
ЕРДІ ЕЛ ҮШІН ЖАҚТА
Ата жұрты бұқара, Өз қолында болмаса.
Қанша жақсы болса да, Қайратты туған ел ғаріп!
Асан Қайғы.
«Сіз 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкіл халық сайлаған Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың өкілеттігінің мерзімі 2000 жылғы 1 желтоқсанға дейін ұзартуға келесіз бе?».
Қазақстан халықтары Ассамблеясының шешіміне орай сәуірдің 29 күні өткізілетін Республикалық референдумның бюллетенін қолыма ала отырып мен сол күні ойланбастан-ақ осы бір сауалға «Келісемін» деп бірден жауап берерім ақиқат.
Өйткені, қазақ елінің тәуелсіздігі мен бостандығын, бірлігі мен ынтымағын қорғап та, қолдап та қалудың тағы бір сын сағаты туғандай қазір. Қазақстан Республикасы өз мемлекеттігінің қалыптасу шағындағы саяси және экономикалық реформаларды жүзеге асыру жолында күрделі кезеңді басынан кешіп отырғаны әркімге белгілі жай. Міне, ел тағдырының осы бір қиын да қилы кезеңі саяси аренадағы күресті ширықтыра түсті. Бұл күрес тіпті алдағы жылы болатын кезекті Президент сайлауының мәресі жақындаған сайын өршіп бара жатқандай. Тіпті елімізде сайлау марафоны басталмай жатып-ақ Президенттік тақтан үміткерлер өз көкейлерін жасырмай, қазақ жерін мекендеп отырған халықтардың ой-санасына, ұлттық сезімдеріне ши жүгірте бастады. «Мен орыс тіліне мемлекеттік мәртебе алып беремін», – деп мәлімдеуден танбады президент болуды армандаған бір зиялы. «Қазақстан – ұры-қарылардың мемлекетіне айналып барады»,–деп байбалам салады бір «халық қалаулысы» сөйлеген сайын. «Ауылдағылар аштықтың аз-ақ алдында тұр»,–деп те халық қамын жегенсіді бедел алғысы келген бір белсенді.
Десек те, қазақ елінің дербес бір мемлекет болып қалыптасуындағы ауыр да азапты кезеңнің кемшін тұстарын айтумен бірге елдің қамын жеген едігелігіміз рас болса, біз тар жолдан шығудың ретін де түсіндіріп, қалың бұқараға жөн сілтеуіміз керек еді ғой. Кемшілікті, жоқшылықты, жетіспей жатқандықты кім білмей отыр? Бірақ сол кемшілікті қалай түзейміз, жоқты қайдан, қалай табамыз, тоқтап тұрған өндірісті қайтіп жүргіземіз, жалпы ел экономикасын қалай көтереміз деген сияқты сандаған сауалдар алда тұрғаны да анық. Бір өкініштісі, президенттіктен үміткер болып жүргендер де, елдің қамын жегіштер де кемшілік атаулының тұздығын шайқап, қайра-қайра көптің есіне салумен болады да – «бұлай етсек ел боламыз», «былай жүрсек көшіміз түзеледі» дегенге бара алмайды.
Демократияны желеу етіп, елдегі саяси жағдайды қалыптан шығаруға әрекет жасаушылар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа «елдегі бар кемшілікке сол кінәлі» деген айып тағудан да ұялар, қымсынар емес. «Одағым тыныш еді»,–деп Кеңестер үкіметін сағынып жүргендер: «Шіркін несін айтасың, коммунизмде өмір сүрген екенбіз-ау»–деп, кешегі күні еркін де есепсіз жүрген-тұрғанын, ішкен-жегенін аңсайтындар мен көксейтіндер көбейіп барады арамызда. Ал, енді Кеңес үкіметінің құлап қалуына Назарбаевтың ешбір қатысы жоқ еді ғой. Беловежск келісіміне сәйкес Кеңестер үкіметін ыдыратып, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығын құру жөніндегі құжатқа қол қойғандардың арасында Нұрсұлтан Әбішұлының болмағандығына бәріміз де куә емес пе едік?! Болмаса, Назарбаев Одақтан Қазақстанның бір өзін ғана бөліп алып, тәуелсіздігін жариялап, жеке дара «хандық» құрған жоқ еді ғой. Елбасымыз ақырын жүріп, анық басып, әліптің артын бағып, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған азаттықты оқ шығармай-ақ, терең де білгір дипломатиялық жолмен алып берген жоқ па еді?!
Міне, қазақ елінің осы азаттығы мен тәуелсіздігі – Елбасының тарих беттеріне алтын әріптермен жазылатын және де мәңгі жасайтын ерлік істерінің бірі. Қазақстан Республикасын әлемнің өркениетті елдерінің тануы, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше болуы, Халықаралық валюта қорына енуі сияқты аз уақыттағы тарихи маңызды істерді ұмытуға болмас, әрине. Бұғанасы бекіп, қабырғасы қатая қоймаған Республикамыздың тәуелсіздігіне қолдау, араша сұрап, түрлі мемлекеттер басшыларымен кездесе жүріп, елінің іргесін нығайта білген, қауіпсіздігін бекіте түскен Президент АҚШ, Англия, Ресей, Қытай сияқты алпауыт державалардың алдында тәуелсіздігімізге бүкіл әлем көзінше кепілдік алып беруі оның тағы бір тарихи ерлігі деп білсек керек еді.
