09.02.2023
  153


Автор: Жабал Ерғалиев

Соңғы тұяқ

Біраздан бері ат ізін салмай кеткен туған ауылынан хат алған күні Тельман Ерденовичтің қуанышында шек болмады. Оқушының торкөз дәптерінің бір парағына жазылған хат жолдарын қайра-қайра оқи берді. Ауылдастарының мына жазғандары жанын бір рахат сезімге бөлеп, жүрегін қозғап кетті. Өз үйіне өзі сыймауға айналды. Осыдан екі-үш жыл бұрын ғана салғызып, кіріп алған кең сарайдай үйінің дәл ортасындағы дәлізде тұрған қара былғарымен қапталған жұмсақ креслоға отырып, қолындағы хатты тағы бір асықпай оқуға кірісті.


“Құрметті Тельман Ерденович”, – деп басталған хатта мұның елге сіңірген еңбегін жерлестері әбден білетіндігін, бұл Аралағаш ауылынан шыққан тұңғыш обком хатшысы, қазір белгілі бизнесмен болып отырғандығын мақтаныш ететіндігін айтыпты.


Әп бәлем-ай мені де бұлар мойындаған екен-ау деген бір ой көңіл түпкірінен қылаң бергені де анық. Сол масайраған қалпымен орнынан тұрып, балконға шықты. Көкше таудың етегін шайып жатқан Қопа көлінің айнадай жарқырап жатқан шексіз-шетсіз айдынынан ескен ерке самал да оны осы бір қуанышымен құттықтағандай болып, қызуы мол еріндерімен өбіп алғандай, екі беті алаулап жүре берді. Көз ұшында тұрған анау Бұқпа тау, сыбдырлаған сырлы үні құлағына жетіп жатқан мына Қопа көлінің тұнжыраған қоңырқай қалпы ғана ішкі жан дүниесімен үйлеспейтіндігін енді аңдаған сынды.


Тельман Ерденовичтің қуаныштан жан дүниесінің астан-кестені шығып жатқан осынау бір айшықты сәтінде Бұқпа тау жасыл желегімен неге желпінбейді? Қопа көлдің дір-дір етіп жатқан үркек айдынында ақ шабақтар неге шоршып ойнамайды? Бұл екеуі неге қуанбайды, неге, неге?!.


Қазіргі адам баласының бар қуанышы байлығында қалғандығын, бауырына жастанып, аяғына басып жатқан сол байлық атаулының бәрін де солар табиғат аналарынан аяусыз талап алып жатқандығын біле берер ме екен?!. Сол адам баласы тонамаса мына Бұқпа таудың қойнын тесіп қопарғыш дәрі салып жарып алып жатқан тас үгінділерінің етегінен әріререк барып, бірімен-бірі жымдасып, жалғасып кете беретін Имантау мен Сандықтаудың ұшар басынан төмендегі кең алабына дейін біткен көк қарағай қайда кеткен?!


Тельман Ерденовичтің санасын осы бір ойдың жалыны шарпып өткені мұң екен, дөңгелек жүзі алаулап жүре берді. Өзі-өзінен тынысы тарылғандай болып кетті. Ас үйдегі дәрісін ішуге беттеген Тельманның аяғының астындағы еден тақтайлары басқан сайын сықырлап, мұның қадамын ауырсынғандай еді. Таудан кескізіп алғызған көк қарағайды төрт қырлата салғызған үш қабатты мына үйдің едені бұрын-соңды бұлайша сықырламаушы еді ғой… Орманды отау, орманды өрттеу соңғы бірер жылдың аясында жиілеп те кетті. Ит тұмсығы өтпейтін қалың жынысты көк орманға біреулер әдейлеп те от салады деп жүр. Өйткені сол от шалған орманның ағашын кесіп алу әрі оңай, әрі арзанға түсетін көрінеді. Сау орманды ешкімнің де отатпасы анық. Аңдыған


 


қорықшы, бақылап жүрген орманшы атаулы алғызар емес. Ормандағы ағаштың өзін мол табыс табудың көзіне айналдырып алған әккілер сол өртті де өздері салатын болған. Көкейлерін көк ақша тескендар көк желектің, онан қалды сол орманды мекен етіп жүрген жүгірген аң мен ұшқан құстың да обал-сауабынан сескенуді қойып алған. Қызыл жалын бұтағы мен қабығын ғана шарпыған қарағайды тезірек кесіп алуына орманшылардың өздері-ақ асығады енді. Жапырақ жансыз қалған ағашқа құрт түседі екен де, ол індет сияқты тез жайылып кететін көрінеді. Бұған жол бермеудің бір ғана жолы – орманды отау керек.


Сол кезде Қап тауының баурайынан келгендер қаптайды-ай келіп. Өктем сөйлеп, ширақ қимылдап, қаладан алып келген орман отаушылардың қолдарына бір-бірден моторлы ара ұстатып көк қарағайды аяусыз сұлатады. Сол қарағайларды тиеп алған ауыр “КамАЗ” автомашиналар керуенін бүкіл қазақ даласының жолдарынан жолықтырар едің.


Туған елінен алған хаттағы жалынды әрі жан тебірентерлік жылы сөздерінің әсерінен әлі де айыға алмай жүрген Тельман енді аяғының астындағы еден тақтайларының сықырлаған үнінен шошынуға да айналды. Ұзақ жылдар басшы қызметінде жүрген шағында Мұса дейтін шешен жігітіне талай бір қамқорлығын жасап еді. Қар түсе қазақ ауылдарының жылқысын ұрлап, бірінікін біріне сатып, соны кәсіпке айналдырған Мұса ана бір жылдары қолға түсіп, абақтыға қамалып, сотталайын деп жатқан жерінен өзінің аман алып та қалғаны бар.


–Ой, аға, – деген таза қазақ тілінде сөйлейтін Мұса бір кеште Тельманның үйіне келіп. – Мына жақсылығыңыз Алладан қайтсын. Жаным тірі болса мен де қайтарармын бір.


Қазақтан оңды, қазақтан асыл халық жоқ деген сол жолы Мұса көңілденіп отырып. – Атаңа нәлет Сталин менің аталарымды ақпанның ақ бораны соғып тұрған қыс ішінде осы қазақ даласына әкеліп шашып тастаған жоқ па еді?!. Талайы үсіп өліп, қардың астында қалды ғой. Біздің атайды бір қазақтың шалы үсікке ұрынған жерінен үйіне алып келіп жылытып, есін жинатып, қыстатып, өлімнен алып қалса, енді міне Сіз де мені бір өлімнен алып қалып отырсыз.


Мұсаның мына бір сөзінен Тельман өзінің ірілігін танығандай болып, әсерленіп, көңілі өсіп қалды. Кеңк-кеңк күліп: – Мұсеке жарадың, жарадың! Несі бар, менің өзіңе жасаған жақсылығымды Алла да қайтара жатар, өзің де ұмытып кетіп жүрме, – деген.


– Ағасы, о не дегеніңіз! Ұмытпаймын, ұмытпаймын, – дей жүріп Мұса


«жеңгеме деп» әкелген асыл тасты жүзігін тастап, Алласына да, ағасына да уәдесін беріп кете берген.


Обалы нешік, сол Мұса Алласын ұмытқан, ұмытпағанын бір өзі біледі, бірақ ағасын ұмыта қойған жоқ. Соңғы бір-екі қыста ғана көрінбей кеткені болмаса ағамның сыбағасы деп жыл сайын бір жылқысын сойып әкеліп беріп тұрды.


Сонан өткен күзде Мұсаның тағы да пайда бола кеткені бар. Тельманның Алматыдағы үлкен ұлы үлкен бір бастықтың көмекшісі болып орналасқандығын естіп, соған қуанып, шын ниетімен келіпті.


 



  • Әй, Мұса сен өзің біраздан бері көрінбей кетіп едің, амансың ба? – деген Тельман. Ағасының баяғы жақсы көңілін сезген Мұса да сағынғандығын жасыра алмаған. Құшақтасып, төс қағыстырып, мәз-мәйрам күйге түскен.

  • Сенің осы хабарсыз кетуіңе қарағанда жылқыларың бітіп қалған-ау деймін?..


Ағасының әзіл де болса бұл сауалының түп-төркінін түсіне қалған Мұса қу да: – Рас айтасыз, бірақ менің емес, анығында қазақтардың жылқысы азайып қалды. Сонан соң да ғой қазанға салар ештеме әкеліп бере алмай жүргенім, – деп қарқ-қарқ күліп алды.



  • Қойшы-ей, талай қырғын болса да қазақтың қолынан да, қотанынан да қылқұйрығы кеткен жоқ еді, ағаңды өзіңнің ұмытып кеткенің де бұл!

  • Алла сақтасын! ОллаҺи – биллаҺи, аға өзіңізді қалай ұмытармын!..


Мұса ағасын үнемі есінде ұстап жүргендігін айтып азар да безер болып, ақталып-ақ жатыр. Өзінің алдында құрақ ұшып, бәйек болып жатқан Мұсасының мына қылығына   Тельман болса масайрап, марқайып қалып еді. Қой көздері күлімдеп, екі беті нарттай жанып, қалың еріндеріне жиналған күлкі табын жасыра алмай жымия берген.



  • Рас айтамын аға, қазақтардың жылқысы шынында да азайып қалды, – деп Мұса енді еркінси бастады.

  • Е не, қасқыр шауып жатыр ма оларға!..

  • Қасқыр емес, жылқыға қазақтар шауып жатыр, аға!


Екі бетін түк басқан шешен жігіттің әжім-әжім маңдайындағы қос жанарының өткір сәулесі жарқ етті де, екі иығы селкілдеп кеңк-кеңк етіп күліп тұрған Тельман ағасына қараған.


–Аға, күлмеңіз бұған!


Мұсаның қатқылдау шыққан үнінен секем алған Тельманның күлкісі ізім-ғайып жоғала қалды.



  • Күлмеңіз, аға! Ауылдағы қазақтардың малына да, жылқысына да қасқырдан бетер адамдардың шапқаны опат болды.


Мұсаның айтқанындай бұл күлетін жәйт емес еді. Соңғы уақытта қазақ ауылдарындағы мал ұрлығының етек алғандығы соншалықты, жұрт енді мал ұстауға да қорқа бастады. Ана бір жылдары қала іргесіндегі бір ауылда тұратын жалғыз басты әйелді қарақшылар аяусыз өлтіріп, қорасындағы бар малын тиеп алып кеткені де бар. Осы оқиғадан кейін ауыл қазақтары қорасындағы малы ұрының қолында кеткенше онан да сатып құтылайын деген әрекетке көшті. Сатқанда да тұздығы татырлық баға болса бір сәрі еді-ау! Бір тоқтының құны таңертең кисең кешке жұлығы түсіп қалатын базардағы қытайлық етіктің нарқына да жетпейді ғой, шіркін!



  • Жылқы жарықтық азаймағанда қайтсын, – деген Мұса мысы басылып қалған ағасына. – Ойбай-ау – деді қызбалыққа салынып: – Бұрын осы сіз соғымға деп жылына бір-ақ рет жылқы сойып алмаушы ма едіңіз?..

  • Иә, иә…

  • Ал, енді қараңыз, жылқының етін қазір сіз күн сайын жеп отырсыз ғой. Көкшетаудың базарындағы сөрелерде қысы-жазы қайысып та, қарайып та жататын жылқының мол етін бұрын-соңды қашан көріп едіңіз?!. Ауылды


 


сорлатып малын тонап жатқан ұрылар да, жеп жатқан жемқорлар да өзге емес қазақтардың өздері…



  • Иә, иә…


Манадан бері мына шешен жігітінің айтқандарын басын шұлғып мақұлдаудан басқа амалы қалмай отырған Тельманның көңіліндегі манағы қуаныштың ошағындағы отына Мұсаның соңғы бір ауыз сөзі су сепкендей әсер етті. Тұла бойы мұздап сала берді. Қан қысымы көтеріліп кеткендіктен бе, әйтеуір тау жігітінің ендігі айтқандарының бірін естіп, бірін естімеген қалпы меңіреу күйге түсті.



  • Жылқы жарықтық азаймағанда қайтсын. Манағы ойын Мұса онан әрі жанығып жалғастырып жатыр.


Оллаһи-биллаһи, еті тәтті екен деп былай жей берсеңіздер жылқыдан тұқым да қалмас. Қазақтар қазір кез-келген қонағына да, тойына да қыс болсын, жаз болсын жылқы соятынды шығарды.


Барлық қазақ атаулы тап бір өзінің қорасынан жылқы алып сойып жеп жатқандай екілене сөйлеп тұрған Мұсаның мына айтуының да жаны бар. Бір ауыл келесі бір елдің жылқысын үйірімен айдап әкету әрекеті белең алды. Жерге алғашқы қар түссімен жылқыны шекара асырып, орыс қалаларына өткізіп жіберетіндер де кәнігіп алған әбден. Сонан да болар күш көлігі барлар қазір қысқы соғымдарын іргедегі ірі орыс қалаларының базарларынан сатып әкеліп жеп жатыр. Жыл бойы оңтүстік облыстың жидек-жемісін тасып солтүстіктің базарларына салып жатқандар да енді құр бос қайтпайтын болған.Олар да ауыр жүк машиналарына не көк қарағай, не жылқы малын тиеп алып, жылы жаққа апарып соларды саудалауды қолға алған. Ен даласынан тіс шұқырлық ши табыла қоймайтын шөлді аймақ үшін Көкшенің көк қарағайы да, ерте көктемнен бастап қара күзге дейін жап-жасыл болып жайқалып тұрар Көкшенің көк бетегесіне тойынған жылқы малының бал татыған еті де өтімді болуға айналғаны қашан. Сарыарқаның төскейіне ел ордасы Астана қаласы орныққалы да Көкшенің көк қарағайы мен қылқұйрығына да сұраныс көбейіп кетті. Қарағайдан үй салғызбаса тынысы тарылып ұйықтай алмайтын және Көкшенің семіз жылқысының жал-жаясын жемесе ішкендері ас болмайтын қалталы шенеуніктер қаптағалы орманға да, малға да кесел тигендей болды. Алматыдан билігімен бірге көшіп келіп жатқандарға үйін салып береміз, асын тауып, қонағын күтіп аламыз деп жанығып та, жағынып та жүргендер жұтып жатыр бәрін де. Ауылдарды аралап жылқысын саудалап сатып алып жатқан астаналықтар көбейгелі баға дегенің де шарықтап шыға келді. Жылына бір келетін соғымы үшін мал сатып алып жеудің өзі де енді арманға айналып бара жатқандай…


Байлығына масайрауға келгенде бірінің даңқын бірі көміп кете беретіндер қазір өздерінің не бір дәмнен сыңсыған дастархандарына Көкшенің жылқысының етін тартуды да мерей санайтын болған. Жарықтық қазанға салғаннан-ақ иісі бұрқырап шыға келетін семіздің бабымен піскен жал-жаясы мен қазысын кертіп жеп, ықылық атып отырған қонағына:



  • Биылғы соғымды да Көкшеден алғыздық, – деп бір айтып қалмаса беріп отырған асының берекесі кірмейтіндей лепіретін тоқ көңіл.


 



  • Ойбай-ау әлгі байсымақтарды айтамын, – деп Мұса онан әрі қызбаланған. – Еркек малдың етіне мұрындарын шүйіре қарайтындықтарын қайтерсің?!. Бәрінің де іздегендері еті дәмді келетін ұрғашы мал. Союға бәріне де байтал, бесті бие керек. Үйірдегі түсіп құлындайтын малды сойып жеп, жылқысын өсімсіз қалдырып жатқандықтарын қала қалталылары ойлап та жатқан емес.


Осының бәрін бір деммен мүдірмей жеткізген Мұса: – Қазақтардың қазір қатындары да, жылқысы да қысыр қалып жатыр, өсім жоқ – деп екі иығы селкілдеп, қою қара кірпіктерін жиі қағып, қарқылдап күліп алды.



  • Әй, әй… не деп кеттің осы сен, – деп манадан бері өзінің жан дүниесінің тыныштығын бұзған ауыр ойлардың салмағымен езіліп, есеңгіреп, меңіреу күйімен мәңгіріп отырған Тельман отырған орнынан тұра берген.

  • Сіз бұған намыстанбаңыз! “Айғыры жаман үйірді қасқыр алмаушы ма еді”, –Тельман Ерденович!


Бар қазақтың қазіргі күйін сол қазақтың осы бір мақалымен-ақ түйіп, өз тапқырлығына өзінен өзі масаттанып тұрған Мұса ішегі қатқанша күлсін-ай келіп. Көзінен аққан жасты қол орамалымен сүртіп жатып: – Ал, аға мен қайтайын енді. Жылқының осындай жыры көбейгесін ол кәсібімді тастағанмын әлдеқашан. Қазір ағаштан үй бұрап, соны сатумен айналысамын, қазіргі өте тиімді, өте ақшалы кәсіп бұл! Бұйырса сізді де мына тар үйде отырғызып қоймаспын. Қаланың ортасынан ойып тұрып орын алсаңыз болды, ағаштан жаңа бір үй тұрғызып беремін. Оның іші-сыртын бар ғой европалық үлгімен жасандырамын. Әлгі Алматыдағы інім де жора-жолдастарымен келе қалса әкесінің хан сарайындай үйінде аунап-қунап жатуы керек қой…


Мұсаның ағаштан жаңа бір үй тұрғызып беремін деген сөзін Тельман анық естіп еді. Күңгірлеп бітеліп қалған құлағы да ашылып, жаны да жадырап сала берді…


***


Аралағаш ауылының бас көтерер азаматтары әр жерде тұрып жатқан жерлестерінің бәрін де тізімдеп, бәрін де туған елдеріне шақырып жазған хаттарын аудан орталығанан почта арқылы жөнелткеннен кейін дайындыққа кірісіп те кеткен болатын.


“Құлтөбенің басындағы күнде жиын” енді осы ауылдың көшесіне көшкен. Ауылдастарының басын қосу ісіне ұйтқы болып, сол істі ұйымдастырушылардың бірі -– Жанат еді. Ұзын бойлы, ат жақты Жәкеңнің қызыл шырайлы өңіне сән беріп тұрған күміс сақалы мен қырау шалған басы болмаса жас шамасы пайғамбар жасы дейтін мөлшерден енді кетіп барады. Тельман екеуі бір жылдың төлдері, құрдастар. Екеуі мектепке де бірге барды, бірге оқыды. Қойшы әйтеуір бұл екеуінің бір елдің топырағынан жаралғандарынан бастап өмірлері де ортақ бір мүдде, асқақ арманмен жалғасқан-ды.


