ҰЛЫҚТАУ
Қазақ елі үшін жаңа дәуір 1999 жылдың 20-шы қаңтар күні басталып кеткендей... Нұрсұлтан Назарбаевтың ақ жолмен жаңа мыңжылдыққа қадам басқан тарихи сапарының алғашқы жеті минуты жер-әлемді жеті дүркін жаңғыртып жатты...
Ұлы даланың бүгінгі салтанаты «Сарыарқа» күйімен шалқып жатқандай еді. Қазақ баласының рухы да, елдігінің туы да асқақтап, көңілің өсе түседі. Тәуелсіз ел болған жеті жылда әлем назарын өзіне аударарлық Мемлекет болып қалғанымызға тағы да бір сене түсесің. Соған сенесің де, «енді алаңдайтын ештеңе жоқ, жаңа ғасырға, жаңа дәуірге қарай нық қадам баса беру керек» деген ойды ұялатасың көңіліңе.
Қазақ елі үшін жаңа дәуір 1999 жылдың 20-шы қаңтар күні басталып кеткендей. Иә, солай! Бұл күні Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Президенттік қызметін атқаруға кірісіп, Қазақстан халқына адал болуға ант етті!
Биылғы жылдың 10-шы қаңтары күні Президенттік сайлаудан өз тақталастарынан басым түсіп, қазақстандықтардың сеніміне ие болған Нұрсұлтан Әбішұлының осы бір Ант қабылдау сәтіндегі жүрек лүпілін, көңіл толғанысын Конгресс-холлаға лық толған өз халқының өкілдері, дүниенің әр елдерінен келген мәртебелі меймандар айқын сезіп еді.
Расында да бұл кез келген адамның жанын тебірентіп, жүрегін толғанысқа салатын қасиетті бір сәт-ті. Назарбаевтар әулетінің шақыруымен осы бір қасиетті сәтке қатысқандығыма қуанатындығымды жасыра да алман. Өйткені бұл ел тарихының бақытты бір сәті еді!..
Елордасы Астана қаласындағы Конгресс-холлда болып өткен Қазақстан Республикасының Президентін ұлықтау (инаугурация) салтанаты осы бір жарасымды ырыммен басталғандай.
Көгілдір жиекті ақ киіз төселген жолмен Конгресс-холлға қарай Нұрсұлтан Назарбаев бет алды.
Әппақ қар жауып тұр. Елбасы жүріп келе жатқан ақ жолға табиғаттың өзі де ақ қарымен, ақ нұрымен ақ тілеушісі болғандай.
Өзінің резиденциясынан шыққан Нұрсұлтан Назарбаев туған халқының қошеметтеуімен Конгресс-холлға жеті минутта жетті. Осы бір тарихи сәттің жеті минутында дала төсін солқ еткізген зеңбіректен жеті дүркін салют берілді. Жеті санын қасиет тұтатын қазақ баласы үшін осы бір жетілер – тәуелсіздіктің жеті жылы, жеті минут, жеті дүркін берілген салют, Президенттің алдағы жеті жылдық қызметі сияқты ұғымдар арқылы Елбасының бүгінгі ақ жолының қасиетті жол екендігін ұғынғандай боласың.
Нұрсұлтан Назарбевтың ақ жолмен мыңжылдыққа қадам бсқан тарихи сапарының алғашқы жеті минуты жер-әлемді жеті дүркін жаңғыртып жатты...
Сол қасиеттті ақ жолмен жүріп келіп, сахнаға көтерілген Нұрсұлтан Назарбаевқа Орталық сайлау комиссиясының төрайымы Зағипа Балиева Қазақстан Республикасы Президентінің куәлігін тапсырды.
Сол куәлікті алғаннан кейін Нұрсұлтан Назарбаев оюлы ақ киіздің үстінде тұрып еліміздің Негізгі Заңы – Конституцияға оң қолын қойып:
–Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепілдік беруге, Қазақстан Республикасы Президентінің өзіне жүктелген мәртебелі міндетін адал атқаруға салтанатты түрде ант етемін, – деді.
Осы бір сәтте Нұрсұлтан Назарбаевтың жан толқынысы оның діріл қаққан үнінен айқын сезіліп тұрды. Туған халқының алдында Ант қабылдау, Ант берудің ұлы қасиеті мен киесін сезінгендей боласың да, жан жүрегің шымырлап кетеді екен.
