Күн батқан шақта
Көріп, естіп отырған құқайы жалғыз дейсің бе?! Алсын малын, алам десе! Артық мал дейтін мұнда корасына сыймай тұрған малы және жоқ. Бір биесі, бір сиыры, оған қоса қызыл қашары, он шақты уақ малы ғана бар. Солардың қайсысын артық деп тапса алсын, таласы жоқ!
Таңат осы ойлармен болып еді күні бойы. Кеше ауылдық Кеңестің хатшысы келіп, жоғарыдан артық малды үкіметке өткізу жөнінде жарлық келгенін айтып кеткен-ді.
-Ау, артық мал дегенді осы сендер қайдан тауып алдыңдар? Бұрынғыдай үйір- үйір жылқы, табын-табын сиыр, жүздеп қой ұстап отыр деп пе едіңдер,-деген бұл назарылығын ашуға жеңдіріп.
-Ақсақал, мен үкіметтің айтқанын істеуге тиістімін! Сізде де артық мал бар. Бір бие, бір сиыр, соған қоса бес қой ұстауға ғана правоңыз бар! Не биеңіз, не сиырларыңызды, өзіңіз білесіз, әйтеуір біреуін, сосын есептен артқан қой- ешкіңізді үкіметке тапсыратын боласыз!
-Не дейді, мынау?! Мен сонда биемді үкіметке беріп, жаяу қарап қалуым керек пе?!
Қарт үнінде дәрменсіздік бар еді. Шалының кіріптар күйге түскенін көріп тұрған Жамал әжей көзіне іркелген жасты жаулығының ұшымен сүрте берді.
-Сорлы-ау, үкімет айтса алғанын алмайды деп тұрмысың, сол бие жаныңнан артық па, берем десейші енді!-деген кемпірінің сөзінен есін жиған қарт әлде не ойына түскендей:
-Үкіметке менің биемнің не қажеті болып қалыпты, балам, соны айтты ма саған,-деді хатшыға.
-Ақсақал, сұрамайтынды сұрайды екенсіз. Хрущев жолдас айтты ғой, біз коммунизмге жақындап келеміз. Ал, сіздер болсаңыздар, мал-мал деп соның соңында жүріп қараңғы қалдыңыздар. Енді ет те, сүт те, не керектің бәрі де дүкендерде бос тұрады. Барасыз да алып, ішіп жей бересіз.
Ауыл Советтің хатшысы мұны лепіре айтты. Тіпті көңілінде күмән болсайшы. Коммунизм бір жерде орнап, соны өз көзімен көріп келгендей, ағыл-тегіл, бос әрі тегін дүние жөнінде айтқанда еріксіз ұйып қалғаныңды өзің де білмей қаласың.
-Әй, шырағым, көмөнезіміңде сол дүние тегін әрі ағыл-тегіл, аста-төк болып жатса сол ырыздықтарыңа өлмелі мына кемпір, шалды ортақ қылып қайтейін деп едіңдер?! Соның игілігін өздерің-ақ көрмейсіңдер ме?! Ал, менің биеме көз алартпай-ақ қойсаңдар осы?! Біз өз күнімізді өзіміз көрейік те!
-Жоқ, ақсақал, бұл кулығыңыз іске аспайды, болмайды ол болмайды,-деді хатшы манағы қиялынан айыққандай.
-Кәне, тап қазір айтыңыз, үкіметке биеңізді өткізесіз бе, әлде сиырыңызды бересіз бе? Мен ерігіп жүрген жоқпын, осы ауылдағы жұрттың артық малын анықтап, қанша мал жиналатындығын ауданға айтуым керек.
Болыңыз енді, кәне, кәне.
Төрт түлік малын жанына балаған Таңат сияқты қарттардың қайсысына болмасын бұл оңай соқпады. Ел ішін хауіп биледі. Қауесет, түрлі өсек те
лапылдап ала жөнелді. Жұрттың басы артық малын үкіметке жинап алады екен деген сөз ғана ел ішінің аузында жүрді. Кең даланың белін қайыстырып шұбырған мал халықтың ырысы, қуанышы еді-ау. Заманның түрлі-түрлі әрі сан қилы жібімен көгенделген қазекем бір кездері малынан айырылып арып-ашып жүдегенін, сандаған ұрпағының сүйектерінің далада шашылып қалғанын қайдан ұмыта қойсын. Соңғы ашарлылық бүгінде ел үлкендерінің есіне қайта түсіп, мына жарлықтан шошына қалғандықтары да сол болатын.
Күннің қызыл жалқын сәулесі көкжиекке тартылып, ымырт үйірілген сәтте Таңат қарт ауыл шетіндегі Әбілдің қақапасын ашып, ішке енді. Кешкі шайларын алдарына алып отырған Әбілдің үй-іші мезгілсіз жүрген қартқа үрпиісе қарады.
-Таңатпысың?-деді Әбіл қарлығыңқы үнмен.
