09.02.2023
  245


Автор: Жабал Ерғалиев

Ескі арба

Талқаны таусылуға таялған тағдырының тәлтіректеген тал таяғына таянып тұрып тың тыңдады.


Талықсыған тылсым тіршіліктің таңғы тынысын тіліп түсіп, құлағына еміс- еміс шалынған балғаның тықылы шыққан тұс–ескі шым қораның сыртына ақырын басып келіп еді, әлдеқашан күпшегі қаңсып, шабақтары шашылуға айналған баяғы өзінің көк арбасының дөңгелегін бұзып жатқан немересі Әділдің үстінен түсті.


–Әй… өй!.. Не бүлдіріп жатырсың?! Андағы сау тұрған арбаны қиратып, не көрінді, шырағым-ау?!


–Түктеме көрінген жоқ! Осы үйде нан алатын көк тиын қалмады деп апам кешеден бері қақсап жүрген жоқ па?! Ата-ау, бір өзіңнің пенсияң неге жетсін!..


–Е, иә?!.


–Е, иә… дейді ғой!..


–Үйде ақша жоқ деймін!.. Мына арбаның темірлерін таз Қойшының үйіне апарып өткізсем, соған ақша береді ол...


–Е, иә!.. Шырағым-ау, анада талайдан бергі дәрет алып жүрген жез құманымды да сол Қойшы ағаңа өткізіп жіберіп едің…


Көңіл түкпірінен шыққан Ахметтің осы бір ауыз зілсіз сөзіне немересі құлақ аса қоймады. Арбаның артқы дөңгелегінің шенін бекітіп ұстап тұрған ортан саусақтың жуандығындай бұранды темірді қашаумен қиып түсіре алмай әуреленіп жатқан Әділінің мына әрекетіне іштей сүйсініп те тұр. Сол сүйсінген көңілмен тұрып:–Е, иә… сол андағы темір шенге Қойшы ағаң қанша ақша береді,–деді немересіне.


–Қайдам!.. Ана жолғы жез құманға берген ақшаға әкем бір бөтелке коньяк алып ішті емес пе?! Андағы қолыңдағы дәрет алып жүрген бөтелкең сол коньяктікі ғой…


–Е, иә!.. Солай ма еді, құлыншақ?!


–Солай, солай, ата! Қарашы әне, бөтелкенің сыртына “Түркістан” коньягы деп алтындап жазып, ол аздай Қожа Ахмет Яссауидің кесенесінің суреті де салып қойыпты ғой, әне!..


Қолындағы шың балғаның сабын түбінен жерге бір соғып, нықтап алған Әділ орнықты отырып, орнықты сөйлеуге және де шаруаны тиянақты істеуге үйреткен атасының дағды, тәрбиесімен мүдірмей жауап беріп отыр.


–Е, иә,–деп біраздан бері құман есебінде ұстап, дәрет алып жүрген бөтелкенің сыртындағы жапсырма қағазға зер сала үңіліп еді, о тоба… Түркістандағы… иә… иә… қасиетті Түркістандағы әулие бабаның басына Ақсақ Темір әмір тұрғызған дейтін кесененің суретін көріп, тұла бойы шымырлап кетті. Жылымшылау суы бар бөтелке құманын жерге қоя салды да:–


 


Е, иә… заман-ай, бұл да бір зауалың ба еді,–деген бір ауыз сөзбен жан күйігін қалай айтып қалғанын да білмеді.


–Ата-ау, сен оны айтасың, зауал бұл ғана дейсің бе?! Анада… әлгі бұрынғы деректір бар ғой… әлгі Тілебай… Сол қазір кәммерсант болып, дүкен ашып алған жоқ па еді? Вот, ата, соның дүкеніне барсаң ғой… неше түрлі арақты көрер едің! Ата, тіпті бар ғой әлгі Алматыдағы керемет бір әнші апамыз бар еді ғой, соның … иә сосын әлгі “Қыз Жібекте” Төлегенді тасадан атып өлтіретін Бекежан бар еді ғой… Иә ата соның … Бекежанды ойнайтын әртіс ағаның да суреттері бөтелкелерге жапсырылған керемет бір арақтар сыңсып тұр. Рас айтамын, ата!


–Е, иә ,–деп ойлана отырып, Әділінің мына айтқанын тыңдаған қарт ұзақ уақыт үнсіз қалды.


Не айтарсың, кімге не дерсің?! Сасық суға өкпесі қабынған ұрпағының санасы уланып жатса, ол барып ұл мен қызын халал мен харамды айыра алмайтын күйге душар етсе, тәңіріңнің жіберіп отырған зобалаңы да бұл. Зобалаң дүнияның дариясын кешіп жүріп, бұл тіршілігіңде көретінің де, еститін небір сұмдықтарың да жүрегіңді шайлықтырып жібереді екен-ау?! Күресерге дәрменің жоқ бейшара да мүсәпір қалпыңмен “е, иә” дейсің де, талқаның таусылар, демің үзілер сәтіңді тосасың осылай!..


Көрешегің алда деген!..


Алла! Алла! Қарияның иманы кәміл болды. Харам ас–арақ құйылған ыдыспен дәрет алып, бес уақыт намазға тұрып жүргендігі есіне түсіп, күнәсіне күнә жамағандай болса… сурет те болса мына шыны ыдыстың сыртындағы құл Қожа Ахметтің кесенесінің киесі атса не етер?!


–Е, иә… киені таныр, киеден қорқып, үркіп отырған ұрпағың бар ма осы күні?! Қасиетсіздік жайлаған дүние әлемінің ары арып, ұятының жұлынына құрт түскелі құрдымға кетуге айналған адам пендесінің де ақылы азайып, сүбесін сүлік тесіп бара жатқан жоқ па? Ананың сүтімен сүбесіне берілер қасиет дегеніңнің араммен лайланып, былғанған өзегін кім аршып ала алар енді?! Қай өсиетіңді айтарсың?! Айтарсың-ау, бірақ соны тыңдар, соған құлақ асар есті бір жан иесі қалды ма екен айналаңда?!


Әй, қайдам!.. Өзгені қойып, бауырына басып бала қылған, өресі жеткенше обал мен сауапты, адал мен арамды құлағына сіңіріп келе жатқан мына Әділінің өзіне бүгінгі күні қартайған басының пәлсапасы жүре қояр ма екен? Ел ішінің әлде бір жаманшылығын адам баласы түгілі мал екеш малдың өзі етімесінші деген бекүнә пейілмен әуелі “мал құлағы саңырау” деп барып, аузын басып, бір бірінің құлағына ғана сыбырлап қана айтатын қаймана қазақтың қотанын қаптаған небір сұмдықтар мен көргенсіздіктерді көз көріп, көкірек қаныққалы жан баласын кие, қасиет деген ұғымдар сескендірмейтін де болды.


Анада осы ауылдың саудагер дүкеншісі Тілебай елді жинап, кенже ұлының оқу бітіргеніне орай құдайы құрмалдық атаған. Көкшетаудың қаптап кеткен бір университетіне жыл сайын ақысын төлеп, оқытқан ұлының қуанышын айлап болмаса да, апталап тойлаған Тілебай сол қызығының ырду-дырдуының соңын ала өз ауылдастарын хан сарайындай кең үйіне жинаған.


 


–Бес баламның бәріне де жоғары білім әпердім,–деп бастаған ол өз құрмалдығының бесммилләсін.–Міне, кенже ұлым да юристік оқуды бітіріп отыр. Ол дегенің–болашақ прокурор! Ол дегенің–болашақ сот!


Қысық көзі қанталап, қызарып алған Тілебай дүниенің, соның ішінде өз баласының, онан қалды барша адам баласының тағдырын өз уысында ұстап тұрғандай екілене, тіпті, тап бір құдаймен құпиялап барып жолығып, сонымен ақылдасып, бар шаруасын мақұлдасып келіп отырғандай сөйледі. Өзінің осы елге сіңірген еңбегін де алға тартты. Назын да, онан қалды осы елге деген өкпе мен ренішін де жасырған жоқ. Әйтеуір, көңіл түкпіріндегі ақ ұлпа мақта- мақтанышын да, маза бермей ызыңдап жүрген ызасын да армансыз бір ақтарсыншы бір.


–Мына мені осы ауылға кірме деп шыдатпай, үстімнен біресе райкомға, біресе обкомға арыз жазып, осы елдің шетінен айдатып-ақ тастағыларың келіп еді. Ау, тіпті бар ғой,–деп Тілебай тап қазір кезінде өз үстінен айтылған сол арыз атаулы жанын қайра бір отқа салып, қуырылып жатқандай ышқынып, қызбалансын-ай келіп. –Ау, ЦК-ға, тіпті Қонаев пен Брежневтің тура өздеріне де арыз айдадыңдар ғой мына сендер! Тіпті, қыр соңымнан ит қосқандарыңды қоймадыңдар ғой түге бәрің жиылып алып… Қоймадыңдар ғой, қоймадыңдар ғой!..


Құрмалдыққа жиналғандардың кәрі-жасының бәрі де бастарын төмен салып, бұрынғы басшыларының алдында әрқайсының арқалаған айыптары бардай үнжұрғалары түсіп, жер болып қалды. Тілебай болса малшы, егінші халыққа жекіп, зіркілдеп қалған бұрынғы ғадетіне басып тұрғанын да аңғара алмай, өз құрмалдығын есе алу жиынына айналдырып жібергендей болды. Іштегі біраздан бергі қыжылы қайнап-ақ жатыр.


–Мен деректірліктен кетерде совхоздың мыңнан аса қара малын, бес мыңдай саулығын, үш жүздей жылқысын санап тұрып, өткізіп кетіп едім өз қолдарыңа. Ал, сол мал қайда қазір?! Ау, сол мыңдаған мал қайда кетті деймін?! Кім әкетті, кім жеп кетті? Менен қызғанғандарың ақыры келіп қызыл итке жем болған жоқ па?–деп Тілебай дүйім жұртты енді табалау дегеннің қар табасына салып, шыжғырсын-ай келіп.


