09.02.2023
  105


Автор: Жабал Ерғалиев

Қош бол, құлыным

–Е, балам, жоғары шық! Кемпір, әй, кемпір, шәй әкел мына балаға!


Сералы қарт үйіне келген шаруашылықтың жас басшысы Еркінді осылай қарсы алды. Сәлем беріп, есік көзінде бөгеліп тұрып қалған жас жігіт үй иесінің қатулы қабағы мен қатқыл үнінен қобалжып қалғандай еді. Осы елге келгелі екі жыл болса да, алғаш бас сұғып тұрған қарттың шағын ғана аласа үйі еңсесін басқандай. Ен бойы қазандықпен ғана бөлінген қазақы үйдің қақ төріндегі түс киізде ілулі тұрған күмістелген жүген, тобылғы сапты ат және салт қамшылар “мені көр” дегендей көздің жауын алады. Қазандықтың мұржасының дәл түбінен сорғалаған жауынның салтақтанып сарғылт тартқан іздері жыландай ирелеңдеп белгі тастапты. Осыны көргенде жас директордың екі беті дуылдап кетті. Анада, ұмытпаса, күзде-ау деймін, осы қарттың өзінің алдына келгені бар. “балалар болса жұмыста, кемпір екеуміздің отырған үйіміздің төбесінен жауын жауса болды, су сорғалай жөнеледі. Шипырлатып жапқызып алайын деп едім. Не көмегің бар, балам?”–деген қарт өтініші есіне енді түсіп отыр. Бұл да ойланып жатпастан: “Ақсақал, сол шипырды совхоздың мал қоралары мен салып қойған үйлерінің төбелерін жапқызуға да таба алмай, басым қатып отыр”,–деп қартқа қамқор бейіл көрсете қоймаған-ды.


–Жоғары шық, балам! Оразамызды ашқалы жатыр ек, кел, шәй іш бізбен,–деп қария жас жігітке төрден орын ұсынды. Бұл жолы Еркіннің қарт тілегін аяқ асты етіп, шығып кетуге батылы жетпеді. Нұсқаған орынға үнсіз ғана жайғасудан өзге амалы қалмап еді.


Шәй үстінде әңгіме өз арнасын тауып, жүйесімен өрби қоймады. Қарт болса “іш, же” деуден артық ауыз сөзге бармады, түнерген қабағын ашпады. Еркін өзіне ұсынылған қызыл гүлді кеседегі қою шайды тезірек ішіп тауысуға асыққаны сондай, мұрнының ұшы шып-шып терлеп шыға келді. Осыны байқап, аңдап отырған зерек қарт:


–Балам, асығыссың-ау деймін, шаруаң болмаса біздікіне бас сұғуың да неғайбыл, дәм айдап келген шығар. Қысылма, бұйымтайыңды айта отыр,–деді. Қарттың бұл сөзі шаруашылықтың жас басшысының иығындағы ауыр жүкті жеңілдеткендей болды. орнынан қозғалып, көптен бері жерде малдас құрып отырмағандықтан, құрыстанып, ұйи бастаған аяқтарын жазып алды.


–Ақсақал,–деді үніндегі жасқаншақтықты білдіргісі келмегендей, бір жөткірініп алып,–біздің ауылда қырықтықшылардың кеңесі өткелі отыр. Бүкіл облыс аймағындағы қойлы ауылдардан өкілдер келеді. аудан басшылары елге келетін сол қонақтарға қымыз беруді жөн көреді. Соған он шақты бие байлап, қымыз ашытатын кісіні кешеден бері таба алмай жүрмін.


