09.02.2023
  260


Автор: Жабал Ерғалиев

Алтыншы бала

Кімнің аузына қақпақ боларсың! Айтқандары айта берсін, бәрі де рас, баласы да көп, шешесі де орыс мұның. Отыздың бесеуіне жаңа келген Кәрімнің әйелі кеше тағы да босанды. Ұл тапты. Шекесі торсықтай бұл ұл Кәрімнің алтыншы баласы. Мұны өсек қылып, сыртынан күлер несі бар екен. Сол балаларын асырай алмай жатқан бұлар жоқ. Кәрімнің шешесі Варвара әжей жедел туған үш ұл мен екі қызды қашан болсын үйректің балапандарындай тізбектеп соңынан ертіп жүргенін көргенде, кімнің болмасын іші жылып сала беретін. Әрине, соңғы уақыттың әдетімен бір, борлмаса екі, одан асып кетсе үш бала асырау бесеуіне қарағанда жеңілірегін Кәрім де, жолдасы Данаш та біледі. Бұлардың да әр неден хабары бар. Бойға біткенді сылып алғызып тастаудың да болатындығын Данаш бір әйелдей-ақ біледі. Тәңірі сақтасын, өз ұрпағына бұлайша қастандық жасау мұның ойына кірсе болды, төбе шашы тік тұрып, әбдісі ұшатын. Рас, көп баланы киіндіру, тамағын тауып берудің машақаты да көп. Өз құрбылары сияқты бұлар үйлерін мүлікке толтырып, үлде мен бүлдеге малынып отырған жоқ. Екеуінің табысы бір айлықтан бір айлыққа әзер жетіп, үнемдеп, барды ұқсатып ұстаумен жетіп келеді.


Кәрім осы шағын аудан орталығына да балаларының қамы үшін көшіп келді. Қаланың аты қанша айтқанмен қала ғой. Әсіресе, бұларды үй жайы қатты қинады. Облыс орталығынан әне пәтер аламын, міне аламынмен жүріп, балаларының үлкені Жанаттың мектепке баратын жасқа да келіп қалғанын сезбей қалды. Бірнеше жылдан бері пәтерін жалдап тұрған орыс кемпірі Варвара әжей обалы нешік бұларға аса қысастық көрсете қойған жоқ. Шағын ғана ағаш үйдің екі бөлмесін бұлар иемденді де, бір кішкенесінде кемпірдің өзі тұрды. “Жілік алмақ баланың мінезінен” дегендей Варвара да бұлардың балаларының туған анасындай болып кетті. Кәрім болса жалғыз басты кемпірдің үйін, қора-қопсысын жүдетпей ұстады. Жылына бір іші-сыртын Данаш екеуі сылап, жұмыртқадай жұтындырып әктеп қоятын. Ауладағы талдан тоқылған кең шарбақтың ішіне жаз болса түрлі жеміс-жидек өсіріп, бәрі қарқ болып жататын. Бір үйдің қысқы отын-суын да Кәрім өзі әзірлеп, Варвара әжесінің сеніміне әбден кіріп алған-ды.


-Кәрім жақсы жігіт,–деп көрші кемпірлеріне мақтап отырғанын естігенде Данаштың ашаң жүзіне қан жүгіріп сала беретін. Жаздың сол бір кешінде бақшаны суарып жүрген Жанаттың бір ауыз сөзі бұлардың ішкі ой әлемін төңкеріп кеткендей болып еді.


–Папа, мен биыл оқуға ана мектепке барамын ба,–деп үш қабатты қызыл түсті мектепті нұсқап көрсетіп тұрған Жанаттың қуанышты жүзін көргенде екеуі бір-біріне аңтарыла қарап тұрып қалған-ды.


–Иә, сол мектептен оқитын боласың,–деп Данаш ұлының қуанышын құптағандай көңілді жауап берді.