Шіркін, қазакемнің көнбіс көңілі-ай! Үстінен түйе жүріп өтсе де, мыңқ етпейтін жұртың осы болар бәлкім? Бұрынғы басшылары жандарын шыжғырып жатса да, жөн…жөн мұнысы, шын… шын бұл айтқаны деп іштей құптап отырғандары да бар болатын. Ет жеп, шәй ішеміз деп үйлерінен нәр татпай келгендері де бар еді, солардың алдының шектері де шұрқырауға айналды. Өзі де тоқ, көңілі де тоқ Тілебай болса исі танауыңды жарып бара жатқан сол піскен еттің табаққа тартылып, өз алдарына қашан келерін күтіп, көздерінің астымен босаға жаққа сүзіле қарап қойып отырған құрмалдыққа жиналғандарға аш құрсағының құрышын жазар ас беру керектігін де есіне алар емес.


–Шырағым,–деді осы бір ұрымтал тұста Бірәлі шал сақалын салалы саусақтарымен сауа сылап қойып,–екінті намазының уағы жақын қалды. Әуелі құран оқып, сонан соң ас ішіп алсақ жөн болар еді…


–Біреке, намазыңды үйіңе де барып оқи жатарсың! Асымызды бермей қояды деп үркіп отырсың ба?! Береміз! Ол қайда қашар дейсіз?! Басымыз күнде қосыла бермейді. Сондықтан да осындайда айтарымызды айтып, мұнан әргі күнкөрістің жайын ақылдасып алайық бір,–деп Тілебай әлі де аптығының басылмағандығын аңдатты.–Бұл елге менің ғана жаным ашитындығына көздерің енді жеткен болар осы отырған бәріңнің де!..


Тілеуіңді бергір Тілебай жуыр маңда тоқтар болмады. Тоңы жібіген тоң көңілінің ашуы арнасынан асып, кек көпірін қопарардай екпінмен ағыл-тегіл тасыған асау сарқымалы сарындысын әбден сарыққанша сабасына түспесін аңдатты.


Е, сол сабыр сабасын көңіл желі желпімесін, дауыл шайқамасын деңіз! Шайқай қалса, бар болса ақылыңның ойран-асыры шығар. Сол ақыл дегеніңнің өзі әуелден жаралғаңыннан бұйырмай қойса, онда жаман ойың жалмаңдап, арам ниетің кімді арандарын және де кімге соқтығысарын білмей, ұрынарға қара таба алмай, осылай көк езуленетінің болады.


–Әй, Біреке, сен енді мына жерде отырып алып намазым қаза болып барады деп әулие кейіпке түсе қалыпсың. Қашаннан бері пірәдар едің?!.


Жер шұқып отырған Бірәліге қызарған көзі түсуі сол еді, Тілебай есі кеткен есірікпен қарқылдап күлсін-ай келіп.


–Әй… өй!.. ік…ік…ік…


Тілебайдың қарға болып қарқылдап, сауысқандай шықылықтап басталған күлкісі біраз жерге жетіп, іркілдеп барып әзер дегенде басылды-ау, әйтеуір. Бірақ сол күлкісінің басылғаны болсын, зілді тілі қайра бір зіркілдесін. Төрдің төбесінде отырса да, үнжұрғасы түсіп, еңсесі езіліп, төменшіктеген, бұйығы қалыптағы Бірәліге шүйліккен Тілебайға басу айтар жан иесі бола қоймады. Бұрынғы болса да басшының сол баяғы мысы басып тұра ма, ешкім бетіне тіке келе алмай-ақ қойды. Ығына жығылып, әбден меселі қайтып қалған елінің иығына мініп алған Тілебай тершіген маңдайын бір сүртіп қойып, есіп отыр.


–Әй, Біреке,–деді екіленіп жүндей түтіліп, әбден сілікпесі шыққан мейманына. –Мына сен менің деректір кезімде сонау Балтық жағалауынан әкелген қара ала бұқаларды бағып едің ғой, солар қайда кетті, ә?!. Қайда жібердің?! Ана ветрач екеуің сол бұқалардан алынатын ұрықтарды сақтайтын ыдыстарды сүртуге берілетін спірттің түгін қоймай ішіп қоюшы едіңдер, енді намаз, намаз дейсің! Намазыңа болайын сенің!


Қара басқанда қара басына тағылған мына айып Бірәліні есеңгіретіп тастағандай болды. Тартып отырған ташпиғын жан қалтасына салды да, Тілебайға тесіле бір қарады да, сонан соң көзін төмен салған қалпы отырып қалды. Бірәліні мүсәпір күйге түсірген Тілебай енді халқына жанашырлық сөзін айтуға кірісіп кеткен еді.


–Вот, жиырма шақты бұқаны қойып, мыңдаған малдан айырылдыңдар ма? Айырылдыңдар! Сол мал тұрған анау қоралардың кірпішін кірпіштей, темірін темірдей, бетон плиталарын түгелдей бұзып саттыңдар ма? Саттыңдар! Қазір мал тұрған сол біздің қораларымыздың ескі-құсқы кірпішінен Астанадағы кейбір байлардың салып, кіріп алған үйлерін көрсеңдер ғой? Үй емес ол, хан сарайы!.. Хан сарайы ол дегенің! Қирағаны, сауы бар бүкіл техниканың темір- терсегін Қытайға өткізіп жіберіп, енді әр үйдің су құйып жүрген бәктерін, шылапшын, құмандарына дейін біріңдікін бірің ұрлап, әлі де өткізіп жатқан жоқсыңдар ма?!


Тілебайдың мұнысы, бұл айтқаны жөн енді!.. Ана бір жылдары ел ішінде қоғамның бар малы мен мүлкін жекешелендіру деген науқан жүрген кезде басшылар жағы: “Ана жерде ана, мына жерде мына қарызымыз бар еді”,– деп мал атаулыны күні-түні жүк машиналарына тиеп, жөнелтіп жатты. Малдың қайда, кімге және не қылған қарыздары үшін өтеліп жатқандығын сұраушы да бола қойған жоқ. Соны сол кездегі не үкімет, не осы отырған халық сұрауды білмеді ғой. Осы елді жан-жақтан жиналып келіп басқарған сол кездегі басшыңнан бастап барлық мамандары дейін меншіктеріне сонау Германиядан тасылып әкелініп жатқан бұрын мініліп, ұсталған болса да, бір-бір жеңіл машина сатып алып, осы ауылдың қотанынан тайып отырды.


–Вот, жиырма бес жыл совхоз болып отырып едіңдер,–деп Тілебай әңгімесінің ендігі бір әлқиссасын бастады. –Сегізінші деректір мен екенмін! Арызданып жүріп, мені орнымнан алғызып, тынышталып едіңдер, ал менен кейін де екі деректірлерің болды ғой. Ау, солар қайда кетті? Іздедіңдер ме, сұрадыңдар ма, білесіңдер ме? А… білмейсіңдер! Біреуі–Ресей, біреуі– Германияда жүр! Өзгенің емес, өздерің ғана бір-біріңнің арттарыңа ши жүгіртіп, құйрықтарыңды шұқисыңдар! О… бұл жағына келгенде сендер ме… сендер ешкімнен де ши сұрамайсыңдар!.. Ау, соны дұшпанымыздың өзі білген… білген ғой! Мына қараңдаршы,–деп Тілебай дастархан үстіндегі тіс шұқығыш сауыттан бір тал шиді алып, пәлсапа ойын онан әрі сабақтады.


–Түкке де тұрмайтын осы бір тіс шұқығыш шидің өзін де бізге іргедегі жат ел жасап беріп, сатып жатыр. Солар қазақтың етті көп жейтінін де, ет жеп болғаннан соң рахаттанып отырып алып, тістерін шұқитындарына дейін сол ел қалай біліп отыр ә?!: Білгені де! Қазақтың базарын міне, осы шиге толтырып тастаған жоқ па?! Құдай ақы, біріміздің артымызды біріміз шұқитын шидің осы елге қажет емес екендігін де солар бар ғой әбден біледі! Вот, біледі деп ойлаймын!.. Қызғаныш… бақталастық… көре алмаушылық… іштарлық сияқты тағы да бір толып жатқан қазақтың өткір шиі осы отырған әр қайсыңның өз іштеріңде жатыр!..


–Ал, болды енді! Мен айтарымды айттым! Қане, осыған кімнің қосып, алары бар,–деді Тілебай сәл-пәл үнсіздіктен кейін.


Мына отырған халықты құрмалдығына емес, шаруашылықтың өндірістік жиналысына жинап алған ба дерсіз! Енді жарыссөз басталып кетіп жүрмесе жарар еді. Осыны ойлап, іштей қобалжи бастағандардың көңілін орынықтыра Ахмет тамағын бір қырнап алып, сөз бастады.


–Тілеке, манадан бері айтқандарыңның бір өтірігі жоқ! Бәрі шын, бәрі рас!


Қадіріңді білмегендігіміз де болды. Кешір, Тілеке, кешір!..


Ахметтің үні жалынышты әрі жарықтана шықты. Мына басшыларының ғұмырында осы елге алғаш рет бергелі отырған құрмалдығы дау-дамаймен басталып кете ме деп елеңдеп, сақ отырған өзгелердің үстерінен ауыр бір жүк түскендей болып, жеңілденіп қалды.


Ахметтің жаңағы бір ауыз сөзінен кейін отырған жұрттың: –Кешіріңіз, Тілеке, кешіріңіз,–деп жамырауы мұң екен, Тілебай босап сала берсін. Еңкілдеп жыламаса да, қысық көздерінен шыққан жасын қол орамалымен қайра-қайра сүртіп, мұрны бырқылдап, басын төмен салып кемсеңдеп-ақ қалғаны.