Қарт “көкейіңді ұғындым” дегендей кейіп танытып, жауап беруге асықпады. Шыны-аяғын кемпіріне қарай ұсына түсіп, маңдайынан білінген терді алдында жатқан ақ сүлгімен асықпай сүртіп, қалайы қасықпен сары майдан шәйіне салып, баяу былғап қояды. Қартының аяқ астынан паңдана қалғанына, алдына келген жас жігіттің өтінішіне әлі де мәнді жауап бермей бәлсінгеніне Меруерт әжей қысылып-ақ отыр. Бірақ, қырық жыл отасқан ерінің жайын өзі біледі,


 


сосын да үндемейді. Шалының томырық мінезінің өктемдігі-ақ өзгелерден оны айбаттандырып тұрады. Бірақ, қарттың көңіліндегі зіл жоғын былайғы жұрт біле де бермейді. Бұл да адам, мұның да ет жүрегі, сезімі, ой түйсігі бар, мұның да адам сияқты шаттанатын, күлетін кездері болады. Бірақ, ішкі дүниесін қалың бір ой торлап алса болды, ашылмаған күздің қара бұлтындай көпке дейін түнереді де жүреді. Қазір ле ойының әлем-тапырығы шығып отырғанын мына кемпірінен артық ешкім де сезе қоймас. Мұндайда оған бір ауыз сөз айттым дегенше болды, ең әуелі анау қырғидың көзіндей шегірейген қос жанары өңменіңді тесіп өтіп, “тәйт әрі, тантымай отыр, сенен жөн сұраған жоқпын әлі”– деп бұлқан-талқанға түсетіні бар. Үндемесең, үйдей пәледен құтылғаның, сол қамалған көп ойлар өз шешімін тапқан соң, жауыннан кейінгі даладай жадырап, шешілетіні бар, тек сабыр қылып артын күте біл.


–Ана жылқышысымақтарың он биені өздері-ақ байламады ма?!


Қарт дауысы тосыннан әрі зілді шықты. Еркін басын көтеріп алып, қартқа не деп жауап берсем дегендей ойланып қалды. Осы дүйім елден бие сауып, қымыз ашытатын жан иесін таба алмағанын айтса, таяқтың бір ұшы ең әуелі өз маңдайына тиерін сезгендей еді. Ақиқатына келетін болсақ, айналасындағы елдің жұмыс істеп, мал бағып, егін өсіргеніне мәз болып жүре беріпті-ау өзі. Директор болып, ел басқара жүріп бірде бір үйдің ошақ басындағы тіршілік- тынысына құлақ түріп, көз салмаған екен. Тым болмаса осы елде кімнің бие байлап, қымыз ұстайтынын, кімнің іркіт жиып, құрт қайнататынын бұл білмейтін болып шықты.


Өткен күнге ой жүгіртсе, біраз үйдің дастарханынан небір дәм татып, арақ- шараптың алуан-түрі алдына қойылғанымен, бір аяқ қымыз, не болмаса бір кесе ақ айранның ұсынылмағаны енді есіне түсіп, бей-жай күйде отыр.


–Балам-ау,–деді қарт мұны онан әрі қинағысы келмегендей.–Ана жылқышыларыңды айтам, аттарымен мәгәзінге сабылып, ер үстінде теңселіп жүргенше бие байлап, сары қымызды сапыра ішіп, өздерін де, халқын да қарық етпес пе?! Мен болсам қартайдым, мына шешеңнің де енді бие сауып күбі пісер қауқары шамалы. Бірақ алдыма келген екенсің, меселің қайтпасын, байла деген он биеңді байлап, қонаққа деген қымызыңды ашытып, әзірлеп берейік. Жылқышыларыңа айт, түске қарай табынға өзім барамын, сауын биелерін таңдасып, асау құлындарды байласуға жәрдемдессін…


Кемпірінің қуатты кезінде ескен қыл арқаннан тартылған желіге байланған жас құлындар әуелгідей емес, ноқтаға үйреніп, жуасып, бастығайын деді. Ыстық сумен қайыра-қайыра жуғызып, ең әуелі қайыңның қабығымен, сонан соң торы тобылғының тәтті түтінімен ыстап, жылқының семіз қазысының сүр майымен сылаған қара сабадағы саумал үй ішіне хош иіс бергендей болды. Көптен бері сауылмай тағыланып кеткен биелердің аяғына өре салып, шошынғанына қарамастан, шал өзі де, кемпіріне де сауғызып, сауынды өткізіп алмауға тырысып жүр. Қарт жылқышы бар қайрат-күшіне мініп, дүр сілкініп алды, бұрындары–жастау кезінде колхоз жылқысын түнде өзі бағып, күндіз бие сауғызып, шаруа қамымен жүргендерді сусынсыз қалдырып көрген жоқ еді. Тақымынан небір жүйріктер өтпеді дейсің. Ой-хой, шіркін, талай аламан бәйгеден озып келген Балыққара мен Жайнардың шабысын бұл қартың тірі


