Құмарлан
Күшігінен асыраған ит бір түнде жоқ болып кетті. Бір үйдегі кемпір мен шал бұған әуелде мән де бере қоймады.
Күндегі дағдысымен Әбдірахман қарт қорадағы малын жайлап, айырының сабына сүйеніп, белін жазып, итін есіне алып еді, жүрегі шымыр ете түсті. Соңынан бір елі қалмай еріп жүретін иттің өзі жалғыз-жарым адамға әжептәуір ес екен-ау!
Шым қораның сықырлауық есігін итере салды да, қолына таяғын алып, маңайды шолуға кірісті.
–Құмарлан! Құмарлан, кә…кә…кә! Көрші үйдің маймақ аяқ Құтжолы ғана әуп деп бір үрді де, қайрадан қораға кіріп кетті.
Қарт шағын ауылды бір шарлап шықты да, қайтып үйіне келді. Әр жері шұрқ-шұрқ болып тесіліп біткен сарғылт шекпенін босағадағы елік мүйізінен жасалған ілгішке іле салды да, пештің тап іргесіндегі қалың бөстегіне келіп қисайды. Ала көңіл болып отырғандығын Жәнипа бірден сезіп еді. Аяғының ұшымен жүріп, шалының алдына дастарханын жайды да шайын беруге кірісті. Кәрі жүректеріне көп мұң мен қасірет тұнған, сағыныштан сарғайып қажып, тозуға айналған қос бейбақ ұзақ отырып таңғы шәйлерін ішті. Соңғы аяқты төңкерді де, шалы күндегі әдетіне басып, қолын жайды да: “е, тәңірім, ақырын қайырлы қыла гөр”–деп бетін сипады.
–Әлгі Құмарлан үй маңынан табылмады да ақыры,–деді Жәнипа. Үні аянышты естілді. Кеудесін өксік қысып тұрғаны анық. Қазір бір нәрсе десең болды дауыс салып жылағысы бар. Бірақ мына шалының қатулы қабағынан ғана сескеніп тұр. Тарам-тарам әжім торлаған кәрі жүзінен сорғалаған көз жасын қолындағы майлықпен бір сүртті де, орнынан тұруға ыңғайланды.
–Отыра тұрсаңшы сәл!–Шалы қолымен ишара жасады. Сәл-пәл ойын жинақтап алды да, Әбдірахман қарт кемпіріне басу айтып сөйледі. Құмарланға оқыстан бәр нәрсе болған ғой. Әйтпесе, есті ит бұларды тастап кетіп қалушы ма еді? “Жақсы ит өлігін көрсетпей өледі” деген бар. Енді бұған да көну керек.
–Е, тәңірім-ай, ақыры кеп бір иттің де қайғысын тартқыздың-ау, біз бейбаққа!–деген жан айқайы тілінің ұшынан шығуы мұң екен. Жәнипа боздасын-ай кеп.
Мынау қу тірлігіне айтар назын да, өкпесін де, тіпті лағнетін де ақтарып жатыр қамыққан сорлы.
–Құдайым-ай, құдайым, қураттың-ау, суалттың-ау осылай! Не жазып едім ойбай-ау, Құрмашымды оны алдың, тым болмаса одан бір тұяқ та қалмады-ау! Ермек қып отырған Сандуғаш ол кетті бізді тастап!
Байбалам салып, жан дүниесінің қайғы-қасіретін ақтарып, жылап отырған кейуананың боздаған үнінен осы бір күйік сөздерді әзер ұғар едің.
–Құдайым-ай, құдайым!.. Кейуана боздап отыр.
Жәнипаның есі ауып кетпесе жарар еді-ау деп ойлады шалы. Өзінің де босаған көңілін бекітті де орнынан тұрып, кемпірінің жанына таяп келіп:
–Сабыр қыл! Байғұсым-ай, ауырып жатып қалатын болдың-ау енді,–деді.
Ұзақ жыл отасқан жан серігіне өз ғұмырында тұңғыш рет осылай бір аяушылық білдіріп еді. Әбдірахман қарттың осы бір ауыз сөзі көңіліне демеу болды ма, бейшара кемпір, солығын басайын деді. Дудырап кеткен шашын жиыстырып, жаулығын түзеп жөнделе бастады.