–О, тоба-ай, деректір де жылайды екен-ау,–деп ойлады бір сәтке ауылдастары. Мұнда да жүрек, мұнда да селт етер сезім, жасқа бұланып, діріл қағар кірпік бар екен-ау?! Соны ойлаған сәтте, бұрын ылғиына ызбарланып алып, осы елдің үлкен-кішісін бір шыбықпен айдағандай қылып, үйіріп ұстайтын бұрынғы басшыға деген көптің көңіл түкпіріндегі бір аяушылық та оянып жатты.


Айғайласаң айбарланып, аясаң жайылып, жайланып сала берер қазекемнің кең қолтық күпі көңілінде кірбің қалушы ма еді?! Ағарып атқан таңның ақ шапағының шуағына шыланып барып, тазарып шыға келген Тілебай үйіндегі көңіл атаулының барлығы да айығып, жадырап сала берді.


–Ал, қазір ет жейміз,–деді Тілебай жадыраған сол шуақты көңілдердің аш құрсағына хабар салып. –Ал енді, менің осы елге, осы отырған өздеріңізге жаным ашып, жүрегім ауыратыны да рас. Айтайын деген тағы да бір ақылым бар еді, соған мұрсат бересіздер ме?


–Тілеке, айтыңыз, айтыңыз!.. Тым болмаса сол ақылыңызды тыңдайық енді!..


Жұрт осыны айтып, тына қалды. Бұрынғы басшыларының енді көңілін қалдырмай, жанына кейістік салмай, осы жолғы ақылын құлақтарына құйып алғысы келетіндей зейін мен ынта танытқан еді. Масаның ызыңы ғана естілер дейтін осы бір өлі тыныштықтың тынысын пайдаланған Тілебай обалы нешік жалпақ елге жанашыр сөзін созып алмай, қысқа ғана қайырды.


–Баяғыда мен салғызған… қазір сойдиып-сойдиып тіреулері ғана қалған ана мал қораларының маңындағы баяғы мен өсірген мыңдаған малдың тау-тау болып үйіліп жатқан қиын бір-біріңмен таласпай, жаға жыртыспай осы отырған барлығың бүгіннен бастап, бөліп алып, ие болып қалыңдар!


–Тілебайдың ферма маңындағы қырық жылғы боққа ие болып, соны бөліп алыңдар, енді содан айырылып қалмаңдар дегені әдеттегі тағы бір көңіл қыжылы емес пе екен? Сол боқтың енді кімге қажеті бола қояр дейсің,–деген ойларымен отырған манағы жайбарақат көңіл атаулының бәрі де жиырыла қалды.


–Мені тағы да қырсық сөйлеп отыр деп ойлайтын шығарсыңдар!


Тілебай өз қонақтарына зер сала қарады. –Кекесінім, болмаса таба сөзім емес бұл! Шын жанашырлығым бұл!


Тілебайдың бұл жолғы осы сөзі расында да көңілге қонымды шықты. Сол ескі ферма маңындағы біраз жылғы қиды маңайдағы орыс ауылдарының қатын- қалашы мен бала-шағасы шұқылап жүріп, тасып-ақ алып жатыр.


–Әй, олар сол боқты неге тегін әкетеді? Неге сатпайсыңдар оны? Ойбай-ау, солардың өз боқтарыңа өсірген қияры мен сәбізін теңгелеріңе сатып алып, жеп жатқан жоқсыңдар ма?


Бір кездері есесі кеткен дүниеге сол есесін енді қайра жіберіп алғысы келмегендей Тілебайдың осы жолғы даусы ышқына шықты, қаһарына қайра мінді.


 


–Есектің артын жу да, мал тап деген бар емес пе?! Қазіргі заманда боқ сатудың ешбір айып, жазасы жоқ. Давайте, ертеңнен бастап ферма маңындағы қидың маңына қарауыл қойыңдар! Сырттан келіп ешкім де тегін алып кетіп жүрмесін! Сатыңдар соны! Ол–көң, ол–қи, ол–боқ екен деп қарамаңдар оған! Сатыңдар соны! Сосын көресіңдер! Ол дегенің–қып-қызыл ақша… ақша! Біздің ауылдың қиы әлемдегі экологический ең чистый тыңайтқыш! Қазір темір- терсегіңе дейін жалап-жұқтап, жинап алып әкетіп жатқан Қытайың ертең осы боғыңды да сұрайтын болады әлі. Сол кезде соны пұлға өткізуге осы бастан әзір отырыңдар. Ауыл ішінде шашылып жатқан сол қытайыңның ала қабына сол боқ атаулыны қаптап, үйлеріңнің маңына қазірден тасып, үйіп алыңдар. Ақша дегенің қазақтардың аяғының астында жатыр, соны жерден көтеріп алуға не икемдері, не бейімдері жоқ дейтін былайғы жұрттың табасына бұдан былай төзуге болмайды… болмайды енді! Ал, ие болыңдар! Осы отырған бәріңе кешегі Кеңес үкіметінен қалған да, бұйырған да, қолдарың жетіп, тигені де–сол боқ! Онан басқасын көріп те тұрғаным жоқ, білмеймін де, айта да алмаймын әзірге!


–Апыр-ай, ә, осы Тілебайдың осы жолғы бұл айтқаны жөн-ау енді,–деп ойлады Ахмет мүлгіген санасымен. “Дүние–боқ”,–деп бар дүние байлығын боққа теңеп өткен қазақ та данышпан-ау осы! Сол боқ дүниені жинамай-ақ қазақы қалпымен-ақ өмір сүргісі келіп еді, аштан өлмегені анық, алайда, көштен қалып қойғаны бар. Жинау керек… жинау керек енді бұдан бұлай, сол боқ дүниені!


Құрмалдыққа деп сойылған семіз қошқардың былқылдап пісіп тұрған етін жеуге құмартып отырған жұрттың ендігі сілекейі ауыл сыртында тау болып үйіліп жатқан мал қиының шіріндісін тезірек бөліп алу ойымен шұбыра жөнелгендей еді. Біреуі терезеге, енді бірі есік жаққа мойындарын созып, елеңдей бастады. Сол елең-алаң жұрт көңілін әлден уақытта алдарына табақтап тартылған ет тарқатты.


Әп-сәтте туралып, табаққа түскен сол етке енді қол сала бергендері сол еді, даяшы екі жігіт сылдырлатып алып кіріп, босаға жаққа қоя салған бір жәшік араққа жұрт назары еріксіз ауа берген еді.


–Мұны арақ деп қалып жүрмеңіздер!


Сол даяшы екі жігіттің соңын ала келген Тілебай солай деді. –Бұл–арақ емес! Бұл дегеніңіз–“Түркістан” коньягі,–деді ол тағы да меймандарына қарап, жайдары көңілімен. –Міне,–деді бүйірлі бөтелкені мойнынан ұстап жоғары көтеріп: –Мынада “Түркістан”,–деп жазылған, сонымен бірге өзіне ұлы бабамыздың кесенесі де салынған. Бұл әдейі осы құрмалдыққа деп сонау киелі Түркістаннан алдырған бір татар. Қазір содан өз қолыммен бәріңе де құямын! Ішіңдер, киелі “Түркістанды”! Дәмін татыңдар… ішіңдер түге!..


Дастархан басында отырғандардың бірде-бірі Тілебайдың бұл айтқандарына қарсы бола қойған жоқ. Сол күні Тілебайдың құрмалдығынан жұрт мас болып кеш тарады…


*    *        *


Дүние   атаулының   аузындағы  тағдырыңның  қашан   шайналып,  қашан жұтыларын білмей, таңнын атысынан, күннің батысына дейін шыр көбелек айналар тіршілігіңнің де дөңгелегінің әйтеуір бір күні шашылып қалары бар. Заманың өтіп, дәуренің көшер сол бір қылта тұсқа таялған шағыңда кезінде өзіңді, өзіңді емес-ау, тұтас бір дәуіріңнің, онан қалды өлмелі өз өміріңнің небір жүгін артып, тасыған арбаңды да өз ұрпағың балғалап бөлшектеп, қиратып жатса, ол да бір қасірет шығар. Дегенмен, соның да бір шүкіршілігі бар әйтеуір! Ескі арбаңды өзге емес, өз ұрпағыңның балғалап, бұзып жатқанына да, соған өзіңнің де сүйсіне қарап отырғаның да бүгінгі күніңе де, күйіңе де лайықты, әбден жарасып-ақ тұр. Бұл арбаның да, онан қалды өзіңнің де күнің өткелі қашан! Күпшегі қаңсып, қаусап қалған ескі арбаның да, онан қалды адам пенденің өзінің де күні өтер шақ келеді әлі, туады әлі. Сол бір шақ келіп саған да жеткенінде қалай ғана шашылып қалар екенсің?! Бұл енді тағдырыңның тізгінін өз қолына ұстаған тәңіріңнің ісі.


Осы бір ой қамауында отырып қалған Ахметтің құлағына:


–Болдым-ау, әйтеуір,–деген Әділінің үні шалынды.


Немересіне көз салып қараса, ол дегенің үлкен бір шаруа тындырған адамдай маңдайынан шыққан терін көйлегінің жеңімен сүртіп тастап, шашылып жатқан әлде бір темірлерді жиыстырып, кішкене бір сүйретпе қол арбасына салып жатты.


–Е, иә… болдың ба? Әбден зықың шықты-ау өзіңнің сол бір болмашы темір үшін!


Баба мейірімінің осы бір ауыз жылы сөзі бала жанының ерке қылығын оятып, Әділ атасының жанына келіп отырды.


–Өй, құлыным!–деп қарт өз ұрпағын басынан сыйпап, бір иіскеп қойды да:–Сендерге темір-терсек жинатып қойған бұл заманды қойсаңшы енді! Е, Алла, өзің жарылқап, сақтай көр пенделеріңді,–деді де салалы саусақтарымен сақалын сыйпады.


–Ата-ау, дәретіңді алмайсың ба, намазың болып қалды ғой!


–Қазір… қазір, құлыншақ!


–Суыңды әперейін бе?–деп Әділ ұшып тұрып, бөтелке құманды әкеліп берді.


