Зарығу
Шоғы сөніп, қызуы қайтып бара жатқан өмірінің осы бір соңғы сәттері қарт ана Жүрсиланың жүрегін сығымдай езіп, қинап-ақ жатқаны. Қанша жыл төсек тартып жатып алса да ақыл-есінен кейуана бір айныған жоқ. Қос жанарының нұры сөніп, жарық дүниені су қараңғылық меңдеп алса да, тырс еткен дыбысты зерек көңілінің сезімдері айнытпай танып-ақ береді. Көңілін сұрай келген жанды да аяқ басысы мен дем алысынан аңдай қояды. Шіркін, бәтуасыз тіршілік-ай! Мына жанында отырған буырыл сақалы омырауына түскен атжақты ақұба шал мұны сонау Есілдің бойындағы Қалқұтан елінен өз заманының келбетіне тән сән-салтанатпен, қыз жасауымен осы елге келін қылып алып келген жоқ па еді?! Арманы жоқ, бір елдің қолы ашық, дәм тұзы татымды, дастарханы берекелі, сүйікті келіні бола білді. Мына қолынан күні бойы кітабы түспейтін шалы Жұмжұма екеуі біреуден ілгері, біреуден кейін дегендей тұрмыс құрып, тіршіліктің қара қазанын әлі күнге дейін қайнатып-ақ келеді. Өмірдегі бар бақытының шыңы деп білетін ана тар құрсағынан шыққан өзінің бес ұлының төртеуінен бірдей капыда айырылып, өзегі өртеніп аї ұрарын, төрт бірдей балапанын сағына күтіп зарығатынын, жылай, жылай қос жанарының суалып, су қараңғы соқыр болып қаларын білген жоқ еді-ау!
Іштегі қызудың жалынынан ерні кезеріп, тұла бойы өртеніп жатқан қарт ана ауыр дем алып, әлсіз ғана үн қатты.
-Келді ме, Қинаятжан, келді ме? Баршы, қарап келші, келе жатыр ғой деймін.
Өй, құлыным...
Соғысқа кетіп әлі күнге дейін оралмаған төрт ұлының кішісі, сүт суалар кенжесі де ананың алаңдап іздеп жатқаны. Зіл-зала сұм соғыстың да лаңы басылып, аяқталғанына да табаны күректей он жыл болса да қайран ана жүрегі өз ұлдарын бүгін-ертең келіп қалатындай елегізи береді.
-Келді ме, Қинаятжан келді ме?!
Қамшының сабындай келте ғұмырдың шолтаң етіп өте шығар осы бір үзілмелі сәтінде қарт ананың ауызына кіші ұлы Қинаятының есімі ғана түседі де ана сезімі қашан болсын айнымайтындығын паш еткендей. Өзге төрт ұл бір төбе, бір Қинаятжанның өзі бір асқар еді-ау бұл үшін!Ересек ұлдары Мұхамедқали, Нұрғали, Берғали мен Нәбіғали осы қара шаңырақтың үлкендері Бабаназар мен Әушама қарттардың ықпал-тәрбиесінде жүріп тез есейді, өзіне бұйырып, күні-түні жанында жүріп, бауырына басып, емін-еркін иіскенгені де осы Қиянаты ғана еді. Әсіресе, ерке баланың тілі қандай тәтті еді. Кейде бір айтқан сөздері әл үстінде жатқан ана санасынан демі үзілгенше өше қойған жоқ. Зейінді ана қазіргі сол бір алаңсыз да тыныш, қаймағы бұзылмаған бейбіт өмірдің қызықтарының буалдыр сағымына еніп, бал-дәуреннің базарын оймен әлсін-әлсін шарлап қайтады.
Жаңабатыр ауылы ол кезде Бүйректалдың қойнауында отыратын. Аққайың мен көк теректің, қызыл талдың жапырықтары сарғылт, күз айының лебі сезіле бастаған шағы еді. Бұл үйдің балаларының бәрі де ол кезде осы төңіректе тұңғыш ашылған Аймақ ауылындағы мектепке барып оқитын-ды. Мүйізі тұқылданып, әбден қартайған осы үйдің қызыл өгізін жегіп алып, бес-алты шақырым елдегі мектепке қатынып оқудың азабы мен қызығы да көп болушы
еді балалар үшін. Көліктің қожасы баланың кішісі Қинаят болғандықтан бұған қалғандары жалынышты, дегенін екі қылмайды. Ерке де бұлаң қаққан өмірдің қайбір сәтін есіне алсын, қайран ана! Е, айтқандай, Қинаятжаны оқуға кеткелі жатқан мезгілде осы үйге сау етіп бір арба қонақ келіп қалғаны бар. Дәстүр бойынша қой сойылды, қазан көтерілді. Кеш түсе, қарны ашып оқуынан келген Қинаятжанына ет болмай қалып, оның лаң салғаны бар ғой.