-Мен ғой. Әбе, мен ғой кештетіп жүрген, -деп Таңат шал кебісін шешіп төрге шықты.
-Ә, жоғары шық, шайға кел, амансыңдар ма өздерің,-деп Әбіл де құрдасына жылы пейіл көрсетті.
Бұлар құйылған шайларын ұртай бергендері сол еді, есік ашылып, осы ауылдың тағы да төрт, бес шалы сау етіп кіріп келді.
-Әу, өздерің жай жүрсеңдер етті! Жақсылық па әйтеуір?!
Манағыдай емес үй иесі Әбілдің бойын үрей биледі. Қашан, қандай жағдай болмасын сабырлы қалпынан Әбекең де сасайын деді. Осы уақытта буын- буындарын сықырлатып, төсектеріне құлайтын мына құрдастарының кештетіп жүргендіктері әйтеуір тегін болмаса керек еді. Әбіл қарт осыны ұқты. Сыр бермегенсіп, меймандарын жайдары көңілмен төрге шығарып жатты.
-Өздерің бір қойлық болып жиналып келе қалған екенсіңдер, мал сойғызып, қазан көтертейін,-деді Әбіл құрдастары жайғасып болып тілге келген соң.
-Бұйырған дәмді татып жүрміз ғой, Әбе! Тап қазір ас ішіп отыратын уақыт емес және оған көңіл құрғыр да шабар емес.
-Иә, иә Ахаң дұрысын айтып отыр. Жөні сол, әңгіме бар, өзіңмен ақылдаса келдік,-деп қарттар сақалын салалап Ахметтің сөзін қостап ала жөнелді.
-Әңгіме мынау,-деді Ахмет өзіне сөз тізгіні берілгенін ұққандай.-Үкіметке артық малды тапсырыңдар деп осы елдің белсенді балары ертелі-кеш шапқылап жүр. Оны өзің де естіп жатқан боларсың. Жалғыз биені өткізіп, бір сиырға, болмаса сиырды өткізіп, бір биеге қараған күніміз не болмақшы?! Не істейміз, не қайран қыламыз? Соны білейік, ақылдасайық,-деп келіп отырмыз.
Мына қарттардың тұнжыраған қабақтарындағы ауыр ойлар қараша үйдің еңсесін басқандай. Тым-тырыс, тыныштық әлемі қалғып кетер ме еді, қайтер еді, Әбіл қарт әлден уақытта саңқ ете түспегенде.
-Көтер бастарыңды! Еңселердің сиырдың жапасындай езіліп кеткені несі бұл! Жаугершілік, болмаса аштық заманы келеді деп пе едіңдер? Әлде малмен бірге жандарыңды да қоса алайын деп жатыр ма?!
Өз құрдастарын Әбіл осылай бір бастырмалатып алды. Бастарын төмен салбыратып өз ойларымен өздері мүлгіп отырған мыналардың әрқайсысына жеке-жеке көз тоқтатып еді, жүрагі шымыр ете түсті. Бұлардың әрқайсысы заманның бір бір жылнамасы екен-ау, шіркін! Балдағын тізесінің үстіне қойып
отырған мына Зейнештің сыңар аяғы кешегі соғыста Мәскеудің түбінде қалды. Анау отырған Әбіш әне! Шіркін, Әбішім-ай, көкірегіңнің зеректігін не қылайын! Маңдайыңды тайпақ қылған тәңіріңге не айтарсың! Әлі күнге дейін немістерде тұтқында болғаны бетіне шіркеудей жабысып, өз елінде бұғып жүрген жайы бар. Жанын аяп тұтқынға түсті дейсің бе, сол жаны құрғыр кеудесінен шықпай қалып шала-жансар, ессіз қалпында қолға түскені өзіне, одан бір тәңіріне ғана аян. Оған сене қойған ешкім болған жоқ бірақ. Жау қолында тұтқын болғаны аздай, өз еліне келген соң тағы да ұзақ жыл айдауда жүрді. Шіркін, заман-ай...
Әп-сәтте осы бір ойлар миын шарпып өткен Әбіл қарт күрсініп қалды. “Өзің ше, өзің не көрмедің бұл тірлігіңде”-деген бір ой санасынан жылт еткендей болды. Е, өтті, кетті ғой бәрі де. Бірақ ұмыта алармысың соның бәрін. Әсіресе, әлгі Зәкер қайда? Соғыстан кейін емес пе еді, елге аман-сау оралғандар бір- бірімен жылап көрісіп табысқандары. Иә, сол жолы Зәкер екеуі бұрынғы ескі дағдымен дойбы ойнауға отырған еді-ау. Сол жай да күні бүгінге дейін есінде мұның.
-Сен Сталин болып ақ таспен ойна, ал, мен Гитлер болып қара таспен ойнап көрейікші бір,-деген Зәкер аңқылдаған көңілімен.