Бейкүнә сәби күнгі сол адал арманың күйкі тіршіліктегі есеп бақастыққа барып ұласып жатса, бұл да қасірет екен. Ауылдағы сегіз жылдық мектепті аяқтаған күзде Тельман болса Көкшетаудағы интернатқа кетті де орта білім алуын онан әрі жалғастырды. Жанат болса Бурабай маңындағы Қатаркөл


 


кентіндегі ежелгі оқу орнының бірі – мал мамандарын даярлап шығаратын техникумға түсті. Жанат та Көкшетауға барғысы келген, Тельман досынан ажырағысы жоқ-ты.



  • Балам, деген бір күні әкесі. – Көзімнің тірісінде бір мамандық алып ал. Бір әулеттен мен жалғызбын, менен сен ғана өсіп отырсың. Сен менің балам ғана емессің, арқа сүйеп жүрген ағам да сенсің, тірек етіп жүрген інім де сенсің…


Үнсіз қалған әке жанарына қарап еді, қою қара қасты қабағын түйіп алған қалпы, кеудесі көріктей көтеріліп барып ауыр демін алды. Қашан болсын жатаған там үйдің төрінде жасаулы тұратын шағын дастархан басына отырып, ауқаттанып алғаннан кейін сол араға қисая кетіп, біраз жатып тынығатын. Арқат қарияның күрсінетін күйі бір бүгін емес еді. Есін біліп, етегін жапқалы күрсініп, күйініп келеді. Кедей-кепшікті жарылқаймыз деп атқа қонған шолақ белсенді коммунистерден-ақ теперіш көріп бақты. Кеңес үкіметі орнаған кезеңде әкесі Жаңабатыр қажының мал-мүлкі кәмпескеге бір түссе, өзін жер аударды. Әйтеуір, бір зобалаң күн туғанын іші сезген қажы бір түнде бала- шағасын алып, Омбы жаққа өтіп кетіп, жан сауғалады. Қажыға топырақ та сол арада бұйырды. Жарықтық соңғы аманатын берер шақта зіңгіттей бес ұлын жанына отырғызып қойып, өсиет айтқан.



  • Мен не көрсем де бір Алланың жазуымен болды – деген бір ауыз сөзін үзіп-үзіп айтқан қажы демін бір алып, айтар аманатын онан әрі сабақтаған.

  • Қандай заман болса да адам баласынан ешнәрсе сұраушы болмаңдар, бәрін де бір Алладан сұраңдар, - деген қажы өз өсиетінде. – Жарылқаймын десе бір Алла ғана жарылқайды. Менің әулетіме өтірік, өсек, ұрлық, арамдық жақпайды. Осыдан аулақ болыңдар.


Мұнан кейін қажы өз ұлдарына туған жерін аманаттаған. “Түптің түбінде заман түзелер” – деген жарықтық. Сондай күн туа қалса елге қайтыңдар.


Ұрпағының болашағына алаңдаған көңілінің күйігі өзегін ыстық жалынмен өрттеп жатқанына қарамастан қажы сабырлы сөйлеп бақты. Әзірге елге қайту ертерек екендігін, қазір ол жақта кеңес үкіметінің жауларын іздеп табу науқаны жүріп жатқанын, әкесі баласын, баласы әкесін жау етіп көрсетіп, ағайын болып жауласып, жанығып жүргендіктерін күрсіне айтқан.



  • Сендерді де жау етіп көрсетіп айдаттырып жіберулері әбден кәдік. Заман-ай… бай болғанымды да, қажылығымды да енді сендерге көз түрткі қылар. Бәріне де шыдаңдар, көніңдер, қарақтарым!.. Мен өз ұрпағым сендерді аман сақтап қалудың қамымен туған жерімнен кетуге, қашқын атануға мәжбүр болдым. Енді сендер де өз ұрпақтарыңның кіндігін үзіп алмауды ойлаңдар…


Қажының осы бір соңғы өсиетін балалары өксіктерін баса алмай тыңдап


еді…


Заман-ай!..     Ыдыс-аяғы жиналмаған дастархан жанында шалқасынан


түсіп, демін алып жатқан Арқат шал да қажы әкесінің осы бір ауыз сөзін күрсіне есіне алды. Өз заманының қатты бір иіріміне тап келді ме, кешегі әке аманатын бірге отырып, бірге тыңдаған сол бір бес ұлдан сопайып бір өзі ғана қалды. Кеңестер мен фашистер арасындағы бес жылға жуық созылған соғыс


 


жалмап кетті бұларды. Майдан даласынан оралмаған бауырларын орыс жеріндегі әке шаңырағында отырып ұзақ тосты. Әскери комиссариаттарға сұрау салғанымен, бәрінің берген жауабы, хабарсыз кетті дегеннен аса алмады. Туған еліне көшіп кетсе, соғысқа кеткен бауырлары келіп қалып, әке шаңырағының орнын сипап қалар деген оймен ұзақ жыл бөгеле берді, тәтті бір үмітпен өмір сүрді. Жаралы көңіліндегі көп үміттің бірі – жалғыз ұлы Жанаты еді. Бәйбішесі Асылтас дүниеге әкелген сегіз баланың жетеуі жер қойнында қалды. Бірінен соң бірі шетіней берген соң осы Жанатын туа салысымен қажы әкесінің қолда қалған тымағына салып, керегеге ілгізіп қойған. Жаратқанның рахымы түсті ме, сол бала әйтеуір тұрақтап қалды. Соған да шүкіршілік қылып, өз кіндігінен өрбіген сол ұлын алып соғыстан қайта алмай жүрген төрт бірдей бауырының үміті мен үнін келер күндерге, өшпес күндерге Жанаты жалғар деген ниетімен тың игерудің дүрбелеңі басталған жылдары ата жұртына көшіп келіп, елін тапты.


***


Қатаркөлдегі техникумдағы оқуын үздік аяқтап, қолына қызыл дипломын алған Жанат та бөлімшенің зоотехнигі деген қызметтің тізгінін ұстады. Жас әрі алғыр, оның үстіне бұл мамандықтың не быр қыры мен сырын жетік білетін ұстаз алдын көргендіктен бе шаруасын дөңгелетіп әкетті. Қоғам малын күтудің, бағудың жаңа бір әдістерін үйретіп, зыр жүгіріп жүріп оны да меңдетті. “Қойшының таяғынан” дейтін ырымшыл халықтың текке айтпаған осы бір ауыз сөзін Жанаттың әр қадамы айғақтап тұрушы еді. Фермадағы іс оңға басып, мал өнімі жақсарып сала бергендігіне риза болған шаруашылық директоры Антон Генрих мұны бір күні өзіне шақыртып алғаны бар. Жасы болса біразға келіп қалған, өңінен шаршағандықтың ізі білініп, қос жанарының асты күлтеленіп ісіңкіреп тұрған Антон бұған былай деген:


- Ай да молодец, Жанат! Жұмысты міне осылай істеу керек!..


Жанаттың мақтауын біраз жерге апарған Генрих мырза Көкшетаудағы жаңадан ашылып жатқан ауыл шаруашылығы институтының сырттан оқыту бөліміне оқуға түсуді міндеттеген. Обалы нешік Жанатқа өз баласындай қамқор көңілін білдірген. Осы шаруашылыққа қазір-ақ бас зоотехник етіп қойғысы келетіндігін жасырмады. Ертең ол үшін жоғары білім қажет екен.


Елгезек Жанат та бұл істі ұзаққа созып алмай Көкшетаудағы жоғары оқу орнына сырттан оқитын болып орналасып алды. Техникумнан алған терең білімі әрі өндірісте жүріп жинақтаған тәжірибесі бар Жанат үшін жұмыс істеп жүріп оқудың ешбір қиындығы да бола қойған жоқ. Сессия дейтініне жылына бір барып бір курсын аяқтап келіп жүрді. Институттағы оқуының екінші жылын аяқтап келген бетте Жанаттың қызметі де жоғарылап, бас зоотехник деген лауазымды иеленді. Қат-қабат шаруаны сеніп тапсырып кете алатын бір бас маманның табылғандығына директордың өзі де қуанған. Кезекті еңбек демалысына шықса да, әлде бір жерге ұзақ жүретін іссапарға кететін болса да директорлық міндетті уақытша атқаруды Жанатқа сеніп тастап жүрді.


Кезекті бір сапарынан жайдары көңілмен оралған директорына өзі жоқта атқарылған іс жайында есеп бере бастаған Жанатты Генрих тоқтатып тастағаны да бар.


 



  • Жарайды, жарайды… Қажеті не соның… Мен саған әбден сенемін ғой!..

  • Рахмет оныңызға! Дегенмен де есеп бергенім дұрыс қой.

  • Қажеті жоқ оның, деп Антон орнынан тұрып, сәл бөгеліп тұрып: – Сен білесің бе, жасым болса келіп қалды. Мен енді зейнеткерлікке шығамын. Осы қызметті де, осы шаруашылықты басқаруды да саған беріп кетсем деп ойлап жүрмін.

  • Антон Людвигович, мұныңыз не? Мен әлі… мен әлі жаспын ғой!., –деп тап қазір бүкіл шаруаны мойнына артып, тастап кеткелі тұрғандай Жанат ыршып түскен.

  • Жас емессің! Үйленбегенің болмаса жас емессің сен енді!


Бастығының үйлену жайлы сөз қозғауы мұң екен Жанаттың екі көзі күлімдеп, жүзі бал-бұл жанып нұрланып сала берген. Сол сәтте институтта өзімен бірге оқып жүрген, бір көргеннен жанына жағып, жүрегін дір еткізген бидай өңді, қолаң шашын төбесіне түйіп алып, мұны көрсе болды бота көздері ерекше бір мейірленіп, күлімсіреп сала беретін Рауза есіне түсті. Жанында жүргенде мән бере қоймайтын сол Рауза енді міне мұның жан дүниесінің астан- кестенін шығарып, сағынышқа бөледі. Раузаны тұңғыш рет сағынды. Көргісі келді, сөйлескісі келді. Бұрын-соңды жігіттік жасап көрмеген еді, енді сол Раузасы қазір жанында тұрса, бас салып, құшақтап, сүйгісі келді. Алабұртқан осы бір сезіммен жұмысын тиянақтап бітірсімен Рауза тұратын көрші ауылға барған. Сол ауылдың кеңсесінде есеп-қисап жұмысында қызметі бар Рауза да орнында екен. Ішкі ыстық сезімінің қуатынан жан дүниесі алаулап тұрған Жанатты көріп, Рауза да қыз көңілінің ынтықтығы мен қуанышын жасырып тұра алмады. Көңіл түпкіріндегі мөлдір сезіммен ұғынысқан екеуі сол кеште-ақ қол ұстасып, жұбайлық өмірлерін бастаған. Ақтығы мен пәктігін сақтаған қалпымен Рауза келін болып Арқат шалдың босағасын аттаған…


***


Жерлестерінің шақыру хатын қолына ұстаған қалпы Тельман ұзақ ойланды. Манағы есін алып, миын айналдырған Мұсаның көп сөзінен кейін бір уақ санасын дір еткізген ойларға ерік берген.



  • Елге қалай барамын?!.


Санасына қылаң берген осы бір сауалдың түп-төркінінде “елге не бетіммен барамын” деген азапты ой жатқан-ды. Және де шақырту хатты жазып, соған қол қойғандардың бірі ауыл молласы Жанат болса ше?!.


Әттеген-ай деген бір өкініш өзегін өрттеді осы сәтте. Билік дегеннің тұрлаусыздығына мән бермегендігіне өкінді. О дүниенің жауабы өз алдына! Тіршілігіңде қаншалықты билігің жүріп, бишігіңді үйіргеніңмен түптің-түбінде жасаған қиянатың үшін тірі күніңде әйтеуір бір жауап беретіндігін енді ұққандай.


Тірілер алдында тірі жүріп жауап ұстаудың азабын айтсайшы бәрінен де! Сол азапты бұл енді тартар ма екен?! Жер басып жүрген екі аяқты пенделер алдында да көзі жұмылып кеткенше жауап ұстар болса, Тельман ең әуелі кімнің алдында ар азабымен қиналар еді?!.


Ащы ішектей бірінен соң бірі шұбатылып кете барған ойлар мұны өз тұтқынына әбден алып еді. Жүрегі қысылғандай болып, тілінің астына салған


 


түймедей ақ дәріні сорудың орнына жұтып жібергенін де білмеді. Сол бір азапты ойлардың жылан арбауына түсіп, ағыл-тегіл терлеп отырған Тельман әйелінің де үйге кіргенін сезбеді.


Жасы біразға келіп қалса да әлі де өңін бере қоймаған Зүлфия күйеуінің меңіреу күйін көріп шошып та қалды.



  • Не болды саған? Нимә?!


Зейнеткерлікке бес бала туып ертерек шыққаны болмаса Зүлфия әлі де ширақ еді. Дәрігерлік тәжірибесі барлығына сүйеніп, бірден Тельманның қан қысымын өлшеген. Қалыпты жағдайдан көп асып кеткен қан қысымын түсіретін дәрі беріп, күйеуінің басына жастық салып, сол отырған орнына ептеп қисайтып жатқызып қойды да, дереу жедел жәрдем шақыртты. Жедел жәрдемнің дәрігерлері де Тельманның қан қысымын өлшеп алды да, әлдебір дәрімен ине салды. Кетерлерінде орнынан қозғамауды, жағдайы нашар болса өздерін қайра шақыру қажеттігін ескертуді де ұмытпады.


Сүт пісірімдей уақыттың аралығында Тельман есін жиғандай болды. Қолын сипап бас жағында отырған Зүлфиясын көріп, тұрмаққа ұмтылып еді, әйелі зыр-зыр етті: – Тұрма, тұрма! Қозғалушы болма!


Дәрігер әйелінің айтқанын екі етпейтін дағдысымен Тельман басын жастыққа қайта салып, жайбарақат күйге түсті.


Зүлфия болса қазақша мен татаршаны араластыра сөйлене жүріп, күйеуіне жеңіл-желпі ас әзірлеуге кірісті. Кей-кейде бір сөйлеп кетсе аптығы басылмайынша тоқтай қоймайтынын айтпасаң Зүлфиясы Тельман үшін жаман әйел бола қойған жоқ. Ауылдан шыққан Тельман сияқты жаман қазақтың баласын мен адам қылдым деп намысқа тиетіні болмаса, бұдан басқа оғаш қылығын көрсете қойған жоқ. Ал, енді Тельманның мансаптағы жолы болғыштығына қарасаң Зүлфияның да бұл сөзінің жаны бар ма деп қаласың…


Көкшетаумен іргелес жатқан Атбасардың көп татарының қыздарын алған біраз қазақ жігіттерінің бақтары жанды десе де болғандай. Ертеректе осы Атбасардың татар көпесінің қызын алған дөкей бір азамат билік басында отырды да, әйелі татарлар татымды болып, іске жарап тұрды.



  • “Әйелім татар болса – Алматы, орыс болса – Мәскеу қолдар еді”, – деген ащы да болса шындық бір сөзді еңбегі жанбай жүрген кей қазақтың азаматтары сол кездері тегіннен тегін айтпаған да болар. Бұлаңы көп түлкі заманның олжасы мен мансабын тазыдай ілеміз деген үмітпен талай бір қазақтың марқасқалары басқа ұлттың қыздарына бұйырғанын да қайтерсің?!. Өкінесің, өкінесің де қоясың… Сол өкініш өзегіңді тессе де көніп келесің бәріне де. Алайда сол өкінішті кей-кейде қалжыңмен болса да айта білгенге де қазақи көңіл шүкіршілік қылады әйтеуір.


Мансаптың мақсатты баспалдағымен жоғарылап, қызметі өсіп, шаруашылықтың бас мал мамандығынан енді аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бас зоотехнигі болып ауысқанына көп болмай жатып, Тельман өз шаңырағында үлкен бір қонақтарды қабылдаған. Ауданға іспен келген облыстық партия комитетінің хатшысы Алма Тәкеноваға бір шай беру үшін өз үйіне алып баруға әйелінің орыс болғандығынан ыңғайсызданды ма, ауданның бірінші хатшысы Әмір Қалиевич қолқаны Тельманға салған-ды. Обалы нешік,


 


қонақтар келетін кезде Тельманның кең үйінің кең дастарханы мол тағамымен жасалып тұрған. Бауырсақтан бастап, шақ-шақ дейсің бе, не бір тәттілер мен арақ-шараптың ең бір тәуірлері дастархан үстінде самсап, көзіңді де, көңіліңді де тойдырғандай. Сол тоқ дастархан басына қонақтар да ерекше бір тоқ көңілмен келіп жайғасқан-ды. Алманың да келісті көркі “ анаңнан сені тапқан айналайын” дегізерліктей екен. Екі бетінің ұштары сәл қызаңқырап, қой көздері әрдәйім күлімсіреп тұратын Алманың шиедей балбыраған сәл қалыңдау еріндері, қою қара қастары мен ай маңдайлы ажары қай тәбетіңді болса да ашпай қалмас еді. Әрдәйім лауазымды қонақ күтуге әккіленіп алған Зүлфия да мына арумен өз сұлулығын салыстырғысы келгендей тал бойына жараса кетер бар тәуірін киіп алып, дастарханға ананы-мынаны әкелген болып ерсілі- қарсылы жүріп алды. Қаз мойнына салып алған алтын алқасының сүйірлеу ұшы жүрген сайын ашықтау тұрған омырауының үстінде ойнақ салып, еріксіз назарыңды аудартады екен. Зүлфияның жалаң омырауындағы алтын алқа жарқ еткен сайын хатшының да қос жанары жалт етіп, сол бір жарқыраған жерге қадала берген. Үйіңе келген ұрың арсыз болса атыңа, қонағың арсыз болса қатыныңа көз салар дегенің осы шығар. Дәл қазір қатынының омырауына көзін салмақ түгілі қолын салса да тырп етер Тельман ба?!. Бір ауданның малының да, жанының да тағдыры бір өзінің қолында тұрған біріншінің назары өзіне ауғанын сезген қу әйел Әмірді онан әрі ынтықтыра түсейін деді ме, әдемі нәзік дауыспен қонақтардың құрметі үшін деп “Ғалиябануды” сызылтқан.


