Өттің, жалған
–Ойпырма-ай, жүрегім, жүрегім-ай!
Тапал тамның сықырлауық есігін ентіге ашып, кемпірінің ішке әлде неден шошына сөйлене кіргенін төсегінде ояу жатқан Темірбай қарт ұнатпай қалды.
–Әй, не боп қалды, таң атпай түлен түртіп кетті ме, өзіңді?!
–Жүрегім-ай! Тоқташы, жағың қарысқыр, қазір айтайын,–деп Бибіжамал шалына дүрсе қоя берді.
Алқынған жүрегін баса алмай әлде неден әбдісі ұшқан ол пеш алдындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетті.
–Уһ, жүрегім-ай! Тұрсаңшы, жата бермей! Әлгі Өтебайдың соры тағы да қайнаған екен. Байғұстың сақау ұлы асылып қалыпты.
–Өй, не дейсің, есің дұрыс па өзіңнің?!
Жастықтан басын оқыс жұлып алған қарт кемпіріне алара қарады.
–Ойпырма-ой, бұл енді бар ғой айтқаныңа нанбай діңкемді құртады осылай. Бибіжамалдың даусы ашына да, қатқыл шықты.
–Терезеден қарасаңшы, әне, бүкіл ел болып дүрлігіп жатқан жоқ па, байғұстың үйінің алды толған халық қой, әне!
–Қап, байғұс бала-ай, неден ғана былайша өмірін қиды екен, ә?!–деп Темірбай да өз құрдасы Өтебайдың қазіргі мүсәпір халін ойлап, тез киіне бастады. Әлгіндей болған жоқ тысқа шықты.
Таң жаңа атып келеді екен. Күн көзі әлем көкжиегіне иегін енді сүйеп, еркелей көтеріліп барады. Жаздың осы бір тыныш та бұйығы сәтінде жер әлемінің бетінде тек қана дәл қазіргідей ұйыған тыныштық па деп қаласың. Жоқ олай емес екен. Өтебай үйінің алдына жақындаған сайын әйел дауыстары естіле бастады сыңсыған.
–Құлыным-ай, боздағым-ай,–деп еміреніп отырған ақ жаулықты ауыл әйелдерінің үні таңғы тыныштықтың айдынын тілгілеп жатқандай.
Жиналған топ Темірбай қартқа орталарынан ошарыла орын берді. Мән-жайға әбден қанығып, суық хабардың ақиқаттығына көзі жеткен соң ол:–Өтебайға етірттіңдер ме?–деп айналасындағыларға сұрау сала қарады.
–Жоқ әлі! Сізді тосып тұр едік. Темірбай бастаған бір топ ауыл адамдары қаралы үйдің есігін ашқанда төрдің дәл ортасындағы жер төсекте қырынан жатқан Өтебай булыға жөтеліп жатыр еді. Сәлден соң жөтелі басылып, демалысы қалпына келген соң барып:–Бердібекпісің, құлыным-ау, түні бойы қайда жүрсің?–деп баяу үн қатты.
–Айналайын-ай, шөлдеп жатқанымды қарашы, су әкеліп берші. Мына тамақтан өте қойса жұтып көрейінші!
–?!
–Әй, қайда жүрсің өзің, неге үндемейсің?!
Құс жастығына түзеліп шалқалай жатқан қарт көзін ашқанда көргені Темірбай болды. Жанарын бір нүктеге қадай қараған Өтебай әуелде мұны танымай да қалды білемін, әйтеуір ұзақ тесілді.
–Өтеке, Өтеке, мен Темірбаймын ғой!
–Әй, Теме сенбісің? Өзі түс болып қалған ба?
–Жоқ, таң жаңа атып келеді. Ұйқым келмей ертерек кіріп тұрғаным ғой. Бойың қалай?–деп Темірбай құрдасының секем алған көңілін орнықтырғысы келгендей халін сұрауға кірісті.
–Е, не хал бар дейсің, мына кеудеден жаным қашан ұшар деп күн санап жатқан ғой біздікі!
