meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  09.02.2023
  233


Автор: Жабал Ерғалиев

БҰЛ ЖЕҢІС БОЛАШАҚ ҮШІН КЕРЕК ЕДІ!

 


 


Ойымыздағы болды, көңіліміз толды! Бұл ойды қазір әр қазақ баласының көкейінен, қуаныш кернеген көңілінен, жарқылдай күлген жүзінен танып, оқуға болар еді. Қазақ елі тарихтың тағы да бір сындарлы кезеңінен өтті.


Күні    кеше    елімізде    болып    өткен    Қазақстан    Республикасының Президентін сайлауын тарихтың сындарлы кезеңі демеске тағы да болмайды. Соғыс өрті тұтанып, дау-дамайы көбейіп, дүрмегі ұлғайып бара жатқан бай дейтін, бақуатты дейтін көптеген араб елдеріндегі жағдайды ойласақ болды, сондай өрт пен кесапаттан, текетірес әрі қарама-қайшылығы мол көзқарастар мен пікірлерден өз еліңнің аман болуын тағы да тілерің бар. Өйткені, дүниенің төрт бұрышының бір жерінде тұтанып жатқан өрт дүниенің өзге бір бұрышына қауіп пен қатер төндірмейді деуге тағы да ауыз бармайды. Сол өртті тұтандырғысы келіп, жанығып жүргендердің өз елімізде бар екендігі де жасырын емес.


Міне, осы бір ойлар қаумалаған көңіліміздің бір сәтке де орнына түскендігін айта отырып, 3-ші сәуір күні Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауының елімізде ойдағыдай өткендігіне қуанамыз әрі соған шүкіршілік қыламыз. Және де Қазақстан Республикасы Орталық Сайлау комиссиясының алдын-ала жасап отырған есебі бойынша бұл сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңіске жеткендігі көңіліміздегі сол қуанышымызды тасыта түсетіндігін де жасыра алмас едік. Өйткені, ел тәуелсіздігінің 20 жылында Қазақстанды әлемге танытқан, кешегі күні тұралап қалған экономикасын, халқымыздың жүрелеп қалған тұрмысын көтеріп, бүгінгі көрікті күй мен өрісті күнге жеткізген Нұрсұлтан Назарбаевтың даналығы мен даралығын, кемелділігі мен кемеңгерлігін тарих және жүріп өткен жолымыз еріксіз мойындатары анық.


Ең бастысы туған елі мен туған халқына, Қазақстанды мекендеп отырған барлық ұлттар мен ұлыстардың мүддесіне адал қызмет ете білген біздің Президентіміздің адами қасиеттерін өзге елдердің халқы анық танып, сүйсіне білетіндігі және «Назарбаевтай Президенттерің бар қазақтар сендер бақыттысыңдар!»–деген сөзді сыншы жат көздің көріп тануы мен айтылып келе жатқандықтары бізге үлкен ой салса керек-ті.


Әңгіменің адалын айтар болсақ, қазақ баласы біз Нұрсұлтан Назарбаевқа әрдайым ризамыз. Ең бастысы қазақ баласын шашыратып алмай, ұлын құл, қызын күн қылмай, жерінің тұтастығын, елінің амандығын, мемлекетінің абыройын асқақтата білгендігі үшін ризамыз! Күні кеше дейік, Қазақстанның ТМД елдерін былай қойып, бүкіл түркі әлемінде тұңғыш болып Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Астана Саммитін өткізуі және Астана Декларациясының қабылдануы әлем тарихының беттеріне алтын әріптермен жазылып қалғандығы анық. Сол әлемдік көне тарихтың бір бетіне қазақ деген елдің тарауын өз қолымен жазып қалдыра білген де – Нұрсұлтан Назарбаев! Бұл енді өшпес тарих, өлмес кезең болып мәңгіліктің мәңгілігіне жалғасып кете берер ғұмырлы дүние. Сол ғұмырлы дүниенің алып ағыстары мен толқындары, алапат дауылдары мен нөсер жауындары, өрекпіген даулары мен өштескен кектері, бір-біріне кезеңген отты да оқты қарулары арасынан біздің киелі де қасиетті елімізді, қазақтың кең байтақ жерін, көрген қасіреті де, тартқан бейнеті де, кешкен азабы мен мазағы да бір басына жетерлік қазақ халқын бүгінгі күні айдай әлемге танытып, Шығысқа мұрнын шүйіре қарайтын зайырлы Еуропаның өзіне төрелігін жүргізіп, билігін айтқан Қазақстанды сол биіктікке көтерген, ол да – Нұрсұлтан Назарбаев!