Қайтсын-ай, бейбақтар?! Із-түзсіз жоғалып кетіп отырған Құмарлан жай бір бұралқы ит болса бір сәрі ғой, оған бұлайша күңіренбес еді екеуі де. Бұл дегенің кешегі қанды соғыста опат болған Құрмашының көзі еді ғой. Көзін ашпаған сары күшікті сонау нағашы жұртынан қалап алып келген Құрмаш сол күшікпен бірге ұйықтап, бірге өсіп еді. Құмарлан деп ат қойған да Құрмаштың өзі. Текті иттің баласы Құрмаштың өзі десе жаны бөлек екендігін сезінген Құмарлан да иесіне адал қызметін көрсетіп, аң қағуға шыққанда небір қызыққа кенелтіп еді-ау. Бұл төңіректе мұның жүйріктігі мен ептілігіне, ақылдылығына қызықпайтын аңшы болмаған-ды.
Құмарлан келіп қала ма деп үйде отырған қос қария әуелі осы бір жайды ойлап еді. Қартайуын қартайды ғой Құмарлан да! Құмарлан Құмарлан болғалы қай заман?! Содан бері бұл екеуі де не көрмепті?
Осы ойлар Әбдірахман қартты өзінің терең иіріміне қарай тартып бара жатқан-ды. Көз алдына фашист оғы қыршынынан қиып кеткен Құрмашы келіп тұра қалды. Әне, астындағы Кертөбелін ойнақтата қыр астынан шыға келген Құрмашының жүзі қандай нұрлы еді. Соңынан ерген Құмарланның тілі салақтап кетіпті, көп жүгірген ғой сірә.
Жанары бұлдырап, көзіне келіп қалған қос тамшы жасты ірке алмаған қарт, жақтауларын қалың қырау басқан терезе әйнегінің алдына таянды. Сол тор көзәйнектің қырау ұстамаған тұсынан далаға көз салды. Дала бұрқасындатып борап тұр. Құмарлан көрінбейді.
–Қап, мына боранда аңшылап кетті ме екен,–деп ойлады қарт.–Мүмкін емес! Құмарланның да аңнан қалғаны қашан?! Қартайды ғой жарықтық! Бірақ, сүйегін сүйретіп жүріп бір үйлі жан бұларға талай-талай қиын да қиналған сәтте ес болған Құмарланның күйігі оңай тимесі де анық.
Апыр-ай деймін, алапат қырғын соғыс боларын бәрінен бұрын осы Құмарлан сезгендей, өз өзінен мазасы кетіп еді-ау! Берген асыңды ішіп, үйренген жеріне ғана жатуды күшік күнінен дағды еткен Құмарланның аяқ астынан өнер шығарып, итаяғына құйылған асқа да қарамай аласұрып, Құрмаштың аяғына оралып, жүргізбей қойғаны бар. Тіпті бірде жұмысқа баруға шығып келе жатқан Құрмашты желеткесінің етегінен тістеп алып, үйіне қарай тартып, жібермей, қасарысып отырғанын қайтерсің? Әуелде, Құмарланның бұл қылығынан Құрмаш тіксініп қалып еді. “Кет әрі”, деп Құрмаш даусын қаттырақ шығарып еді, Құмарлан оны қоя берді де, үріп алып далаға қарай шаба жөнелді.
–Ух, жаным-ай!..
Ту сыртындағы кемпірінің аузынан жалын атып, көкірегі қарс айырыла күрсінгенін, кемпірінің есін енді жинап, қазандық күлін шығарып, әбден шырмалып алған қалың ой өз құрсағынан босатар емес. Айналасындағы тіршілік атаулының бәрінен безіндіре түсер мына ойлардың өзі қасіретті жанына демеу болғандай.
–Не ғып тұрсың? Андағы терезеден жарықты да көлегейлеп, жауып тастадың-ау, қисайып деміңді алсайшы. Жәнипаның бұл айтқандары да көңілін серпілте алмады. Ол да тұрған орнында, қырау басқан мынау тор көз әйнектен беймәлім, түпсіз терең тұңғиық әлемге қарап тұра берді.
Алдағы жаман істі ит жарықтық күні бұрын сезеді деуші еді, сол рас екен. Құрмашты етегінен тартқылап, үйінен шығарғысы келмей жүрген Құмарлан мұның жан дегенде жалғыз баласының соғысқа кетерін де сезген. Қатын- баласы улап-шулап қалып бара жатқан ауылдан ұзап шыққан Құрмаштар мінген көліктің соңынан Құмарлан ермей, шошаланың іргесіне сүйеулі тұрған кәшауа шананың көлеңкесіне кіріп, жатып алған-ды. Екі көзі де, құлағы да үй жақта болды. Мынау тіршілікке бір мазасыздық кіргенін есті ит сезіп еді. Бір ашып, бір жұмған қызарған көздерінен парлай аққан жасы алдыңғы аяғының сабалақ жылтыр жүнінен жылт етіп, жерге тамып жатыр.
Бие сауым уақыт сол орнынан тапжылмаған Құмарланның ауылдың іргесіндегі темір жол стансасына қалай кетіп қалғанын да Әбдірахман білмей қалып еді.