-Апа, апа қарным ашты, ет әкелші!
-Құлыным-ау, саған ет калмады ғой!
Мұның сөйдеуі мұң екен, ауыз үйдегі қара текеметің үстіне шалқасынан жатып алып жер тепкілеп, ерке ұл ал жыласын келіп, айтынып, айтынып қоярын қайтерсің.
-Ойбай-ай, бәрінен бұрын қой сойып, бір жілік жемегенім масқара болды-ау!
Төрт бірдей боздағынан әлі хабар ала алмай, өмір өзегін қайғы мүжіп, солуға айналған әлсіз ана құс жастықтан басын көтеріп алып, қос қолымен ауаны қармап, құшағын жайды.Манадан бері алдындағы кітабынан бас алмай оқып отырған Жұмжұма қарт та кемпірінің бұл қылығына секемдене қарап, селк ете түсті.
-Сабыр, сабыр ет! Жат енді әлсіреп қаласың ғой, байғұс!
- Тоқташы, Қинаятжаным келді ғой, есік ашылды ма, құлыным, келші маған!
Сорлы ананың үміті бұл жолы да үзіліп кетті. Бидай ақтап қырмандағы жұмыстарынан келген келіндері Бикен мен Үмітжан екенін сезе қойған ана жүрегі талмаусырап кетті. Сырт киімдерін босағаға іле салып, екеуі бірден қарт ананың жанынан келді. Әжімді жүзін жас айғыздаған қарт ананың мына бір қасіреті бұл екеуінің де жанын жегідей жеп барады. Әсіресе, осы үйдің үлкен келіні мына Бикеннің көңілінен бір ауыр ойдың бұлты сергімей-ақ қойды. Соғыс басталғаннан кейін көп ұзамай майданға кеткен ері Мұхамедқалидан күні бүгінге дейін хат-хабар жоқ. Жеңіс тойының тойланғанына да он жыл болса да, сол бір ұлы мейрамда жұрт қатарлы күліп, өз теңімен тізе қосып отыра алмай жүр. Ендігі анау пеш түбінде күпіге оранып қос құлыны Рахия мен Сарасы әне! Сол екеуін адам қылып қатарға қоса алса арманы болмас еді. жәудіреп отырғандарын қарашы, екеуі де әкелерін күте-күте әбден зарықты, ауыр ойдан бала жүректері қапа болып, қөздеріне мұң түнғандай. Әйтеуір, шағын үйдің шаруасы жүдемей-ақ тұр. Соғыстан кейінгі ауыр кезеңнің ендігі жүгінің бар салмағы майданнан дін аман-есен оралған мына Берғалидың иығына түсуде. Ел ішінде жете алмай жүрген төрт бауырының белгісіз тағдыры ерінің қабырғасын қайыстырып-ақ жүргенін сезетін Үмітжан осы үйдің тіршілігінің шырағын жағып, әйтеуір төсек тартып жатқан байғұс ана мен қарт әкенің алдындағы келіндік парызын адал атқару үшін шыбын жанын шүберекке түйіп, таңның атысынан, күннің батысына дейін зыр жүгіретін. Өйтпесе бола ма, қос абысын белді бекем буып алып, бір шаңырақтан соғысқа кеткен бес ұлдың көш көлігін сүйретіп, қартайған ата-ананы, екі ортада жүрген қос сәбиді жүдетіп, жадатып, ас-суынан тарықтырып көрген жоқ әйтеуір.
-Келді ме, Қинаятжан келді ме?