–Мектепке барып оқу оқысам үйде сабақ қарайтын орын да жоқ қой.– Жанаттың сәби көңілінен шыққан бұл сөзі Кәрімнің жүрегін езгендей болды. Бұлардың, әйелінің, одан қалды бес баланың біреудің үйін үй қылып, аядай жерде сығылысып отырғанына өзін алғаш рет кінәлі сезінді. Кәрімнің көңіліндегі осы бір жандардың алдындағы айыбы күн сайын ұлғая түсті. Өзінікі


 


деген бір баспанаға қолы жетпей жүргеніне қорланатынды шығарды. Сөйтіп, өз жанын өзі жеп еңсесі түсіп, көңілі жүдеп жүргенде институтты бірге бітірген Әбдіманның жолыға кеткенін қайтерсің. Ол Кәріммен даурыға амандасып, жай- күйді сұрасып жатыр.


–Естідің бе мен әлгі жаңадан құрылған аудан орталығындағы есептеу станциясының білдей бір бастығы болдым ғой,–деп Әбдіман өзіне тән аңқылдаған көңілімен қызметінің өскенін де ақтарып салды.–Өзің ше, баяғы бір орыннан тапжылмай қойдың ғой. Айтпақшы Данаштың, балалардың жай-күйі қалай? Өй, өзің үй алдың ба?


Әбдіманның соңғы сұрағы Кәрімнің көңіліндегі қуанышты су сепкендей басты. Бірақ жүрегіне тына қалған іреніштің табын сездіргісі келмеді. “¶й алудың реті әлі келмей тұр ғой” деп Әбдіманның соңғы сұрағына баяу ғана жауап берді.


–Ойбой, сорың құрыған екен әбден! Данаш пен бес балаңды аясаңшы. Біреудің қас-қабағына қарап отырғанша бізге көшіп кел. Дәл қазір біздің мекемеге бас бухгалтер ауадай қажет болып тұр. Данашқа да жұмыс табылады. Бір үйдің кілті міне қалтамда жүр,–деп қалтасынан қос кілтті алып, шығыршығынан ұстап қоңырау қаққандай сылдырлатпасы бар емес пе.


Досына өзінің жайынан, көңіл күйінен қаншама сыр бергісі келмесе де Кәрім қос кілттің мынау сылдырын естіп күліп жіберді.


–Ол құрғырың неше бөлме өзі?–Деді Кәрім басқа ойды ұмытып.


–Әзірге саған жетіп жатыр, ас бөлмесінен басқа үш бөлмесі бар. Жылу жүйесі тартылған, мал ұстайтын болсаң шағын қора-қопсысы да әзір тұр. Жата- жастана жатып кең үйге де кірерсің. Кәне; бас бухгалтер болып келесің бе бізге, соны айтшы. Қалған шаруаны басшылармен өзім-ақ шеше беремін. Мен мұнда екі күн боламын, Данашпен ақылдас та таңертең жауабын беретін бол.


Кәрімнің баспанадан жүдеп жүргенін қазіргі көңіл күйінен жазбай таныған Әбдіман досының ойын әбден матап тастады. “Көшу керек, көшу керек”–деген ой Кәрімнің есінен күні бойы бір шыққан жоқ. Құлағының түбінен досының қолындағы қос кілтінің манағы сылдыры жаңғырып тұрып алды. Кешке жұмыстан Кәрім үйге ауыр оймен оралды. Күндегі дағдысынан да жаңылғандай, бақша суаруға да шықпады. Темір керуеттің үстіне шалқасынан түсіп жатып алды. Балаларының бақ ішінде бір-біріне су шашып мәз болып ойнаған тәтті күлкілері де бойына дарыр емес.


Кешкі астарын ішіп, балалар орындарына жайғасып, тынышталған соң Кәрім ыдыс-аяқты жинастырып жүрген әйеліне қарап:


–Көшуіміз керек, кетуіміз керек бір жерге,–деді.