«Машинаның тәгәрмәсе нигә сигез булмаған, Бұл дүнияның хизықларе нигә тигес булмаған!»


Пау, шіркін! Зүлфияның үзілдіре салған мына әнінің және ішке түскен армиян коньягінің қызуына мына тоқ дастархан басындағы қос сұлудың желігі қосылып біріншіні әбден есінен тандырды. Оң жағында отырған Алманың обком хатшысы екендігін де ұмытып кеткендей, еркінси бастады. Тыңқаланың жоғары оқу орнында Алма екеуі қатар оқып, қатар бітіргендіктерін қайра-қайра еске алып, дастарханды бір өзі билеп-төстеп отырған Әмір не бір әдемі де орынды әзіл, қалжыңдарымен бұлардың езуін мүлдем бір жиғызбады.



  • Күні бүгінге шейін осы сен неге тұрмысқа шықпай жүрсің, ә?!. – деген осы бір сауалды манадан бері Әмір өзіне бірнеше қайтара қойғанымен Алма сабыр сақтап бақты.

  • Көз тоятын көркің, екінің бірінің қолы жете бермейтін кісі қызығатын қызметің бар саған бойдақ жүру жараспайды енді. Мынандай товардың құр қалып жатуының өзі-ақ өкінішті!..


Осы бір өкінішін айтқан сайын ажарлы Алманың алабұртқан сұлу жүзіне қысықтау көздерімен тесіле қадалып, Әмір елтіп отыр.



  • Туһ, Әмір сұрай беріп қоймадың-ау қай-қайдағыны – деп Алма да сәл жымиған.

  • Ақыры сұрап болмадың, байға неге тимей жүргенімді айтайын ба?!.

  • Айтсайшы енді, – деп Әмір өзінің тағатсыздығына басты.

  • Айтыңыз… айтыңыз – деп Тельман да сыпайлылық танытты.

  • Айтсам сол, – деді Алма қыз намысының жігерімен. – Қайтейін енді, қазақтың іске татитын бірінші сортты жігіттерін орыстың қыздары, екінші


 


сортты жігіттерін татардың қыздары иемденіп алды. Ал, мен үшінші сорттыларға шыққым-ақ келмей жүргені!..


Нысанаға дәл тиген сөз болды бұл. Тельман мен Зүлфия жалт етіп Әмірге қараған. Бірінші іренжіп қалмас па екен?!.


Осы бір ой тұтқынында үнсіз отырып қалған Тельман мен Зүлфияның күдікті көңілдерінің тұманын Әмір Қалиевичтің екі иығы селкілдеп, рахаттана ұзақ бір күлгені сейілтіп жіберген-ді.


***


Сол бір кештен бастап ықыласы әбден ауған Тельманды Әмір Қалиевич көп ұзамай өзінің туып-өскен ауылының шаруашылығын басқаруға жіберді. Зейнеткерлікке жасы келіп қалған шаруашылықтың бұрынғы директоры Антон Генрих өз орнына Жанатты лайық көргенімен, – кадр мәселесін аудандық партия комитеті өзі шешеді, - деп Әмір ырық бере қоймады.


Қу тіршілік кімге опа берсін?!. Мұраты мен мақсатына кім жеткен дейсіз?!. Санасына қылаң берген осы бір ой жетегімен Жанат шаруашылыққа жаңа келіп жатқан директордың кабинетіне кірген. Директорлығы жаңа демесең, осы ауылда өзімен бірге ойнап өскен, бірге оқыған баяғы Тельман емес пе?!. Әйтеуір жат біреудің келмегеніне қуанған. Адал көңілімен ақ ниеті мен тілегін білдіріп, өзі жауап беретін мал шаруашылығы саласындағы істің мән-жайын баяндап берген Жанаттың сөзін Тельман ықылассыз тыңдады. Мектепте оқу оқығанда білімімен алдын орай берген Жанаттың бұл елдегі абырой-беделі де аспандап тұрғандығын әбден білетін. Оның үстіне осы шаруашылық директорының тағынан үміткердің біреуі де осы Жанат еді. Ендігі директорымыз Жанат болса екен деп оның тілеуін бүкіл ел болып тілегендері және де бар. Мені бетімнен бір алса және де алдымды да орай беретін түбінде осы Жананат болар деген оймен шаруашылықтың жаңа директоры Тельман бұған бірге өскен бір жылдың төлі едік қой деп жылы қабақ таныта қоймаған. Бірден ықтырып, биліктің кімнің қолында екендігін көрсетіп, өзінің ел алдындағы айбынын асырғысы келді ме шаруашылықтың партия жиналысының кезекті бір күн тәртібіне мал шаруашылығының барысын шығарып, бас зоотехник Жанаттың есебін тыңдатқан.


Мал басының өсімі, оның өнімдерін өндіру мен мемлекетке тапсыру болсын, аудан бойынша алдыңғы қатарды ұстап тұрғаны бар Жанат есебін еркін берді. Саланың өркендеуіне сыни көзбен қарап, бірер кемшіліктерді айтудан да жасқанған жоқ. Өркендеу үшін қандай шаруа тындыру қажеттігін де байсалды қалыппен байыптап берді.


Жанаттың есебін талқылап сөз сөйлеген мал өсірушілер мен орта буын мамандарының бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай “осы табыстарымыздың бәріне бас зоотехнигіміздің арқасында қол жеткіздік” дегендерін естіген сайын директордың мазасы кете бастады. Қызғаныш деген қызыл ит ішінде жатып алып, қыңсыласын-ай келіп. Мыналардың “бас зоотехнигіміз” деп өрекпіген көңілдерін қайтсе де басып тастауы керек. Әйтпесе … иә әйтпесе күні ертең мұның өзіне жабыла кетулері кәдік.


Жан дүниесі қызғанышпен қуырылған қалпы Тельман мінбеге шыққан. Жаңа басшыларының не айтары бар екен деген оймен жұрт тына қалды.


 


Тамағын бір қырнап алған Тельман бірден Жанаттың атқарып келген бар істерін жоққа шығаруға кіріскен.



  • Мен де мал маманымын, – деген Тельман салған жерден. – Тәжірибем сіздердің бас зоотехниктеріңізден әлде қайда артық жатыр. Бір ауданның мал шаруашылығына басшылық жасағанмын.


Тельман әуелі өзінің атқарған қызмет жолына шолу жасады да, бірер аптаның ішінде өзі байқаған кемшіліктерді, алда не істеу керектігін айтып ұзақ сөйледі.



  • Бұл шаруашылықтың бас зоотехнигі ірі қараның мүйізін кесіп, тұяғын жонудан басқа дәнеңені білмепті, – деді Тельман бір сөзінде. – Етті молайту үшін шошқа өсіру жөніндегі жоғарыдан беріліп жатқан нұсқауды орындау әлі де қолға алынбаған…


Алқа қотан жұрт алдында Тельманмен сөз таластырып сағын сындырмай- ақ қояйын деген пайымымен Жанат үндемеді. Жиналыс тарқағаннан соң, Тельманның кабинетіне кіріп өз ойын ортаға салған.



  • Тельман Ерденович, – деген Жанат ресми ретпен, – менің атыма айтқан манағы сыныңызбен келіспейтін жерлерім бар. Ауыл шаруашылығын терең білмей де басқаруға болады, бірақ ақымақтықты төзбейді деген екен ертеде бір данышпан!..

  • Сондағы сенің ақымағың менмін бе?! – деп Тельман шарт кетті. – Тапқан екенсің ақымақты?..


Екі көзі қанталап, орнынан атып тұрды, сонан кейін байыз таба алмай ерсілі-қарсылы екпіндей жүріп Жанатты жерден алып, жерге салсын-ай келіп. Өзің директор бола алмай қалған соң көре алмай отырсың… Менімен мектепте оқып жүргенде-ақ бақас едің… Ертеде кәмпескеленіп кеткен ата-бабаңның кегін алайын дедің бе?!


Несін айтасың осы бір тектес айыптауларды Жанат үнсіз тыңдаумен болды. Біраздан соң арыны басылып, креслосына келіп отырған Тельманның қарсы алдына таяп келді де, шиыршық атқан үнімен сөз бастады.



  • Мал құлағы саңырау, мына айтқандарыңды екеумізден басқа бөтен біреу естімей-ақ қойсын, – деген Жанат ашуын ақылға жеңдіріп. – Елге айқайлап басшы бола алмайсың. Манағы менің атыма айтқан сындарыңның негізсіз екендігін білген жұрт мырс-мырс күліп отырды. Сол арада орнымнан атып тұрып, ойланбай сөйлеген сөзіңе ойлы дәлелімді айтқанымда, іштерінен тынып отырған халық саған бас салатын еді. Қанша айтқанмен бірге өскен, бір елдің бір жылғы төліміз ғой деп талатқым келмеді… Абыройыңды сақтадым… Жанат өз сабырымен-ақ сағын сындырды Тельманның. Жынын алған


бақсыдай екі көзі бақырайып, үнжұрғасы түсіп қалған директорының мына бейшара күйі жатырынан болмаған тексіздігін аңғартқандай. Жанаттың кешегі ата-бабасының есігінде жүрген құлдан туған құл ғой негізі… “Құм жиналып тас болмас, құл жиналып бас болмас”, – дегенді айтып кеткен адам данышпан-ау, шіркін!


Көмейіне келіп сабақтала берген осы бір ой жібін осы арадан түйіп тастады да, Жанат онан әрі сөйлеп кетті: - Қазір бүкіл әлем болып мүйізі жоқ мұқыл сиыр өсіре бастағанын білмеуші ме едің?! Үнемі бірін-бірі бүйірлеп,


 


мүйіздеп жүретін ірі қара мал бірін-бірі жарақаттамасын деген оймен жазға салым мүйіз кестіретінім рас. Ал, енді алты ай қыс бойы бір орында байлаулы тұрған малдың тұяғы өсіп кететіні болады. Сол өскен тұяқ жазды күні тасқа тиіп сынбасын, мал ақсамасын деп бар малдың тұяқтарын жонғызатыным да рас… Мұным маған тағылар айып па екен?!.



  • Осы ауылдың қотанына шошқа әкеліп өсіремін деген ойыңды мүлдем қой! Арамдамаған дүниелерің аз ба еді?.. Заты неміс демесең күні кешегі директорың Генрих та бір орысы жоқ осы елдің халқын сыйлады, қорлаған жоқ. Жоғарыдан берілген нұсқауды орындаймыз деп шошқа өсіруді қолға алғандардың да жетіліп кеткені, жетісіп қалғаны шамалы… Оны саған айтып жатудың қажеті де шамалы. Осы аудандағы шошқа өсіріп, оны көбейту науқанының басы-қасында жүргендердің де бірі өзіңсің…


Жанаттың осы айтқан әр сөзі Тельманның көкейіне кек болып қатты. Қанын ішіне тартып, сұрланған өңінен кісі шошырлық еді. Кабинетінен шығуға ыңғайланған Жанатты үндемеген қалпы суық көзімен шығарып салды. Мұның алдына келіп иіліп жастық болар деген Жанаттың әңгімесінің төркінін қара. Әлден ықтырғысы келгендей мұны. Осы ауылдың бар халқын өзіне қарсы салып қойса, бәрі де Жанаттың айтқанын жөн санап өрекпиін деп тұр. Кеш болмай тұрғанда Жанаттың абыройын айрандай төгіп, жұрт алдында бір масқаралап алмаққа бекінді. Кек қуған пиғылымен ауданға барған. Баяғы өзін қолдап, қолпаштаушы бірінші хатшының алдына жүгініп, шаруашылықтың бар жағдайын айтқан. Айтқанда да адалын айтпай, қара аспанды төндіріп, шұғыл шара қолданбаса Аралағаш ауылының шаруашылығының жағдайы құрдымға кеткелі тұр. Ертең мал жаппай қырылса ауданды басқарып отырған біріншінің абыройына дақ түсетіндігін, әне-міне жоғарылайын деп тұрған жолына тосқауыл болатындығын аңғарта білді.


–Не істеуіміз керек? Қандай ұсынысыңыз бар?.. Тершіген маңдайын қол орамалымен қайра-қайра сүртіп отырған аудан біріншісінің аузынан осы сөздің шығуын күтіп отырған Тельман селк ете түскен.



  • Мен олай да, бұлай да ойладым, әлгі біздегі бас зоотехникті орнынан алмайынша болмайды.

  • Әй, – деді бірінші жұлып алғандай. – Мініп жүрген астыңдағы “Волгаңның” төрт доңғалағын қайсысын қалай ауыстырамын десең де өз еркің өзіңде ғой. Саған бір елдің тізгінін беріп қойған жоқпын ба? Не істесең де өзің білесің!..


Біріншінің қатқылдау шыққан үнінен сескеніп қалған Тельман орнынан ұшып тұрды. Қапелінде аузына сөз түсе қоймай, бадырайған екі көзімен хатшыға тесіле қарап қалды.



  • Әй, есіңнен танып қалған жоқсың ба өзің? Миына сақ етіп тиген хатшының осы сөзінен кейін барып, есін жиғандай болған Тельман тілге келген. – О, не дегеніңіз?! Есім бүтін… бүтін! Ұсақ-түйек шаруаны әкеліп алдыңызға салғанымды кешіріңіз! Әйтеуір бәрін де Сіз білсін, алдыңыздан өтейін дегенім ғой…


Аудан хатшысының алдына жасқана кіріп, қанаттанып шыққан Тельман ауылына қайраттана, қаһарлана келді. Алғашқы бұйрығын шығарып, Жанатты


 


бас мал маманы қызметінен босатып, шаруашылықтың орталық қонысынан қашықтау жердегі бөлімшеге меңгеруші етіп қоя берді.


***


Шаруасы шалқып, ынтымағы айрандай ұйып отырған бір елдің берекесін кетіруге бір адамның ғана қыңырлығы әбден жетіп жатады екен. Өз дегенінен басқаны білмейтін Тельманның өзімшілдігінен запа шеккен бір Жанат қана болса бір сәрі ғой! Ауыл қотанында көзіне түскендерді кәрі демей, жас демей жұмыс уақытында неге бос сандалып жүрсің деген тергеудің астына алып, балағаттап жататын директорларынан ел түңіле де бастады. Өзінен басқаны адам деп танымайтын қасиетсіздігінен, кім көрінгенмен ілінісе кететін ожарлығынан өзі де талай бір тіл де естіді, әлдекімдердің жұдырығы да тие жаздады. Анада шаруашылық шеберханасына келіп, алдағы егіске техника атаулыны жөндеуді тексергені бар. Сол арада Тельманның астына мінген жеңіл автокөлігі от алмай қалсын. Өзі де терледі, басқаны да терлетіп, боқтанып әбден ширыққан директорының жайын сезген шеберхана бастығы Әлім де әбігерге түсті. Директордың “Уазигінің” ана жерін, мына жерін шұқылағанымен ол құрғырың от ала қоймады. Ауданның озат зоотехниктерінің бірі деп әдейі осы ауылға бөлінген су жаңа “Уазикті” Жанатты орнынан босатқаннан кейін директордың өзі мініп алғандығын Әлім де, өзгелер де біліп тұр.



  • Әй, әлгі Бористі шақырыңдаршы! Соның білмейтіні жоқ еді, көріп берсінші мынаны, – деп Әлімнің шыр-пыры шықты. Әлгіндей болған жоқ қолы- басы қара май ұзын бойлы жас жігіт от алмай діңкелетіп тұрған директордың машинасын шұқылай бастады. Ызадан кімге соқтығарын білмей тұрған Тельман әлдебір уақытта:

  • Әй, – деді жан тері шығып, әлдебір тетікті бұрап жатқан жігітке. – Сенің атың неге Борис, әй… әкең орыс па еді?!.

  • Жоқ әкем қазақ! – деді жұлып алғандай Борис. –Шын атым Бердібек, мына жігіттер ғой Борис деп кеткені. Ал, өзіңіз айтыңызшы, сіз неге Тельмансыз, өз әкеңіз неміс пе еді?!.


Қапелінде мына жігіттен мұндай сөзді күтпеген Тельман аузына құм құйылған қалпы үндеместен, от алған машинасына мінді де, есердің екпінімен шеберханадан шығып кете барды.


Билік атты мансаптың тізгіні өз қолына тигенінің анық екендігіне көзі жеткен сайын есерлігі мен ессіздігі де қатар жүрген Тельман өз мамандарының ешқайсысының пікірімен санаспай шошқа өсіру ісін қолға ала бастады. Ауылдың жел жағындағы мал қораларының бірінде семіріп тұрған өгізшелерді ет комбинатына өткіздіріп жіберді де, сол қораға елу бас шошқа кіргізді. Аудандық милиция бастығына қолқа сала жүріп, Омбының вокзалында қашан болсын толып жүретін мекені де, тұрағы да жоқ қаңғыбас үш орысты алғызған. Жаңағы шошқа қорасының бір жағынан сол үш орысқа жатар орын жасатып берді. Шаруашылықтың орталығындағы асханадан күнде ет жеп, сорпа ішкен жаңағы үшеуі аз күнде қоңданып шыға келді. Обалдары нешік, араққа сылқиып тойып алып жүретіндері болмаса, Тельманның шошқаларын бағуға келгенде мін таққызбайтын өздеріне.


 


Арам дүниенің өсімтал келетінін қайтерсің?! Жазға салым шошқалар торайласын-ай келіп. Бір мегежінінің   бір өзінен он, он бестен туған торайлар да аз уақытта қампиып-қампиып өсіп шыға келген. Бұл арада аудан орталығынан шығатын "Знамя коммунизма“ атты газет “Аралағаштың шошқа өсірушілері” деген үлкен бір тақырыппен Тельманның іскерлігін мадақтап жазған тілшісінің мақаласын жариялап та жіберген. Қазақтың үнемі бір таусыла бермейтін құдалық, басқа да бір ойын тойларына, өлім-жітіміне бара қалған осы ауылдың адамдарын Аралағаштың шошқа өсірушілері келе жатыр деп мысқылдайтындар көбейді.