–Ата-ау, әлгі ит жоқ болып кетті,–деген келіні Сандуғаштың айтқанынан барып Құмарлан есіне түскен-ді.
–Е, жүрген шығар,–деп қойған-ды бұл.–От ойранға Құрмашым кетіп отырғанда бір ит сол жалғызымның жолында құрбан болсын” Тілінің ұшына келіп қалған бұл сөзін келініне айта алмады.
Стансаға барғандардан келесі күні естісе, ығы-жығы халықтың ортасынан Құмарлан поезға мінейін деп сапта тұрған Құрмашты тауып алып, етегінен тістелеп, тағы да сүйрей жөнеліпті. Әуелде бұдан шошына қалған әскери адамдар итті атып тастамақшы болып, қаруларын да кезеніпті. Құрмаш айналасындағыларға: “Бұл мені үйге жүр деп сүйреп тұр”–деген екен, есті иттің мына қылығын көріп манағы қару кезенген кейбіреулерінің көңілдері босап, көздеріне жас та алыпты.
–Телміріп қалғыр-ау, әлі тұрмысың қалшиып?! Жатсаңшы енді!
Сықырлап ашылған есіктен сөйлей кірген Жәнипа бір құшақ кепкен қиды қазандық алдына әкеліп тастай салды.
Қажыған, талған көңіліне осы бір сәтте демеу болып тұрған тәтті ойын уысынан шығаруға қимай тұрған қарт селт еткен жоқ. Анау аппақ далаға, көз жетпес сонау көкжиекке көз тіккен сайын өмір елесі ұлғайып көрінгендей әсерленіп отыр.
Құмарлан! Көкейінен де, көз алдынан да кетпей тұрғаны осы Құмарлан.
Әне, сынық мүйіз кер өгіз бен шолақ құйрық қызыл өгіз жегілген шанамен бір топ әйелдер кетіп барады. Араларында келіні Сандуғаш та бар. Колхоз малына даладан шөп тасып, әкеліп беруге кетіп барады байғұстар. Сандуғаштың үстіне Құрмаштың аңға шығарда киетін тайтері тонын кигізгендері қандай жақсы болған! Күртік қарды оппалап, баяу жылжып бара жатқан өгіз шананың соңынан Құмарлан да еріп барады.
Ферма бригадирі бұрын да есерсоқтығы мол жан еді, соғыстан жараланып қайтқалы тіпті бет қаратпайтын боған. “Мен немістерді қырып келдім, қан көрдім, өкпемді оқ тесті”,–деп бір ауылға әңгір таяқ орнатқанда, бар соғыстың
ауыртпашылығын осы байғұс қана көрген ғой деп ойлап қалуың да кәдік. Бір күні кеште Әбдірахманның үйіне келіп:–“Сенің келінің неге үйде отырады? Дабай–ертеңнен бастап фермаға барсын”,–деп отырып алған. Бұл болса: біреудің жас баласы ғой, Құрмаш екеуі бір-бірімен дұрыс отасқан да жоқ. Мына қыста қалай жұмыс істетіп қоямыз,–деп бастап еді Біти шапшып шыға келген. “Жаусыңдар,–деген бұларға шүйіліп.–Сталин жолдасқа жеткіземін бұларыңды, айтамын, бір үйдің жап-жас келіні қасарысып пронтқа көмектеспей отыр деймін. Ашуға мінген бригадир оң жақ жамбасындағы қоңыр сөмкесін ашып, ума-жума болған әлдебір қағаздарды алып, тырнағы қарайып, мұжырайып қалған өзінің бас бармағының ұзындығындай көк сия қарындашты тілімен сулап жаза бастап еді, Жәнипаның жан дауысы шыққан.
–Айналайын, қайным! Білмедік қой біз. Андағы пәлеңді жазбай-ақ қойшы енді. Әбдірахманның келіні жұмысқа шықпай отыр дегеніңнің өзі Сталиннен ұят болар! Тіпті өзім барайыншы сол жұмысқа!
–Жоқ, сүйегің саудырап далада қалады сен кемпірдің! Маған келінің, келінің керек,–деп өзеуреген Бітидің шықылдақ үнінен мұның өне бойы мұздап сала берген-ді.
“Көппен көрген ұлы той” деп жұмысқа шыққан күннен бастап Құмарлан таң ала көбеден оянатын Сандуғашпен үйден бірге еріп шығады. Сандуғаш жұмыс істеп жүргенде жанына жоламай, сырық сілтер жерге барып жатады да қояды. Сандуғашты көзінен бір елі таса қылмайтынын қайтерсің. Ала құйындатып шапқылап, есіре де есеңгірей Бітидің келе жатқанын бірден сезеді де орнынан баяу тұрып Сандуғаштың жанына барады таяп.–Жұмыс істеп жатқанында Құмарлан Сандуғаштың жанына келсе болды, Біти келе жатыр деп әйелдер бұрын біліп отырады,–деп мәз болып айтып келуші еді келіні.