Әуелде мұның бұл сөзіне жете түсіне алмай қалған Данаш Кәрімге үрейлене қарады. Әйелінің істің мәніне бойлай алмай әбдісі ұшып кеткенін көрген Кәрім Данашты бұдан әрі қинағысы келмеді ме, Ә!бдіманмен болған әңгімені түгел айтып берді. Ас столына шынтағын таянып отыра қалған Данаш алжапқышының етегімен бетін басып, солқылдап жыласын келіп. Онысы несі екен?! Біреудің үйінің отын жағып, күлін шығарудан құтылғанына қуана ма, не өздерінікі болмаса да бес баласының алтын ұясындай болып кеткен осы бір ескі


 


үйді қимай отыр ма екен?! Данаштың өзі тілге келгенше Кәрім бұл арасын ұға алмап еді.


–Мен саған баяғыда-ақ, мына балалар тумай тұрып қоныс табайық деп едім ғой,–Данаш солығын баса алмай әзер сөйледі.–Енді мынау құлайын деп тұрған жер үйге анау өлмелі кемпірді қалай ғана жалғыз тастап кетерсің?! Балалар да, тіпті өзіміз де сол кемпірге бауыр басып кеттік қой. Енді қалай ғана қиып тастап кетерсің?!


Данаш осыны айтты да көзін сүртіп, аулаға шығып кетті. Бірақ “көшемін, кетемін” деген ойлар көңіл түкпіріне бойлай еніп алған Кәрімді әйелінің бұл көз жасы да ығындыра алмады. Сабасына түскен Данашқа бұл қызметтің де, жаңа пәтердің де үш ұйықтаса түсіне кірмейтін жақсылық екенін айтып ұғындырғандай болды. Қанша айтқанмен әйел заты ерінің қызметі жоғарылап, тұрмысының түзелгенін жек көруші ме еді. Кәрімнің “жаңа үйіміз болады, от жақпайсың, мал ұстап, жұрт қатарлы тұрмыс түзейміз”–деген сөздері Данаштың да бойын ұйытқандай, көңілі орнына түсті.


–Варвара әжейге обал ғой, оны не қыламыз?–деген Данаштың сұрағына ғана Кәрім тосылып жауап бере алмай қалды.


–Бейшара кемпір мана қала аралап кетіп еді,–деді біраз үнсіздіктен соң Данаш,–балаларға біраз киім-кешек алып келіпті. “Әже-ау, Кәрім болса әлі айлығын алған жоқ, сізге бере қоятын ақша болмай тұр ғой менде”,–деп қатты састым. “Саспа қызым, бұл менің балаларға әкелген сыйлығым”–деп мәз- мәйрам болған бесеуін шыттай жаңа киіндіріп, оны өзі қызықтап отырған кемпірмен бірге менің де көңілім босап кетті. Осыны айтты да Данаш қайырадан көзіне жас алды.


Бұлар өздерінің басқа жерге көшетіндіктерін қаншама жасырғанымен Варвара әжей ол ойларын сезіп қалған еді. Күнде жолығып, әңгіме-дүкен құрып жүретін кемпірлердің біреуінің қызы Кәріммен бір мекемеде жұмыс істейтін еді. Сол қыз айтқан ба, әйтеуір Варвара әжей Кәрімнің аудан орталығына көшейін деп қазіргі мекемесінен есееп айырысып жүргенін естіп, үйіне кейіп келді. Данаш жасап алдына қойған шәйді де зауықсыз ішіп, бүк түсіп жатып қалды. Сол жатқанынан күн кешкіргенше қарт ана орнынан қозғалған жоқ. Кәрім мен Данашты бақ ішінен балалардың біреуін жұмсап шақыртып алды.


Данаштың жүрегі аузына тығылып, Кәрімнің тасасына қарай ығыса берді. Қазір бәрі де бітпекші, бұлардың ұрлығының беті ашылып, сорлы кемпірдің соңғы үмітінің жібі үзілмекші.