Жаратқан ием арамдықпен бір жанастырмасын деңіз! Өзіңнен туған ұл өзегіңнен теуіп, билігін өзіңді қорлауға жұмсап, соған өзі масаттанатын болса – бұл да сорың. Маңдайындағы сол соры бес елі қайран қазақты өзгенің ұлы қорласа да бір сәрі-ау! Жатыры басқа жат еді дер едің де, түңіліп барып қоярсың. Осы бір ауыр ойдың азабына түсіп, қиналып та күйзелген ауылдың тірі жүрген бір шоғыр қарттары оқыстан қайтыс болған Жәнипа кемпірді жерлеп келген күннің ертесіне Тельманды іздеген.


Байғұс кемпір ұшынып өлді дейді. Сәл жел тұрса болды ауыл үстін алып кететін күлімсі иістің ненің иісі екенін де білмепті кейуана…



  • Далаға шықсам болды осы бір күлімсі иіс қолқамды қауып, тынысымды тарылтып жүр, - деп кейіпті бір күні Жәнипа байғұс. – Осы ас- судың бәрін де сол бір жаман иіс алып кеткендей болады да тұрады.


Шыны аяқтағы бір ұрттам шәйін ептеп сыздықтап ішіп отырған кейуанаға баласы да, келіні де еш нәрсені айта қоймады.


- Апа, - деді немересі Әсет әкесі мен шешесінің үндемегендерін пайдаланып. – Ол күлімсі иіс шошқаның иісі ғой, соны да білмейсіз бе?!.


Қолындағы шыны аяғынан ұрттай берген шәйін жұта алмай, шашалып бүркіп жіберді.



  • Не дейді мынау?!.

  • Рас, айтамын, апа! Күлімсі сасыған шошқаның иісі ол!..

  • Құдайым-ай, құдайым-ай!.. Бәсе, бәсе… өзім де сол күлімсі иісті бір арамның қоңырсып сасығаны емес пе екен деп сезіктенуші едім. Ол лағнеттің иісі солай болушы ма еді?!


Келесі күні-ақ аузы-басына ұшық қаптап шыға келген бәйбіше мұнан соң қара су да татып алмастан бүркеніп жатып алды. Балалары қаратайық деген оймен алып келген дәрігерлерді де жанына жақындатпады. Арам дүниеге деген өз наразылығын өз ажалымен ала кетті.


Шалдардың әдейілеп іздеген Тельманы кеңседе жоқ болып шықты. Хатшы қыз оның асхана жақта жүргенін нұсқаған. Ел үлкендері сол асханаға келіп кіргендерінде, табақпен алдына тартылған қоянның үлкендігіндей тұтасымен пісірілген торайдың жонына бір қолымен шанышқысын шаншып, екінші қолындағы пышағымен кескілеп жатқан Тельманды көрген. Бір дастархан басында отырған шошқа өсірушілер орындарынан ұшып тұрғандарымен Тельман қозғала қоймады.



  • Әй, найсап!


 


Қашан болсын осы елдің сөзін ұстап, басын қосып ұйытып отырған Мәнап ақсақал ызбарлана айқай салды.



  • Қарғыс атып, арам туғаныңды таныттың-ау дүйім жұртқа! Әкең Ерденнің осы елге жасаған қыстағы аз ба еді?! Басқармамым деп есіріп, елдің күн көріп отырған малын, жандарын сақтау үшін үй іргесіне тығып қойған бір қалта бидайына шейін қоймай, тіміскілеп, тінтіп, тартып алып халықты аштан қырып еді, енді сол елді сен ит сорлаттың-ау! Әкет… әкет… доңызыңды! Көзін жой лағнеттердің!.. Көзін жой!..


Көп ұзамай бұл ауылға тағы да бір зауал келді. Әлдебір індеттің кесірінен бе жаңа туған торайлар жаппай қырыла бастады. Мал фермасының іргесіндегі қи төгетін орынға шығарып тастаған сол торайлардың өлімтігін ауыл иттері жабыла кеміріп, кей өлекселерін әр ит өз иелерінің қора-қопсысының маңына сүйретіп әкеліп тастауға айналды. Отын-шөбін сақтайтын ауланың әр жерінде торайдың не басы, не сидиған сирақтары шашылып жататын болды. Бұл кәпірдің арам екендігін осы ауылдың адам деп өсірген Тельманы білмегенде, асырап отырған иттері қайдан білсін?! Бәрінен де аяғы ауыр әйелдер жағына обал болды. Анада Бәлекейдің келіні Ғалия үйінен шыға беріп, босағасын аттай бергенде        иттері       сүйретіп           әкеліп      тастаған         дәл                 аяғының               астында                жатқан торайдың өлексесін көріп, жан даусы шыға шошына айқайлаған. Сол қатты шошынуының әсерінен түсік тастап, аудандық ауруханада ұзақ емделіп қайтты.


Тельманынан тепкі көріп, шошқасынан шошына бастаған ауылдың кейбір азаматтары іргелерін көтеріп, туған ауылдарынан көше де бастады. Ел іргесі онан әрі сөгіліп, берекесі мен құты онан әрі қаша берер ме еді, күздің қатты бір қара дауылы соққан түні шошқа қорасы өрттеніп, түп орнымен жанып кетті.


***


Шошқа фермасын күйдіріп жіберді деген күдікпен Жанат ұсталып, аудан милициясының тергеу қапасына қамалып, үш күн бойы жауап алынды. Сол үш күнде атын атап соңынан іздеп келген жан иесі болсайшы. Үйінде аңырап қалған Раузасы болмаса мұның өлі-тірісін кім жоқтар?!. Сорлы басы қарауылға ілініп кетсе де іздеу сала қояр туыс, туғанының жоқтығын тар қапаста жатып тұңғыш рет сезінді.


Жалғызсың Жанат!.. Жалғыздың үні шықпас дегенді білмеуші ме едің?!. Айыпты болмасаң да ақталамын деп шырылдаған үніңді кім естіп жатыр, кәне! Солай… солай… Біздерге жала-қаза жоқ демеңіз… Шырылдап келген дүниеңнен шырылдап өтерсің сен де!



  • Ферманы не үшін өрттедің!


Милиция бастығы Ыдырыстың үш күн бойы қайра-қайра қойып келе жатқан осы бір сауалы Жанаттың жүйкесін жұқартуға айналды. Бұл іске аудан басшысы Әмір Қалиевичтің өзі мән беріп, бақылауында ұстап отырғандығын аңдатқан Ыдырыс та қадалған жерінен қан алмастың нақ өзі болатын.



  • Өрттедім! Қылмысымды мойындаймын, – деп мына бір парақ қағазға қолыңды қоя салсайшы, ей!

  • Істің ақ-қарасын айырар сендер ме десем, сендер де жазықсызға жала жапқыш екенсіңдер-ау!


 


Ыдырыстың бұл істі қайтсе де өзіне мойындатарын сезген Жанат та бет бақтыра қоймады. Кешеден бері нәр сызбаған таңдайы кебірсіп, маңдайы тершіп сала берді.



  • Өз ақтығым бір құдайға аян! Менің ешнәрсені күйдірмегенім анық!


Бірақ дәл қазір сендер мені жалған жаламен күйдіріп тұрсыңдар-ау!..


Қолымен істемегенді істедім деп қалай айта алар?!. Жалған сөйлеуді білмейтін Жанаттың жан дүниесі сол жалған жаланың жалынынан өртеніп жатты. Бәрі де жалған деуді айтудан тергеу барысында бір танбаған қалпы бұл да тергеу қапасында қасарысып жатып алды. Көңіл түпкірінде әлі де болса иненің жасауындай бір кішкене үміт сәулесі жылтырайтын. Ашуға қиса да, өлімге қимайтын қазақтың кең қолтық ниеті тарыла қоймаған шығар әлі де!.. Қапаста жатқан қапалы көңілімен Тельманнан қайыр күткен. Сыртқы   әлемде не болып жатқанынан хабарсыз қалған бұл нені білсін, Тельман да мұның еш жазығы жоқтығын айтып әр кеңсенің табалдырығын тоздырып жүрген болар!.. Араша түсер!.. Үйінде қалған Раузаның да ай-күні жақын қалғандығын ойлады Жанат. Құдай қаласа, бұл да әке болмақшы! Біраз жылдардан бері бала көтере алмай қойған Раузасы аяғы ауырлағанда-ақ бұл есі шығып қуанған. Қанаттанып кеткен. Көңіл түпкірінде жатқан бар өкпесін дүниеге келер сәби елесі жуып- шайып жіберген. Жаны жадырап, жан-дүниесі жасанып дүр сілкініп шыға келген. Сол жадыраған көңілінің таза үмітімен дүниеге ұрпағының келуін тосқан…


Тасадан оқ атыларын біліп пе бұл?!. Сабыр… сабыр… жабырқама көңілім… Қайратыңа мін! Өмір сүруің керек әлі де. Бір әулеттің үзіліп кетейін деп тұрған жалғыз кіндігі де өзіңсің әзірге. Үзіле көрме, үмітім! Анау… анау… Раузасының екі бүйірін тепкілеп жатқан ұрық ұрпағыңның жарық дүниеге аман-сау келуін тіле… Апыр-ай, ә ұл болса жарар еді ол ұрпағым! О, тәңірім маған ұл керек, ұл бере көр! Ұл бере көр тәңірім! Заманының зобалаңынан зар еңіреп, запа шегіп жалғыз қалған ая мені … ая мені… Мал арамы мен адам арамылығының құрбаны болып кете барар күн туса да, соңымда тұяғым қалғанын көрейін…


Жан дүниесінің астан-кестенін шығарып ой теңізінің асау толқыны Жанаттың жалғыз ғана үмітін кейде жағалауға алып шықса, кей-кейде сол үмітін өз тереңіне батырып та жіберіп жатты.


Тергеу қапасының темірден жасалған ауыр есігі сықырлап барып ашылғанда сол үміт ойлары тарыдай болып шашылып қалған Жанат тағы да Ыдырыстың алдына келген. Салбыраған бұғағыннан-ақ тоқтығы байқалып тұрар милиция бастығы алдында отырған Жанатқа тесіле қараған. Сағы сынды ма екен?! Жасыды ма екен?!. Осы бір пиғылмен Жанатқа қаншалықты тесілгенімен, өңінен сәл-пәл қажығандықты ғана аңғарған Ыдырыс Жанаттың отты көздеріне тіке қарай алмай, жанарын тайдырып әкете берген.



  • Так, азамат Жанат! Сенің бізде қонақ болғаныңа да бүгін міне үшінші


 


күн!


 


Мысқылыңа болайын сенің!..



  • Иә… - деді Жанат сабырлы қалпымен. – Бірақ қонағыңды дұрыс күтіп


 


ала алмайды екенсің!


 



  • Түсінбедім мұныңды…

  • Е, түсінбейтін несі бар?!.


Жанат милиция бастығына еркін жауап бере бастады. Түрмеге де, өзін есін жинатпай тергеуші Ыдырысқа да әбден бойы үйреніп алғаны да болар мұнысы. Басқа салса көнерсің деген де осы шығар бәлкім!



  • Кеше кешкісін мен отырған камераға әкеліп қамағандарыңның кім екенін білмеді дейсің бе?

  • Е, ол кім екен? Не істеп қойыпты?!

  • Кім екенін де, не істегенін де, Ыдырыс-ау, менен артық білесің ғой өзің.

  • Жоқ, білмеймін!

  • Білмеймін дейсің бе? Онда мен айтайын білмесең, – деп Жанат шиыршық ата сөйледі.

  • Ауыр қылмысының жазасын өтеп жүргендердің колониясынан алғызған оларың да жетім балалар үйінде өскен, әуелден-ақ маңдайының соры бес елі пенденің бірі екен. Институтқа түсіп, енді-енді жетілдім-ау деп жүрген шағында жастардың би кешінде төбелес шығып, сотқар біреу қыз балаға пышақ салып алыпты ғой.


–Иә… иә… сосын!



  • Сосын ба? – деді Жанат үнін бәсеңдетпеген қалпы. – Пышақ жұмсаған қанды қол есер үлкен бір қызметкердің баласы болып шығып, содан өздеріңнен өздерің үрейленіп, дүрліккен жоқ па едіңдер?

  • Иә… сосын!

  • Сосын дейсің бе, ә? – Сосын әлгі пансы да, қорғаны да, жоқтаушысы да жоқ сорлыға сол дөкейдің қылмыскер баласының қылмысын мойнына алғызып едіңдер ғой.

  • Ә, солай ма еді?! Мен мұны неге білмегенмін, ә?!

  • Білмеймін дейсің, ә?!. Ал, мен болсам мені өзіңнің кабинетіңе алып келіп тергегеніңде Тельман мен анау…ауданның бастығы Әмірдің өз терезелерінен сығалап қарап отыратындықтарын да білемін. Тергеуіңді аяқтасымен менің бар айтқанымды соларға барып жеткізетініңді де білемін… Кешке үшеуің отырып алып өздеріңнің алғашқы жеңістеріңді тойлағандықтарыңды да білемін…

  • Білгіш болсаң айта қойшы біздікі ол не қылған жеңіс?!.

  • Ол ма, ол – арсыздық пен заңсыздықтың жеңісі!..


–Айттың-ау сен де, білгішім! Мұнан әрі отыруға дәті шыдамаған Ыдырыс орнынан тұрып, Жанаттың қарсы алдына келді. Жүзінде ешбір қобалжудың ізі байқалмайтын Жанаттың дидарына тесіле қарап тұрып қалды.



  • Ал, мен не істеуім керек енді, – деді сәл-пәл үнсіздіктен кейін Ыдырыс торыққан үнмен.

  • Сен бе, сен… Әрине, – деді Жанат жігерленіп, – райкомың және оның біріншісі тапсырма бергеннен соң мойындатуың керек бәрін де маған. Кешегі сорлыны да сағымды сындырайын, мойытайын деген ниетпен менің жаныма салып қойған жоқсыңдар ма?!.


Ыдырыс Жанаттың осы айтқандарын үнсіз тыңдаумен болды.


 



  • Ал, ол дегеніңнің адамгершілігі сен үшеуіңнен әлдеқайда жоғары болды. Дорбасына салып берген ақ нандарың мен шұжықтарыңа дейін түні бойы менің аузыма тыққылаумен болды. Бүгін сенімен тың сөйлесіп тұрғаным да соның арқасы. Құдай өлтірмейді мені!..


Жанат ауыр күрсінді. Милиция бастығының кабинетін өлі тыныштық жайлады. Ыдырыс болса кең кабинетіне күн сәулесін молынан түсіріп тұрған терезе алдына келді. Біраздан бері жарық күн нұрын көруден қалып, тіршілік әлеміне ақ сәулесін мәңгілік шашып тұрар сол бір күнге ұмтылған. Жанаттың да орнынан тұрып, өзінің жанына келгеніне де еш мән бермеген Ыдырыс тұрған жерінен тапжылмады. Мөлдір шуақ болып төгіліп тұрған күн сәулесін қос уысына қондырғысы келген бейкүнә оймен қос алақанын терезе әйнегіне салған. Әлдебір жылылықты сезінді. Қос алақанынан сезіне бастаған сол бір жылылық әлгіндей болмай жайылып тұла бойын шарпып өтті. Тіршіліктің ақ сәулесімен шағылысып жапалақтап жауып тұрған ақ қардың ақ ұлпасы қалықтай келіп терезе әйнегіне қонады. Әлгіндей болмай жатып, еріп кетіп… еріп кетіп жатқан сол ақ ұлпаның көз жасындай бір тамшы жас Жанаттың да жанарынан жылт еткен. Қаталдық пен жылылықтың түйіскен тұсынан тамшылап тұрған сол бір тамшы көз жасы адам баласының тұтас бір тағдыры еді. Мұны ұғар жүрек бар ма?!. Сезінер сезім қалды ма?!. Адам баласының жан дүниесіндегі қуанышын, мұңы мен сағынышын, қайғысы мен қасыретін кең әлемге жайып салар тек сол бір тамшы көз жасы ғой…


Жанаттың жанарындағы да сол бір тамшы тағдыр жас та үзіліп түсіп… үзіліп түсіп екі қолын артына ұстап алып, ерсілі-қарсылы жүре бастаған милиция бастығы аяғының астында басылып жатты.


Бейопа мұңсыз тіршіліктің мұңсыз бір күйін билеп, аспан тұңғиығынан мың сан ырғақпен жапалақтап түсіп жатқан ақ ұлпа қардың ар жағынан Раузасы қол бұлғаған. Елес болса да көз алдына көлбең берген Раузасы Жанатына қолын бұлғап оны өзіне… анау түпсіз тұңғиық әлемге шақырған. Ақ ұлпа қармен оранып алған сол әппақ әлемнің тереңіне сіңіп көз алдынан ғайып болған Раузасы кеткен кеңістіктен жас сәбидің шырылдаған үні келген құлағына…



  • Әй, Ыдырыс! Сенің де көңілің жай тапсын және де кезекті бір атағыңның өсуі үшін де жасамаған қылмысымды маған мойындатуың да қажет болып тұрған шығар. Әкел, андағы қағазыңды қолымды қойып бере салайын!

  • Жанаттан әсте де мұны күтпеген милиция бастығы жалма-жан қолындағы қағазын ұсына берген. Ақ қағаздың соңғы бір беттеріне қолын қойып жатқан Жанатқа:

  • Тым болмаса оқып шықсаңшы андағыны – деуге ғана шамасы келген Ыдырыстың.

  • Несі бар дейсің оқитын. Сендерден сөз қалған жоқ шығар?!. Таққан айыптарыңды андағы ақ қағаз көтеріп тұр ғой, мен де мойныммен көтерермін… Жанат осыны айтты да үнсіз қалды. Сол бір үнсіздікті пайдаланған


Ыдырыс орнына келіп, қарауыл бастығын шақыртты.



  • Азамат Арқатовтың ендігі ісін сот қарағанша еш жаққа кетіп қалмаймын деген қолхат алып, үйіне босатыңыз, - деген Ыдырыстың


 


тапсырмасын қаздиып тұрған қарауыл бастығы екі еткен жоқ, Жанатты алдына салып кабинеттен шыға берді.