Қарт ананың әлсіз жүрегі тіршіліктің ақ демін үзгісі келмегендей өрекпіп, тулай соғады. Кешкі үй тіршілігі қазанға су құйып, ас қамдаудан басталып кете барды. Екі иығынан алқына дем алған ақ самауыр да әлгіндей болған жоқ өз орнын тапты. Өмір мен өлімнің тартысына түсіп жатқан қара кемпірдің жаны сәл-пәл тыныс алғанын пайдаланып, басына тақиясын киген шалды ортаға алып, бір үйлі жан шәй ішуге кірісті. Көргені көп зейінді, зиялы қарт мына қарсы алдында отырған ұлын соғыстан келгенде баурына басып өксіп-өксіп бір жылап еді-ау! Қайран қарт елі үшін қан майданға аттанған бес ұлының біреуі ғана бес жылдан соң көзіне тірі көрінгенінде қуанышын да, қасіретін де жасырып қала алмады.
-Қой Жұмеке, көңілі алаң болып келген баланы босата берме,-деген Есім ақсақалдың сөзі ғана ауыр ойдан, бір қуаныш, бір қасіреттен қақырай бастаған мұның көңілін бекітіп, қайрадан орнықтырған еді.
-Балам,-деген Жұмжұма қарт шағын тойға ел адамдарына жайылған дастархан басында ұлын өзіне қаратып:-мынау төсек тартып жатқан сорлы анаң екеуіміз бесеуіңді ел шетінен соғысқа аттандырарда бес рет қамықтық, бес рет жыладық. Тағдыр әзір біреу үшін ғана той жасатуды бұйырып тұр. Ана қалған төртеуінен де күдерімді үзбеймін, кебін киіп кеткен жоқ қой, келер, олардың елге оралғанын көрмесек те сен көресің, үмітіңді үзе көрме, күт!-деп қабағын түйіп үнсіз отырып қалды.
-Тойдың сәні ән емес пе, бір мезгіл ән айтайық та! Әй, әлгі Үмітжан қазан- ошақтан шыға алмай жүр ме, әлгі қайнысы Нәбіғалидың соғыстан жазып жіберген әнін шырқасыншы!
Адуынды әрі сыйлас жеңгесі Күлімжан қолқалаған соң Үмітжан дүйім жұрттың шетін ала отырып, ән бастады. Бастады демекші, ең әуелі көзіне жас алып, жан жүйесі босап, сәл-пәл үнсіз отырып алды да ашық дауысымен мұңды әрі сағыныш сазына толы әнді әуелетсін-ай келіп. “Туған ел, жаздым сәлем өскен елге, талпынып талай аяқ басқан жерге” Ән әуені осылай басталады. Уа, шіркін, туған жер-ай! Ер, азамат басына күн туып, оқ пен оттың арасында ажалмен сәт сайын тайталасып жүрсе де, туған топыраққа деген ыстық сезімін суыта алмаған екен-ау! Аңырап ән болып қайран ерлердің теңіздей тулап соққан жұдырықтай ет жүректерінің туған жерге деген махаббаты бәсе, дәл мына әннің жырындағы жолдарындай нәзік те айбатты болмаса, құрсаулы лағнет фашист иттерді жеңер ме едік. Ән әуені сай-сүйекті сырқыратып, адам жанын толқытып, тербіретіп барады. Майданда жүрген боздақтың сағынышы, үміті мен қуанышы, зұлым жауға деген қаїар, бәрі-бәрі әуені болып төгіліп жатыр. Өзінің азаматтық борышын сезіне білген қайран ер қос жеңгесіне көп аманат айтқанын кайтерсің”. “Пана бол кемпір-шалға өле-өлгенше”, деп елде қалған туған ата-ананың тағдыры үшін алаңдаған ақ көңілді, пәк сезімді ұрпақтың ақыл-ойы мен парасатына риза боласың. Әлі жар сүйіп, бесік тербетіп үлгермеген балғын жас үлкен жеңгесі Бикенге: “Ал, Бикен, саған айтам үлкен жеңгем, бет қақпа Рахия мен Саражанның”,-деп үлкен ағасының артта қалып бара жатқан қос балапанын да аманаттап тапсыруы, естір құлақтың есті сезімі болса, көзіңнен жас парлатып, тұңғиық ой әлемінің шыңырау тереңіне түсіп кеткен көңілің әбден бұзылып, жылағың-ақ келеді. Бірақ мына бір сүйкімді
сұлу үннің тәтті әуенін бұзып алмас үшін кірпігіңді де сақтықпен қимылдатасың.