–Қорықпа қызым,–деді Варвара әжей.–Сендер айтпағанмен бәрін де естідім. Өкпем жоқ сендерге, маған туған аналарыңдай қызмет еттіңдер, әрине, сендерге үй керек, соғысқа дейін шалым салып беріп кеткен мынау үйді сендерге бергеннен бұл баспана болып жарытпайды ғой, оны өздерің де білесіңдер. Көшулеріңе рұқсат, бара қойыңдар, айналайындар!


Варвара әжей үшін бұл сөздерді айтудың қаншалықты азабы болғандығын көріп отырған Кәрім мен Данаш отырған орындарынан қыбыр ете алмай қалды. Қарт кемпір қолындағы ақ орамалмен көзіндегі қос тамшыны сүртті де буын- буыны сырқырап орнынан тұрып темір кереуеттің астындағы ескілеу қобдишаны алып, оның аузын ашты.


 


–Ех, менің Миколам міне,–деді ол үні дірілдеп.–Қолындағы әскери киімді жас жігіттің ескі бір суретіне қарап отырған қарт ананың жүзіндегі әзірдегі мұң ізім-ғайып жоғалып кетті.–Миколам, балам қайда жүрсің, келсеңші енді–деп суретті сипап оны кеудесіне басты да қарт ана ауыр күрсінді.


Қолы дірілдеген қарт ана демі үзілердей ауыр күрсініп қалды.


–Варвара апай, біз мұнда сізді тастап ешқайда кетпейміз,–деген Кәрімнің үні дірілдеп шықты.–Бізбен бірге боласыз. Сіз бәріміздің анамызсыз ғой,–дегенде Данаш шыдай алмай өкси жылап, кемпірді құшақтап алды. Айқаса кеткен қос құшақ арқылы ана мен баланың жүрегі табысқандай болған сол бір сәттегі бұлардың жан күйзелісінен ұғар сыр да мол еді. Қарт ананың кәрі жүрегі өзі дүниеге әкелген ұрпағының қызығын көре алмағандығын айтқысы келсе, Данаш пен Кәрімнің қиын сәтте пана болған, қамқоршы ана болған осы бір орыс кемпіріне деген ет жүректеріндегі ыстық сезімдері көз жастары болып тұңғыш рет тысқа шыққан еді.


–Мә, мынаны ұста,–деп Варвара әжей ақ шүберекке оралған түйіншекті сандықтан алып Данашқа ұстатты.


–Бұл не, Варвара әжей?!


–Жаңа үй алсаңдар дүние-мүлік әперемін ғой деп жинап жүр едім, бұл сегіз жыл бойы өздеріңнің маған төлеп келген пәтерақыларыңның ақшасы ғой. Қанша екенін санаған жоқпын, жаңа жерге көшу үшін де қаражат керек. Сендер үшін жинап сақтап едім, айналайындар!


Данаш қолындағы түйіншекті ұстаған қалпы қимылсыз қатып қалды. Аузына сөз түссейші, мына шүйкедей ғана орыс кемпірінің мына қылығы Кәрімді де есінен тандырғандай ол да үн-түнсіз қарап тұр еді.


–Варвара әжей, мұныңыз не?!–Данаштың үнін діріл билеп ол қолындағы түйіншекті қарт кемпірге қарай ұсына берді.


–Жо-жоқ, қызым, шын ниетіммен сендердің игіліктерің үшін жинадым, ала ғой! Бұл ақша маған неменеге керек дейсің?!


–Ал енді ертеңнен бастап жаңа мекенімізге көшуге әзірленейік. Сен екеуің,– деді Варвара әжей кәрім мен Данашқа бұйыра сөйлеп,–балаларды алып бара беріңдер,–маған Жанатикті тастап кетсеңдер болды. Мына үйді алатын біреулер болса сатып, сонан соң баламыз екеуміз сендерді өзіміз-ақ тауып аламыз.