–Андағыңды қояқ қойшы осы! Әлгі үйдегі пештің үстінде тұрған шәй қойып ішіп жүрген шәйнекті әкеп берші,– деді Ахмет немересіне.–Қалай білмей, көрмей келгенмін, ә!.. Бөтелкенің сыртында әулие баба кесенесінің суреті тұр ғой! Обал болды-ау өзі! Андағы өткізгелі тұрған темір-терсегіңе алар ақшаң жетіп жатса, маған бір кішкентайлау, өзі жеңілдеу шәугім сатып алсайшы!..


–Жарайды, ата! Әперемін… әперемін,–деп Әділ үйге қарай жүгіріп кетті.


Сол Әділ әкеліп берген шәй-шәугіммен дәрет алып, қора сыртында тағы да ұзақ отырды. Әділі ескі арбаның біраз темірлерін қол арбасымен сүйретіп таз Қойшыға өткізуге әкетті. Немересінің соңынан қарап тұрған сәтінде қарт жанары жасаурай берді…


Бар ғұмыры осы бір ескі арбаның үстінде өткен Ахмет үшін ілгерілеген күндерің мен жылжыған жылдарыңның жылнамасы немесе додаға түскен дәуірің мен дәуреніңнің естелігі бола ма, соның бәрі әйтеуір сол бір ескі арбамен байланысып жатыр.


 


Ой, заман-ай! Әуелде әулетінің бар мал-мүлкі кәмпескеге түскен кезде Ахметтің әкесі Байназардың үш-төрт көк арбасы да байлықтың басы ретінде хатталып, ортақ меншікке өткізілген-ді. Сол да байлық болып па екен?!. Әр кезеңнің байлық бірлігінің өлшемі әртүрлі болып келе жатқан шақтардың таразысына салып тартсаң да, өз заманына шақ байлықтың басы да болатын бұл көк арба!


Көкшетау аймағының бай шонжарларын Ақтөбенің құмдауытты, шөлді өлкесіне жер аудару туралы үкімет қаулысы шығып, ел ішінің дүрбелеңі күшейген тұста осы көк арбаға бала-шағасын мінгізіп алып, жарықтық әкесі Байназар, бір күн, бір түн жүріп Бурабайдың төңірегіндегі алтын шығарып жатқан Степняк кен орнындағы шахтаға келіп, қара жұмысқа түскен-ді. Жан сауғалап жүріп, ауыр жұмыстан қажыған сол жан құрғырың кеудеңнен ұшып кете қоймаған соң, көрер көрешегіңді көріп-ақ бағады екенсің! Әкесінің әр жұмысшыға күн сайын өлшеп, оның өзін арнайы кәртішкемен беріп тұратын аздаған ас-суымен жан сауғалады. Ал, енді татарға нәр таба алмай аштықтан шұбырған қаймана қазақты көрсең, зауал дегеніңнің осы екендігін ұғынарсың. Аштықтан бұратылып өліп, сүйегі қала шеті мен көшелерінде шашылып қалған сорлылардың қанқасын НКВД шығарған арнайы құрам сабында жүріп арбамен жинаған қарғыс атқыр бір кезең де болған. Сол бір кезеңнің қасірет сүйегін сүйреген бұл арбаның тағдыры адам өмірінің тағдырымен бірге сүйретіліп келе жатқаны және де бар. Тілі бола қалса, мұның да жыр етіп айтар мұңы мен сыры жетерлік. Алайда, өткеннің бәрін ескірген, сол ескіргеннің бәрін жарамсыз қылған сайқал саясаттың сарқытын ішіп, сонымен жетіліп, өрекпіген өркенің өсіп жетілген тұста бұл да ескінің көзі, мұнда да ескі дәуір дүниесінің сіңген тері, тамған қаны мен көз жасы бар-ау деп жатқан кім болды? Енді де кім бола қояр дейсің?! Осы арбаның қаңсып, шашылған шабақтары сияқты өз қабырғаң да жер астында қаусап, шашылып қалар әлі де! Тіршілік дегенің әне, осы!


Бір тоқтамай мәңгі айналып тұрар дөңгелекті адам баласы қаншама бас қатырса да, әлі де ойлап шығара алмай жатыр. Соны жасай алмайтыны да анық нәрсе. Адам баласы өлместей болып мәңгі өмір сүру үшін жаратылғанда ғана барып, сол адам баласы сонда ғана мәңгі айналып тұрар дөңгелегіңді ойлап, жасап алар еді-ау!


Дөңгеленіп тұрған дүния атаулының бәрінің де әйтеуір өлшемді бір жерге барып тоқтарын бір білсе, санасы бар, бақай есепке жүйрік осы адам баласы-ақ біліп, әуелі өзін-өзі, онан қалды айнала тіршіліктің қадірі мен қасиетін бағалауы керек-ақ еді. Соны жасай алмады ғой! Әуелден күнә атаулыдан пәк жаратылған адам баласының ісіне пендешілік деген сайтан араласа бастағаннан-ақ, дүние шіркіннің шырқы кете бастағаны бар. Тіршілік шырылдап-ақ жатыр. Жан даусы шығып шырылдаған тіршіліктің жүрегін тіліп түсіп жатқан өзге де емес, адамның өз қайғысы мен өз зары екендігін де түйсінетін сана жоқ осы күні. Сана қайдан болсын! Әйтпесе, сана дегеніңнің сабасы мен сабыры адам пенденің қанағат аранының қара қақпағы болып тұрмас па еді?! “Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді”–дегеннің нұсқасы да бұл. Адам қазанының, қанағат аранының қақпағы да қаусап, шашылып қалып еді, байлығына масайрап, сонан тоят табар көз құрт пайда болды. Сол тойымсыз көз құрт жеп жатқан сол дүние байлығының бәрі де түбінде бір таусылады, қаусайды, сосын келіп шашылады бәрі де!..


–Ау, Аха-ау, қора сыртында бүгін әдеттегіден ұзақ отырып қалдың ғой!


Жайшылық па, әйтеуір?!


–Е, иә... не болып қалды дейсің? Жай отырған да!


Терең ойдың тонын жамылып отырған Ахмет жанына келіп жайғаса берген бүкір Әубәкірге солғын ғана жауап берді. Бұл да, келіні мен баласының қолына қарап отырған өзіндей бір бейбақ жан.


Бел омыртқасы шойырылып барып, бүгіле біткен және де сонысына орай бүкір Әубәкір атанып кеткен бұл шалың да өз кезінде атқа мініп, осы елдің үстінен қамшы үйіргендердің бірі. Қой фермасының бригадирі болған сонау бір соғыс жылдарынан кейінгі кезеңдерде колхоздың қара кер атына мініп алып, дүниенің тұтанып жатқан өртін сөндіруге асыққан жандай ала құйындатып, шабатын да жүретін. Елге қыр көрсеткісі келгендегі айтар сөзі: –Мен хан, мен Абылай,–деп қолындағы тобылғы сап қамшысын иіріп, бар қотанды басына көтере шабар есерлігіне шыдай алмағаннан да бел омыртқасы шөңкейіп қалды- ау деймін! Әйтеуір, ненің зауалы тисе де, қара басының кезіндегі ығыры мен ызғарынан ыққан осы елдің бұл да бір мүсәпірі енді.


–Бұл елге басымды имей өтемін;–деген Әубәкірдің де екі көзі желкесінен шыққан басын бір Алланың өзі-ақ игізіп және де енді осылай мәңгі иіліп өтетіндей қылып қойған жоқ па?


Бұл ел ішіндегі кейбіреулердің Әубәкірге қарата айтар табасы болғанымен де, адами ақиқат есебінде қабылданары да анық. Бұдан қиянат көргендердің талайы ауыл шетіндегі қорымда жатыр. Және де солардың бәріне де өз қолымен топырақ салу да осыған бұйырғанын қайтерсің?! Бір уыс қабір топырағын қолына алып: “Е, жаратқан ием, мына пендеңе иман байлығын бере көр”,– деген бір ауыз тілегін даусын шығара айтатын да, сонан соңғысын тәңірінен үнсіз сұрайтын. Қос уыс топыраққа телміре қарап, ерні жыбырлап, кей-кейде ұзақ тұрып алатыны да бар. Осы бір ғадеті кейде қабір басындағылардың жан ашуын да туғызып жататын.


Бораны ұлып, аязы ақырып тұрған қыс айының бірінде қайтыс болған марқұм Бейсенді ақ жауып, арулап жерлеу кезінде ар ұялар бір іс болды. Қазан ұрдының қара суығынан тілім-тілімі шығып жарылып, тоң болып қатып қалған қара жерге қабірші жігіттердің қадаған сүймендері тасқа тигендей шақылдап, қазғызбай қойды. Тас қопарудан қайтпаған қарулы дейтін жігіттердің өздерінің де жүректері шайлығып, белдері талып, білектері сынып, әбден титықтауға айналған тұста, әлдекім әр үйдің алдында жарамсыз болып шашылып қалған небір техника атаулының резеңке доңғалақтарын әкеліп, соларды жағып жердің тоңын жібітуге кірісті. Не керек, өлдік-талдық дегенде барып, қабір де қазылып бітті-ау әйтеуір... Күні бойы қара жердің тоңын тоқпақтап әбден қалжыраған ауылдың бас көтерер азаматтары енді марқұмның бетін тезірек жауып, үйлеріне қайтуға да асықты. Күн болса екіндіден ауып барады. Енді болмаса қыстың қысқа күнінің қараңғылығы да басайын деп тұр.


–Ау, Әуке, қолыңдағы андағы топыраққа ұзақ үңіліп тұрып алдың ғой!


 


Зират басындағы сол сәттегі меңдеген үнсіздікті бұзған марқұм Бейсеннің інісі Оразай болды.