Әлем осы күні Қазақстанның және оның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пікірімен санасып, ойымен орайласып отыратын болса, бұл да біздің еліміздің айдай әлем алдындағы абыройының асып отырғандығының көрінісі болса керек-ті. Қазіргі дүние биліктің есерлігін көтере алмайтыны бар. Дүниеге есті басшы, есті қайраткер, есті саясаткер қажет. Осы қасиеттердің барлығы да біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың тұла бойынан табылып жататындығы тағы да дау тудырмайтын мәселенің бірі. Ақыл мен қайрат, сабыр мен ұстамдылық, көрегенділік пен кемеңгерлік, жер жаһанның тіршілігінің тынысын терең сезіне білушілік, адам баласының қасіретіне бей-жай қарай алмайтын ізгілік пен мейірімділік, жылағанды жұбата білер, құлағанды сүйей білер қайырымдылық, әділдік пен адалдық сияқты адами асыл қасиеттер жүрегінен нұр болып төгіліп тұрар біздің Президентіміздің осы бір қасиеттерінің шапағатына жалғыз қазақстандықтар біз ғана емес, дүние халықтарының да бөленіп келе жатқандығын да айтқан ләзім. Елбасының жалпы адамзаттың мүддесі үшін Семей атом полигонын жабуы, іргедегі Қырғыз елі халқының жағдайының қиын тұсында және соңғы ширек ғасыр бойы түрлі желеумен соғыс полигонына айналып отырған Ауғанстанға көмек пен қамқорлығының қолын созуы, кедейшілік пен жоқшылықтың, ашаршылық пен тойып тамақ ішпеудің азабын тартып отырған кедей мемлекеттер үшін әлемнің дамыған елдерінің бәрінің де өздерінің әскери бюджетінің жыл сайын бір пайызын беріп отыру жөнінде дүниеге алғаш рет ой айтқан біздің Президентімізді адам мүддесін бәрінен де биік қойып, бәрінен де қасиетті санайтын әлемдік деңгейдегі бірден-бір саясаткер екендігін адал ниетті адамзат әлде қашан танығандығы да бар.


Міне, біздің бағымызға, біздің кемелді ел болуымызға Нұрсұлтан Назарбаевтай ұлы тұлғаның бұйырғандығына шүкіршілік етіп, тәубемізге келсек болар еді. Абылайдың абыройлы, Қасымханның қасиетті жолымен елін бастап, бұл күндері қазақ баласының аспандағы бағының жұлдызын жандыра білген Нұрсұлтан Назарбаевты өз елінің Президенті етіп қайра сайлап алған халқымыздың бұл жолғы даналығына да риза көңілмен сүйсінеріміз бар. Данасын даралауға, батырын бағалауға, ерін елеуге, кемеңгерін қолдауға, биі мен шешенін асқақтатуға келгенде жаңылмайтын халқымыздың даналық қасиеті тағы да танылды. Е, қанымызға біткен осы бір қасиетіміз қашан болсын ұрпағымыздың бойынан өшпесе екен, көшпесе екен деп тілерің тағы да бар.