***


Кәрімнің шағын ғана аудан орталығының күнгей жақ бетіне орналасқан қос қабатты кеңсе үйінің есігіндегі “бас бухгалтер” деген жазуы бар есікті ашып, өз орнына жайғаса бергені сол еді, бір топ адам сау етіп кіріп келді. Бәрінің аты- жөнін түгел білмесе де жүздерінен шырамытады. Осы мекеменің қызметкерлері болатын. Жапатармағай бәрі де Кәрімді тумасымен құттықтап, қайырлы болсын айтып жатыр.


–Кәреке, бұл тума енді біздің ұл болды. Көрмейсіз бе, жаңа жер жаққалы тұр, келінді айтамын-ау, жарап-ақ жатыр, бұл араны бөтенсінбей бірден ұл тауып бергенін айтсайшы!–Жотан бәрінен бұрын келіп Кәрімнің қолын алып еді, тағы да міне өзі бастап еркінси сөйлеп тұр. Неге екенін білмейді, алғаш көргеннен Кәрім осы бір толықтау келген, былайша айтқанда үрлеген қарындай домаланып тұрған осы бір жігіт ағасынан тіксініп қалды. Быртыйған


 


саусақтары да сүйкімсіз-ақ. Мұның өмірбаянымен таныса келіп Жотанның бір шаруашылықта бас бухгалтер болып қызмет істегенінде жолын тауып мемлекет қаражатын оңды-солды шашқаны үшін орнынан түсіріліп, төмендеп осында келгенін білді. Өзінің алаяқтығын ол енді міне Кәрімнің қазіргі қуанышты сәтінде де жағына сөйлеп, білдіріп алған еді.


Бұлар біртіндеп тарай бастаған сәтте Кәрімнің бөлмесіне Әбдіман келіп кірді. Табалдырықтан бері өткен бойда Кәрімге анталай ұмтылған ол бұрышта елеусіз отырған Жотанды көріп бойын жинап, сабырлы қалпына түсе қойды.


–Әбдіман Қалиевич, сәлематсыз бе, үй-іштеріңіз, бала-шағаларыңыз тегіс аман ба?–деп, майға салған қасықтай жылпылдап тұрған Жотанның амандық- саулығына бұл басын изеп қана ниет білдірді.


–Ал, мен кетейін, мына Кәрім айналайынның қуанышына шыдай алмай, ертерек келіп, құттықтағаным ғой! Әбдіман Қалиевичтің де бастықпын демей өзінің келіп құттықтауы міне, нағыз азаматтық іс. Ал, айналайын Кәрім шырақ, ұлыңның бауы берік болсын!


Қас-қағым сәтте Кәрім мен Әбдіманның жылтыр сөзбен асты-үстіне түскен Жотан жорғалай басып бөлмеден шығып кетті.


–Иә, батыр, тумаң құтты болсын,–деді Әбдіман есін жиғандай.–Әй, өзің ауданға келмей жатып Данашты перзентханадан бір-ақ шығардың ғой. Қазір бүкіл аудан орталығы сендерді гу-гу әңгіме қылып жүр. Бәріне бір-ақ танылдың, молодец!


Әбдіманның орынды қалжыңына риза болған Кәрімнің еңсесі көтеріліп қалды.


–Ал, енді менде көп уақыт жоқ. Данаш перзентханадан шыққан күні Варвара әжейді, балаларды алып біздің үйге келіңдер. Ерулік беруге дайындалып едік, Данаш сол жоспарымызды бұзып жіберді,–деп Әбдіман шығуға ыңғайланды.–


¶йде кеңінен отырып әңгімелесеміз, ал уәле сол болсын.