–Немене, ағама жасаған бар қиянатың үшін енді келіп андағы бір уыс топырақтан кешірім сұрап тұрмысың?–деді Оразай түтігіп. –Тіршілігінде өзінен сұрап қалмаған кешіріміңді, ана көрде жатқан көкеме андағы бір уыс топырағың енді жеткізе алмайды. Кеш қалдың! Қасиетті топырақ сендейлердің аузын жауып, көзіне ғана құйылатын құм! Андағы топырақ топан судың тасқанын, адам мейманасының асқанын ғана тоқтата алады. Сені топырақ қашан тоқтатар екен?!. Андағы бір уыс топырағың көкемнің сүйегіне де ауыр болар. Салмай-ақ қой! Кет әрі, жұртты бөгемей!..


Оразайдың тұла бойы қалшылдап кетті. Бет тақтайы енді ғана жабылған жан дегендегі жалғыз ағасының қазасы бар, онан қалды марқұмды ақтық сапарға жөнелтудің қам-қарекет шаруасы бар, соның бәрі жүйкелетіп тастаған еді. Қалың қардың көбесін сөгіп, зиратқа жол ашудың да өз машақаты діңкелетіп кетті. Баяғыдай, қыс ішінде қара жолды қар басып, жабылып қалса болды, қуатты трактормен аршып, тазалап алып қатынайтын қауқар жоқ енді бұларда. Кешегі кеңшар дегеніңнің қалың тракторын қыл үстінен бөліп, әркім жекешеліндіріп алғаннан кейін, бәрі де адыра қалды. Енді келіп қарасаң, әр үйдің алдында біреуінің доңғалағы, біреуінің белдігі жоқ, әйтеуір сау-тамтығы қалмаған сол техника атаулы дейтіннің құр қаңқалары ғана қараңдайды. Қыс ішінде дүниеден озған біреуді бүгінгідей жерлеу үшін де қалың қарды сырып, ауыл сыртындағы зиратқа жол салатын да күш көлік қалмағанын қайтерсің?! Әйтеуір, абырой болғанда ауыл жігіттері сілікпелері шықса да, қалың қарды күрекпен-ақ ерсілі-қарсылы лақтырып, жол салып алды. Дәл қазір жетісіп тұрған бірі де жоқ. Қабыршы жігіттер Оразайдың бүкір Әубәкірге қарата салған айқайының соңын күтпестен, тобарсып, қатуға айналған топырақпен Бейсенбінің қабірін жаба бастады…


Күндердің бір күнінде бүкір Әубәкірге әйтеуір бір айтылуға тиісті бұл айыптаудың әріде жатқан өз сыры да бар болатын. Ел іші оны жақсы біледі. Қолына тиген билігін адам баласының тағдырымен ойнауға пайдаланар пендеге кез қылдыра көрмесін деңіз! Алдына келген адам баласын билігінің айбынымен ығындырып алумен бірге, соған қоса жазығы болмаса да жаза тартқызудың өзінен айызы қанар күй кешер қылығы көп болған бүкір Әубәкірдің көп сорлатқан ауылдастарының бірі осы марқұм Бейсен еді. Бай-құлақтың баласы деген қарғыс атқыр қара таңба қыр соңынан бір қалмай қойды. Сол қара таңбаны қаныммен жуайын деген ниетімен, соғысқа да өзі сұранып барып келді. Бір құдайға аян, жанын аяп қалған жері жоқ. Қырық жыл қырғын болса да ажалы жетпеген адам өлмейді дейтін қазақы қағида рас екен. Татар дәмі ұзағынан жазылған Бейсен де майдан өтінде төрт жылдай жүріп, туған топырағына он екі мүшесі сау оралды. Ел ішінің бас көтерер ер азаматтарының қатары сиреп қалған сол бір тұста Бейсенге осы ауылдың қой фермасын басқару шаруасы жүктелді. Сол жылы Арқаның алтай қысынан арып-ашып шыққан сабалақ құйрықты саулықтар көктемнің қалың шыққан көгін көтере алмай, тышқақ тиіп, шығын бола бастады. Бүкір Әубәкірдің белін жазып атқа мінуіне тура келген. Шауып отырып, Қырауқамыстағы райком барған.


 


Ондағылар жағдайды біліп отырғандықтарын, көмекке қосымша мал мамандарын жіберіп жатқандықтарын, енді қойдың жаппай қырылуына қайра жол берілмейтіндігін айтып, шығарып салған еді.


–Е, Бейсен райкомдағылармен ауыз жаласа қалған екен ғой,–деген оймен алысқан Әубәкір түн баласы дөңбекшіп, төсегінде жата алмады. Таң ата төсегінен тұрып, қолына қаламын алып, екінші дүние жүзілік соғыстағы ұлы жеңісінің қуанышынан әлі де айыға алмай жатқан Мәскеудегі Сталиннің өзіне хат жазып, қой қырылып жатыр деп хабар салсын. –Жолдас, Сталин, Сіздің басшылығыңызбен фашистерді жеңсек те, ел ішіндегі баяғы сол халық жауларының құйыршықтарын құрта алмай-ақ қойдық,–деп басталған бүкір Әубәкірдің Сталинге жазған хатының аяғы қатты болды. Бейсен айыпталып, ұзақ мерзімге кесіліп, айдалып кете барды…


Марқұм абақтыдан босап, туған елінің қасиетті топырағына табаны тиген сәтте көзіне жас алып еді. Жаратқан иесіне жалбарынып, ризашылығын білдірген, шүкіршілігін айтқан.


–Е, жаратқан, бергеніңе шүкір! Кешегі қанды қасап соғыстың қырғынынан да аман сау алып келіп едің, енді мына бір айдаудан да аман қайтардың. Ендігі бар сұрайтыным, өз елімнің топырағын бұйырта көр,–деп жалбарынған Жаббар иесінің қабыл еткен тілегімен Бейсеннің де беті жабылды.


–Мынау арбаң баяғы колхоздан қалған жоқ па еді?! Ойпыр-ой, сонан бері қаншама заман өтті десейші?!.


–Заман емес… қаншама адам өткенін айтсайшы!


Өткен заманын көксеп отырған бүкір Әубәкірдің көмейіне бір ауыз осы сөзімен құм құйған Ахмет мұнан әрі жанында отырған оны елей де қоймады. Бірін-бірі жақтырмаған қалыптары әлден уақытта бүкір Әубәкір отырған орнынан қиралаңдап тұрды да, өз үйіне қарай бет алды. Тағы да өз ойымен өзі қалған Ахмет қора сыртында ұзақ отырды.


Сағымдай мұнартқан елес күндердің ой қармағына іліккені де, сол баяғы Бейсен марқұмның әкесі жарықтық Сабырдың халық жауы болып айдалып кеткендігінің жайы еді. Бұл қасіреттің жай-жапсарын бір кісідей-ақ осы Ахметтің әкесі Байназар жақсы-ақ білген-ді. Сол бір қасыретті отызыншы жылдардың қырғынды нәубәтінің бірі аштықтан жан сақтау үшін Бурабайдың төңірегіндегі Степняк кен шахтасына алтын қазуға Байназармен бірге түскен Сабыр жарықтық дене сүйегі ірі біткен қарулы болатын. Әрдайым жарқылдап жүретін бала көңілі де бар. Аузын ашса көмейі көрінетін дейтіннің нағыз өзі! Не нәрсеге болса да сенгіш, аңқаулығы да молдау еді. Сол аңқаулығы ақыры келіп өз түбіне жеткенін де не қыларсың?!


Қазақ даласын жайлаған ашаршылықтың зардаптарын жою ісінің орындалу жайын байқап, бақылау үшін Мәскеуден, орталықтан жіберілген партияның көп серкелерінің бірі Сергей Киров дегеніңнің осы Степняк кен орынында болғаны да бар. Абыройы аспандап, сол тұста ең ірі әрі ең төңкерісшіл ұйым–Ленинград обкомын басқарып тұрған сол Кировты Смольныйда атып өлтірген жағдай біртұтас Кеңес Одағын дүр сілкіндірген оқиға болды. Мұны да тап жауларының ісі деп даурықты. Ленин идеясына адал болып, сол Ленин деген көсемі құрып беріп кеткен большевиктер партиясының, оны басқарып отырған Сталин жолдастың төңірегіне тығыз топтаса түсейік, тап жауларынан сақ болайық, олардың әрбір әрекетіне тойтарыс беріп отырайық деген ұрандаған жиындар Кеңестер Одағының жер-жерінде өте бастады. Сондай бір тап жауларына қыр көрсету жиыны Кировтың қазақ даласында жүріп өткен жерінің бірі Степняк кен орнында да ұйымдастырылды. Тас қопару жағынан алдына жан салмай, еңбектің озаты, сол кездегі стахановшы дейтін атағы бар Сабырға сөз берілген-ді. Жарықтық сөзден тосылған жоқ.–Тап жаулары бізді қорқытып, үркітіп, қаншама қастандық жасағандығымен, біз советтің еңбекші және жұмысшы табының өкілдері олардан ешбір жасқанбаймыз! Өйткені, бізді басқарып отырған Ленин партиясы бар, көсеміміз Сталин жолдас бар,–деп Сабыр аптығын бір басып алды да, сөзін онан әрі жалғастырып әкетті.


–Мен, стахановшы Сабыр Жалмұқанов тап жауларының Киров жолдасты атып өлтірген қарақшылық қастандықтарына өз ісіммен қарсы тұрамын. Мәселен, бүгін мен кен қазу жөніндегі өзімнің күндік нормамды бір жарым есеге асыра орындаймын. Ал, әгәрки, тап жаулары Сталин жолдасты атып кететін болса, сол күні менің бір өзім ғана екі норма беремін,–деп мінбеден түсті.