Біз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты қайрадан өз Президентіміз етіп сайлау арқылы өз еліміздің Тәуелсіздігінің одан әрі бекіп, нығая түсуінің жаңа мүмкіндіктеріне жол аштық. Біз қазақ еліндегі бүгінгі жарасты ынтымақ пен бірліктің, татулық пен достықтың тамырына одан әрі бекіп, тереңдей түссін деген ниетпен нәр құйдық. Біз тәуелсіз Қазақстанның экономикалық саладағы қуатының жаңа мүмкіндіктерінің өркендеуінің тетігіне серпін бердік. Біз барлық қазақстандықтардың үмітті болашағының жаңа оттарын жағып, жарқын күндерге деген сенімін нығайта түстік. Елдің өз Елбасына деген сол сенімі біздің бүгінгі, ертеңгі және болашақтағы барлық       жеңістеріміз              бен         жетістіктеріміздің  басты                 кепілі               болып саналатындығы да анық.


Бұл жолғы да сайлауда Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жеңіске жететіндігіне көңілімізде ешбір күмәннің болмағандығы да анық еді. Өйткені, туған елін тағы да бір абыройлы асуға шығару үшін 2020 жылға дейінгі болашағымызды болжап отырған Елбасының саясаты да, Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауы да барлық қазақстандықтардың көңілінен шығып, сол патша көңілдегі сенімді нығайта түскендігі бізді осы бір жеңіске жеткізді.


Осы сайлауда Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Ақмола облыстық қоғамдық штабының төрағасы және сенімді өкілі болғандығымды өз өмірімнің ең бір жауапты әрі бақытты кезеңінің бірі деп санарым бар. Осы міндетті атқару кезінде халықтың, соның ішінде барша көкшетаулықтар мен ақмолалықтардың Елбасыға деген ықыласының түпсіз тереңдігін, ниеттері мен көңілдерінің сүттей тазалығын, тілектерінің адалдығын тағы да бір тани түстім. Әсіресе, Елбасының       кандидатурасын    қолдау    кезінде    қол  жинаудағы                      облыс жұртшылығының     белсенділік     танытқандықтары  осы   күні   зор                      бір ризашылықпен еске түсер еді. Және де біздің кандидатымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сайлау алдындағы үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тұсындағы халықтың жанашырлықтары мен ниет ортақтастығы қуантып, жеңіске жетеміз деген ойымызды бекіте түскен-ді.


Қоғамдық    штабтың    жанынан     құрылған    қоғамдық    қабылдауға келушілердің қатары бірде-бір сиреген жоқ. Өмірден көргені де түйгені де мол Мейрамбек Қиықов басқарған бұл қоғамдық штабқа Қазақстан Республикасының      Президенттігіне     кандидат     Н.Ә.Назарбаевтың                 атына халықтан 851 аманат келіп түсті. Мұның басым көпшілгі ақмолалықтардың Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген өздерінің ризашылықтарын білдіріп, алғыстарын айтып, сайлауда жеңіске жетуіне тілектестіктерін жеткізіп, өздерінің қолдайтындықтарын айтып жазған хаттары еді. Әрине, өмір болғаннан кейін, оның өзекті мәселлеері қозғалған жайлар да болды. Коммуналдық-тұрғын үй мәселелерін, зейнетақы заңдылығын жетілдіру жөніндегі ұсыныстар да болмай қалған жоқ. Азаматтардың өтініш тілектерінің 230-ы, яғни, 45 пайызы жергілікті атқарушы органдарының араласуымен бірден шешілгендігін айта кеткен жөн. Біраз мәселелердің түйінін шешу үшін бақылауға қойылды.