***


… Жайлы төсегінде біраз жатып көңілі орныққан Тельман басын көтеріп, алдына алып келген кешкі асын сүйсіне жеді. Қан қысымы да орнына түсіп, қарны да қампайып тойғаннан кейін қарсы алдында тұрған теледидарын іске қосты. «Хабардың» соңғы жаңалықтары жүріп жатыр екен. – Ертең – деді диктор қыз өзінің сүйкімді үнімен, – біздің елімізге Сауд Арабиясы Корольдігінің корольі келеді. Осыған орай «Хабар» жаңалықтарынан кейін Қазақстанның осы Корольдіктегі елшілігінің жауапты қызметкері Ерұлан Жанатұлы «Бетпе-бет» студиясының қонағы болады…


Диктор қыздың айтқанына сенерін де, сенбесін де білмей дал болған Тельман теледидарға тесірейіп, телмірді де қалды. – Апыр-ау сол ма? Жанатұлы дейді. Сол… сол ғой!..


Осы бір ой санасынан қылаң бергені сол еді ас үйде жүрген Зүлфиясын шақырды.



  • Зүлфия!.. Зүлфия!..

  • Қазір… қазір… Не болып қалды?!


Ас үйден қолындағы майлығымен жанұшыра жеткен Зүлфия Тельманның тағы да қан қысымын өлшеуге ұмтылған.



  • Қоя тұр оныңды, –деді Тельман жайлы үнмен.


–Қараш, ананы қараш… Қазір… қазір…


Оң қолының салалы сұқ саусағымен теледидарды нұсқаған Тельман бар мән-жайдың өзін Зүлфияға шешіп айта алмады.



  • Сол ма?!. Сол ма?!. Сол бала ма бұл?!. Миын солқылдатып соғып тұрған білеудей қан тамырынан көтерілген ыстық жалын тұла бойын өртеп бара жатқандай болды. Әлі де әжім түсе қоймаған екі беті қызарып шыға келді. Күйеуіне бір, теледидарға бір, екеуіне алма-кезек қарап тұрған Зүлфия өңі өзгеріп бара жатқан Тельманын көріп, жанына отыра қалып тамырын ұстаған. Жиі соққан қан тамырынан Тельманның аласұрып жатқан жүрегінің дүрсілін сезгендей болды. Бұл жүрек аласұрар, тынши алмас енді... Бұл жүрек осы бір аласұра соққан екпінімен мәңгілік тоқтап қалғанынша оның иесіне де маза бермес бұдан былай. Қуанышыңды да, қайғың мен қасыретіңді де көтеріп ала алатын қайран жүрек тіршілігіңде жасаған қиянатың үшін де тар кеудеңе сыя алмай дәл осылай қиналады екен...


Сол қиналған жүректің терең түпкірінде тығылып жатқан қиянатшыл өмірің көз алдыңнан ғайып та болар. Күні ертең жоғалар ол да! Өшерсің… өтерсің… Ғайып болар ғұмырыңның соңынан қалып бара жатқан қиянатың өзге бір жан иесінің жүрегіндегі мәңгілік… тіпті мәңгілікке біте қоймас, жазылмас жара болып сыздаса қайтерсің?!. Өзгенің кеудесінде жүріп, сол сыздаған жаралы жүректің сызын сезіп қалтырарсың осылайша. Қалтыраған қалпыңмен қалдырарсың дүниені…


Тельман ауыр күрсінді. Жалын атқан жанының ыстық демін бір шығарып алды да, тілшінің қойған сауалдарына жауап беріп, теледидардан сөйлеп отырған жігіттің сөзіне бар ынтасын салып, тыңдай бастады.


 


Беріліп жатқан хабардың соңын ала тілші: – Ал, енді Ерұлан Жанатұлы, сізге соңғы бір сұрағымызды қойғым келіп отыр, – деді.



  • Іркілмеңіз, сұрағыңыз болса қоя беріңіз, – деп жымиып ықылас білдірген жас жігіттің жан мерейі күлімсіреген қос жанарында тұр еді. Сәндеп қойған қою қара мұрты да қоңырқай өңін аша түскендей.

  • Араб тілін қалай меңгеріп алғансыз және алға қойған мақсатыңыз қандай?


Тілші қыздың бұл сұрағын аса бір зейінмен тыңдап алған Ерұлан сәл-пәл ойланыңқырап барып жауап берді.



  • Араб тілін әкем Жанат бала күнімнен үйретті. Мен Көкшетау қаласындағы жетім балалар оқитын пансионда тәрбиелендім де, жазғы каникул кездерінде ғана ауылдағы әкемнің жанында болып жүрдім. Сол бір каникул кездерінде әкем есікті іштен жауып алып, сандықтың түбінде тығулы жататын араб тіліндегі ескі бір кітаптарды, құрандарды шығарып маған үйретумен болатын. Ал, енді алдағы мақсатыма келетін болсақ, өзінің бар ғұмырын менің тілеуімді тілеумен жалғыз өткізіп жатқан әкемді осы жолы Алла жазса өзіммен бірге ала кетпекшімін. Бұған Үкіметтен арнайы рұқсат та алдым. Әкемді Мұхаммед Пайғамбарымыздың табаны тиген қасиетті жерге алып бармақшымын. Ата-бабамның туған жеріне араб достарымның көмегімен мешіт салып бермекшімін. Осы келген сапарымда бұл істі де пысықтап қайттым…


Теледидардан сөйлеп отырған Ерұланның бұл айтқандарын Тельман да, Зүлфия да үнсіз тыңдады. Хабар аяқталғаннан кейін де біразға жалғасқан сол үнсіздік екеуінің де жүректерін бір өткір өкінішпен тырналап жатқан. Өкіндің не, өкінбедің не енді?!. Тіршілігіңде тірі жан иесіне қиянат жасау үшін тіршілік кештің бе? Мәңгілік тіршіліктің бір демін сен тоқтатып, соғып тұрған бір тамырын қансыратқаныңмен ол өлген жоқ мінекей!.. Сол тіршілік міне өмір болып жалғасып жатыр. Өмір жалғасар әлі де… Жалғасқан да жылаған, жылағанда да сен жылатқан пенделеріңнің құрғамай кеткен көз жасын қайтерсің?!. Тельман-ау, өртеніп кеткен шошқа фермасының өзің жапқан жаласымен істі болып жүргенінде Жанаттың түн ішінде үйіңе келіп ер басымен еңірегені есіңде ме?!. Онда да ол сенің аяғыңа өзін түрмеден алып қал деп жығылған жоқ еді. Толғағы қысып, жанын қоярға жер таба алмай жатқан Раузасын аудан орталығындағы ауруханаға жеткізуге өзіңнен машина сұрап келіп еді ғой… Есіңде ме… есіңде ме?!. Есіңде болса, басына іс түсіп күйзеліп жүрген Жанатқа машинаңды бермек түгілі, өзегінен теуіп үйіңнен қуып шығып едің ғой. Сөйтіп, сен жанталасып дүниеге келе жатқан періште өміріне де обалдық жасағансың… Үзіліп кеткен ана өмірінің кіндігімен жалғасып қала берген сәби ғұмырдың аралығындағы Адам тағдыры да, сен үшін ойыншыққа айналған сол жолы…



  • Сол, сол бала бұл! Жанаттың баласы бұл! Осы бір жайды ерлі-зайыпты екеуі де үнсіз мойындады. Мынау Жанаттың баласы ғой десе болды-ақ Тельманның жүрегі жарылып кетердей сезімде болған Зүлфия үн-түнсіз ас бөлмесіне кетіп қалды. Жұмсақ орнынан тұрмаған қалпы Тельман да өз ойымен өзі арпалысқа түсті.


 


Сол, сол бала бұл! Жанаттың соңынан ерген жалғыз ұлы, асылдың соңғы тұяғы бұл! Бораны ұлып, аязы қақыраған сол бір қыс ішінде, қараңғы түннің мүлгіп тұрған тыныштығын шар еткен сәби үнімен селт еткізіп, шананың үстінде туған бала бұл!


Бұл жарық дүниеге келер түні аяқ астынан толғағы қысқан Раузаны аудан орталығындағы ауруханаға жеткізуге Тельман көлігін бермегеннен кейін не амал жасарын білмей сасқалақтаған Жанат қорасында тұрған кер биесін шанаға жегіп, “а құдайлап” жолға шыққан. Жыландай ирелеңдеп сырғып жатқан ақ қардың сумаңдаған суық тілінің өн бойыңды жалап өтер ызғарын Жанат бірден сезіп еді. Тұла бойы сол ызғардан қалтырамағанымен, тай теріден тігілген үлкен тұлыпқа орап, шананың үстіне шалқасынан жатқызып қойған Раузасын ауруханаға тез жеткізе аламын ба деген хауіп пен үрейден өн бойы мұздап сала берді. Обалы нешік біраздан бері иығына қамыт кимеген кер бие тыңайып қалса керек, ақ қарды оппылап тартып-ақ келе жатыр еді, жануар Қызылшіліктің тар қылтасынан өтер тұста болдыруға айналды. Алдына салған жемі мен шөбін күні бойы емін-еркін жеп тойынған әрі көктемгі көк салымда айғырдан шығып кеткен буаз биенің жеткен жері осы болып еді. Жанат қолындағы қамшысын үйіргенімен де, шанадан түсе салып жетектегенімен де қара терге малшынып, қос бүйірін соғып тұрып алған кер бие ілгері баса қоймады.



  • Жануардың жанын қинадың-ау, обал болды-ау! Ұрмашы енді! Құлын тастап кетіп жүрмесе жарар еді?!.


Ішінің бүріп ауырғаны күшейіп, қара тері шығып, қиналып, азапқа түсіп жатқандығын сездіргісі келмеген Рауза бар күшін жинап осы бір ауыз сөзді әрең айтты.


Құлын тастамақ түгілі зорығып өліп қалса да кер бие Раузасынан, оның жанынан садақа! Адамның ауыртпашылығын мал көтереді деуші еді, қос бүйірін соғып тұрған мына кер бие Раузасының, сол кер биенің құрсағында жатып тынысы тарылып, демі кеңіп сала беретін кең дүниеге ытқып шығып кеткісі келіп аласұрып жатқан құлыны мұның мынау әне-міне … әне міне… қараңғы түннің, ызғарлы түннің аспанын ащы бір дауысымен селт еткізіп дүниеге келейін деп жатқан шаранасының жанын аман алып қалар құрбандыққа жараса, жаратқан иесінің көз жасын игені мұның. Болдырып, әбден арындап алған кер биені жалма-жан доғара салып, қамытты өз мойнына іліп алған Жанат ат-шананы өзі сүйремек болды. Түстіктен соққан ызғарлы желмен бірге ұйытқып, борай көтерілген ақ қар қойны-қонышына тығылып, бетін қарып барады. Аспан мен жерді тұтастырып жіберген ақ түтек ақ боран ысылдаған ызбарлы үнімен есінен тандырмақшы. Шолақ жеңінің етек-жеңін жұлмалап, бірде қою қара аспан әлеміне көтеріп әкетпекші болып, бірде қара жерге қадалып жабысып алған ақ қардың үстіне алып ұрмақшы болып алысқан есер жел мен еспе боранға да есі мен күшін алғызбай Жанат шананы орнынан қозғады. Ілби басқан Жанаттың ізімен ілгері жылжыған тағдыр шананың үстінде жатқан Раузаның да өн бойынан қара тер саулап жатқан еді. Қос бүйірін бүріп әкетіп бара жатқан әлдебір жараның аузы ашылып кетер сыздауын сезінбейін, сездірмейін десе де, анда-санда ыңырсып қояды.


 



  • Жаным-ай, – деді әлден уақытта талықсыған үнмен. – Тынысым тарылып, тұншығып бара жатқанымды қарашы. Ашып таста денемді!

  • Сабыр, сабыр! Сәл шыдашы! Оранған денеңді ашып тастауға болмайды ғой. Өзіңе де… ана…

  • Ана балаға да салқын тиеді ғой, – деген Жанаттың ентігіп тұрып айтқан сөзін Рауза ести де алмай талықси берген еді.


Қамыттан босағаннан кейін солығын басқан кер бие Жанат сүйреген шананың соңынан бір елі қалмай, еріп келеді. Есті жануар иесіне шананы итерісуге көмектескісі келгендей шабақты қалқанды тұмсығымен анда-санда нұқып, нұқып қояды. Сол сәтте сәл де болса шананың ілгері жылжуы жеңілдеп сала беретіндігін Жанат анық сезеді. Маңдайынан сорғалаған ащы тер екі көзін ашқызбай қойды. Сорғалаған сол терінің кірпігіне қырау болып бір қатып, бір жібірін қайтерсің. Өн бойының ақ жалыны шүмелектеп аққан терімен су болып сыртқа шығып, шолақ тонға ол да мұз болып қатып жатыр. Қаудырап қатып бара жатқан тонының жылуы кетіп, арқасын аяз қарып, әлі кете бастаған өлімді шақта ұйығып жүрген үйірлі қасқырдың қоршауына тап болды. Біраз жылдардан бері күтім көрмей қараусыз қалған бұрынғы айнала егістікті қурай басқалы бұл төңіректі, соның ішінде Қызылшіліктің тал мен терегі ұйыса біткен қалың жынысын дала бөрілері үйірсектеп алған-ды. Онсыз да аяусыз бұрқап тұрған ақ қардың ақ көбігін аласұра шашып бұларды қуып келе жатқан бөрілер тобын сезген кер бие болды. Жануар кісінеп жіберді де, шананың қос жетегін құлақбауына байланған қамытынан мойнына іліп алып, маңдайы жерге тиердей болып, еңкейіп, бар күшімен тартып келе жатқан Жанаттың алдына шықты. Біресе осқырынып, біресе кісінеп, әлдебір хауіп пен қатерді сезген кер биенің екі қолтығы дір-дір етіп, мына жан иесінен пана іздегендей аласұрады. Әлгіндей болмай жатып бөрілер шанадағыларды жан-жағынан айнала қоршап алып, ақ көбік қардың түте-түтесін шығарып, бұларға қарай боратсын-ай келіп. Манағы ақ боран мұның жанында боран болмай қалды. Үйірлі қасқырдың өткір тырнағының арасынан атылған ақ қар Жанат пен кер биенің танауларына дейін жабысып, тыныстарын да тарылтып барады. Шана үстінде бірде есі кіріп, бірде есі шығып толғақпен жатқан Рауза да ақ қарға көміліп барады. Ессіз далада аш бөрілерге жем боламыз ба деген ауыр бір ойдан өн бойы қалтырап кеткен Жанат қасқырға қарсы тұрар амал таппай дағдарды. Біратар мылтығын да өткен жолы өзін түрмеге қамар алдында үйін тінтіп жүріп милициядағылар тауып алып кеткен. Жалма жан шұрқырап тұрған кер биені ноқтасымен шанасына байлай салды да, жетектің біреуін ағытып алып, бар күшін жинап, топ қасқырға оңды-солды сілтей бастады. Есі кеткен еркектің мына қауқарынан сескенді ме, жоқ әлі де байқап көре тұрайық деген айламен бе, үйірлі қасқыр бұларды қамаудан босатты да, сырық сілтер жерге барып, шоқиып отыра қалды да, ұлысын-ай келіп. Үйірлі қасқырлардың ұлыған үнінен түн қараңғылығының қара түндігін жамылып алған аспан асты да қорқыныш пен үрейден қалтырап кеткендей болды. Сол бір қорқыныштың қара қақпаны мен сол бір үрейдің үңгірінен құтыла алмай дағдарған үмітсіз үшеудің тағдырын ұлыған боран мен ұлыған қасқыр азапқа салып-ақ бақты.


 


Манадан бері кіресілі-шығасылы есі бар Рауза әлден уақытта бар дауысымен ышқына айқай салды. “Аллам-ай, жаным-ай” деген әйелдің қиналған жан дауысы ұлып отырған үйірлі қасқырларға оқыстан атылған оқтан кем тимеді. Ұлығанын бір сәтте қоя қойған түз бөрілері от шашқан отты көздерімен бұларға қарап қалған. Әйелінің шырқырап шыққан жан дауысынан Жанат та қатты шошынды. Қолындағы бар қаруы қайыңнан жасалған жетекті сүйреткен қалпы Раузаға ұмтылды. Салқын тимесін деп орап тастаған үлкен тұлыптың омырауынан қос танауынан шыққан ыстық демі ғана білінетін Раузаға: – Шыдашы, бір кішкене шыдашы, – деумен болды.



  • Жүрегім… жүрегім қысып барады. Шешіп тасташ үстімдегілерді, бастырылып қалдым ғой!..


Раузасының еміс-еміс естілген үнінен әлі құрып бара жатқанын сезген Жанат тынысы жеңілдесінші деген оймен тұлыптың орауын босатты. Өн бойынан ағылған қара терге малшынып жатқан сорлы әйел дүниеге әкелер сәбиінің мына тылсым дүниенің қараңғылығына тұншығып қалмасыншы деген аналық сезімімен тоғыз ай бойы құрсағында көтерген ұрпағын жарық дүниенің суық қолына беретін мезгілінің келгенін сезіп жатыр.


–Бәкің, болмаса балтаң бар ма еді? – деді Рауза өзіне үңіле қарап отырған Жанатқа.


–Бар, бар ғой…



  • Бар болса, қазір мына туайын деп жатқан баланың кіндігін балтаңмен кес өзің! Қорқақтап қалып жүрме, кіндігінің түбін нығыздап түй…

  • Не дейсің?! Не дейсің, жаным-ау?!.


Үрей мен суықтан қалтыраған Жанаттың бұл айтқандарын Рауза еміс- еміс естіп еді.



  • Балтамен кес…  Кіндігін балтамен кескен бала тұрып қалады деуші


еді…


Рауза   соңғы   бар   күшін   жиғандай.   Үнінен   ешбір   қиналған   азабы


сезілмеген жандай еркін сөйлеп жатыр. Тыңдап ал…



  • Кіндігін кескеннен кейін, мынаған орап ал да, баланы қойныңа тығып өлсең де, талсаң да ауруханаға жеткіз. Маған алаңдама. Ешнәрседен қорқушы болма! Мына қоршап тұрған қасқырлар саған да, маған да тимейді. Ал, жаным, ие бол балаға!..