Дүние шыр айналды… Кең дүниенің тарылып сала берерін де қайтерсіз?! “Берер жерін кең қылсын”,– дейтін қазақы тілеудің не қасиеті бар екендігін де осы арада ұғынар едің! “Тап жаулары Сталин жолдасты атып кетер болса, сол күні кен қазудың нормасын екі есе орындаймын”,– деген Сабыр мінбеге шығып, осы бір-екі ауыз сөзді айтқанға дейін мына жалпақ дүниені жалпағынан басып жүргендердің бірі еді. Еңбек озаты, стахановшы!.. Бәрің де Сабырдан үлгі алыңдар деген қызылды-жасылды үгіт парақшалары да көрнекі жерлердің тұс-тұсында ілулі тұратын. Сол Сабыр енді, міне, күнде тергелудің үстінде. НКВД-ның тар қапасында жатқан Сабырды сен күні кешегі еңбектің озаты едің-ау, стахановшы едің-ау деп есіркеп те, мүсіркеп те жатқан жан баласы болмады. “Сен оңбаған Сталин жолдасқа қарсы ұйымдастырылып жатқан қастандықты білетіннің бірісің! Ол қастандықты кімдер жасамақшы?!. Жаның барыңда айт!..Осы бір айт… айттың астына алынып тергелген Сабыр байғұс ақыр соңында Жапонның шпионы болып шыға келді. Сол айыппен айдалды. Сорлының сонан бергі тағдыры күні бүгінге дейін беймәлім…


Дүние – мәңгілік беймәлім!.. Алдың – қараңғы!.. Күннің шығуымен оянып, кештің түсуімен сабыр табар күнбе-күнгі тіршіліктің жетегінде жүрер адам баласының барып тоқтар мекені ғана белгілі. Өзің мінген дүние қайығыңның түптің түбінде, бұйрықты күнің жеткенінде барып ажал атты өз аралына келіп тоқтары ғана мәлім. Соны ғана білесің… Және қашан келерін, қалай тоқтарын тағы да біле бермейсің. Бұл да бір беймәлім жай…


Көңіл түкпірінде күмбірлеп жатқан осы бір ой толқынымен отырған Ахмет қарт басын көтеріп, ауыл сыртындағы көз көрім жердегі қорым жаққа қарады. Ажалдың аралы болар бұл бәлкім?! Осы бір ой санасын тіліп өткені сол еді, о, тоба… қорымдағы әр қабыр көз алдына қайық болып елестей жөнелді. Жасаураған жанарын сүртіп, қайра бір анықтап қараса, әр ажалдының үстіне үйілген топырақ тап бір аударылып қалған қайықтай болып көріне берді көзіне.


 


Е, шіркін, қазақтың дүниені жел қайық дегені бекер емес екен!.. Енді, менің де, сол қайығым осы бір қорымдағы сол өз ажал аралына барып аударылып қалуға жазсын деген іштей бір тілеуімен ой кешті.


Туған жерінен бір уыс топырақ бұйыруын тәңірінен тілеп өтер қазақтың осы бір ниетінің өзінен оның адал бір көңілі мен ізгі жанын және де ғұлама ақыл-ой санасын тани білуің керек. Ғұмыры таусылған пенде баласы өлгеннен кейін қай жерге көмілсе де… әйтеуір, бір бұйырар топырақ бар ғой! Ал, сол бір уыс топырағымды тек туған жерімнен ғана бұйырта көр деп осы біз несіне жалбарынамыз?! Ата-бабамыз білегінің күшімен, найзасының ұшымен, атының тұяғымен қорғап алып қалған осы бір ұлан байтақ өз жерінен жаратқан иесінен бір уыс топырақ бұйыруын ғана тілеп өткені солардың бойындағы осы жерге деген өзгеде жоқ ұлы сүйіспеншілігі болар бәлкім?! біле-білгенге, бұл жер жаратқанның осы жерге деген өзгеде жоқ ұлы сүйіспеншілігі үшін қазаққа тартқан ұлы сыйы да болар бәлкім?! Жер кіндігі Ұлытау, жер жәннаты Жетісу, жер шоқтығы Көкшетау деп сол тәңір сыйының қасиетін тани білген сол қазақтың да қасиетті халық екендігін аңдатар бұл бәлкім?!


Ай-хай, шіркін, ой дегенің қайда барады мына! Қос жанары жасаурап, сырық сілтем жердегі қорымды әзер көріп тұрған Ахметтің мына ойы әлемге, оның қиыр шетіне иық артып, назар аударғандай ма қалай?! Е, көңіл жүйрік пе, көк дөнен жүйрік пе дегендейін, сол көңілдің бір ұшына байлап алған ой қоржыны да ескіріп, тозығы жетіп, тесілуге айналғаны ма? Әйтпесе, ой әлемі шар тарапқа шашырамас та еді ғой. Сол шашырай берген бір ойы мына маған да топырақ үй іргесіндегі осы бір қорымнан бұйырсын дегенді айтады. Қураған қалақайы мен қурайы бебеу қағып, ызыңдап тұрған осы бір ескі қорымнан топырақ бұйырмай кеткендер де аз емес қой. Көп олар… Соның бірі кешегі Степняк кен орнының стахановшысы Сабыр еді ғой. Онан кейін… иә, онан кейін мына ауыл қотанында бірге асыр салып ойнаған, бірге есейіп, ер жеткен азаматтардың біразына да бұл қорымнан топырақ бұйырмай кетті. Апыр-ай, ә, нешеу еді өздері?!. Құдай сақтасын, кешегі қанды соғыстан отызға тарта азамат оралмаған екен-ау! Ойлап отырса, майдан даласында оққа ұшып, сүйектері шашылып қалған солардың қазір міне, қотандағы да, қорымдағы да орындары бос тұр, әне! Жаратқанға не айтарсың?! Мың шүкіршілік! Ауыл шетінде Ахметтің үйі дейтін тапал тамы бар! Енді құдай бұйыртса, анау қорымда топырақ болып үйіліп жатар төмпешік ордасы да болады мұның.


Ана құрсағынан басталар адам баласы ғұмырының өлшемі тал бесік пен жер бесіктің аралығы ғана екен-ау! Қысқа ма, ұзақ па бұл?! Ғұмырың қысқа болды не, ұзақ болды не, жарық дүниеге шыр етіп келгеннен соң адам баласы деп ат тағып, аттанған сапарыңда неге жылайсың, неге адасасың, неге күн сайын бақытты өмір сүре алмайсың?! Жолыңды кім бөгеп, кім кедергі болып тұрған?! Адам баласы өзіне-өзі жасаған қастандық пен қысастықтан, бір-біріне атқан оқтан неге запа шегіп, қасірет тартып, неге ажал құшып, өлуі керек?!


Не деп кетті мына ойы?! Ажалды адам баласының зауалынан зардап шегіп жатқан дүниенің бар жарасын жазайын деп пе едің?! Дүние жарасының емі жоқ енді! Адал асы мен харам асы араласып кеткен ендігі дүниенің іріңді жарасын жуып, шайып, тазартып, жазып алар күш бір Алланың ғана қолында қалды. Әне… мәңгі мұздықтар да біртіндеп еріп жатыр!..


Соғыста бірі опат болған, бірі хабарсыз кетіп, мына ауыл қотанында не үйі, ана қорымда не қабырі жоқ ауылдас сол замандастарын ел іргесіндегі Тайынша стансасына тасыған да, майданға жөнелтіскен де осы бір шашылып жатқан мына көк арба болатын. Соғыс басталды деген хабар жеткен күннің ертесінде- ақ, әскери комиссариаттан шақырту алған он шақты азаматты тұтас ел болып, жылап-сықтап Құсмұрынның төбесіне дейін жаяулап-жалпылап шығарып салған еді. Жылаған әйел, жылаған бала!.. Дүние де ыңырсып кеткендей болып еді сол бір заматта.


Қырғынды соғыс басталар жылдың алдында ел шаруасы түзеліп, халқының қарны тойына бастаған күндердің де туғаны болған. Сол шалқыған шатқаяқ тұрмыстың желігін баса алмаған елдің кейбір келінсымақтары ауыл үйді аралап, ұршықтарын көшеде жүре иіретін жаман бір ырым бастаған-ды. Ел ішінде өз байларын менсінбей, тастап кетіп, өзге біреуге тиіп алған бұрын- соңды көз көрмеген, құлақ естімеген де бірен-сараң жайлар да болған еді.


Келіндерінің осы бір өрескел қылықтарын әуелден ұната қоймаған ауылдың тақуа қарты Есім шал Құсмұрынның төбесіне тоқтаған арбадан жайлап түсіп, соғысқа кетіп бара жатқан ер азаматтардың бәрін де бауырына басып, маңдайларынан иіскеп, қоштаса бастады. Әлден уақытта, шұбырып келе жатқан топқа қарап, Есім қарт саңқ ете түсті.


–Бай таңдаған, жай таңдаған, келіндерім, ұрықсат… ұрықсат! Ер азаматтарым, сендер аман оралыңдар! Е, жаратқан ием, мынау бір-бір үйдің арыстай азаматтары еді, аман сақтай көр,– деп беліндегі кісе белбеуін шешіп алып, мойнына салып, құбылаға қарап, қос қолын жайып тілек тілеген жарықтық Есім қарттың жанарынан саулаған көз жасы желмен діріл қаққан күміс сақалынан тарамданып, жерге тамып тұрды… Арбаға мінген азаматтар да ұзап, көзден ғайып болып кете барды!..


Енді, міне, бәрі де ғайып!.. Көзден де, көңілден де кетіп бара жатқан өміріңнің өзі біртіндеп шашылып, қалып барады. Қай жерде нең қалды, кімге не беріп кетерсің?!. Мынау сенің өзіңнен қалған дүние еді деп өз ұрпағың қолына ұстап жүрер бір нәрсе қалдырып кетіп бара жатырсың ба? Мынау арбаң ба?!. Өзіңнің көзің тірі отырғаныңда керексіз, жарамсыз болып қалған сол арбаңды қойып, сол арбаңның үстінде өткен өміріңнің де, өткеніңнің де қазір жан иесіне қажеті шамалы. Дүниеден қасиет қашқалы қай заман?!


