Сөне көрме, жұлдыздар!..
Бір бала, шіркін-ай, бір бала! Бір балаға зар қылып қойғанын қайтерсің?!. Бір бала, шіркін-ай, бір бала!..
Нәзия көкірегіне келіп қонақтай бастаған осы бір ойларды жанына қаншама дарытқысы келмесе де, жүрек шіркін, еркіне көнбей алқына соғып жүре береді. Нәзік жанды әйелдің сезімтал да сергек ой әлемі осы бір сәтте бар дүниенің қызығы мен шыжығын да ұмытып, көңілі жүдеп, жабырқап салады. Бір қолына жуып отырған кесесін ұстаған қалпы Нәзия орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Ауыр әрі мұңлы ойлар тағы да жан-жағынан анталап, қаумалай бастаған әйел жаны қашанғы өз серігі көз жасына ырық беріп еді. Моншақтай домалап, етегіне үзіліп түсіп, тұрған мөп-мөлдір жас тамшыларынан шіркін, мұның жанының пәктігін, мұның өмірге деген іңкәрлігін, мұның… мұның мынау аппақ әлемге деген жан дүниесінің сүйіспеншілігін анықтаса ғой. Деннің саулығын қан арқылы анықтап білетін дәрігерлер адамның көз жасынан да, оның ішкі ой әлемін, көңіл-күйін, жүрек сезімін де анықтай білсе ғой, шіркін! Онда мына Нәзия сияқты әйелдердің жан дүниесін ешкім жаралай да бермес еді. Ал, мұның жан жарасы да, дерті де–бала! Жеткізбей жүрген бар дүниесі де сол бала. Көңілінің осы бір жарасы барған сайын меңдеп бара жатқандай.
Бірақ, осы күні кім-кімнің көңіліне қарап жатыр дейсің. Көшедегі қозғалыстың шапшаңдығындай, адамдардың бір-біріне деген көзқарасында да жылдамдық бар. Қазір есен—саулық сұрасудың өзінде де асығыстық бар. Сол асығыстық көңілдерге қаншама кірбің түсіріп, жүректерге қаншама жара салды десеңізші. Оны ойлап жатуға да уақыт жетпейді. Ең ақыры, бір бөлмеде отырып, бір кеңсенің кірісі мен шығысын бірге есептейтін бес әйелдің әрқайсысы әртүрлі амалмен мұның баласының жоқтығын ыңғайлы бір реті келген сәтінде сездіріп қалуға тырысып тұрады. Аға бухгалтер ретінде Нәзия: “айдың аяқты күндері ғой, есепті түгел бітіру үшін бүгін жұмыс соңынан қалып, тындырып тастайық”–деп еді, терезе әйнегінен үнемі далаға қарап, өткен-кеткенге көз салып отыратын жуан сары әйел ыршып түсті.
–Ибай-ау, бізде үй жоқ па, бала жоқ па?! Жұмыстан кейін қала алмаймын, қаламын десең өзің қал, үйіңде не бітіремін дейсің, жылап жатқан балаң жоқ қой,–деп киінді де, шығып жүре берді.
Бұл оған ләм деп аузын аша алмады. Не десін, бәрі де рас қой әйтеуір. Баласы да жоқ, үйде бітірер шаруасы да жоқ. Бұл шындық еді.
Нәзия өзінің жанын қан жоса етіп тілгілеп өтетін мұндай сөздерге кей сәттерде мән бермеуге де тырысатын. Жанындағылар не нәрсені айтпасын, естімеген адамша алдындағы қағаздарына шұқшия түсетін. Бір бөлмедегі сол әйелдер өз үстерінен қарайтын болған соң ба, Нәзияға қыр көрсетуге, әйтеуір жанына шоқ салуға әуес тұратындары бар. Бірақ соншама бұлардың қазбаланатын жөндері және де жоқ. Әйтеуір жұмыстарын істеп үлгерсе болды деп, Нәзия да бұлардың басқан ізін аңдып отырған жоқ, еріктері өздерінде. Жұмысқа кеш келдің-ау, ерте кеттің-ау деп ешқайсысына ескерту жасап көрген жоқ әзірге. Жұмыс арасында жүгіріп дүкенге барып келсе де, бұл үндей қоймайды. Тіпті мұның төзімін онан әрі сынағысы келгендей, балаларына сатып алғандарын алдарына жайып салып:
–Әй, мынау біздің Жорикке шақ па екен, ә?!