Ауруы меңдеп, әбден жүдеген қарт жүзіне қараудың өзі тым ауыр еді. Екі беті суалып, қушиған жақ сүйектері арыған адамның ауыр халін сездіргендей. Осы бір пәлекет ауру жабысып, төсек тартып жатып алғанына да біраз болып қалды. Бұл ажалдан қаймыға да қоймас еді, үш жүзге аты мәлім болған Біржандар да:
Білмеймін бұл аурудың не қыларын,
Егер де алам десе таласам ба?–деп зарлаған жоқ па ед, шіркін! Әттең дүние, ындының кеуіп шөлдегенде бір қасық қара суды жұта алмай көз алдыңдағы тағамға телміргеніңнің өзі азап екен-ау!
–Әлгі біздің Бердібек бүгін түн үйге түнеген жоқ. Жанымнан бір елі кетіп көрген жоқ еді, қайда жүр екен өзі,–деді сәл үнсіздіктен соң Өтебай.
–Е, жігіт емес пе, жүрген шығар,–деді Темірбай өз көңіліндегі ауыр ойдың жарықшақтығын сездіргісі келмей.
–Ә й, қайдам?!
Осы сәтте тағы да жөтел қысып, мұнан әрі сөйлеуге мұршасын келтірмей ауру жанның тыныштығын ала бастады.
–Әй, қайдам,–деп Өтебай жөтелі сәл басылған сәтте көкейіндегісін айтып қалайыншы деген жандай, әлсіз үн қатты:
–Ол мүсәпірді кім есіркеп жатыр дейсің! Байғұстың көкірегі зерек. Көкейіңдегіні бірден сезетін қасиет бар өзінде. Айналайынның бағы жанбады ғой!
Осы сәтте қарт әкенің көңіл түкпірінен өз ұрпағына деген мөлдір бұлақтың көзінен шым-шым тамшылап тұрған сүйініш пен күйініштің аптабы мен ызғары да бірдей болатын. Бір өкініш, бір үміттей алдамшы өмірдің өзіне кіріптар еткен осы сәтін қасқая көтеретін зерделі қарт тек осы ұлының алдағы тағдырын ойласа күйреп сала беретін. Қазір де жанын езер ауыр ойлар миына инелерін сұққылап жатқандай еді.
–Қой, Өте, олай деме! Бәрі де жазмыштың ісі ғой! Не нәрсеге болсын берік бол!
Аузынан шықан осы бір сөздердің құрдасының мына жан сыздатар уайымына сеп болмасын анық білсе де, Темірбай оның көңілін ауламақшы болды. Бірақ көмейіне тас тығылып тұрған жандай бұдан әрі аузына сөз түспей қойғаны. Осы бір өлі үнсіздіктен секем алған Өтебай көзін ашып алды да, бас жағында отырған Темірбайға тағы да тесіле қарады. Көз жанары өңменіңнен өткендей өткір екен.
–Әй,–деді Өтебай әлін жиғандай,–осы үйде сен өзің ғанасың ба, әлде тағы да біреулер отыр ма?
Өтебай көздерін тағы да жұмып алды. Сөйтті де өз сұрағына жауап күткендей естіп жатырмын дегендей оң алақанымен құлағын қалқалады.
–Балалар ғой отырған,–деп Темірбай орнынан ұмтылып барып құрдасының құлағына аузын таятып жауап берді.
–Бердібек бар ма араларыңда?!–деді Өтебай әлсіз үнмен.
–?!
–Әй, неге үндемейсіңдер?! Темірбай, әй Темірбай, неге айтпайсыңдар, қайда деймін әлгі Бердібек?!
Бұл жолы бар күшін жиып, айғай салмақшы болған. Аурудан қажып ашынған жанның қарлығыңқы үні үйде отырғандарды селт еткізді. Темірбайдан басқалары орындарынан қалай ұшып тұрғандарын өздері де сезбеп еді. Бір- біріне жалтақ-жалтақ қараған олар Темірбай қарттың басын төмен салып, шошқа сақалы кемсеңдеп, солқылдап отырғанын көргенде көздерінен бір-бір тамшы жас ытқып шығып кеткен-ді.
–Өте, Өтем, сабыр қыл, біздің де қабырғамыз қайысып тұр. Бердібегің…
Одан әрі Темірбай тілі күрмелген жандай айта алмай қалды. Өмірдің талай жүгін қайыспай көтеріп келе жатқан Өтебайдың жүрегі ауру жанның тұла бойына тіршілік демін беріп тұру үшін осы сәтте жанталасып бар екпінімен бұлқына соғып тұр еді. Екі шынтағымен жер таянып, кеудесін сәл көтерген қарт жанында отырған құрдасына:–Тірі ме, бар ма өзі деп сауал қойды да жастығына сылқ етіп құлай кетті.