Майданнан жазған әнімен дүйім бір елдің еңсесін бекітіп, сезімін дір еткізген Нәбіғалиды мына отырған халқы жай ғана Нәбікен деуші еді. Оқыған дейтін, көзі ашық сауатты, елдің камын жеген қайран ер осы елдің колхоз болып қалыптасуына да аз еңбегін сіңірген жоқ. Соғысқа да колхоз партия ұйымын басқарып жүрген жерінен аттанды. Енді тағдыры не болды екен азаматтың?! Мына отырған алқа-қотан ел болып, соны ойлап әркім өзінше ой түйеді, тұжырым жасайды. Есті, ақылды еді-ау, қайран ер. Осы соғыстың ұзаққа созылатынын, жеңіске оңайлықпен қол жетпейтіндігін айтып, енші алып бөлек отырған ағасы Мұхаметқалидың үйін өз қолымен кемпір-шал отырған осы қара шаңыраққа көшіріп, өз қолымен кіргізіп кетіп еді.
-Жеңеше, ренжи көрме маған, үлкен ағам болса майданда, бұл қай басынғаның деп тағы ойлама, кемпір-шалдың жанында бол, балаларды солар қарайды ғой, ал сен ана Үмітжан жеңгем екеуіңіз бірігіп, колхоз шаруасыа араласыңдар. Бірігіп еңбек етіп, бірлесіп қажыр-қайрат көрсетпесеңдер, қиналып, жүдеп қаласыңдар,-деген Нәбікеннің сөзі шындыққа айналғандығын ауыр соғыс жылдарының өзі-ақ көрсетіп берді. Расынды да қасіреті мол болған сұм соғыс жылдарында қос абысын бір-бірін жұбата біліп, қарт ана солардың барына, күйбең тіршілігіне тәубе етіп, көңілдерінен тіршіліктің үміт шырағын сөндіргілері келмейтін.
Атар таңның ақ үмітінен қаншама күдерін үзбесе де қарт ананың соғыстан қайтпай қойған төрт бірдей ұлының қасіреті әзиз жанның жүрегі мен жүйке тамырына қара тырнағын салмай қойған жоқ. Ең әуелі уақыт табымен әлсіреп жүрген қос жанары сөнді де, айнала төңіректі түнек басты. Төсек тартып жатқаннан бергі қарт ананың бір уақ жүрегінің сыздаған жарасын жазып, демалысын жеңілдетіп тастайтын дәрісі де осы ән еді. Күнде кешкісін айтқызады, күнде кешкісін төсекте ұзақ жатып, жылап жатып тыңдайды. Сонан соң ән аяқталып бітісімен қарт ана өзі де аңырайды-ау дерсің. “Хат- хабарың әлі жоқ, қайда жүрсің төрт ботам”,-деп те, “Сендерді сағынған соң еңіреймін, сендерсіз күнім қараң меңіреумін” дей ме, не керек, әйтеуір ешбір ақын, небір жыршы сүлей айтып жеткізе алмайтын ана жүрегінің қасіретті сыры ән болып қалықтап, шағын үйдің еңсесін басып, құлақ түбінен қалықтап ұзақ кетпей, бала біздердің санамызға да сіңе беріпті.
-Әй, қайсысың барсың, жолға шығып қарадыңдар ма, Қинаятжан көрінбей ме екен? Келді ме, құлыным, келді ме?!
Соғыстың қасіреті шөктірген қарт ана бүгін түн тағы да кірпік ілмей, үнемі осылай алаңдап, елегізіп жатты. Таң ата басын көтеріп, жастыққа сүйеніп отырды да, шалының қолын алып тарамыс саусақтарымен сипаған болды. Екі көздері алайып, үрпиісіп ұйықтамай отырған қос немерелерін жанына отырғызды да кезерген, бірақ салқын тарта бастаған ернімен әкелерін соғыс жалмаған бейкүнә қос сәбиді сүйген болды.
-Мені жайлап жатқызшы енді.-деп ол шалына соңғы рет тілегін айтты.-Әлгі Қинаятжан неге кешігіп жатыр екен құлыным-ай, аман келсең еді!
Мынау айналып тұрған айналайын жер-ананың бейбіт тіршілігі үшін күресіп, әлі күнге қара шаңыырағына қайтып келмеген төрт бірдей боздақтың, төрт бірдей жауынгердің қайран анасы таң ата дүниеден өтті. Тіршілік тамыры өз соғуын тоқтатқанша асыл ана жүрегі өз құлындарын іздеумен болды. Қайдасыңдар, қайдасыңдар, арыстарым!