09.02.2023
  187


Автор: Жабал Ерғалиев

Дариға, дүние-ай!

Жан сырын ұғар кім қалды?! Сері көңілін аялар тағы кімі бар мұның?!


Беу, дүние-ай! Жұдырықтай ет жүрегіне мынау тылсым әлемнің барлық ақ сәулесін сіңіре білген өр көңілінің жабырқап, жүдеп отырғаны несі! Баянсыз тіршілік… Дүние жалған… жалған… жалған… Жабырқау жанын жадыратып, көңілін шалқытар бір перизатқа қолы жетпей өткені ғой. Дүние-ай, шіркін!..


Осы бір ішкі ой-толғамымен мең-зең болып отырған Ақан ауыр дем алып, көкірегі айырылардай күрсінді.


Қоскөлдің ақ қайыңды алқабының саумал ауасы тынысын кеңіткендей болды. айналасындағы бар тіршіліктің үні, желдің уілі де, ақ селеудің суылы да мұның жүрегін діріл қаққызады. Жүйкесі жұқарғаны ма, сол дыбыстың бәрінен көзден ғайып болған аяулыларының үнін естігендей елегізиді. Ақ қайыңның жапырағы сыбдыр етті де шәйі орамалы желбіреп, көйлегінің етегі төгілген Ақтоқтының елесі бұған қарсы жүрді. Ақан орнынан лып етіп, ұша тұрды.


–Ақтоқтым, Тотым, сенсің бе, сенсің бе,–деп өз-өзінен құшағын жайған серінің жанарын жас жуып жүре беріп еді.


–Тоқтым!.. Тотым!.. Сүйіктім!


Құшағын жайған қалпы жанарынан жас парлап мұң, наласын айтып, күбірлеп келе жатқан Ақан үшін мынау дүние Ақтоқты болып кеткендей еді, осы бір бейуақ мезгілде. Ақтоқтысы бұл үшін тұтас бір әлем еді ғой шіркін! Сол әлемнің құшағынан ғана өз ләззатын табатын. Жабырқаған көңілін Ақтоқтысының ақ сезімі ғана жадырата алатын. Ақтоқтысының ыстық демі ғана баянсыз тіршіліктен мазаланған жүрегіне ем болушы еді ғой. Шарықтаған көңілімен, көл-дария сезімдерімен мынау кең әлемге сыя алмай жүрген шағында өз сүйіктісінің ғана құшағына сыятын бұл. Өрекпіген жүрегі де тыныстап, әлденіп сала беретін-ді сол бір ләззатты шақтарда.


–Ақтоқтым! Тотым!.. Мен сезіммен, мынау шарықтаған жүрегіммен сенің құшағыңа, одан қалды қара жердің қойнына ғана сыярмын. Одан басқа дүние тар… тар маған.


Сөйткен, сөйдеген күндер де өтті-ау, кетті-ау! Оралар емес, қайырылар түрі жоқ жалғанның. Анда-санда көңілінің көк кептері сол бір күндердің бал ұясына барып қонақтағаны болмаса, бәрі де көрген түстей қазір Ақан үшін. Сол бір елес күндер міне, тағы да оралғандай. Айлы түн Ақтоқты екеуін құшағына алғандай қайта бір.


Ақан жымиып езу тартты. Қарсы алдындағы ақ қайыңның саясына отыра кетті. Бейуақ іңір… Көңілі де мынау іңір қараңғылығымен көмескіленіп, жүдеп барады. Ақтоқтысы жоқ жанында. Кеткен… Әлде бір жаманның тырнағына ілінді-ау! Қайтерсің, көз алдында ілінді ғой! Бейопа дүниенің тағы бір жалғандығын сезінген Ақан сол сәтте. Сері жүрегі ғана тулай соғып, көзінен қанды жасы тыйылмай қала берген зарланып.


Бірге өскен кішкентайдан сәулем едің, Айрылдым қапияда сенен неғып!


Ұзатылған қыз көшінің соңынан еріп, Үркеккерімен Ақтоқты мінген күймелі арбаның алды-артын орағыта шауып, жүрегі шырылдап айтып еді осы бір әнді.


 


Бұл шырылдады-ау деп көш тоқтаған жоқ. “Ақтоқтыны алдым ба”–деген таба көңілмен масайраған Жалмұқан ғана мәз, қарқылдап күледі.