Қойнына тығып алған жып-жылы ақ матаны Рауза дірілдеген қолымен Жанатқа ұстата берді. Осы сәтте ғазиз ананың тар құрсағын керіп барып, кең дүниеге шар етіп ұмтылған сәби үні тылсым тыныштықты тіліп түсті.


Біраздан бері жатыры тартып, іш қызуы есін шығарып мазасызданып жүрген күлгін қаншық қасқыр қос бүйірін кезек-кезек жалап, біресе алдын орап, біресе желкесіне асылып іші-бауырына кіріп бара жатқан арланға арс етті де, адам баласының беймәлім, бір нәзік үнімен шырылдаған дауысы шыққан жаққа жалт қарады да, шоқиып отыра қалып ұзақ ұлыды. Күлгін қаншыққа қосылып үйірлі қасқырлардың бәрі де ұлыды. Шырылдаған жас сәби мен ұлыған қасқырлардың әлдиінен түнгі даланың шар аспаны жыртылып айырылғандай, осы сәтте құланиектеніп ақ таңның нәзік бір сәулесі де көріне бастап еді.


 


Раузаның айтқанындай, дүниеге келген жас сәбидің кіндігін қара балтаның өткір жүзімен кесті де, жалма-жан жылылап орады да, жерден көтеріп алған баласын Жанат қойнына тықты. Ессіз-түссіз жатқан Раузаның үстін қымтап жапты да, кер биесіне жайдақ міне салып, әлгінде ғана басылған ала құйын бораннан кейін көз ұшында жарығы көрініп тұрған аудан орталығына жетуге асықты. Қара термен бусанған денесін түнгі суық сорып, қалтырап тұрған кер бие бір осқырынды да, үрей құрсауынан құтылғысы келгендей иесінің тебініп қалуы мұң екен бауырын жазып, шаба жөнелді. Манадан бері күлгін қасқырдың ыңғайымен болған арлан осы сәтте өзінің тағылық мінезіне басып кер биенің ізіне түсіп қуып берді. Біраздан бері үйірлі қасқырды бастап жүрген арланның соңынан өзге көкжалдар да дүрліге шапты. Жанаттың шолақ тонының ішіне тығып алған бейкүнә сәби жарық дүниеге әкелген тәңірінен араша сұрағандай шырылдап келеді. Осы сәтте араны ашылған арланның соңынан құйрық тістем аралықта ғана көсіліп келе жатқан күлгін қаншық көкжалдың алдын орай берді де, сұр арланның алқымына ауыз салды. Арлан мен қаншықтың ырылдасып алысқанын көрген өзге көкжалдар да бір-біріне тістерін ақситып, ырылдасып, бірімен бірі алысып тып-тыныш жатқан тылсым даланың жер басып жатқан ақ қарының ұйпа-тұйпасын шығарды. Тап өзі үшін болған талай бір азу қайраған айқастарда басқа ешбір көкжалға дес бермеген арланның алапат күшіне қарсы тұрар қайраны қалмаған күлгін қаншық қыңсылаған қалпы, арланның алдына жонымен сырғанап барып жығыла берді. Азу тісін ақситып бас салып, тағы да талағысы келіп төніп қалған арлан біраздан бері ырқына көнбей жүрген қаншықтың өн бойынан әлдебір жағымды иісті сезді. Сол бір иіс түз тағысының жылына бір селт етер аталық құмарын оятып жібергені анық еді. Күлгін қаншықтың қос бүйіріне қара тұмсығын сұғып жіберіп, күлгін қаншықтың иісін алып тұрған арланның алданған осы бір сәтін тосқан үйірдегі өзге қасқырлар да төрт аяғы тәлтіректеп әрең жортақтап бара жатқан қойнында шырылдаған сәбиі бар кер биенің үстіндегі бейбақты қуғанды қойып, аспанға қарап, ұли бастады. Күлгін қаншық та ұлыды. Біресе ана болып, біресе сәби болып ұлыған күлгін қаншық жылаған сол өз үнімен көк бөрілердің талауынан қорғап, аман алып қалған бейопа дүниенің есігін жаңада ғана ашқан адам өмірі де шырылдап барып ажалдың тырнағына ілінбей сау қалған еді…


***


Тайталасы мол ажалды өмір шанасының үстінде алай-дүлей соққан ақ боран мен қасқырлар ұлыған түні туған сол шаранасын Жанат араға сегіз жыл салып барып көрді. Жол үстінде босанып қалған әйелді құтқаруға шыққан аурухананың жедел жәрдемі қалың қарға бір батып, бір шығып жеткенінше Рауза да ажалмен алысып бақты. Денесінің қызуы біресе көтеріліп, біресе қалтырап, сандырақтауға көшті. Баланың ұясынан тоқтамай ағып жатқан жылымшы қанмен бірге әл-дәрмені де құри бастаған сорлы әйелдің жүрегі де соғуын бәсеңсітуге айналды. Соңғы демін жиып, көзін бір ашқанда Жанаты тұрған жанарына ілініп.



  • Ті-рі-ме, бала?!. Ті-рі-ме?..

  • Тірі!.. Тірі!.. Ер бала, ер бала!..


 


Қуанғаны мен қорыққаны бірдей Жанат осы бір екі ауыз сөзді айтып қана үлгерді. Қос дәрігер қансырап қалған әйелді зембілге салып алды да, жедел жәрдемге ұмтылды. Қыстың ұзақ түнінің мың сан құбылар райының әдетімен манағы асау боранның ашуынан із де қалмағандай. Енді түнгі ай да бабына келіп толысып, ұлпа қармен көмкеріліп жазылып жатқан кең даланың момақан үстінен шырағын жағып, төңіректі сүттей ұйытып, мөлдіретіп тұр еді. Шала жансар Раузасының қаны қашып, қуарып қалған, тіпті … ұлпа қардай ағарып кеткен ақ жүзін Жанат анық көрді. Бас жағында Жанаттың келе жатқанын сезді ме, кірпігін қағып, көзін ашқанда жанарына үйіріле берген бір тамшы жас іркілмей домалап түсті.


–Ер… ер… Ерұлан қой атын, – деді Рауза естілер-естілмес бәсең үнмен. Ана болу үшін жаралған, соны аңсаған, бесік тербетуді көксеген, тәңірі жан салған ұрпағын тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп, тар құрсағын кеңейтіп, тас емшегін жібітіп көкжалдар қоршаған кең дүниенің суық ит көйлегін кигізіп шырылдатып тастап кетіп бара жатқан сорлы әйелдің өз ұлының Ерұлан деген есімін әрі тұңғыш, әрі соңғы рет атап, соңғы рет еміренгені еді.


Сол түні сүттей жарық айға қарап күлгін қаншық ұз-а-а-ақ ұлыды…


***


Өрттеліп кеткен шошқа қорасының залалынан келген зардабын арқалап кете барған жазасын Жанат Атыраудың мұнайлы қаласында өтеді. Көкшетаудағы жетім балалардың пана үйінде қалған жалғыз ұлының өліп қалмай, аман-сау өсіп жетілуін тіледі. Таң сәріден тұрғанда да нар үстіне отырып, ең әуелі сол жалғыздың амандығын сұрайтын жаратқан иесінен. Жатар орынға келіп, көз шырымын алар сәтте де сол тілеуін қайталайтын. Көңіліне демеу болған бір жай балалар үйінің директоры Ольга Петровна Красновская Жанаттың айына бір рет жазуға ғана құқы бар хатына жауап беріп тұрды. Соғыс жылдары құрсауда қалған Ленинград қаласынан Қазақстанға әкелінген панасыз балалардың бірі болатын ол да. Қазақ жерін мекендеп, жетімдік пен жоқшылықтың зардабын бір кісідей-ақ тартқан Ольга да әкелі- балалы Жанат пен Ерұланның қасіретті тағдырларына бей-жай қарай алмады. Жанатқа жазған хатында Ерұланы дені сау болып өсіп келе жатқандығын айтатын. Қапаста қамығып жүрген көңілі көтерілсін дей ме екен кейде Ерұланның тіпті бір сәбилік қылықтары мен тентектігін де баяндап тұратын. Өз басына өзінің еркі жоқ жан иесінің тар қапаста жүріп, есі шыға айқайлап қуанғанын көргеніңіз бар ма еді?!. Міне, сондай бір қуанышты сәттің тәтті бір шуағына Жанат та малынды. Кезекті бір хатында балалар үйінің директоры Жанатқа ұлының суретін салып жіберіпті. “Мынау сіздің ұлыңыз Ерұлан” деген сыртындағы жазуды оқыды да жалғызының суретін әуелі кеудесіне басты. Сол бір кеудесіне сыймай аласұрып жатқан жүрегінің ыстық шуағы мен мейіріміне жалғызының суреттегі жансыз бейнесін қандырды да, қос жанарынан парлап тұрған көз жасына ие бола алмай Ерұланына, оның суретіне қарап тұра берген.



  • Құлыным, – деген еміреніп. – Құлыным, омыртқадағы жұлыным, жалғызым менің! Сен тезірек өс, тезірек үлкен бол. Е, Тәңірім, – деп жалбарынды Жанат жаратқанына. Заманының зобалаңын тартқан бір әулеттің


 


соңғы бір тұяғы осы бір сәбиің сенің. Өкінбеймін өткеніме, тек осы бір… осы бір тұяғымды аман сақтай көр!



  • Тәңір иесі естисің бе? – деген қапалы көңілінің түпкірінде жатқан жан айқайын сыртқа шығармағанымен өз қолымен шаранасынан шырылдатып тағдырының қолына тастап кеткен жалғызының тілеуін тізерлеп отырып, тұңғиық түпсіз терең көк аспанан қолын жайып тілеген.


Жетім балалар үйінен айына бір рет орыс әйелі жазып тұратын хаттан басқа ел, ағайын тіршілігінен өзге ешбір хабар ала алмай жүрген шағын айтпаңыз! “Қарағай өзін кессең түбі қалар, екеудің біреуі өлсе бірі қалар, жалғыздың өзі өлсе кімі қалар?” – деген Мәди ақынның жан толғанысы мен көңіл наласын ұғарлық күйді кешіп қапаланып жүрген күндердің бір күні Көкшетаудан тағы да бір хат келген. Ақ конверттің сыртындағы Ольга Петровнаның сол бір баяғы қолын жазбай таныды. Конвертті желімдеген тұсынан еппен ашып, ішіндегі бір парақ қағазды алып, оқи бастағанда өз көзіне өзі сенбеді. “Көке, сағындым сені! Қайда жүрсің? Мамам қайда менің? Мен қазір мектепте оқып жүрмін. Оқуым жақсы. Хатты саған енді өзім жазып тұрамын. Балаңыз Ерұлан” деген хат жолдарын оқығанда басы айналып, тұрған орнынан шайқалып кетті.


Жер айналды. Жел тұрды. Құмды даланың апшысын қуырып бара жатқан аптап ыстықтың лебінен де Жанаттың ішкі жан толқынысының ыстық демі тиген жеріңді күлдіретіп күйдіріп түсірер еді дәл қазір. Мүсәпір көңілдің қамығып жүріп ашылған түпкір сарайында бір үміттің ошақтағы өшіп қалған оты қайра бір лапылдап тұтанып жанып жүре берген. Жанының әлдебір қуат көзін ашқан Ерұланның пәк көңілімен, адал саусақтарымен ұстаған қаламының ұшымен жазылған сол бір тұңғыш хатымен байланысқан әке мен бала тағдыры өлмес өмірдің мәңгілік құшағында сонан бері бірге тербеліп келе жатыр…


***


–Еріккен екенсіңдер осы сендер, –деді қашан болсын тойымсыз көңілінің қыжылын баса алмай әбігерленіп жүретін Құлқожа. – Қаңғырып кеткен осы ауылдың иттерін жинаймыз деп, күнде ел ішін дүрліктіргенше, қыс келе жатыр отын, шөптеріңді жинап алсаңдаршы!



  • Құлеке, жөн, жөн сіздікі! Орақ болса егінге жаңа салынып жатыр, шөп сабаннан құр қалмаспыз – деп Жанат ақсақал біріне бірі сөз бермей дауласа жөнелер ауылдастарын сабырға шақырды.

  • Аларсың, атаңның басын!..

  • Құлеке, қой деймін енді!

  • Ал, қоймасам ше?! Әй, Оспанның алқаш баласы, қоймасам сен мені жағамнан аламысың?!.


–Құлеке, қой деймін енді…



  • Ал, қоймаймын, не қыларың бар маған?!.


Бет-аузы ісіңкіреп, қою қара шашы көптен бері ұстара тимегендей жалбырап өсіп кеткен Жұмабек отырған орнынан атып тұрып, Құлқожаны өңменінен итеріп қалды. Өзінің баласымен жасты Жұмабектен тап мұны күтпеген Құлқожа шалқалақтап құлап бара жатып: – Тап әкеңнің аузын… Сені ме, сені түрмеде шірітейін, алқаш, – деп айбат шегуге ғана мұршасы келіп,


 


мұрттай түсті. Құлап жатып, сыпыртып боқтап жатқан Құлқожаға ұмтыла берген Жұмабекті екі-үш қарулы жігіттер ұстап қалды.



  • Құлқожа дұрыс айтады осы! Биыл малдың жемі мен шөбі де қиын болады-ау осы! “Осы, осымен” сөзін аяқтап отырған ел ішінде жыбыр атанып кеткен Самиғолла бұрын осы елдің партия ұйымының хатшысы болған тік бақайлау, кірпияз жан.


–Қаншама достасқанымызбен Әмериканың қастандығы қалушы ма еді, – деді Самиғолла.


Бүгінгі жиыны шағын жанжалға ұласып бара жатқан аралағаштықтарды бұрынғы парторгтың Американың тағы бір қастандығы жайлы айта бастаған әңгімесі сабасына түсірді. Елең еткен ауылдастарының бар назары өзіне ауғанын сезген Самиғолла Америка жайлы, оның жасап отырған қастандығы жайлы ыңырана отырып сөзін онан әрі сабақтады.



  • Әлгі біздің осы ауылды жекешелендіріп ие болып қалған жаңа қожайындар, ту-ту Әмерикадан астық оратын бір комбайн сатып алыпты, – деп бір қойды Самиғолла.


Жұрт тым-тырыс. Сол комбайнның ішіне американдықтар атом бомбасын салып жібергендей үрейленген аралағаштықтар осы араға не мәселемен жиналғандықтарын да әбден ұмытып, естен танар күйге түсті. Самиғолла да үнсіз. Аса бір қауіпті, болмаса қатерлі бір жағдайды баяндайтын шығар деген оймен сабыр сақтап, әліптің артын бағып отырған жастар жағының шыдамдары да таусылуға айналды.


–Сәке, айтсаңшы енді әлгі Американың қастандығын!..



  • Тұра тұрсаңшы, біреу қуып бара ма, асығып. Айтады ғой қазір.


Екеу ара дауласуға айналған Көбетей мен Нұрланның бір-біріне қораздай қоқилана қалған түрлеріне қарап, тамашалап отырған жұрттың назарын өзіне аударған Самиғолла қарлығыңқы дауысын қырнап барып:


–Ал, айтайын енді,болмадыңдар ғой осы, –деді.



  • Әмериканың қастандығы қалушы ма еді осы, – деген сөзге мән беріп сөйледі. – Әлгі біздің қожайындар әкелген Әмериканың “Жын-дир” деген комбайны бар ғой…

  • Сәке, “Жын-дир” емес, “Джон-дир” деңіз. Ой, ол өзі бір керемет ғажап комбайн ғой, – деп Самиғоланың сөзін әлдекім бөліп жіберді.


–Иә, иә… сол Әмериканың комбайны бар ғой, – деп Самиғолла ешкімге назарын салмастан әңгімесін онан әрі жалғастырып алып кетті: – Егіннің сабанын түгін қоймай ұп-ұсақ етіп майдалап турап, үгітіп шашып кетіп отырады екен. Бұрынғы советтің комбайндарының соңынан көпене-көпене болып қалып жататын сабан жоқ енді бізге. Малымыз аштан қырылмағанда қайтсын осы?!.


Отырған жұрт ду күлді. – Бар уайымың сабан ба сенің? – деді Жанат ақсақал жақтырмай. – Иә, тағы не жаңалығың бар?..



  • Айтайын ба?

  • Е, айта ғой! Тыңдап отырған жоқпыз ба, бәріміз де бір сені, – деді Жанат сабырлы үнмен.


–Айтсам бар ғой осы…


 


Самиғолла мұрнының астынан бір міңгірлеп алды да: – Әлгі біздің ауданда баяғыда бірінші хатшы болған… әлгі орыс қатына бар, кім еді әлгі… әй, әлгі… Әмір Қалиевич ше, сол қайтыс болыпты, – деді.



  • Е, жарықтық иманды болсын!


Жанат іштей дұға қылып, бетін сыйпады.



  • Әй, оның өзі Қазақстаннан көшіп кеткен жоқ па еді?! Қызу қанды Көбетей Самиғоллаға алара қарады.

  • Әй, неменеге осы сен адырая қаласың? Ал көшіп кеткен… Немене Қазақстаннан көшіп кеткендерге өлім жоқ деп пе едің?


Самиғолла шарт кетті.



  • Ту, Сәке-ай, жай сұрап жатқаным ғой! Жараңызға тұз сепкендей осыншалықты ыршып түскеніңіз не? – деп Көбетей кейіп қалды.