 


жүргенде ұмыта ала ма! Ойлап отырса шағын ғана Аралағаш ауылының атақ- даңқы сол кезде табысымен емес, аттарының бәйгедегі шабысымен дүрілдеп еді. Бәрі бірдей жабы болып кетті деймісің, ат десе алдындағы асын жерге қояр қарттардың тізесі қалтырап, жанарлары әлсіреп, күш-қуаты тайған соң, табын жылқының ішінен бәйгеге қосар қыл құйрық таба алмай жүрген бүгінгі аралағаштықтарға не айтарсың. “Ат аунаған жерде түк қалатын” демейтін бе еді. Жіті көзбен қарап отырса, сол Балыққара мен Жайнардың тұяқтары бүгін де бар ма деп көңілі алабұртады. Әне бір сүйкімді қоңыр құлынды қарашы, түрі де, түсі де Балыққарадан аумайды. Желідегі құлындардың арасында “мен болашақ Жайнарыңмын” деп жер тарпып тұрғандары және бар. Жылқы малы дегенің ер азаматтың қанаты, қуаты емес пе.


Қарт жылқышы Сералы өзі пенсияға шығып үйінде отырғалы Аралағаш ауылының жылқысының бағы тайғандай еді… Талайдан бері үйірге түсіп, өзі сияқты сәйгүліктердің қатарын молайтқан Балыққараны өткен қыста жылқышылар аяусыз мініп, көтерем қалпында шаруашылық қорасына әкеп тастайды. Фермадағы моторшының өз ісін жете білмеуінен бе, болмаса жауапсыздығынан ба, үзілген электр сымының ұшы науаға түсіп, су іше берген жануарды ток соғады. Қоңыр айғыр шыңғырып барып мұрттай ұшады…


Е, айта берсең, болмаса өткен өміріңді еске алып, жаныңды тыныштандырсаң, қаймағы бұзылмаған дәуренді күндердің қызығы Сералы қарт үшін тек қана ат үстінде өткен екен. Шүкіршілік, әйтеуір қара кемпірі мұның тіршілігін күйттеп, екі ұлы мен бір қызын өсіріп, қанаттандырды. Сол болмаса, бұл өмірде жылқы тұрғанда бала керек деп ойлап көрмеген екен. Құтты орнына қонған жалғыз қыз бен қос ұлдың тілеуін тілеп отырған жайы бар әзірге. Ұлдары болса мұның жолын қуа қоймады. Үлкені Алматыда оқу оқып, сондағы бір бастықтың қызына үйленіп, еркетотай келіншегінің салған тұсауынан соң еліне қайта алмай, астанада қалып қойды. Қолындағы ұлы Берікбай біртоға, жуас. Отыздан асып барып осы ауылға мұғалім болып келген біреудің жас баласын алып қашып барып үйленіп тынды. Бұл келіні сүп- сүйкімді-ақ. бірақ қартпен тіл ашысып бір еркін сөйлесіп көрген жоқ. Өзі балаларға сабақты ағылшынша береді деген сыбыс қарттың да құлағына жеткен. Тегі өз тілін жетік білмейді-ау деп қарт өзінше топшылап, келінін ұялтпайын деп көбінесе кемпірін жұмсайды. Осыны ойлағанда қарт сәл жымиып қойды. Құрдасы Өскенбайдың басынан өткен бір хикая ойына орала кетті. Былтыр құрдасының да баласы үйленген болатын. Өсекең бір күні жас келінге: “Шырағым, бір аяқ шалап құйып берші, шөлдеп тұрмын” десе, ол жазған атасының айтқанына түсінбей, қарттың мәсі киген аяғына жәудіреп қарап тұрып қалыпты.