Кәрімнің үй-ішін Әбдімандар жылы қарсы алды. Ас желініп, шәй ішіп болған соң Варвара мен Әбдіманның шешесі Зейнеп әжейлер бір бөлмеде сырласуға кіріссе, балалар өздерімен өздері мәз-мәйрам болып жарасып кетті. Кәрім мен Әбдіман оңаша бөлмеге кіріп жайғасты да әуелі түрлі шаруаның басын бір шалып әңгіме қылып отырды. Досының көңілі мен ниетіне риза болған Кәрім:


–Әбдіман,–деді,–оны өзіне жалт қаратып,–осы жаңа жерге көшіп келгелі мені жұрт сан саққа жүгіртіп отырғандығын сезіп жүрмін. Біреулер балаларын асырай алмаған соң көшіп келіпті, анау орыс кемпірі өзінің шешесі емес екен, соның көп ақшасына қызығып әдейі ала келіпті деген сөздерді естіп жаным күйзеледі. Саған Варвара әжейдің сыры әбден белгілі ғой. Ал менің алтыншы балам туралы не білесің?


Әбдіман үнсіз отырып қалды. Әуелде ол Кәрімнің бұл айтқандарын түптеп ұғына қоймап еді. “Жұрт мені баласы көп деп әңгіме қылатыны несі екен”,– деген Кәрімнің сөзінен кейін барып алдында отырған дос көңілінің түкпіріндегі сырды ұққандай болды.


–Ой, Кәрім, сен де қызық екенсің. Айтқан жұрт айта берсін, сол балаларың өз ұрпағың емес пе. Қайта алты балам бар деп мақтанбайсың ба?


 


–Дұрыс айтасың. Әрине, бәрі де өз кіндігімнен шыққан ұрпақтарым ғой. Мен әкемнің бір ауыз өсиетін орындап келемін. Данаш екеуміз тәңір берген баланы көпсінбей, есептеп шектемей жарық дүниеге келтіріп жатырмыз,–деп ойлы жанарымен шам жарығына қарап ұзақ отырып қалды.


Рас, бұл әке аманаты еді. Ол кезде мұның жаңа үйленген кезі болатын. Марқұм әкесі Сауыт мұны ерте үйлендірді. Көп сөзді білмейтін бір тоға мінезді әкенің көңіл-күйін Кәрім қабағынан-ақ танып өсті. Бүгін шалың күндегі әдетінен ерте тұрып, қорадағы қойлардың ішінен семіз біреуін таңдап, Кәрімге сойғыза бастады. Кәрімнің үйлену тойына келе алмаған шалдың үлкен ұлы Сертай бүгін кешке осы үйде болмақшы. Қарт бұл ұлын көрмегелі он шақты жыл болды. Оқимын деп Алматы кетті, қарсы болмады. Үйленемін деп еді қаражатын жинап өзі барып тойын жасап берді. Әйтеуір көз алдында Кәрімі болған соң қарт әке үлкен ұлдың тілеуін ғана тілеп, көп іздеп әуре бола бермейтін.


–Содан Алматыдан аға-жеңгем келді,–деді Кәрім әңгімесін жалғастырып.– Байғұс әкемде ес қалмады, бүкіл елді жинап той жасады. Ағам да ағайын- туысты, елді сағынса керек өзін еркін ұстап, жеңгемді де, өздерімен бірге ере келген екі баласын да еркелетіп көңілді жадырата түсті.


Жарасқан көңілдің тұғырына қонған ақ кептерлер ұзақ отыра алмады. Қуаныш шырқы келесі күні-ақ бұзылып еді. Ел тарқап, бойына күш-қуатын қайыра жинаған қарт астанадан келген баласын жанына отырғызып, сырласуға кірісті. Баласының қызмет бабында бағы жанып жүргеніне көңілі марқайып отырған қарттың көзі қос немересіне түсіп еді, ойлана қалып баласын тізесінен түртіп өзіне қаратты.


–Әй, осы сенің үйленгеніңе ұмытпасам он бес жыл болған жоқ па?


–Иә, солай, әке!


–Әй, содан бері көргенің осы екі-ақ бала ма?!


–Ой, әке, соны да сөз қылып, осы екеуі де жетеді.


–Тек балам, жеткені несі? Тәңір бұдан басқа бала бермей жүр ме сендерге?!


Сертай мырс етіп күліп жіберді. Қызған көңілімен лепіріп отырған ол бұл күнде әйелге бала көтерту мұның қолында екенін айтып салмасы бар емес пе.