Тап алдарында тұрған коммунизмге жетеміз деп ұзақ жылдар бойы алашапқын болып, ақыр соңында ішер ас пен киер киімге жарымай, тауы шағылып, еңсесі түскен елдің енді бұрынғы жасағандары мен замандарын қайта құру қажеттілігі жайлы Мәскеу жақтан нұсқау түскен-ді. Бәрін де қайта құрамыз деп жүріп бұрынғы құралғанның өзіне ие бола алмай қалған кезеңдерде Әмір Қалиевич басқарып отырған аудан да түгелімен сол заманның қысқарту атты қырсығының қайшысымен қиылып кете барған. Заманның зауалына орайлас жүрген қайта құру мен қысқартудан жапа шегіп, басынан билігі, қолынан қызметі кеткен осы бір өліара тұста жалғыз қызы Натальясы да неміс жігітімен көңілін жарастырып, тұрмыс құрған болатын. Алайда көп ұзамай күйеу балаға ата жұрты Германиясынан шақырту келіп еді, ол болса қазақ елі туып-өскен жерім еді деп алды артына қарап жатпастан, көшіп кетті. Маңдайына жазған қызметінің қызығынан да, жан дегенде жалғыз қызынан да бір сәтте айрылып қалған Әмір енді өз үйіне өзі сыймауға айналды. Электр қуаты бір үзілмей беріліп тұрған шақта, тіпті түннің бір уағына дейін теледидар көруді арман қылатын. Енді электр жарығы да шектеліп, тәулігіне бір-екі сағат қана беріле бастағалы, бұл ермегі де ертегіге айналғандай еді. Май шамның жарығымен әйелі екеуі үн-түнсіз отырып, кешкі тамақтарын ішіп бола берген сәтте Мария Васильевна өксіп-өксіп жылсын-ай келіп. Жан күйзелісінен көптен бері құса болып қалған сорлы әйелін Әмір не деп жұбатарын біле алмай дағдарды. Бір ауданның халқына билік айтып келген басы бір әйелінің көз жасын қойғыза алмай әңкі-тәңкісі шықты.



  • Болды енді! Төзімім әбден таусылды! Қажыдым! Тезірек бұл арадан басқа жаққа кетуіміз керек!


Өксігін баса алмай отырып айтқан әйелінің түптің түбінде осы бір сөзді қоңырсытатынан Әмірдің іші сезетін. Қашан болсын ер адамның ығында емес, жел жағында жүріп тізгін ұстауды ғадет етіп алған әйелінің бұл бір жай байбаламы емес, кесімді ойы екенін ұққан Әмір басымды мінезіне басып, үндемей құтылған.


Әмірі тіс жарып үндемесе болғаны, енді өзінің дегенін істеуге ақырындап кірісе беретін Мария Васильевна тез арада басы артық-ау деген дүние мүліктерін сатып, қоныс аударудың қамын жасады. Бастан кеткен дәуреннің қызығы мен сайраны түгесіліп, сәулесі қалмаған қара көлеңкелі ғұмырынан


 


түңіліп те отырған келер күндерінің көмескі келешегінен Әмір үшін ендігі арада жер шарының қай қиырына қоныс тепсе де бәрібір болатын. Әмірді осы бір үзілгелі тұрған үмітімен поезға отырғызып алып Мария Васильевна Мәскеу түбіндегі өзі туған Иванова қаласына көшіріп алып келген-ді.



  • Сорлыны табытқа салып орыс зиратына жерлепті. Тағдыр дегенің міне


осы!


Самиғолла осыны айтты да ауыр күрсінді. Қашан болсын бөтен дінге,


оның ғұрпына үрке қарайтын қазақы көңіл бұл жолы да шошына қалды. Әркімнің сол бір шошынған жан дүниесінде іштей тынған ой әлемінің үнсіздігін Көбетейдің мырс-мырс күлгені бөліп жіберді. Отырған жұрттың назары Көбетейге ауды да, ол күлкісін басып:



  • Сәке-ай, кешегі күні бастығым деп жалпаңдағанда сондай едіңіз, сол Әмірдің жаназасын өзіңіз барып шығарып, арулап көміп келмедіңіз бе? – деді.

  • Тәйт әрі, бұл да күлетін, бұл да сөз қылатын жай ма екен? Топырақ кімге қайдан, қалай бұйырарын бір Алла ғана біледі. Аузыңа келгенді оттамай, жайыңа отыр!


Жанат осылай деп Көбетейді тиып тастады. Сөзге сөз жалғағысы келіп, тілі қышып отырғандар да бар еді, бәрі де отты көздерімен алара қараған Жанаттан ығынып, тиыла қалды. Тына қалған осы бір тылсым дүниенің опа бермес тіршілігі көз алдарынан Әмір болып үнсіз өтіп жатқан жандарды қалың ойдан Жанат болды оятқан.



  • Ал, ағайын! Бүгін осы елге жан-жақтан өз бауырларымыз, өз балаларымыз жиналады, – деді Жанат тебіренген үнмен. – Олар өздерінің туған топырағын, кір жуып, кіндік кескен ата жұрттарын сағынып, аңсап келе жатыр. Жыл құсындай қанаттары талып өз ауылдарына жетуге асығып жолдан шаршап, шалдығып келген ауылдастарымызды дұрыстап күтіп алайық, көңілдеріне кірбің түсірмейік әйтеуір! Ел ішінің боқ әңгімесін бықсыта бермеңдер түге!..


Естінің есін кіргізіп, есерді сабасына түсіріп сөйлеген Жанаттың бұл айтқандарын ауылдастары ұйып тыңдады. Әрқайсысы өздеріне бөліп берілген шаруаны ойша пысықтауға кіріскендей, үнсіз қалды. Дабыра болмай тұрған мына топтың тыныштығын пайдаланған Жанат тағы бір істі пысықтады.



  • Қонақасыға сойысқа мал іздеп бастарыңды қатырып, әуре болмаңдар, – деді өктемдеу сөйлеп. – Анау менің қорама жуырда өздеріңнің апарып байлап берген қызыл қашар қысыр әрі семіз көрінеді өзі, соны жұмсаңдар! Менің құрбандығым сол болсын!


Осы ауылдың бұған дейін ортақ болып келген мал-мүлкін жекешелендіру басталғанда Жанаттың үлесі бір қашардан аспады. Бесікте жатқан баладан бастап, еңкейген кәрі-құртаңға дейін үлестері қатталып- шотталып есепке түскенде осы елді он бес жыл басқарғандығын алға тартып жіліктің майлы басына ең әуелі Тельман жармасқан болатын. Көгілдіртау облысының партия комитетіне хатшы болудың тізгіні бұйырып, басына қона қалған мына баққа масайрап жүрген шағында орыс патшасы Ельцин дегенің өз елінде коммунистер партиясының жұмыс істеуіне тиым салған жарлыққа қол қоймасы бар емес пе?! Қашан болсын Мәскеу жаққа қарап алып барып,


 


түшкіруді әдетке айналдырған өзгелер де бірінен соң бірі коммунисттер партиясының іс-әрекетіне тыйым салып, әлемде бұрын-соңды болып көрмеген не бір қызықтар болып, дүние атаулының астан-кестені шыға бастаған шыжымды бір шақ еді. Сол шақта бұрын ортақ болып келген мал мен мүлікті, жалпы дүние атаулыны тезірек бөліп алмаса жел көтеріп алып кететіндей әбігерге түскен әуелі Тельман сияқтылар болды. Ұзақ жылдардан бері көптің маңдай тері, ақ адал еңбегімен құралған дүние атаулыға қол салуға елі мен жұртынан ұялғандар да бар еді. Ондайлар әліптің артын бағып отырғандарында аяқ астынан пайда бола кеткен пысықтар мен алаяқтар ешкімнің де, ешнәрсенің де обал-сауабынан ығынбады. Кейіннен арлылар бармақтарын тістеп, сандарын соғып өкініп қала берген заман келді зауылдап…


Облыстың дүние-мүлікті жекешелендіретін мекемесінен ала келген мамандары мен соңынан еріп жүрген милиция қызметкерлері бар Тельман өзімнің үлесім деген малды ауыр машиналарға тиетіп жатты. Соның алдында ғана іске татиды-ау деген су жаңа тракторлар мен жүк машиналарын, бір-екі астық оратын комбайндарды да Көкшетауға жөнелтіп жібергені де бар еді. Сол мал-мүлікті жөнелтісіп жүрген ауыл жігіттерінің зықын дәу қара бұқа шығарды. Мүйізін ерсілі-қарсылы шайқап, арқанмен жетелегендерге ырық бермей-ақ қойды. Ауыл жігіттерінің ақ тер, көк терлері шығып әбден қалжыраған бір сәттерінде Жұмабек келе қалсын қаңғалақтап.



  • Әй, – деді жеңіл машинаның жанында тұрып, зекіріп бұйрық беріп жатқан Тельманның жанына келіп: – андағы бұқаны қайда апарасың? Әлгі татар қатыныңа апарып салайын деп пе едің?!.


Қапелінде мұндай сөзді ести қоямын деп ойламаған болар, Тельман үнсіз қалды. Жанындағы милицияның біреуі барып, Жұмабектің бұл маңнан жүрмеуіне кеңес беріп еді, ол тіпті өршеленіп кетті.



  • Сен кім едің, анау итті қорып жүргеннің бірі сенбісің? Тапқан екенсің адамға опа беретін ізгі жанды. Анау ма, а-нау бар ғой, – деп Жұмабек оң қолының сұқ саусағымен Тельманды нұсқап, –барып тұрған қанішер ғой ол. Оның мына қара жерді басып жүруге де ешбір хақысы жоқ. Сен соны білесің бе?!.

  • Тельманға қарай ұмтыла берген Жұмабекті екі милиционер ұстап қалды. Қанша ышқынса да қарулы екі жігіттің қолынан шыға алмаған Жұмабек сөйленіп тұр.

  • Әй, оңбаған, осы ауылды тонағаның, жұтатқаның, халқын зар илеткенің аз ба еді сенің?!. Обкомға хатшы болып жетілгенің осы ма, билігің өз ауылыңды тонаудан аспай қалған жетесіз немене, көрейін де өлейін деп пе едің бар мал-мүлікті тасып әкетіп…

  • Кет, маскүнем сен едің маған ақыл айтатын, - деп манадан бері сабыр сақтап, Жұмабектің бір сөзін естіп, бірін естімеген күйде тұрған Тельман мұнан әрі шыдай алмады. – Көзін құртыңдар анау маскүнемнің!..


–Әй, найсап, сенің көзін құртпағаның енді мен едім осы ауылда аман қалған. Құртқан, жылатқан жандарың аз ба еді-ей сенің?!. Жіберіңдерші, жіберші қане, ана антұрғанның өңешін жұлып алайын…


 


Тельманға қарай ұмтылып, бас салуға ұмтылған Жұмабектің отты көздеріндегі кек отынан сескенбеген жан баласы жоқ еді осы арада. Ыза мен кекке булыққан сорлы неме екі қолтығынан ұстап алған екі жігіттің өзін сүйрей жөнелді. Тап қазір сол екеуінің қолынан бір босап шығып кетсе болды, Тельманды жүндей түтіп тастамақшы. Милиционер екі жігітті біраз жерге дейін сүйреткен Жұмабектің күші таусылды ма, әлден уақытта сүрініп барып, етпетінен құлады. Сол құлап жатып, екі жұдырығымен қара жерді соққылап булығып жыласын-ай келіп. Ара-арасында сөйленіп қойып жылап жатқан бейбақтың жанына бір тірі пенде жоласайшы, тым болмаса біреу табылса етті араша түсетін. Біреудің қайғысы қамықтырмайтын, өзгенің көз жасы жабырқата қоймайтын таскерең заманның зарлы уын татып, жылаған пенделер көбейген сайын адам атаулының бойындағы аяушылық сезімдерінің түп- тамыры қиылып қалған ба деп те ойлайсың.


–Мені… мені… мас… мас… күнем деді-ау анау оңбаған!..


Булығып барып осы бір сөздерді әзер айтқан Жұмабек жер соққылаған қалпымен ұзақ сөйленді. – Мен… мен ішсем әй, оңбаған Тельман, жаныма сенің салған жараңды жазайын деп ішемін… Өмірімнің сен улаған уытын қайтарайын деп ішемін мен… Сен жұтатқан жанымды жұбатайын деп ішемін мен… Шерлі көңілімнің қалың қайғысының қара бұлтын тарқатайын деп ішемін мен… Әй, әй… оңбаған сен соны білесің бе?! Білесің бе?!.


Күні бойы ішкен арақтың уытынан аш өзегі талып, әлсіреп барып Жұмабек сол жатқан орнында ұйықтап қалған болатын. Сонан кейін мұнда ешкімнің шаруасы болған жоқ еді. Құлаған жерінде ұйықтап жатып қалатындығы күндегі дағдысына айналғандықтан да әркім өзінің күйбең тіршілігінің қамымен кете барды. Түнгі салқыннан денесі қалтырап, дірдектеп барып оянған Жұмабек есін жиғанда, біраз малды тиетіп алған Тельманның керуені Көкшетаудағы ет комбинатының алдына келіп ат басын тіреп те жатқан болтын…


Арлыға арсыздың күле қарайтын күні де туып, адам баласының ары да, қолындағы бары да базардағы саудаға түсіп жүре берген кезеңдерде көптің игілігін иемденіп кеткендер кеудесімен көк тіреп шыға келген. Жанына да барғызбайтын, жонынан да ұстатпайтын сол көкіректілердің бітеліп қалған көкірек көздері ашылар ма екен, шіркін?!. Ашыла қалса ше?!. Онда олар ең әуелі билік пен байлық атаулыны бір өзінің уысына ғана жинап алудың қамымен жүріп, қаншама бейбақты жылатып кетіп жатқандарын байқар еді-ау! Адамның араны ашылып кеткен замана дүниясының адалын да, арамын да қылғытып жұтып жатқан қомағай жандар бір тояр күн де туар ма екен, шіркін?!.


Биік төбенің басында жалғыз өзі ғана отырған Жанат осы бір түпсіз терең ой әлемінің шылауына шырматылып, жанына келген Жұмабекті де аңдамады.



  • Аға, – дегенде барып селт еткен.

  • Әу, жаратқаным, не дейсің?..

  • Аға, мен тағы да іштім. Аға, мен тағы да маспын! Күйіп барамын!


Күйдірді ғой бұлар мені!


 



  • Қой, қой, айналайын! Сабыр… сабыр. Күйетіндей жарқыным-ау, не болып қалды осы саған?

  • Маған ба?.. Е, аға сіз білмейсіз ғой, білмейсіз… Сіз онда ана жақта жүргенсіз әлі… Түрмеде болатынсыз…

  • Сіз білмейсіз ғой, – дегенді масаңдау үнмен қайталаумен болған Жұмабек біресе қыстығып, біресе еңіреп жыласын-ай келіп…


–Қой, айналайын бәрі де бір Алланың ісі де!


Бейшара жанды сабырға шақырған Жанатқа ол болса, өңменіңді тесіп жіберердей өткір  көздерімен қараған.



  • Алланың ісі дейсіз бе?!. Сіздің әйеліңіздің қыс ішінде жол үстінде босанып, қансырап өлгені де Алланың ісі ме, ә?!. Сол жолы туған жалғыз ұлыңыздың тілеуін тілеп, осы жасыңыздың біразын түрмеде, ендігісін бір үйде бір өзіңіз жалғыз өткізіп жатқаныңыз да Алланың ісі ме?!. Алла неге қатал болды мына сіз бен маған?!. Айтыңызшы, айтыңызшы, аға!

  • Қой, қой айналайын, жарылқаймын десе Алланың рахымы мол ғой!


Сабыр… сабыр… шырағым!


Ботадай боздап жылаған Жұмабектің тап қазір жан дүниесін арақтың уыты емес, өмірдің өз уы ойып бара жатқан болатын. Және де сол уды да сол бейбақтың тағдыр талқанына аяусыз сепкен пенденің жер басып тірі жүргені- ақ күйдіреді.


Тұзы шыққан тағдырының кермек дәмін татып жүрген Жұмабектің басынан өткен жайды Жанат түрмеден босап шыққаннан соң осы елден еміс- еміс естіп еді.


Ол жылдары ауыл үйдің іргесіне дейін жыртылып, тұқым салынған егістікке жаз жауынды болып, астық бітік шықса болды, басшылар жағынан Мәскеуден алатын жаңа ордендерін қадау үшін күздің қара басынан-ақ бір- бірден жаңа костюм-шалбар сатып алып қоюлары айнымайтын дағдыларына айналған еді. Науқаннан қолы босай қалған қалтарыс бір сәтте Тельман да іргедегі Көкшетауға машинамен жүгіртіп барып, қаланың көп дүкендерінің бірінен жап-жаңа сұр костюм-шалбар сатып алып, облыс орталығынан шыға бергенінде тас жолдың айрығында тұрған бір әйел қол көтерген. Тани кетті. Өз совхозының комбайншысы Жұмабектің әйелі Шолпан екен. Директордың “Уазигіне” міне беріп, машинаның жүргізушісі бастықтың өзі екенін байқап қалған жас келіншектің екі беті ду ете түскен.



  • Аға, кешіріңіз, тоқтатқаныма! Қалаға дәрігерге көрінуге келіп едім, автобустан қалып қойыппын. Елден біреу-міреу жолығар деп жолға шығып едім…

  • Оқасы жоқ! Жолымда тап сіздей әдемі әрі сұлу, өзі жас келіншектер кездесе берсе, менің де ісімнің оңғарылғаны!


Жеңіл машинаның артқы орындығында үріккен еліктей болып отырған Шолпанға Тельман мойнын бұрып, күлімсірей жауап берді. Көңілі көл болып, масайрап келе жатқан директордың жанына бір желік кіргені анық еді. Жымыңдап қояды, біресе ыңылдап әндетіп, маңдай тұсындағы айнадан Шолпанның ұялғаны мен сасқанынан алабұртып, қызара түскен жүзінен көзін алмай келе жатқан Тельманды бір құмарлық биледі. Бойындағы нәпсі


 


құмарлығымен бірге Жұмабекке деген кеудесінде біраздан бері бұғып жатқан кек оты бірге тұтанып ала жөнелді.



  • Сенің қаншығыңды мен бір көрейін!


Бір тал қылға ілініп жаратылған адам тағдырын үзіп түсер осы бір ойға бекінген Тельман қанын ішіне тартып ала қойды.



  • Сенің қаншығыңды мен бір көрейін!..


Осы бір қиянатқа жетелеген сайтан ойымен алысып, қаны қарайған Тельман машинаның жүрісін де үдете түсті. Жолындағы барлық машина атаулыны басып озып, ерсілі-қарсылы ағылған сан түрлі көліктердің ара- арасымен зулап келеді. Біріне болмаса біріне қақтығысып қаламын-ау деген ой болсайшы өзінде.