Күндер дегенің зулап-ақ өте шықты. Шаруашылықта қой қырқушылардың жиыны өтетін күнге дейін жылқышы қарт бар шеберлігін салып, бал қымызын жеткілікті етіп әзірлеп қойды. Аудан басшылары тапсырған бұл ісінің оңға басқанына жас директор да ерекше қуанулы. Қарттың қажет шипырларын бөлгізіп, үйінің төбесін жедел жапқызып та тастады. Өз шаруасының оңай шешіле кеткеніне қарт та іштей қуанып, марқайып қалды. Абыройлы іс екеуіне де қуаныш әкелгендей. Расында да, кеңеске жиналғандар осы шаруашылықтың


 


қонақжайлылық көрсетіп, бал қымызбен сусындарын қандырғандарына әбден риза болды. Әр ауданнан келген басшылар Еркінді шақыртып алып, өз директорларына мұны үлгі ете сөйлеп, мадақтап жатты. Әйтеуір, қасиетті дәм Еркінге жаңа абырой, бедел әкелгендей еді. Күні бойы жас құлын, асау қулықтармен алысып, қымыз ашытқан қос қарттың есімі тағы да аталмай қалды. Тілдерін үйірген мына қымыз тап бір биенің желінінде өзі пісіп, өзі ашып жатқандай көреді-ау. Ең болмаса, ішіп отырған қымыздарының кімнің қолынан шыққандығын сұраған біреуі болса-шы. Жиын тарқарда облыс орталығынан келген бір басшы Еркінді шақырып алып, биелерді бұдан былай ағытып жіберуші болма, қымызды аңсасақ ауылыңа келіп тұрамыз деп кетті.


Қарт көнсе, Еркін өз шаруашылығында қымызды ала жаздай өндіргісі-ақ келеді. “Ақыңызды төлеп отырайық, қысқы отын-шөп үшін де алаңдамаңыз, бәрін де совхоз есебінен дайындатып беремін”–деген директордың қолқа- өтінішіне қарт орынды дәлелін айтты:


–Балам, өзің айтқан соң дүйім жұрт алдында абыройың төгілмесін деп он биеңді байлап, қымыз дайындап бердім. Естуімше жиналған халқың дәміңе риза болып аттаныпты. Ал, енді бұдан әрі биенің бұтына еңкейіп жататын шама мына кемпірде де, менде де жоқ. Сексеннің желкесіне шыққан біздерді әурелеме, жастар сауамыз десе үйретейін, бас-көз болайын, ал сол үшін мен сенен ақы-пұл сұрамай-ақ қояйын.


Бүкіл ел ішінен “бие сауып, қымыз ашытуға ниеттері болса, кез-келген жұмыстан босатып аламыз” деген хабарға ешбір жауап болмады. Басшылар мен мамандар сауыншыларға, үйде жай қарап отырған әйелдерге де әдейі барып, “бие сауыңыз” деп өтініп те, болмаған соң бұйырып та көріп еді, нәтиже шықпады. Тіпті, кейбіреуі шамданып, шаптығып, “аулақ жүр, ендігі көрмегенім бие сауу еді”, “бейнеттенгенше, шөлдесем шөлімді шампанмен-ақ баспаймын ба” десе, енді біреулері “өз әйелдеріңе сауғызыңдар” деп ешкімді маңайлатпай- ақ қойды. Осы әңгіме гулеп елге таралғаннан бері бұдан әрі бие байлап, қымыз ашыту ісінің қиюы қашып, тұйыққа тірелетінін қарт та, директор да анық ұғынғандай еді.