–Мынау сенің Жанарыңа әдейілеп тіктіргендей ғой өзі,–деп өз-өздерінен мәз болып, масайрайтындары және бар. Кейде бұл аз дейтіндей балаларының түрлі қылықтарын айтып, көз қиықтарымен бұған назар салып қояды.
–Әлгі біздің Маратик садиктен бір жаман сөз үйреніп келіп, соған кеше кеш бойы шегіміз қатқанша күлдік,–деп Нәзияға қарама-қарсы отыратын Әсемгүл өзінен-өзі қарқылдап күлсін-ай келіп. Әуелде оған еріп өзгелері де, біреуі қарқылдап, біреуі өзеуреп күле бастады.
Өз қылықтарының қызуымен лепірген төрт әйел Нәзияның орнынан баяу көтеріліп, терезе алдына келіп сыртқа көз салып, қарап тұрғанын да елемегендей болды. Күн сәулесінің қызуымен жаңа-жаңа бүр жара бастаған ақ қайыңның ұшар басына сүзіле қараған Нәзияның қос жанары осы сәтте жасқа тұнып тұрған-ды. “Уағы келіп еді, табиғат та түлеп сала берді. Ақ қайыңның бүршігінен де, міне, дүниеге жапырақ туып келеді. Ал мен ше, мен ше, мен ше…” Осы бір өз ойының өз жанына соққысының ауыр тигені сонша, ол онан әрі өз санасына ие бола алмай қалды. Қос алақанымен бетін басты да, шынтағымен терезе жақтауына таянып, солқылдап, ал жыласын-ай келіп.
Әуелде Нәзияның мұнысынан шошына қалған әйелдер отырған орындарынан ұшып-ұшып тұра келді. Бір-біріне жаутаң-жаутаң қарап отырған олар үшін “қасқыр, сібер” деп білетін Нәзияның мына жыласы расын айтқанда, аспаннан жай түскендей есеңгіретіп тастады.
Нәзия, Нәзия! Ойпырмай, не болды саған,–деп Әсемгүл есін жинағандай, екі иығы солқылдап, жылап тұрған әйелдің қасына таянды.
– Нәзия, Нәзия…
Ту сыртынан төрт әйелдің кеп тұрғанын аңдамай-ақ, сезді… Бір сәтке көңіліндегі көлкіген кірбің басылда ма, Нәзия солығын басып, терезе әйнегінен көз алмаған қалпы бұларға бұрылмастан:
–Мені… мені кешіріңдер,–деді ол әуелі жүрек лүпілін орнықтыра алмай. – Кешіріңдер мені! Менің бедеулігіме әрине сендер кінәлі емессіңдер! Менің көзімше… өз балаларыңның қылықтарын айтып мәз-мәйрам болатын сәттеріңде, мына байғұс менің егілетінім жалғыз бүгін ғана деймісің, жүрегім сыздап қан жылаушы еді әрдайым. Тұрмыс құрғаннан бері жан жүрегімнің езіліп келе жатқандығын ұғынсын деп бүгін әдейі жыладым. Әрине, балаларың бар, сендер бақыттысыңдар. Ал мен… мен бақытсыз бейбақтың бірімін ғой…
Нәзияның өз құрбыларына бұдан басқа да айтары бар еді. Бірақ жаралы болса да, көңілінің тәкәппар бір түйсігінен хабар келгендей, есін шапшаң жиды да, үстел үстінде бұрқырап шашылып жатқан қағаздарын да жинамастан, киім ілгіштегі ілулі тұрған қол шатырын алды да, бөлмеден шығып жүре берді.