Тельманның бір тоға момын Жұмабекке осыншалықты кектенуінің әріде жатқан сырын айтуға айтар ауыз қиналар еді. Бәрі де директордың үйіндегі ақ қаншық итінен басталған болатын. Тельманның қазір Алматыда тұрып жатқан жалғыз ұлының туған күніне деп іргедегі Омбы қаласынан орыс жолдастары салпаңдаған екі құлағы жерге тиюге сәл-ақ қалған сүп-сүйкімді ақ күшікті сыйлаған. Тельман мен Зүлфия ұлына ат мінгізгеннен бетер қуанған бұл сыйлыққа.



  • Бұл анау-мынау күшік емес! Соны біліп қойыңдар, – деді қолындағы арақ толы стақанын ерсілі-қарсылы шайқап сөйлеп тұрған ұзынтыра Николай.



  • Бұл тек ағылшын аристократтары мен Ұлыбританияның ханзадасы ғана ұстайтын иттің тұқымынан…


Несін айтасыз, ұзынтыра орыс жаңағы ақ күшіктің жаралған сідігінің ата-тегін тізбелеп, олардың қай елдің көрмелерінде болып, қандай медаль, алқа алғандарын айтқанда, дастархан басында отырғандардың аузынан сілекейлері шұбырған. Мұндай текті итке және де кім көрінгеннің қолдары жете бермейтіндігі бар екен. Тіпті бәлен мыңдаған ақшаңды санап беріп те қолға түсіре алмайтыны бар екендігін айтып Николай Тельманның қолына сол ақ күшіктің ата-тегі тіркелген кітапшаны да ұстатқан.



  • Бірақ, байқаңыз, Тельман Ерденович! Сіздей ұлы адамның баласына сыйлап тұрған бұл текті күшікті… қазақтардың көшеде қаңғырып жүрген бұралқы жаман иттері нетіп… әлгі ұйлықтырып кетіп жүрмесін. Мұның ұйлығатын кезінде өзіміз Омбыға алып барып, текті бір асыл тұқымды итті таңдап отырып, ұйлықтырып береміз…


Сол ақ күшік Тельманның отбасының бір мүшесіндей болып кеткен еді. Шаруашылықтың өзінің шұжық цехында күн сайын жасалып жататын дәмді шұжыққа екінің бірінің қолы жете бермесе де, директордың ақ күшігінің күн сайынғы сыбағасын бас зоотехниктің өзі әкеліп, тастап кетіп жүретін. Соны жеп қыс бойы жылы үйде, жылы төсек үстінде жатып бой алып өскен ақ күшік көктем шыға, далаға шыққысы келіп, босағаны тырмалап қыңсылап тұрып алатынды шығарды. Мұның енді күшік емес, жаратылыстың күйіне түсіп қаншық болып қыңсылап жүргенін ұққан болатын Тельман. Егіс жұмыстарын бір ыңғайлап алсымен ақ қаншықты Омбыға алып барып, Николай досының текті төбеттеріне қосып келмекші болды. Ауылдың шаруасы біткен бе? Тельман әне-мінемен жүргенде ақ қаншық жай жабыла салған үй есігін


 


тырналап ашып, далаға босап шығып кеткен. Аяғының астынан жылымшылап аққан қар суын еппен басып, есік алдындағы көрінген ағаш бұтағын иіскелеп тұрған ақ қаншықтың жанына дәу төбет келе қалған. Табиғаты тілеп тұрғанынан бас тарта қоймаған ақ қаншықты бұл осы ауылдың директорының және мұның асыл тұқымды бір тұқымнан жаралғанын да, мұндайды тек ағылшынның ақсүйектері мен ханзадасы ғана ұстайтын тектілігін қыс бойы ауыл үйдің сойып жеген соғым етінің сүйегін кеміріп шыққан Жұмабектің қазақы сарыала төбеті ғана елеген жоқ...


Сол  күннің   кешінде   егіс   басынан   кеш   келген   Жұмабекті   Тельман кеңсесіне шақыртып алған.



  • Әкеңнің аузын… сенің жаман төбетің менің породистый қаншығыма артылатындай сен кім едің өзің?..

  • Ойбай-ау, тақсыр-ау, иттің аты ит емес пе енді, менің жазығым не? – деген Жұмабек әуелде сабыр сақтап.


Екі көзі қанталап кеткен Тельманның ашуы жуыр маңда басылар емес.



  • Бұл мені қорлауың, әрбірден соң менің бүкіл семьямды қорлауың – деді Тельман аптығып. – Итіңді де, соған қоса өзіңді де атып тастаймын қазір…

  • Ойбай-ау, тақсыр-ау, енді бір ит үшін атып тастасаңыз, көндік оныңызға


да…



  • Атамын… атамын!.. Ал, не қыласың маған, – деп әбден есіріп алған


Тельман кабинеттің бұрышында тұрған темір сейфті ашып жіберіп, қос ауыз мылтықты суырып алды да, қарсы алдында тұрған Жұмабекке кезенген.



  • А-ата-мын!.. А-ата-мын қазір!


Үні дірілдеп, қолы қалтырап, ашудан булыққан Тельманның қолындағы қос ауыз мылтыққа Жұмабек мысықша атылып барып, жармаса кетті. Жан дәрменде мұндайды күтпеген директор сасқалақтап, абдырап қалды.Соны пайдаланған Жұмабек Тельманның қолындағы қос ауыз мылтықты жұлып алды. Жалма-жан ұңғысындағы жалғыз оқты суырып алып Тельманға жіберіп қалды да, қос ауызды еденге бір салып, ортасынан қақ бөлді де Жұмабек есікке ұмтылды. Ашуға мінген ол да жай кете қоймады.



  • Директордың қаншығы қалай болады екен, соны көргісі келген ғой біздікі!.. деп мырс-мырс етіп Тельманның жанды жеріне шоқ тастай шықты.

  • Сенің қаншығыңды мен бір көрейін!..


Хайуан санасын осы бір ой ғана билеген Тельман әлден уақытта зулаған машинасын кілт бұрды да, үлкен тас жолдан шығып, даланың сүрлеу жолымен жүріп барып қайыңды шоққа кіріп барып тоқтаған.



  • Аға! Аға, не болды? Қайда келдіңіз? Бұл араға неге тоқтадыңыз?


Қорқыныштан қалтырап, жүрегі аузына тығылған Шолпан бір сұмдықтың қармағына түскенін сезіп, жылап жіберді.



  • Аға, аға, – деймін…


Машинасының артқы есігін ашып жіберіп, өн бойы үрейден дірілдеп,қыстығып жылап отырған Шолпанды қарулы қолдарымен машинадан жұлып алған Тельман оның шырылдағанына да ешбір қараған жоқ. Жас келіншекті бүріп әкетіп барады.


 



  • Аға, аға деймін… Менің аяғым ауыр! Естисіз бе, аға, менің аяғым ауыр!.. Қойыңызшы, құдай үшін, қойыңызшы!.. Аяғым ауыр… аяғым ауыр…


Жан дауысы шығып шыңғырып та, қол-аяғын сермеп те арын қорғаған Шолпан өзінің үстіне қара терге малшынған қара жүректің төніп, иі қанбай былжыраған көн терідей қолдарымен үстіндегі жұқа көйлегінің омырауын дыр еткізіп айырып, жыртып жіберген сәтте талықси берген еді…


Денесі    қалтырап   тоңып   жатып    көзін   ашқанда   тылсым   бір   қою қараңғылық арасынан сақ-сақ етіп күлген әлде біреулердің дуысын құлағы шалды. Жалма-жан дал-дұл болған көйлегінің етегін жауып, ашық қалған омырауын қос қолымен бүркемелей берген сорлы әйел жатқан орнынан атып тұрып, жан дауысы шыға шыңғырып, қаша жөнелді. Біресе еңіреп, біресе шырылдап жылаған бейшараның зар үнін естуге дәті шыдамағандай ай да қою қара бұлттың арасына қорғаланып барып жасырына берді. Сол бір түннің жабылып қалған түндігіндей болып Шолпан қайрадан өз ақыл-есін жия алмады.


Келесі күні таң сібірлеп атқан шақта үсті-басы алба-жұлба әлдебір әйелдің тас жолмен өтіп бара жатқан көрінген машинаға тас атып, соларды біресе қуып, біресе қашып, біресе жылап, біресе жан дауысы шығып шыңғырып жүргенін көрген болатын талайлар. Құдайға қараған біреулері сорлы әйелдің қуып жүріп, ұстап алып жындыханаға тапсырып кеткен. Бұл – Шолпан еді.



  • Аяғым ауыр… аяғым ауыр…


Осы бір екі ауыз сөзді ғана қайталаумен жындыхананың тар бөлмесінің бір бұрышына тығылып, бүрісіп отырған қалпы жан күйзелісінен ол да күйіп кетті…


***



  • Алланың ісі дейсіз бе?! Аға, рас, бәрі де Алланың ісі ме?!.

  • Иә, шырағым, Алланың мейірімі де, шапағаты да, қаҺары да жетеді ғой өз пенделеріне. Сабыр… сабыр, қарғам…


Адам баласынан қиянат көрсе де ғұмыры мен үміті қиылмаған Жанат өзегін өртеген өкініші, қайғысы мен ызасының отын заманының зәр суымен өшіргісі келіп жүрген Жұмабек бейбаққа ауыл шетіндегі биік төбе басында ұзақ отырып бұл дүние мен ол дүниенің растығы мен жалғандығы туралы ұзақ бір әңгіме бастаған. Сол ақиқат пен жалғандықтың ара жігін көрсетіп берейін дегендей күні бойы ен даланы ыстық аптабымен қуырып, жарық та нұрлы сәулесіне шомылдырған күн көзі де жер әлемнің бір жиегіне батып барып, көзден ғайып болды. Қос бейбақты қара көлеңкелі құшағына қалдырып кетіп бара жатқан күннің қызыл жалқынды шапағаты тарасымен Жанат орнынан тұрып: – Қой ұзақ отырып қалыппыз-ау өзі! Мен дәретімді алып құтпан намазын оқиын, – деп қолындағы жез құманын ұстап төбенің етегіне түсе берді.



  • Қорылыңа болайын сенің!..


Сүт пісірім уақыт болар-болмастан қорылға басып, қалың ұйқыға кеткен Жұмабекке Жанат мейірлене қарады. Шыр айналған жер жиегінің күн батқан жақ қарама-қарсы беткейінен көтеріліп келе жатқан сүттей мөлдір ай сәулесі түсіп тұрған Жұмабектің қоңырқай өңінен қайғы салған қара дақ өшіп


 


кеткендей болған нұрлы жүзінде сәбиге ғана тән тәтті бір пәктіктің жылы бір табы бар еді.



  • Е, жаратқан ием! Жарылқай гөр өз пенделеріңді, – деп терең бір күрсінді де, сол бір тілеуімен намазына тұрып, азан шақырды.


Бұл аймақта ұзақ… тіпті ұзақ жылдардан бері естілмей кеткендігінен болар, шақырылып жатқан мына азанға түнгі дүние тіршілігінің сусап қалғандығы анық еді. Ай да жылжыр емес орнынан. Шегірткелер де түнгі шырылын қой-ақ қойғандай бүгін. Сүттей аппақ дүние әлемінің ұйып бара жатқан мына шырайын ұйықтап жатқан Жұмабектің жанұшыра шыңғырып оянғаны бұзып жіберді.


Намазын оқып болып, жайнамазын енді ғана жинай берген Жанаттың өн бойы қалтырап, тітіркеніп жүре берді.



  • БисмиллаҺи, бисмиллаҺи! Жын қағып кетті ме сорлыны?!.


Еппеп басып, құбыла бетке барып қалған айға қарап, азан шақырғандай болып, қос қолын көтеріп тұрған Жұмабекке таяған.



  • О не, жарқыным?! Шошып ояндың ғой өзің…


–?!



  • Аға, құманыңызды беріңізші, мен де дәретімді алайын. Құтпан намазын тағы бір қайырайықшы!

  • Е, жарқыным, жарайды… жарайды… Құтпан намазын ымырт үйірілгеннен бастап таң арайланғанға дейін оқи беруге болады, – деуге ғана шамасы келген Жанат жаратқан иесінің мына бір құдіретті амалын көріп, тағы бір тәубесіне келген-ді. Аспан астының тұтасып жатқан қараңғылығы мен жарық сәулесінің ара жібі айырылғанша құтпан намазын үш-төрт мәрте қайырған тәңірінің қос пенделері сол биік төбенің басына қайра қисайған.

  • Ертеде… сонау бір жылдары осы төбенің үстінде не болғанын білесің бе, – деді Жанат жанында үнсіз жатқан Жұмабекке.

  • Жоқ, аға, білмеймін ғой оны!

  • Біліп қой, балам, бұл арада менің атам Жаңабатыр қажының көк мешіті тұрған.

  • Иә… иә… есіме жаңа түсіп жатыр, Ақәжем көзіне жас алып айтып отыратын соны.

  • Сенің Ақәжең жарықтық, иманды болғай, бір қасиетті адам еді ғой.


Білесің бе, сен соны?!.



  • Жоқ, аға, білмеймін… білмеймін.

  • Біліп қой, балам, сенің Ақәжең Марал ишанның қызы еді ғой!..

  • Марал ишан дейсіз бе?..

  • Осы төбенің басындағы менің әкемнің көк мешітінің күмбезін жаңа үкімет құрған дінсіздер балталап құлатқан заман болған… Сол заманның сорынан қашқан Марал ишан Сырдарияның бойына қашып барып, жан сауғалаған. Жарықтыққа топырақ та сол арадан бұйырды. Қазір сол бабамыздың басына түнеп, тілек тілеп, тағзым ететіндерден бейіт басы арылмайды дейді. Жарықтығым-ай!..


Үнсіз қалған екеудің онан әргі әңгімесін енді-енді атар ақ таңның хабаршысы даланың бозторғайлары жалғастырған.


 



  • Аға, ұйықтаған жоқсыз ба?


Әлден уақытта Жұмабек тағы да әңгіме бастаған.



  • Балам-ау, бүгін маған ұйқы қайдан келсін?!.

  • Мана неге шошып оянғанымды айтайын ба сізге?!.

  • Е, айтқың келсе айта ғой, шырағым!

  • Мана деймін үсті-басы аппақ ұзын бойлы бір қария келіп, қол-аяғымды тырп еткізбей басып отырып, аузыма ыстық бір дем салды. Оттай шарпыған сол ыстық демнен тұншығып бара жатып оянып кеттім. Намазға тұр қазір, – деді де өзі көз алдымнан ғайып болып кетті. Соны Марал ишан ба деймін!

  • Е, жарықтығым-ай, болса болар, балам! Сені айықтырып, кеудеңе құйып кеткен екен ғой бәрін… Жолың оңғарылар енді, тәңір жазса!


Жанында ояу жатқан Жұмабекке Жанат біраз аманат іс тапсырды.



  • Есің бар баласың ғой, – деді ол әуелі. – Мына араға менің атам Жаңабатыр қажының көк мешітін әлгі балам, Ерұланымды айтамын … сол қайра тұрғызбақшы. Ертең ол да келеді Алла жазса! Жанында бір араб досы бар дей ме, сол мол қаржы бөліп бермекші екен. Сол мешітке сен ие бол, айналайын! Өзім-ақ ие болып отырар едім әлгі бала, өмір бойы жалғыз отырғаның жетеді енді деп болар емес. Мені өзі қызмет істеп жүрген қазіргі жері Мекке-Мәдинаға алып кетпекші осы жолы.

  • Барыңыз аға, барыңыз!

  • Өзім де бармақшымын. Ендігі қалған ғұмырым өз әулетімнің соңғы бір тұяғының тілеуін тілеумен, соның жанында өтсін деп отырмын.


Таң шығымен қайра тазарып, қайра шығып келе жатқан жаңа бір күн шапағына нұрлана малынып оянып келе жатқан дүние базардың сайранды тағы бір тіршілігі басталды. Сол тіршіліктің әр қиырынан тарам-тарам тартылған жолдармен Аралағашқа сол елдің ұл-қыздары келген улап-шулап. Жанаттың Ерұланы да жанында араб досы бар, ата жұртымен, әкесімен, сағына қауышқан. Иіріліп, өздерін тосып тұрған елінің кәрі-жасына сәлемін берді де, Ерұлан барлық аралағаштықтарды бастап алып барып, ауыл шетіндегі қорымдағы аруақтарға арнап құран оқыды. Өзіне мына жарық дүниені қиып, өмір беріп кеткен анасы Раузаның да басына келіп, ана қабірінің бір уыс топырағын иіскеп, бұл ел бұрын-соңды ести қоймаған адам баласының сай-сүйегін сырқыратар мақаммен құранның ұзақ бір сүресін оқып, ғазиз анасының рухына бағыштай отырып, жүрегіндегі мұң мен наланың салмағын көтере алмай бірде жұмылып, бірде ашылып дір-дір етіп тұрған кірпіктерінің арасынан үзіліп түсіп… үзіліп түсіп отырған көз жасына да ие бола алмаған. Күнәсінен арылып жатқан пенделері басып жүрген жер ананы да бір тазартып алайыншы дегендей осы сәтте ақ жауын да бүркіп өтті.


Көп дайындық жасап, ұзақ тосқан бұл кездесуге осы ауылдың бір тумасы



  • Тельман ғана қатыса алмады. Туған ауылына келмейін деген ниеті жоқ еді, бар жақсыларын үстеріне киіп, бар асылдарын тағынып жолға шыққан Тельман мен Зүлфияны тәңір иесі жетер жерлеріне жеткізбеді. Көтеріліп барып піскен көңілінің тоқмейіл күйімен үлкен шапшаңдықпен зулатып келе жатқан шет елдік машина кенеттен Тельманның басқаруына ырық бермей, ерсілі-қарсылы жыландай ирелеңдеп тас жолдан шығып кетіп, бір аунап, бір төңкеріліп барып


 


шоқ қайыңға соғылған. Бет аузын қан жауып жатып көзін ашқан Тельман сол шоқ қайыңның арасынан «Аға қойыңызшы, құдай үшін қойыңызшы! Аяғым ауыр… аяғым ауыр» деп бірде жылап, бірде шыңғырып зар илеген Шолпанның аянышты үнін құлағы шалған-ды.


… Тельман мен Зүлфияның жол үстінде апаттан қаза болғандарын аралағаштықтар тойлары тарқаған күннің ертесіне естіді.





Пікір жазу