–Ақтоқтым!... Тотым!.. Алтыным, қор болдың-ау, қор етті-ау!.. Қоскөлдің шөп шабушы ем қияғынан,


Шошимын бір жаманның сыяғынан. Жұртым-ау, мен риза болар едім,


Құтқаршы сол жаманның тұяғынан!


–Ақ жүзіңе мұң ұялайтын болды-ау! Жүрегіңнің мөлдір сезімінен қанып ішіп, ойыңның тереңіне бойлай алар адамға да кезікпегеніңді қайтерсің? Қош ардағым, қош… қош.


Ақан жанымен налып, торға түскен торғайдай шырылдаған жүрегінің қасіретін есер топтан естір жан иесі шыққан жоқ. Мынау аппақ әлем де таскерең, мылқау болып кеткендей. Түңілді, түңілді бәрінен де Ақан. Жалған екен… жалған… жалған! Тіпті анау күймеде отырған Ақтоқтының жарық дүниеде бар екендігі де жалған болып кетті серіге. Әйтпесе мойнын созып, серісіне бір көз қиығын салмас па еді?! Ақтоқтысы көзіне бір көрінсе де жаралы жанына шипа болар еді ғой. Көрінбейді… Көш ұзап кетті.


Бейуақ іңір. Сырымбеттің бөктерінен ескен кешкі самалдың жан сергітер лебіне күйігін басқызғысы келгендей, сері ақ жейдесінің омырауын ашып тастады. Жаны шуаққа малынғандай екі көзі мейірленіп, қоңырқай жүзі жадырап салды Ақанның. Бейкүнә сәби кейпіндегі серінің зар жүрегі әппақ бір сезіміне шүпілдей толып тұр еді осы сәтте. Ақтоқтысын ойлады. Жүрегінің тулап ала жөнелгені-ай! Санасы серіні Ақтоқтының елесімен тағы да сырласуға ынтықтырды.


–Несіне сүйдің, несіне сүйдім?! Шерменде болып өтсін дедің бе дүниеден. Ақтоқты, кеткенің бе шыныменен,


Тар жерде бал беруші ең тіліңменен…


–Серім-ау, осыншама жүдегенің не?! Мен өзіңмен мәңгі бірге боламын деп айтқан жоқ па едім?! Сен жүрегімдесің! Мен сені құндақтап орап тұрып, жүрегімнің түкпіріне салып қойғанмын жанымның алтын қазынасындай.


Ақтоқтының діріл қаққан нәзік үнін құлағы айнытпай шалып еді. Сері басын көтеріп алды. Жаңа туып келе жатқан айға қадады қос жанарын.


–Ақтоқтым!.. Тотым!–деді сері.–Қайда тұрсың, жасырынбай келші енді, көзіме көрінсеңші бір!


Құшағын жайып, айға қасқая қарап тұр Ақан. Ақтоқтысы сол айдан топ етіп түсердей мұның құшағына. Қас қылғандай бұлт тұмшалап алды айдың жүзін. Серінің қолдары сылқ етті, көңілінде аласапыран дауыл басталып, от жүрегіндегі от сезімді онан әрі үрлеп әкетті.


Қараңғылық қоюланып, түн салқыны бой тітіркендірді. Жанының ащы мұңымен Ақан айдыны жарқырап жатқан Қоскөлдің жағасына аяңдады.


–Табамын сені, Ақтоқтым! Табамын бәрібір! Қадіріңді білмес жанның толқыны соғып, дария көңілің лайланса да мен үшін сен мөлдір, таза да тұңғиық қалпыңда қаласың әрдайым!


Ақтоқтыға деген құштарлық жүрегін күйдіргендей Ақанның жан азабына түсіп, оңашада өзді-өзіне ақтарған бұл сырын түнгі күзеттегі жылқышы


 


жігіттер томар ішінде жасырынып жатып естіген сәттерінде шын шошынып, аттарына міне сап ауылға қарай шаба жөнелген-ді.


–Ақан түнде перінің қызымен кездесіп, сөйлеседі екен,–деген лақап сөз содан бері ел ішін кеулеп кетіп еді.


Түскенде сен есіме, беу қарағым,


Қойныма ыстық жасым кетер тамып…


Ақанның жүрегінде шер, көзінде жас. Жүрегімен, тілімен тәтті лебіз, үн шығарған Ақтоқтыға деген мұңлық көңілінің ынтызары басылмай келеді. Қас қағым сәттік бал күндер! Дариға дүние-ау, өтесің-ау, осылай!





Пікір жазу