–Не дейді мына патшағар,–деп қарт баласына үрейлене қарады.–Сонда не амал жасайсың, балам?!


–Әке, мен дәрігер гинекологпын, бала көтергісі келмеген әйелдердің бойына біткенін сылып алып тастау мамандығым менің.


–Бір уақытта әкемнің жан дауысы шықпасы бар емес пе,–деп Кәрім мынау оқиғаның қызығына әбден беріліп мұқият тыңдап отырған Әбдіманға қарады.– Кәрім, әй Кәрім, мында кел,–деген әкем қалш-қалш етіп орнынан әзер тұрды. Қолындағы таяғымен Сертайды нұсқап:–Мынау найсаптың көзін жоғалт бұл үйден. Жол қаражатын бер. Мал сойып бер де, түнгі поезға мінгізіп жібер. Енді қайтып көзіме көрінбесін. әй, естідің бе,–деп маған бар дауысымен айғай салды.–Ол найсапты мен өлгенде де алдырушы болма. Өз ұрпағын өлтіріп жүрген бұл анау арам қолымен менің қабіріме топырақ салушы болмасын. Ұқтың ба, сен!


 


Тұла бойын ашу қысқан қарт өз орнына барып теріс қарап жатып алды. Сол жатқаннан оңалып тұрып та кете алмады. Сертай ағаларын Кәрім мен Данаш көңілдерін тауып сол күні-ақ Алматыға аттандырып салды. Жай қол алысып қоштасқандары болмаса ағалы-інілі болып бір-бірімен ашыла сөйлесе де қойған жоқ. Данаш екеуі бәйек болып төсек тартып жатып алған қартты ренжітпей күтудің қамына кірісті. Өңі сынық болғанымен бүгін басын көтеріп отырды. Келіні демдеп құйып берген шәйді баппен ішіп болды да орнынан тұра берген келін баласына отыра тұрыңдар дегендей қолымен нұсқап белгі берді.


–Әкем ойланып ұзақ отырды. Көкейіндегі бір ауыр ойды бізге қалай айтарын білмей қиналды ғой деймін, ауық-ауық дем алып тынысы тарыла берді.–Балам, деді біраздан соң маған қарап,–анау Сертай ағаң жаныма ауыр жара салып кетті. Оны неге қуып жібергенімді сезетін шығарсыңдар. Ал сендерге айтар аталық тілегім, соңғы аманатым, өз қолдарыңмен болашақ өз ұрпақтарыңның жарық дүниеге келуіне тоқтау сала көрмеңдер. Баланы көпсінбеңдер, тәңірдің бергенін ала беріңдер, шырақтарым. Менің де немерелерім, ұрпақтарым көп болсыншы, айналайындар,–деген әкемнің үні дірілдеп, жалынышты шықты.


Сауыт қарттың бұл келін баласымен соңғы тілге келуі еді. Әке өсиетін Кәрім аяққа басып отырған жоқ әзірге. Данаштың “қой, ұят болар, хабар берейік” дегеніне қарамастан қарт дүниеден өткенде Сертайға да хабар жібермеді.


–Міне, алтыншы баланың осындай хикаясы бар,–деді Кәрім орнынан тұрып.– Әке өсиетін орындау парыз. Данашты енді “мать героина” қылып абыройға бір- ақ бөленсем бе деп ойлап жүрмін. Кәрім осыны айтты да рахаттана күліп алды. Досының бұл әзіліне риза болған Әбдіман мұны қаусыра құшақтап, арқасынан қақты.


–Кәрім, әй Кәрім, үйге қайтпаймыз ба, бабалардың ұйқысы келе бастады,– деген Варвара әжейдің қарлығыңқы үні шықты. Төргі бөлмеден жас нәрестенің іңгәлаған күміс үні бүкіл үйге естіліп жатты. Бұл жылаған жарық дүниеге кеше ғана келген Кәрімнің алтыншы баласы еді.





Пікір жазу