін енді?! Кешір, жаным! Кешір мені! (Ержанға бұрылады) Аяғыңа жығылайын, табаныңды сүйейін, босатшы… босатшы! Тар қапасқа қаматқаның аз ба еді? Енді мына қамағаныңа жол болсын! Құдайым- ай!.. Құдайым-ай!..


Ержан: (кекті ызғармен) Ол… ол ма… ол осылай өледі! Өледі ол!.. Қалған ғұмырыңда сосын сені ит қыламын… Андағы бүгін-ертең табамын деп отырған балаңды да үйшікке қамап өсіремін. Мені ит қылғандардың бәрі де… бәрі де… ит болады… ит қыламын мен оларды!..


Андағы иттің (Ерболды нұқсап) аузын шешіңдер де, қарғы бауымен төрт аяқтатып жетелеп әкеліп, ана иттің алдындағы ана итаяққа ас құйып беріңдер…соны жалап ішсін! Көрсін мына қыңсылап тұрған қаншығы!


(Оққағарлар төрт аяқтаған Ерболды жетектеп әкеліп, аузын босатады).


Ербол: (шынжырмен байлаулы қалпы бұлқынып, ащы дауыспен айқай салады). Әй, Ержан!.. Ал… ал енді қыларыңды қыл! Төсегіңе жатып, төсіңе шаптым! Қылып ал… қылып ал енді! Ха… ха!.. Қатып қалған көніңді жібіттім!


Жамал: (бетін басып отыра қалады) Ер-бол! Не … не деп кеттің сен?! Әлде сен де ақылыңнан адастың ба? Ер-бол, не дедің?!. Не дедің сен?!. (жылайды).


Ербол: Жамал! Жамал! Жамалым менің! Кешір…кешір… мен сорлыны! Жанымды жаралаған оқ едің ғой сен! Кеудеме кек болып қадалған сол оқты жұлып алып… анаған атып жатқаным ғой! Маған деген үзілмеген үмітіңнің… суымаған жүрегіңнің… ешкім де… мынау да… (Ержанды нұсқайды) ешбір байлығымен лаулатып, маздата алмаған маған деген ыстық сезімің алдында басымды иемін! Қазір тап осы арада… тап осы сәтте өліп кетсем де арманым жоқ менің! Андағы… қос бүйіріңді солқылдата тепкілеп жатқан ұрпағым!.. Әй,.. (Ержанға алая қарайды) менің ұрпағымның…өз ұрпағымның алдындағы бар айыбыңды кештім, жаным! Сен де.. сен де… кеш… кеш мені!


Ержан: -Әй!.. (оққағарлар селт ете түседі). Мына Қозы мен Баянның жырын маған әлі де естірте бермекшісіңдер ме, ей! Не қылып тұрсыңдар, өңкей малғұндар! Әкел!.. Әкел.. анау итаяқты! Сол итаяқтан өз ғашығының ас ішкенін көрсін мынау!


(Ержанның оққағарлары өздерімен алысып болмаған Ерболды жығып салып, басып отырып, зорлап итаяқтан ас ішкізе бастайды).


Ержан: Тұмсығын тығып тұрып ішкізіңдер! Әй… соған енді шамаларың келмей ме, ей, өңшең бөз өкпелер! Ішкізіңдер… ішкізіңдер!.. Кәне!..кәне!.. Ап, бәлем!Ал іш!.. Ал іш.. Ал, іш!..


(Жамал екі бетін басып отырған орнынан ұшып тұрып, қол сөмкесінен әлденені алып шығады).


Жамал: Әй, Ержан! (бәрі жалт қарайды). Тұра тұр! Міне… міне… мен ішейін, мынаны! Әйтеуір бір ішетін уым болған соң… сақтап-ақ жүр едім, реті енді келді! (Қолындағы кішкене шишаны көрсетіп, жылап тұрады). Мынау…


 


міне… мынадағы менің ащы жасым… улы жасым! Барша жылаған… жылап жүрген… сен… сен… сияқтылар (Ержанға бұрылады) жылатқан әйел затының көз жасы бұл! Ішемін соны! Ербол жаным, қызыл дүниеге қызығып сен сияқты өзінің аяулы жанын, бақытын танып ала алмай өкінген… опық жеген… мен сияқты бақытсыз да… бақытты да әйелдердің көз жасы бұл! Ішейін… ішемін соны!


Ержан: Іш!.. Іш!.. Ал, іш! Несіне тұрсың? Бақытты да бақытсыз бүкіл әйелдің жолында бір өзіңді құрбаң еткің келіп тұр ма, ей?!. Іш!.. іш!


Ербол: Жа-мал! Жа-мал! Жамал!.. Мен десең… Ертең… ертең-ақ дүние есігін ашқалы тұрған сәбиіміз үшін… ішпеші… ішпеші…андағыны!..


Жамал: Жоқ… жоқ… Ішемін… ішемін!.. Бұл у емес мен үшін… (күледі).


Бұл менің өз өмірімнің өз уы ғой!.. Ішемін!..


(Уды ішіп салады, “Ербол” деген жан даусы шығып, құлап түседі. Сол сәтте қаруланған полиция нөкерлері келіп Ержанның және оның оққағарларының қолдарына кісен салып тұтқындай бастайды.Тау аңғарын жаңа туған жас сәбидің ащы даусы тіліп түседі. Жамалдың “Жаным… ботам… күнім… деген үш ауыз сөзі естіледі).


(Шымылдық)


Сахна қайра ашылғанда әсем бір мұңлы күй ойнап тұрады. Жарасымды киінген жігіт ағасы мен бүлдіршін қыз бала қолдарына гүл ұстап келе жатады. Анадай бір тұста, Жамалдың құлпытастағы бейне суреті байқалады. Қыз бала әкесінің қолынан сытылып шығып, құлпытастың алдына келіп тұрады.


Қыз бала: Ма-ма! .. Ма-ма!.. Біз папам екеуіміз келіп тұрмыз саған! Ма-ма… ма-ма!.. Естисің бе? Естисің бе! Мама! Мама!


Ербол: (көзінде жас) Жанарым! (қыз баланы құшағына басып) Жанарым! Мамаң естіп тұр, бізді! Көріп тұр бізді!.. Жа-мал! Жаным, естисің бе, бізді! Келіп тұрмыз саған! Жанарың… Жанарым келіп тұр саған!


(Әкелі-балалы құлпытастың алдына келіп, тізе бүгеді. Сол сәтте түнгі түскен шықтың тамшылары ма, жоқ әлгінде ғана бүркіп өткен ақ жауынның тамшылары ма, әйтеуір құлпытастағы Жамалдың суреттегі жансыз жанарынан жас сауғалап тұрады).


 


(Шымылдық).





Пікір жазу