Рас, ел өмірінде, экономикасында, тұрмысында қиындықтар жоқ емес, бар. Халқының мұң-мүддесін, мұқтажын, баршылығы мен жоқшылығын Президент осы бізден артық білмесе кім біледі деп әсте де ойлауға болмас еді. Экономиканы дағдарыстан шығарып, халықтың әл-ауқатын түзеу үшін Елбасының қарап отырмағаны және де анық. Кеңестік жүйенің «бәрі де адам үшін» деген жалған ұранымен өмір сүріп, тоғышарлыққа, масылдық пиғылға ұрынған біздер әлі де болса дүкен сөрелерінде толып тұратын саны бар да сапасы жоқ дүние-мүліктерді көксеумен босқа жүргендейміз. Тарих біздің алдымызға дамудың, нан тауып жеудің басқа жолын, басқа амалын, яғни рыноктық қатынас жүйесін тартқандығына әлі де мойын ұсынғымыз келмей отыр. Одақ ыдырағаннан кейін бір орталықтан қамтамасыз етудің күре тамыры үзілгені анық. Үлкен заттарды қойып, қара шегенің өзін сонау Ресей еліндегі зауыттардан тасып алып жүргендігіміз біздің жетпіс жылдағы жетістігіміз бе еді?! Жоқ, әрине! Ендеше тәуелсіз елімізде сол қара шегеден бастап бәрін де өз қолымызбен жасауға тиістіміз. Міне, ел тәуелсіздігі өзіңе қажеттіні өз қолыңмен жасаудан, яғни экономикалық тәуелсіздіктен бастау алса керек еді. Ал енді осыған талаптанып отырмыз ба? Өз елін, өз халқын әлемнің барлық өркениетті дамыған елдері жүріп өткен рыноктық қатынастар жолымен бастап, қазақ елінің гүлденуін, экономикасының даму жолдарын жер-жердегі ғұламалардан бір сұрап, тәңірінен бір тілеп, ізденіп те, халқының ырысын іздеп те жүрген Назарбаев ерлігінің бір тармағы осында жатқандай.
Саяси сахнадағы айтыс-тартысқа құлақ түрсең, «Назарбаев өз халқына жақсылық жасай алмай отыр»,–дегенді естуге болар еді. Алайда, зерделей білсек, тереңінен ой түйсек, «ол қандай жақсылық болуы керек еді?» деген сауалдың көкейге келетіні бар. Ұлттық шектеулікті ғана дамудың дұрыс бір жолы деп санайтындар «Қазақстан тек қазақтар үшін»,– деген ұранды ұстағысы келеді. Бұл қате. Осы күндері қасиетті қазақ жерін мекен етіп отырған жүзден астам ұлт өкілдерінің, тағдыр тауқыметін арқалап, жер ауып, арып- ашып, сорлап келген көптеген халықтардың дәм-тұзын біздің елден жазбап па еді.
Міне, біз бүгінгі күні сол халықтардың ұрпақтарын көзге түртіп, бақытты өмір сүре алар ма едік? Болмаса Молдова, Азербайжан, Армениядағыдай, Тәжікстан мен Кавказдағыдай кешегі көршімізбен, дәмдес болған ниеттестермен енді «ұлттық мүдде» үшін қару тілімен сөйлесуіміз қажет пе екен?! Жоқ, әрине! Қазақ еліндегі тыныштық, бейбіт өмір, достық пен татулық, түрлі ұлттардың ынтымағы мен бірлігі түсіне білгенге, Президент Назарбаевтың ең әуелі өз халқы, өз қазағына жасап отырған басты әрі ең қымбат жақсылығының бірі емес пе?! «Дүниеден ешбір халықтың басқа халықтардан артық болып жаралмағанына мен кәміл сенемін», – деген неміс философы Готхольд Лессингтің тұжырымын еске алар болсақ, өз еліндегі жүзден астам ұлттың ынтымағын, бірлігін жарастырып, қазақ елінің тыныштығын сақтап отырған Елбасы ерлігінің ендігі бір парасы, міне, осыған келіп саяды.
Қазақ елі тарих сынының тағы да бір жауапты сәтінде тұр. Ел үміт артып ер деп жүрген азаматтарымыз тақ таласы үшін тайталасқа түсіп, бұл сайысқа әркім өзінің руын, өзінің жүзін қосып, ел алауыздығын туғызып, тәй-тәй басқан тәуелсіздігімізді әлсіретпейік, еліміздің бей-берекетін кетірмейік десек, қазіргі Президентіміздің тілеуін тілейік! Әлем елдері танып, жат жұрттың халқы сүйсініп, сөзіне де, ісіне де қол соғып отырған Назарбаевтай ұлыңа сен де үмітіңді арт, ағайын! Әлемдік саяси аренада ысылған, жер шарының кез келген мемлекетінің басшысымен халқын да, елін де теңестіре сөйлесе алатын, өз халқын перзенттік жүрегімен сүйе білетін, Қазақстан Республикасының жаңа ғана көтерілген көк байрағын терең ойымен, ақыл парасатымен өз қолында сенімді ұстап тұрған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтай ерің барына қуан, елім!