Кеңсе алдындағы бақ ішіне кірген ол жол жиегінде сусын сатып тұрған әйелден бір стақан алма шырынын ішті де, ақ қайыңды алаңқайдағы орындыққа келіп отырды. Көктемнің нұрлы сәулесі де, саумал лебі де Нәзияны сергітіп, бойы жеңілдеп сала берді. Айналасындағы тіршілік атты әлемнің дәл ортасына келіп отырғандай сезінді өзін. Бірақ бұл жерде онымен ешкімнің шаруасы болған жоқ. Ерсілі-қарсылы өткендер албырт жүзді, қой көзді, қыр мұрынды сұлу әрі нәрлі жас әйелге көз қиықтарын салғандары ғана болмаса,
бірі мұның жанына аялдаған емес. Бәрі асығыс әлденеге, әлдекімдерге асығып бара жатқан адамдар, адамдар… Мұнан әрі өз миын көп оймен торлағысы келмеген ол, қарсы алдында өсіп тұрған ақ қайыңның бүр жарған жапырақтарына назарын салды. Қаулап өсіп келе жатқан мың сандаған көгілжім жапырақтар осы сәтте қос қолын ербеңдетіп, анасына қарай талпынған бесіктегі сәби болып елестеп жүре берді.
Адамның жан дүниесіне жүрек көзімен қарауды қашан үйренер екенбіз осы біз! Апыр-ау, сендер өз балаларыңды әңгіме етіп, қолдарыңа ұстап отырған құйтақандай көйлекті ерсілі-қарсылы көлбеңдетіп отырған сәтте, тым болмаса, біреуің менің мына жан дүниеме ойларыңмен тереңірек неге бойламайсыңдар!
Бұл мана өз құрбыларына айтпай кеткен Нәзия көңілінен ақтарыла жөнелген көп ойларының жалғасы еді.–Әлде менің… малынып киінгеніме, үйімнің дүниеге толғанына қарап, ойсыз, мұңсыз деп ойлайсыңдар ма?! Баласы жоқ үйдегі бар дүниенің жансыз, қуатсыз, әсерсіз екенін біреуің де сезбейсіңдер ғой, білмейсіңдер, білмейсіңдер! Күнде мына мен, босап, қаңырап қалған меңіреу бір кеңістікке бара жатқандай боламын. Кей-кейде өз үйімдегі өлі тыныштықтан шошынатын кездерім де бар. Тіршілік, өмір, бақыт, байлық дегендеріңнің бәрі де бала, бала, бала екен, айналайындар!
Күні бойы ауыр ойдан жаны күйзелген Нәзия қолындағы сағатына қарап, уақытты шамалауға да зауқы соқпай, үйіне келіп, жиюлы төсектің үстіне құлай кетті. Қанша жатқанын, ұйықтағанын, ұйықтамағанын да сезбеген ол, есіктің қатты соғылған қоңырауынан оянып кетті. Үсті басының қырыс-тырысын жүре түзеп, жүгіре басып, есік ашып еді, күлімсіреген қыз баланың жүзі шалынды көзіне.
–Апай, кешіріңіз, сізге телеграмма, соны табыс еткелі келдім.
–Ә, маған ба?–деп таңырқаған Нәзияның сұрағына “иә, иә сізге”,–деп, қыз бала телеграмманы мұның қолына ұстатты да, қоштасып шығып жүре берді. Кіре берістегі шамды жаққан Нәзия қолындағы ақ қағаздан телетайп әріптерімен басылған: “Сіздің хатыңызды алдық. Біздің клиникаға келіп қаралып емделуіңізге болады, қабылдаймыз” деген сөздерді оқыды. Әйгілі профессордың атынан келген мына хабар Нәзияның үзілгелі тұрған үмітін қайра жалғағандай болды. Лүп-лүп соққан жүрегіндегі мынау дүниеге деген іңкәрліктің тағы да бір жарық сәулесі жанғандай еді. Екі бетіне қан жүгіріп, жүзі жадырап сала берді. Желдеткіші ашық тұрған терезе әйнегінің алдына келіп, көктемнің кешкі салқын ауасымен кеудесін керіп дем алды да, төсегіне келіп, қайра жатты. Терезе әйнегіне жүзін бұрып жатып еді, өзгелерінен гөрі жарық әрі үлкендеу бір жұлдызға көзі түсті. Сонау, тым-тым биіктегі аспан төсіндегі сол бір жұлдыз өзінің сабырлы қалпынан айнамай тұруымен-ақ Нәзияның күні бойғы ауыр ойлардан жырымдалған көңілін бүтіндеп, бекіткендей болды. Ол ұзақты түн ұйықтамады. Бар ниетімен сол бір жарық жұлдыздың сөнбеуін тілеп жатты.