Тірегі мен тіреуі теңселген дүниеауи ойдың желі шайқаған жады мен есінің өткен өмір кезеңдерінен ұстап қалған жайларын ойға алған сайын көз алдына келіп жандана берер елестер Ахмет қарттың қос жанарын да жасаурата беретіні бар. Өткен өміріңнің өтеуі жоқ енді! Жеткен жерің де осы болар, бәлкім?! Жалқы келген жалпақ дүниенің дәл ортасында шошайып жалғыз өзі отыр. Көз алдында манадан бері көлбеңдеп жүріп алған жалғыз көбелегі– немересі Әділі болса, ол да мына тап өзіндей қаусаған арбасының темірін теріп алып, ақша табам деп әбігерге түсіп жүр.


Дүниенің көкірегін ақша деген бір пәлекет тесіп бара жатқан мына заманда, сол ақшаны табам деп бесіктен белі енді шыққан бала да неге зарламасын, неге зырылдамасын?! Зар заманның тарыншылығы да бар болар деуші еді баяғылар. Келді сол тарыншылық! Дүниенің сол тарыншылықтан қауызы қуырылып бара жатса, ол да адам баласының ниетінің тарылғандығынан! Алып жатса да жетпейтін, асап, жеп жатса да жетпейтін дүниенің ешбір жазығы жоқ. Адам баласының өзін-өзі бай сезінуі үшін бәлкім, үш-ақ нәрсе–ынсап, тәубә, шүкіршілік қана қажеттігін ұғынады көңіл шіркін! Кімге айтар бұл ойын?! Біреу-міреуге осына айта қалса, сол байлығыңның үшеуін де өз басыңа езіп жақ та, жайыңа отыр алжыған шал десе, не етер?! Үндеме! Адам баласы ендігі өз зауалы мен өз ажалын да өз ақшасына өзі сатып ала бастаған өз ақымақтығын өзі ұғынар өзекті жан қалмай барады. Өкініші де осы, міне!


–Ата, ассалаумағалейкүм! Шым қораңның сыртында күнге қақталып әлі отырмысың?!


Ойы үркіп, бойы селк ете түскен қарт басын көтеріп алып еді, ентелеп, төніп ат үстінде теңселіп отырған осы ауылдың жылқышысы Манатты көрді.


–Шырағым-ау, түс болмай жатып тағы да ішіп алып, мас болғаның не?


–Мен бе… мен бе мас?! Айтақ шал,–деп ат үстінде шайқалған Манат өрекпи сөйледі.


–Ата, деймін… енді қайт дейсіз? Осы ауылдың күнде бір биесі құлындап, күнде көтен жеймін! Күнде көтен!..


–Шырағым-ау, сол көтенді күнде жегенің жақсы-ау! Сол көтенге күнде саған арақ құйып бере ме солар?!


–Береді… береді, ата!–деді Манат ықылық атқан күйі.


Қары қалың, аязы қатты болатын Арқа елінде суық түсе бастаған қараша мен желтоқсан айларының аралығында, туар жылға жеткізбей, әр үй өздерінің қысқы азығы ретінде соғымға бір-бір семіз жылқы сойып алар жақсы бір дәстүрі бар. Қыс бойы әр үй сол соғымының етінен өз ауылдастарына, ағайын- туыс, құда-жекжаттарына ауыз тигізу үшін бірінен соң бірін қонаққа шақырып, ел іші бір ырғап-жырғап қалатын. Ал енді, сойылған малдың майлы көтеншегін әр үй жылқышының сыбағасы деп сақтайды. Жазға салым жылқыда жүрген биелері аман-сау құлындайтын болса, жаңағы сары майдай сақтап келген көтеншекке тағы да бір тәуір мүшелі ет қосып, соларды асып, жылқышыны арнайы шақырып, қонақ қылады.


Ат үстіндегі Манаттың көтен желігінің бар сыры осы болатын.


–Осы біздің үйдің боз биесі былтырдан бері құлындамай қойды ғой,–деді Ахмет басын көтеріп.


–Боз биені де құлындатамыз, ата! Сол да сөз болып па?!


–Сол боз бие тағы да қысыр қалды деп едің, енді оны қалай құлындатпақсың?


–Міне,–деді Манат қойнындағы бір бөтелке арақты көрсетіп. –Мынау болса…қысырың да құлындайды!


–Білем… білем сендердің қысырды да қалай құлындатып жүргендеріңді,– деп ытырына қалған қарттың өзін де, сөзін де жақтырмай қалғанын сезген Манат атының басын бұрып, жылыстай берді.


 


–Е, бұл шіркіндер, өздерін де жылқы бағып жүрмін, жылқышымын дейді- ау! Жылқышы деген аттан садаға кеткірлер!


Қарттың ендігі ойы бүкіл даланы басына көтеріп, әлеулетіп ән салып кетіп бара жатқан Манатпен болды.


–Оу, бұл шіркіндерде ар-ұят болсайшы! Осы бір ауыл қотанында қалған аз ғана жылқыны бағып жарытып жатқандары да шамалы осылардың! Маңайдағы егінге түсіп, соны отап, басып, таптап тастайды деп бар жылқыны іңір түсе темір шарбаққа таң атқанша қамайды да тастайды. Сонан жылқы дегенің күзге арып-ашып жетеді де, көбі қар түскенге дейін ет жинап ала алмай, қыстың басында-ақ көтеремнің ар жақ-бер жағы болып қолға қарайды. Ең аяғы жылқының да өрісі тарылып барады.


–Ақымызды төлеп тұрамыз. Жаз айында еркін жайылып, семіретін жылқы малын неге қамап тастайсың?–деп талай бір айтып көріп еді, әлгі Манатың:–Ал, енді, жылқыларыңды өздерің бағыңдар,–деп үйіне барып жатып алатынды да шығарды.


Осы ауылда өзінен басқа атқа мініп, жылқы баға алатын еркек кіндікті жоқ екендігін, ол да біліп алған. Темір шарбақта екі-үш күн бағусыз, қараусыз қамалып тұрған аш жылқы бірінің құйрығын бірі шайнауға айналған шақта ауыл үлкендері Манатқа келеді.


–Шырағым, ана жылқыға обал болды! Есің бар азаматсың ғой, ашуыңды таста да, жылқыға шық!


–Немене, осы ауылда менен басқа жылқы бағатын өзге жан иесі жоқ па?


–Шырағым-ау, болмай тұр ғой, болмай тұр! Нансаң, дәл өзіңдей малды танитын да ешкім жоқ..


Манатқа керегі де осы! Бүкіл ауыл болып, енді Манатқа жалынады. Ол жатып алып, бұлданады.


–Осы ел өздерің ғой, малды тып-тыныш бағып жүрсем… анау деп, мынау деп түртпектеп, шыдайтпайсыңдар!..


–Ой, шырағым, қойшы енді, жаздық, жаңылдық! Айып бізден! Бар, ана жылқыға ие бол! Обал болды, бірнеше күннен бері қамауда тұр!


Өзінің алдына келіп, құрақ ұшып тұрған елдің осы бір бас көтерерлеріне әккі Манат енді өз шартын да қоя бастайды.


–Жарайды, болмадыңдар ғой, шығайын жылқыға!


–Ой, айналайын-ай!..


–Тек бір шартым бар, мына бензин, сәләркә дегенің ай сайын қымбаттап жатыр. Ал, әр үйдің мал басына беретін ақыларың бір жылдан бері өскен жоқ. Жылқы басының бағасын өсіремін…


?!


–Ау, неге үндемей қалдыңдар? Қымбатсынып тұрсаңдар, онда осы қазіргі бағаға жылқы бағатын өзге біреуді тауып алыңдар. Әрбіріңнің пенсияңа биыл тағы да бес жүз теңге қосылды емес пе?!


Бұл арада Манатқа қарсы дау айтуға болмайтынын біледі бұлар. Былтыр бір ауыздарының күйгендері де болды. Онда да дәл осылай Манатпен тағы да жылқы бағу жөнінде келісім жүргізіліп, ол енді иіліп, ыңғайға көне бастағаны сол еді, жоқ жерден дау шықсын. Мәселе тағы да әр мал иесінің әр малына ай сайын төлеп тұратын ақыға келіп тірелгенде барып, шалдардың бірі аузын бақпай: –Өй, сенің бұл не қылғаның? Бағаны жылына екі рет өсіретін болдың ғой. Мына іргедегі көрші ауылдың бірде-бірінде дәл біздікіндей баға жоқ. Сені әбден құтыртып, басымызға шығарып алдық-ау осы?!


–Онда сен өз жылқыңды сол арзанға бағатын көрші ауылға апарып қос, солардың жылқышысы бақсын! Ал, мен өз басым жылқыларыңды қазіргі арзан бағаға бақпаймын! Бензин ай сайын қымбаттап жатқанда, мен неге өз еңбегімнің ақысын өсірмеймін? Бағаны өсіремін десем болды, бәріңнің өре түрегелгендерің не осы?!.


–Әй, бақпасаң бақпа, сол жылқыны! Бензиннің қымбаттап жатқандығының жылқыға не қатысы бар? Немене, жылқы қайырып жүрген құла атыңның құйрығына күн сайын сатып алып ,бензин құюшы ма едің?!.


–Өздерің біліңдер! Малдарыңа ие болатын басқа бір жылқышы тауып алып, баққызыңдар,–деп Манат үйіне кіріп алып, малға шықпай сол жолы мол жатсын.


Қамауда тұрған аш жылқының жаңа туған төлі, арық-тұрағы толарсақтан батпаққа батып, жығылуға айналғанда барып:–Манат-ау, шырағым-ау, ана малға обал болды ғой енді! Жылқыға шықшы! Өзің ие бол! Сенен басқа құрық ұстар лайықты адам жоқ осы ауылда,–деп ауылдың кәрі-жасы тағы да жалынып, тағы да алдына келсін.


Ұзақты күн үйінде жатып өзінің де іші пысуға айналғаны бар Манат та үндеместен құла атын ерттеп, жылқыға қарай беттеген. Мұны көріп ауылдың бар адамдары өздерінің үстерінен ауыр бір жүк түскендей болып жеңілденіп қалатын.