Оқ-дәрінің иісі кете қоймаған әскери киіммен қарсы отырған Зәкердің уылжыған бейнесі күні бүгінге дейін көз алдынан кетер емес. Сол ойында қара таспен ойнаған Зәкер-Гитлер ақ таспен Сталин болып ойнаған мұны ұтып кеткені. Ақырғы әрі соңғы ойындары екен бұл екеуінің де. Көп ұзамай екеуін де үндеместер тұтқындап түн ішінде алып кетті. Зәкерден күні бүгінде дейін хабар-ошар жоқ. Дойбы ойнап, Зәкер-Гитлерден Сталинді ұтқызып алған Әбіл он жыл Колыманың мұзын жастанып қайтты.
Сөйткен Әбілден бастары мәңгірген мына тұстастары ақыл сұрап отыр енді, міне! Не дер екен, қай сөзі, қай ақылы жағар бұларға?! Осындай ой шырмауына түскен Әбіл қарт тұйықтан жол іздеумен әуреленді. Басы артық малды халықтан жинап алу науқаншылдығы түптің түбінде жақсылыққа жеткізбесін де аңғарады. Бірақ саясатқа қарсы тұрар бел, білек қайда?!
-Құрекеңе осы шалдардың атынан хат жазайық жайымызды баяндап,-деді үнсіз отыра беруге жалыққандай Таңат шал қарлығыңқы үнмен. Өзінің осы айтқанын тұстастары қалай көрер екен дегендей айналасындағыларға жаутаңдай қалды.
-Құрекең дегенің кім өзі, тәңір-ау?!
-Хрущев жолдас ше, соны айтамын да,-деп Таңат оң жағында отырған Сәлменнің сұрағына үнін нығырлай жауап берді.
-Онымыздан түк шықпайды,-деді Әбіл сәлден соң .-Бұл тұтас ел бойынша жүріп жатқан науқан. Наразы болып жатқан жұрт жалғыз біз дейсің бе, жазып та жатқан болар. Одан да сауын малдарыңды алып қалыңдар да, басы артығын үкіметке табыс етіңдер. Бірақ бүкіл тұяқты беріп қойып жүрмейік. Дау-дамайды көбейтпей бірен-саран жылқыны, қой-ешкіні сойып, етін қақтап алсақ артықшылығы болмас. Қандай күн туарын болжап бола ма қазір...
Қарашынаң қоңыр салқыны тұрып Таңат шал құла биені қаншама қимаса да, сойып алуға мәжбүр болды. Оның өзінде де мұны кемпірі ғана иліктірді бұл іске.
-Қайтесің, үкіметтің шаруасына қарсы тұрып. Осы бар ғой сенің кесірің әлі баларға тиеді. Онан да қызыл қашарды үкіметке өткізіп, құла биені сойып ал. Етін, қақтап, суық түскенше бүлдірмей сақтармын. Құла биенің жирен қасқа құлынын қораға байлап, тығып таста. Жылқы баласы емес пе, ертең-ақ мінісіңе жарап кетеді,-деген кемпірінің ақылын құп көрген Таңат та елмен бірге амалы жоқ шарасыз іске кірісті.
Құла биеден қалған жирен қасқа құлынды бағу оңай іс болмады Таңат үшін. Шұрқырап енесін іздеп бірер күнде арықтап, жүдеп сала берді. Жетім құлынның шұрқырап, кісінегені-ақ қарттың жүрегін сыздатып, жанын ауыртатын болды. Содан да құлынның жем-суын беруге көбінесе кемпірін жұмсайтын әдет тапты. Бүгін де сөйтіп төсегіне қисая бергені сол еді, кемпірі үйге абдырап, айғайлай кірді.
-Тұр, енді ойбай! Құлын далаға шығып кетті! Бол,бол! Айнала маңайды дүрліктіріп шапқылап жүр, ұстататын емес,-дегенді ентіге айтқан Жамалдың сөзінен шошынып, ұшып тұрған қарт кебісін іле сала далаға атып шықты.
Ауыл иттері де елігіп, шапқылап жүрген жетім құлынды қуалап, есін шығарған еді әбден. Қарт үй алдындағы шарбаққа кіріп “қайт, қайт” деп бар дауысымен шақырып еді, иесінің үнін танып, төбеттерді шаңға көміп, құйрығын шаншып бері қарай желдей ақты. Өн бойынан саулаған тер көзін ашқызбады да, қасқа құлын күнде өзі кіріп жүрген шарбақтың ашық тұрған қақпасынан кірмей, сол аққан бойда омырауын тірейтін биік албардан бір-ақ қарғыды. Таңат қарт сол тұрған жеріне отыра кетті. Шұрқырған құлын үнінен ғана сәлден соң есін жиды. Шабына шарбақтың өткір қадасы қадалып, ыңырсып, қып-қызыл қан болып жайрап жатқан қасқа құлынды көріп көзі қарауытып кетті.
Батып бара жатқан күн көзі қып-қызыл еді. Аспан көкжиегі де қызыл жалқын тартты. Қансырап бара жатқан құлын соңғы рет кісінеп жіберді.