Иә, иә айтпақшы сол Біти бір күні шөпті дұрыс маяламадыңдар деп әйелдерді бір уыс қылып, әңгір таяқ орнатса керек пішен басында. Содан атын омыраулатып аңдаусыз тұрған Сандуғашқа қолындағы қамшысын сілтей бергенде, Құмарлан арс етіп ұмтылып, Бітиді алқымынан алып түсе жаздағаны бар.–Көменесті сендер әдейі итке талатқыларың келеді, түрмеде шірітемін,–деп ен даланы басына көтерген Біти екі көзі от шашып тұрған Құмарланнан ғана ығып, ауылға қарай шаба жөнелген-ді.
Жер үйдің ішіндегі жатаған қазандықтың қызуынан терезе әйнегіне қатқан қырау еруге айналды. Еріген қалың қыраудың суы сорғалап аққан сайын терезе әйнегінің шынылары жылтырап, кең даланың құшағы да қарт көзіне кеңи бастағандай.
Дүние кең ғой, шіркін! Бірақ қу тағдыр өз пендесін қауызына салып қуырған шақта, сол дүние дегеніңнің өзі жалған болып шығады екен. Жалған емей немене, тәңірден ұрпақ сұрады, жарайды берді онысын, бірақ бергенін қайтерсің, сол жалғыз ұлының қай жерде оққа ұшқанын, қай жерде топырақ бұйырғанын күні бүгінге дейін біле алмай күрсінумен күнін өткізіп жатқаны мынау міне! Тәңірі өз пендесінің бәріне бірдей жаны ашыса, сол жалғыз ұлдан бір тұяқ қалдырар еді-ау! Ол да жоқ. Құрмашынан қалған сол бір тұяқ болса, онда Сандуғаш та осы босағада отырмас па еді?!
Ауыл үйлерді аралап, Құмарланның жоқ болып кеткендігін айтып, сұрастырып қайтқан Жәнипа үйіне сөйлене кірді.
–Әдірәм қал, “арбасы сынбағанның бәрі ақылшы”,–байлап неге қоймайсыңдар дейді ғой! Тіпті анау ақсақ Мұқымның Бәтжаны қайдағы бір итті іздеп алжиын дедің бе деп, өзімді сөгіп те тастады!
Біреудің қайғысы біреуге батар дейсің бе?! Қарт өз ойын онан әрмен сабақтап отыр.–Біреулерге қайдағы бір ит болып көрінгенімен, бұл үшін Құмарлан жалғыз баласы Құрмаш пен көрші ауылдағы Сәрсенге тиіп кеткен Сандуғашының көзіндей ғой. Сол екеуінен, сол екеуінің тәтті де мұңды күндерінен қалған жалғыз елес осы Құмарлан ғана еді. Ол да жоқ енді! Өткен өмірінің сәулесі өшкендей осымен. Алдағы тірлігі тәңірі алған күні ауыл іргесінде қорымнан бұйырар топыраққа барып сіңерін білмей отырған жоқ, біледі бұл, біледі!
Сандуғаш келді көз алдына.–Ата, кешір дейтін сияқты, өңі жасып.–Кешірем ғой, құлыным! Саған несіне ренжимін, Құрмаш тірі тұрып Сәрсенге кетіп қалсаң онда іренжір едім. Аман бол, айнайлайын!
Осы бір ойлар миын шарпуы сол еді, қарт орнынан ұшып тұрып, кемпірінен қалың киімдерін сұратып киіне бастады. Түлкі тымағының бауын байлап жатып,–Құмарлан дәуде болса Сандуғашқа кетті. Мен сонда барып келейін,– деді де үйінен шығып жүре берді.
Сандуғаштың ауылына жетелеп әкелген қарт түйсігі алданбап еді. Үйдің есігінің астынан суық кірмесін деп тастай салған ескі құрақ көрпешенің үстіне келіп жатып серейіп, өліп қалған Құмарланды таңертең сиыр саууға шыққан Сандуғаш жазбай танып еді. Әуелде шошынып қалды. Босағасына келіп басын салып өліп жатқан Құмарланды көріп жүрегін өксік қысты.
Мен сенің босағаңда өлдім, сен де ана байғұстардың босағасында өлуің керек еді ғой, Сандуғаш!
Текті төбеттің мына жатысынан Сандуғаш осы бір ойды ұққандай болды.