Қаралы күй ойнай жөнелгендей ашық тұрған терезе әйнегінен жел уілдеді. Темірбай бастаған топ Өтебайға баласының қазасын әупірімдеп жеткізді әйтеуір. Мұнсыз да аурумен алысып, жаны күйзеліп әлсіреп отырған байғұсқа Бердібегінің ащы ажалы оңай тимеген еді. Дауыс қылуға да әлі келмеді. Кәрі жанарынан жас ұдайы сорғалап тұрды, бір тиылмады. Кәрі көкірегі мұңға тұнған айналасындағы барлық тіршіліктен күдерін үзгендей. Тіпті дәл қазір кеудесінен жаны шықпай тұрып мұны Бердібегімен бірге көмсе де еш бұлқынбас күйде еді. Мұның жаны ана оң жақта шалқалап жатқан жан баласынан артық болып па?! Демі жалын атқан ауру қарт оқта-текте күрсінгені болмаса ешкімге де тіл қатқан жоқ. Тек қазір санасы ғана сайрап жатыр. Бәрімен сол санасымен ғана тілдесіп жатқандай. Міне, жанына марқұм Балкүмісі келді білем!
–Әй, қайда кетіп қалдың осы сен?!–дейді кемпіріне бұл.
–Мен бе, жаным-ау, мен анау Жаманшоқтың жанындағы зираттан келіп тұрмын ғой.
–Зираты несі, тәңір-ау? Сен бізді тастап неге кетіп қалғансың?!
–Сорлы-ау, мен дейсің бе, ажал бұрын жеткен соң да кеттім ғой. Кейіме, батырым, келіп тұрмын ғой міне. Сені де, Бердібегімді де алып кетуге келдім өзіммен.
–Енді тастамашы бізді? Өзіңмен кетейінші! Тірі күніңде қадіріңді білмеппін- ау, сен әулием екенсің. Сен жоқ болып едің, мына мен де, ана балаң да не көрмеді. Кешір әулием, кенжем деп еркелеткен Бердібегіңді сақтай алмадым. Кеш, мені!
Қайтсін, байғұс! Өзегін өртеген өкініш оты енді сөнер ме?! Тағдырына ғана қабақ шытар. Бірақ одан не пайда енді. Жасы жер ортасына жеткен шақта мұның үйірінен ажал кемпірін бөліп әкетті. Әй-шәйға келмедім деп айта алмас,
бірақ бір-бірін сыйлап өмір сүрді. Ел қатарлы бала өсіріп, тұрмыс құрды. Тек қана Бердібегі болмаса, соңынан қанаты құсап ерген балаларының бәрі қалаған жерлерінен оқуларын оқып, үй болды. Жазмыштан ба, әлде анасының жоқтығынан ба, кім білсін осы Бердібегінің жолы ауыр-ақ басталды. Анасы дүние салғанда Бердібек онда үш жаста еді. Тілі де енді-енді шығып, әр нәрсені былдырлап жүрген базарлы шағы болатын. Сол бір күн, иә сол бір күн мұның есінен мәңгілік кете қояр ма екен?!
Кемпірі өліп, ендігі бүкіл үй тірлігі өзіне қарап қалған Өтебайдың тіршілігі таңғы тауық шақырған сәттен басталатын. Қойнында жатқан Бердібегінің көрпесін қымтап орнынан тұрды. Терезеден далаға көз салып еді, күздің жылауық аспаны көз жасын мөлтілдетіп төгіп тұр екен. Бұл оянғанда Бердібегі де оянды көзін уқалап:
–Жат, құлыным,–дейтін бұл.–Мен қазір малды өріске шығарып келейін. Кел, мына терезеге шық та қарап отыр. Қорқушы болма, мен келемін қазір.