Президент толқиды, әрине! Ол да – адам! Дәуірдің мына бір аласапыранды, аумалы-төкпелі кезеңінде туған елін алуан-алуан асулардан аман алып өту, ХХ-шы ғасырдың тауқыметі мен қасіретін, түрлі зардабын көп тартқан туған халқын ХХІ-ші ғасырға жеткізу және жаңа дәуірдің жақсылығына ілестіріп жіберсем деген арман-мүдде толғандырады Елбасын. Алда не күтіп тұр?! Болашақ қалай болар екен?! Бүгінгі күні барша Адамзатты толғандырып отырған осы бір ойлар мазасыздандырады Елбасын.
Осы бір сәтте: «Президент біреу, қалғанымыз оған тіреу бола білейікші» деген қағидалы сөзді әуелі өз қазағыңа айтқың келеді.
Әнұран ойналғаннан кейін, президент өзінің қызметін атқаруға кірісуіне орай сөз сөйледі. – Біздің бүгінгі атап өтіп отырған жеңісіміз бір адамның үлесіне ғана тимейді. Бұл – ортақ жеңіс. Бұл – үміткерлердің арасынан озып шыққан бір адамның емес, идеяның салтанат құруы. Бұл – саяси топтың емес, саясаттың табысы, – деп, Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудағы өз жеңісін өз халқының жеңісі ретінде бағалады. Алда тұрған қарапайым екі міндет – халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту, демократияны дамыту бағытындағы өз ойларын тұжырымдады.
Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзін аяқтасымен ұлықтауға қатысып отырған достарының, туғандарының, басқа мемлекеттерден келген меймандардың ыстық ықыласты құттықтауларына ие болып жатты. Лауазымды меймандар – Қырғызстан мен Өзбекстан Президенттері Асқар Ақаев пен Ислам Каримов, Ресей Федерациясы Үкіметінің Төрағасы Евгений Примаков, Украина, Молдова, Тәжікістан Премьер-министрлері Валерий Пустовойтенко, Ион Чубак, Яхье Азимов, Иран вице-президенті Мохаммад Хашеми, Түркия Ұлттық мәжілісінің төрағасы Хикмет Четкин, ҚХР Мемлекеттік Кеңесінің вице-премьері Цянь Цигань, Грузия мемлекеттік министрі Важа Лордниланидзе, Башқұртстан, Татарстан, Ингушетия және Саха Республикаларының Президенттері Мұртаза Рахимов, Мінтемір Шәймиев, Руслан Аушев, Михаил Николаев, ТМД-ның атқарушы хатшысы Борис Березовский және басқалар қазақ елінің Президентіне деген шынайы тілектес екендіктерін танытқандай еді.
Ұлықтау рәсімінде елдігіміздің, мемлекеттігіміздің белгісіндей көрінген бір жай – салтанаттың ана тілімізде өткізілуі еді. Сөйлей білгенге қазақ тілінің де кез-келген салтанатта, кез-келген мінбеден асқақ естілетіндігіне, жырдай есітілетіндігіне Президентіміз өзі болып тағы да бір көзімізді жеткізіп, санамызға құйғандай болды.
Ұлықтауға қатысушыларға арналған Қазақстан өнер шеберлерінің концертін мемлекеттік сыйлықтың иегері Бекболат Тілеуханов «Арнау» әнімен ашып, салтанатты аруақтандырып жіберді. «Бір Алла өзі жар болсын, баста халқыңды!»–деген ән жолдарындағы жыр-бата әр қазақтың тілінің ұшына келіп, барша халық осылай бата беріп тұрғандай әсерге бөлендік.
Астана тойлап жатты. Елорда алаңдары халық серуеніне айналды. Астананың түнгі аспанын мерекелік от шашу түрлі нұрға бөледі. Бүкіл қазақ даласы нұрға малынып тұрған болар, бәлкім?! Өйткені біз үшін жаңа дәуір бүгін басталып кетіп еді. Қадамың құтты болсын, қазақ елі!
(«Көкшетау» газеті, 27 қаңтар 1999 жыл).