Жыл ішінде екі-үш қайра қайталанып жататын осы бір жайлар есіне түсіп еді, Ахмет сәл жымиып, езу тартқандай болды.


–Боқмұрын!,–деді көз алдынан ұзап барып ғайып болып бара жатқан Манаттың ту сыртынан. –Елдің ендігі күні тап саған қарап қалғаннан кейін бұл жаратқанға не айтарсың?!


Е, айтпақшы, мына шашылып жатқан көк арбаны іске жаратып, ең соңғы рет шаруаға мінген де осы Манаттың әкесі Кәкім еді жарықтық! Шаруашылықтың қорасындағы мыңдаған ортақ малдың еті мен сүті жетпей жатқандай, ана бір жылдары ауылдық совет арнайы кісі шығарып, ақысын төлеп, әр үйден сүт жинатып алатын болған. Сол шаруаға арба қажет болып, ол дегенің бүкіл шаруашылықтан табылмай, Ахметтің осы арбасын атқа мінерлердің өздері келіп, сұрап алған-ды. Жаз бойы сүт жинаушы Кәкім осы арбаның қызығын көретін. Осы ауылдағылар өрістен қайтқан сиырларының кешкі және таңғы сауын сүттерін жинап қояды да, соны алып кету үшін әр үйдің алдына осы көк арбамен ертеңгілігіне келіп тұрар Кәкімге өлшеп, қаттап- шоттап, өткізіп тұратын. Және де сол өткізген сүттерінің мөлшері мен майлы- маңыздылығына орай ай сайын әжептәуір деуге тұрарлық ақы да алып, соған бар жұрт мәре-сәре болып жататын. Дайындаушыға өткізген сүтінің майлылығы неғұрлым жоғары болса, оның бағасы құрғыр да жоғары көтеріледі екен. Алайда, орталыққа өзгелермен бірдей жаз бойы сүт өткізген ауылдың бір ғана үйінің сүті маңыздылығы жағына келгенде көк сүтпен пара-пар шығып жүрді. Осы ауылда ұзақ жылдар бойы бірі мектептің директоры, бірі сол мектептің мұғалімі болып жүрген ерлі-зайыпты Хамит пен Айманның ғана сиырларының сүтінің сүт жинаушы Кәкімнің бағалауы бойынша майлылығы екі де үш пайыздан аспай қойғаны бар. Бұлар осы ауыл үйдегі абыройлы, ұятты дейтін жандардың бірі. Кейбір пысықайлардай сүтке су қосып өткізу дегенің жоқ бұларда. –Қой, жағдайды білейік, біздің үйдің сүтінің тым осыншалықты сұйылып кеткені несі?–деген оймен Хамит пен Айман екеулеп, тәңертенгілік сүт жинап жүрген Кәкімнің алдынан шықсын.


–Кәкесі-ау, осы біздің үйдің сүтінің майлығы екі-үш пайыздан аспай қойғаны несі? Сауып отырған сиырларымыздың сүті маңызды деп ойлаушы едік,–деп Хамит сөз бастасын.


–Ә, Хаке, ол солай болады! Сендер мектепте оқып жүргенде менің жан дегенде жалғызым Манатқа әр пәннен қойған бағаларың да екі мен үштен аспаушы еді ғой! Міне, дүние кезек дегенің осы болады,–деп Кәкім жауаптан тосылмай, қарқылдап, күлсін-ай келіп.


–Ойбай-ау, сүттің майлығы екі де үш пайыз дегенің, ол енді көк сүтпен пара-пар ғой!


Күмілжіп қалған Хамиттің мұнан басқа уәж айтуға дәті шыдамай, теріс айнала берді.


–Хаке, не қыл дейсіз енді, дүние кезек дегенің осы болады!


Тағы да қарқылдай күлген Кәкімнің сөзі мектеп директорының құлағына еміс-еміс қана естілді.


Енді, міне, сегіз жылдық мектепті екі мен үшке әзер бітірген сол Манат та осы елдің жылқысын да көтерем етіп, халқын да әуре-сарасаңға салып жүр.


Жайлауынан жылқысы, желісінен құлынды биесі, сабасынан қымызы кетіп көрмеген және де жаратып, жүйрік ұстаған ауылдың қара домалақ балалары бәйге аттарының басына шабуға таласып жатар сол кездегі Аралағаш ауылының қолында ұстап отырған ендігі аз-мұз қыл құйрығы мен солардың иелерінің тағдыры енді келін маскүнем жылқышы Манаттың қолында қалған соң, кімге не айтарсың, не қылар амалың бар?!


Ой-хой, шіркін, алтай қыста азбан айғыр мініп, даланың не бір дүлей боранынан ықпай жылқы бағатын баяғы жарықтық Аяп пен Құлтандардай мал иесі енді қайдан болсын?! Семіздің жал-жаясына, жұмсағына әбден тойып барып, құрт-көженің үлкен ағаш аяқпен бір-екеуін тастап алып, екі беттері нарттай қызарып, булары бұрқырап, ат үстінде қаққан қазықтай болып отырар оларды даланың тап бір қас батырындай сезінуші еді ел іші. Әне… ендігінің жылқышысының түрін қара! Ат үстінде шайқалып барады.


Жылқышының қара қосының қасиеті болады деуші еді! Бұл ауылдың қара қосынан да сол қасиеттің үркіп, безіп кеткені де қашан?! Шошынды ғой деймін! Бір замандарда… даланың жазылмаған заңы бойынша қара қостың есігін ит- құс кіріп кетпесін деп, ала жіппен жай ғана байлай салатын. Ен далада жүріп, жолыңдағы қара қосқа кезіктің бе, бисмиллахиіңді айт та, қара қостың ішіндегі ас-судан тойғаныңша іш, же, алайда, еш нәрсесіне тиісуші болма, алма, бүлдірме! Бұл дала осы бір ұлы заңмен өмір сүретін! Сол далаға түрен саламыз деп ұрандап, тың жерін игереміз деп жалаңдап, өздерін “целиншиктерміз” деп кеуде қаққандар бұл араға егін егеміз деп қазақтың қасиетті бір қара қосын бір түнде талқандап, қиратып, өрттеп жіберді. Жарықтық, қасиетті қара қос жылқышыға пана болса, жылқы малына қарайған ес болушы еді. Көзге түрткісіз қараңғы түн құшағындағы даланың ит-құсынан үркіп, дүркірей жөнелер жылқыға қостың есігін ашып қойып, қиқу салсаң болды, жануар жылқы малы есті ғой, қосты айнала иіріле қалатын. Осы елдің бар жылқысының құты болып жүрген боз айғыр қызыл отқа оранып, жалыны аспанға шығып, өрттеніп жатқан қосты айнала шапқыласын-ай келіп!.. Жануардың шұрқыраған даусы түн түндігін тіліп өтіп, айға да жетті ме деймін! Жер бетіндегі тағы бір сұмдық істі, боз айғырдың боздай шыңғырғанын көріп, естігісі келмеген жарықтық ай да, жел қуған бұлтқа барып жүзін жасыра берді. Боз айғыр әп-сәтте түгі қалмай жанып кеткен қара қостың орнында қалған қара шала шоқты жер тарпып тұрып иіскеді де, әлден соң… түнгі даланың тылсым тыныштығын тілгілеп, жан аярлық кісінеген қалпы шошынып… үркіп… үйіріле қалған жылқыға қарай шауып бара жатты.


Көп ұзамай жануар, сол боз айғыр да мертігіп өлді…


Адамына қарап құбылып тұрған мына заманыңның құрдымға кетер тұсы ма екен бұл?! Не нәрсенің болсын құты қашып, берекесі кетіп бара жатқаны несі?! Азбайтын ақыл деуші еді, адам баласына оның да серік боларлық қауқары қалмай барады. Қулығына құрық бойламайтындар мен қу құлқынына жердің үстін қойып, соған қоса оның астының да байлығы жұқ болмай бара жатқан ашқарақтар мекендеп отырған мына әлем солардың аранына түсіп, жұтылып кетер ме екен, қайтер екен осы?!.


Осы бір үрей мен қорқыныш билеген бойын жазып, қора сыртында ұзақ отырған Ахмет шал орнынан тұрып, сырғи басып үйінің босағасын аттағаны сол еді, шәйпау келінінің шаптығып, Әділіне зекіріп жатқандығын естіді де өзіне де тілі тиіп кетер деп қаймығып, босағадан әрі аттай алмай, бүгжеңдеген қалпы тұрып қалды.


–Өй, жүгірмек, немене, сол қаусаған шалға бола, ақша жұмсап, андағы шәугімді несіне алдың ей, ә?!.


–Атама керек… дәрет алуға керек бұл шәугім! Өзім тапқан ақшаға алдым мұны! Осы сендер көрмей отырсыңдар ма, атам көптен бері бөтелкемен дәрет алып жүрген жоқ па?!


–Өй, жүгірмек неме, бөтелкемен дәрет алып жүрсе, сол қақпасқа бірдеме болып қалушы ма еді, ей?! Осы елдің айына бір адам өліп жатады, сол өлім осы біздің қақпасқа да келмейді екен?!


–Айтпа олай! Менің атам өлмейді… өлмейді ол!


Бала жүрегін өз анасының суық сөзі қарып түсіп, шыр-пыры шыққан Әділ әлден уақытта жылап жіберді.


–Өлмейді… өлмейді менің атам!–деп егілген сәби көңілінің осы бір ауыз сөзін қайра-қайра қайталай берген Әділінің періште ойы Ахмет қарттың жан- жүйесін босатып жіберді.


–Е, жасаған ием!–деді кемсеңдеп.–Тәуба… тәуба!.. Мен… мен-ақ өлейін енді! Сен… сен аман бол, құлыным!..


 


Қатыгез дүниенің ызғарлы тіршілігінің жар жағасында тұрған қарт жанары жасаурай берді.





Пікір жазу