–Бұл бір енді болмайтын іс. Бие сауып, қымыз ішіңдер деп едіңдер, осы ауылдың қатын-қалашы ұлардай шулаған жоқ па?! Жас кезім болса, оның үстіне кемпірім дімкәстенбесе, сол биелерді өзім-ақ сауар едім-ау,–деп Сералы қарт директордың кең бөлмесіндегі арқасы биік орындықта үнсіз отырып қалды. Әжімді жүзінен әлі де қайраты танылғанымен, қушиып, кішірейген дене бітімі кәрі бәйтеректің солып бара жатқандығынан белгі бергендей еді. Қарт бөгеліп отырып қалғанын сезінгендей ойын жинақтап, директорға өз бұйымтайын айтты.


–Балам, бір саба қымыз жинап қойдым. Биелерді ертең ағытамын. Ақысын төлейін, сол бір саба қымызды өзіме бер. Осы ел бие байлап қымыз ішпегелі біраз болды. Құрдастарым мен кәрі-құртаң қарттарды үйге шақырып, қымыз ауыз тигізейін деп едім. Сенен тілегім болсын, сол қымызды өзім сатып алайын, айналайын!


Әуелде Еркін бұған таңырқап қалса да, сәлден соң ой-санасын жинап алды да, қарсы отырған көне-көз қарияның дарқан көңілі тұла бойын билегендей


 


болды. “Қайран қартым-ай,–деп ойлады Еркін.–Өмір бойы жылқы бағып, бәйгеден бір атың озып келсе, бөрігіңді аспанға атып, құла дүзге шаба жөнелетін жел көңілің әлі де өзінің сол дарқандығы мен кеңдігінен жаңылмаған екен-ау!”


–Жарайды ата, сол қымызды алыңыз, сіз де бізге тегін қызмет еттіңіз ғой, біз де тегін берейік, әрі-беріден соң бұл өз еңбегіңіз, өз қымызыңыз ғой.


–Рахмет, балам! Өзің де ертең қымыз ішуге кел.


Өзі мініп жүрген жуас торы атқа көршінің он жасар баласын мінгізіп, ауыл қарттарын қымыз ішуге үйіне түгел шақыртты. Қарттар жиналғанша шошалада жатқан киіз үйді есік алдына шығартып, өзі көрсетіп тұрып әлді жігіттерге құрғызып алды. Қара қостан қалған жалғыз белгі–осы киіз үй. Ерте туған жас бағланның біреуін сойғызып, қыстан қалған жал-жаядан салғызып, кемпіріне қазан көтертті. Қымызға шақырылған қарттар түгел жиналған соң, көптен бері ұсталмай жүрген ағаш астауға етті түсіртіп, киіз үйге кіріп отырғандардың алдына тартты. Біраздан бері үйлерінен шықпай іштері пысқан қарттар әңгіме- дүкен құрып, жайлауға шыққандай желпініп бір жасап қалды. Әбден пісіліп, сапырылып қойылған бал қымызды сіміре отырып, олар кеш түскенше отырды. Қарт жылқышыға, совхоз басшысына деген алғыстарын айтып, қарттар разы көңілімен тарай бастады. Қонақтары әбден тарап кеткеннен кейін Сералы қарт кемпірі екеуі желі басына келіп, биенің кешкі сауынына кірісті. Енді өздерінің ноқтадан босап, түнгі жайылымға шығатынын сезгендей құлындар да тыпыршып, күміс үнімен кісінеп қояды. “Енді сендерді ноқталап қинамайтын боламын, құлындарым”–деді қарт күбірлеп.


Желідегі соңғы ақ бақай құлынның маңдайынан сипап, мойнынан құшақтап, қарт жылқышы ұзақ тұрып қалды. Кемпірі сауылған саумалды үлкен ыдысқа құйып болғанша жас құлынды құшақтаған қалпынан бір айныған жоқ. Ендігі бір сәтте қарт қолынан босаған ақ бақай құлын күннің кешкі шапағына малынған кең далаға шұбап бара жатқан жылқыға қарай құйрығын шаншып шаба жөнелді. Қолына күмістелген ноқтаны ұстап әлі де өз орнында тапжылмай тұрған қарт жылқышы өз өмірінің соңғы құлынын ағытып жібергенін сезгендей, көзіне келіп қалған ыстық жасты ірке алмады, Қош, құлыным, қош!..


 





Пікір жазу