Тәмпіш мұрын қара бала отырып алатын терезе алдына. Бұл оның күндегі әдеті, оған үйреніп те алған. Анасын ойлайды осы сәтте. Қайда екен, ә?! Қаншама ойласа да сәби санасы өз анасының қайда жүргенін сезе қоймайтын- ды. Қайда екен, қайда екен? Қарақаттай мөлдіреген қос жанарына осы бір ой тұнған сәтте үш жасар Бердібек терезе әйнегінен сонау кеңістікке телміре қарайтын. Телміре қарайтын да анасын аңсайтын. Сол сағыныштың бесігі тербеп, ұйқысырап отырған таңғы шақта қызыл гүлді көйлегінің етегі желбіреп әлде бір әйел терезенің дәл алдынан сиырын айдап кетіп бара жатқан-ды. Сәби жүрегі дір етті. Шырылдап қоя берді.
–Апа! А-а-па!
Жан дауысы шығып, еңіреп қоя берген сәби терезеден шапшаң түсіп, ашық тұрған есіктен далаға жүгіре шықты.
–А-па, а-па!
Сиыр айдаған гүлді көйлекті әйелдің соңынан жүгіріп келеді. Анасы ол!
Мұның да апасының дәл осындай көйлегі болатұғын. Сол, сол, апасы бұл!
–Апа! А-а-па!
Апалап жан дауысы шығып, жүгіріп келеді жалаң аяқ, жүгіріп келеді. Әттең, шіркін осы сәтте жаңбыр суына толып тұрған әлде бір орға түсіп кеткенін қайтерсің. Анасына жете алмай қалды ол. Осы бір рақымсыздықтан шошынған сәбидің тілі байланды. Енді ол сақау Бердібек атанды.
Өсіп, ер жеткен соң үй шаруасына Бердібек өзі араласты. Араласуға амалы қалмап еді. Үйге ие болар дейтін жеңгесі Күлтай біреудің жалғыз еркесі. Шаруа істеуге икемі де, зауқы да онша емес. Үлкен ағасы Сейтімбек түздің жұмысынан шаршап келіп, кеш болса төсекке қисая кетуді ұнатып тұратын. Өздігінен хат танып, жазып, оқуға дағдыланып, есейіп қалған Бердібек болса бұл екеуінің қас-қабағына қараумен өсті. Сонда бар байқайтыны, әкесінің бабы бола бермейтін. Сосын шайды да өзі қойып, пешке от жағып, түрлі тағам әзірлеп, әкесі екеуі өз беттерінше күндерін көруге дағдыланды. Қазандыққа су жылытып, әкесінің үсті-басын жуу да енді мұның міндетіне айналып еді.
–Әй, сақау,–деді бірде әкесі жоқта Күлтай.–Ана әкең екеуіңнің кірлеріңді жуып, тамақтарыңды істеп отыратын мен күңдерің емеспін, ана кірді де жуа
сал,–деп бұрышта үюлі жатқан киімдерді мұның алдына қарай лақтырғаны бар. Долырған Күлтайдың мына қылығынан бар жайға түсінген еді Бердібек.
–Бердібек-ау!
Өтебайдың аузынан шыққан осы бір ауыз сөзге отырған жұрт елең ете түсті.
Бірақ бұдан кейін тілге келе қойған жоқ сырқат қарт.
–Байғұс-ау, баласын шақырып жатыр екен ғой,–деп шалдар жағы ауыр дем алып, күрсініп қойды.
–Бердібек,–дегісі келді қарт.–Құлыным-ай, бұл тағдырың уызыңнан суалтты- ау сені. Алдағы күндеріңді ойлап қабырғам қайысушы еді, мәңгілікке тыныштала қалғаның не?! Әлде, әлде мына әкең байғұсқа ренжіп кеттің бе?! Кеш құлыным, кеш мені…
Өз баласының тағдырдан азап шегіп, мына ажалға душар болғанына өзін кінәлі санап жатқан әке осы шақта Бердібектің қалтасынан табылған бір тілім қағазға жазылған сырын білмей кетті. “Әке,–депті Бердібек,–ажалдың тырнағына ілінгеніңе көзім жетті, сен өлген соң кімге керекпін мен. Одан да қара жердің қойнында құшақтасып екеуміз бірге жатайық. Кешір, әке!”
Бердібек жерленгеннен кейін қарт та ұзамады. Тағдыр азабының ауыртпалығын көтере алмады кәрі жүрек.