Биылғы жылдың 13 қаңтары күні «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан       Зайроллаұлы Нығматулиннің        бастамасымен         «Қазақстан-2020»        Жалпыұлттық Демократиялық Күштер Коалициясы құрылған болатын. Бұл коалицияның төңірегіне Қазақстандағы біраз саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар бірігіп,  олар       Нұрсұлтан                Әбішұлы     Назарбаевтың       Қазақстанды индустрияландырудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасын жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсету үшін бір мәмілеге келген болатын. Мұндай коалиция біздің облысымызда да құрылып, олар барлық аудандарды аралап шығып, халықпен кездесулер өткізіп, біздің кандидатымыздың сайлау алдындағы бағдарламасын кеңінен түсіндіріп, Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстанның 20 жылдық тарихындағы атқарған ісі жайлы халықтың көңілінен шығарлық әңгімелер айтып, елді бірлікке, ынтымаққа және өз болашақтарын дұрыс таңдауға шақырды. Облыстық коалицияның құрамында жұмыс істеген Көкшетау мен Қараөткелге есімдері белгілі тұлғаларды бөле-жармай-ақ солардың әрқайсысына шынайы алғысымызды айтамыз.     Олар     облысымыздың     барлық     аудандарын     аралап                     шықты. Кездесулер өткізді, жұртшылықты бірлікке ұйытар сөздерін айта білді. Сондай-ақ біздің кандидатымыздың мүддесі үшін күні-түні уақытпен санаспай жұмыс істеген негізінен жастардан құралған 1700-ден астам еріктілерге (волонтерлар) қалай риза болмассыз?! Өз елінің шынайы патриоттары болып өсіп, жетіліп келе жатқан сол жастарды көріп те көңіліміздің марқаятындығы бар. Ендігі арада сол жастарымыздың тілеуін тілейік те!


Биылғы сайлаудың барынша әділ әрі таза өткендігін айтқан жөн. Біздің облысымыздың өзінде 50-ден астам шетелдік бақылаушылар жұмыс істеді. Олар сайлауға дейін үгіт-насихат жұмыстарының қалай жүріп жатқандығына көңіл бөлсе, сайлау күні дауыс беретін учаскелерде болып, өз бақылауларын жүргізді. Еуропадағы                   қауіпсіздік және            ынтымақтастық  ұйымының халықаралық бақылаушысы Кетлин Вилли және Германия Федеративтік Республикасынан келген бақылаушы Михайл Лаубш, Ресей Федерациясы орталық сайлау комиссиясының төрағасының орынбасары Станислав Вавилов     және               де    Польшадан,     Белоруссиядан,    Словакиядан      келген бақылаушылар да өздерінің қорытынды әңгімелерінде Қазақстандағы биылғы     сайлаудың     барынша  заң     аясында,                   демократиялық     негізде жүргізілгендігін атап көрсетті.


«Қазақстан-2020» Республикалық Жалпыұлттық Демократиялық Күштер Коалициясының бір топ мүшелері Көкшетау және Степногорск қалаларында болып жұртшылықпен жылы жүздесулер өткізді. «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының хатшысы Сергей Николаевич Громов бастап келген бұл коалиция мүшелері облыс орталығындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында, «Тыныс» акционерлік қоғамында, «СТ-Агро» фирмасында кездесулер өткізді, елдік сөздерін айтты. Әсіресе «Әділет» демократиялық партиясының төрағасы, халқымыздың қабырғалы азаматы, Елбасының сенімді серігі Мақсұт Сұлтанұлы Нәрікбаевтың «Уа, ұлы Абылайдың ұрпақтары!»,– деп бастаған сөзі қалың жұртшылықты қырандай дүр сілкіндірді. Сонымен бірге Парламент депутаттары Анатолий Башмаков,


 


Наталья Геллерт, Қазақстанның іскер әйелдері ассоциациясының президенті Раушан                Сәрсенбаева, Қазақстан    кәсіподақтарының   төрағасы    Съезбек Мұқашев сынды елдің белгілі қайраткерлерінің сөздері де халықтың көңіліндегі сенімдерін нығайтып, бір желпінтіп тастағандығын неге айтпасқа?!


Тоқсан ауыз сөздің түйінін айтар болсақ, Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Н. Ә.Назарбаевтың Ақмола облыстық қоғамдық штабы өзінің миссиясын ойдағыдай атқарып шықты деп түйіндер едік. Осы орайда штабтың барлық мүшелеріне алғысымды айтамын. Ең бастысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үшін дауыс беріп, еліміз бен еріміздің мерейін асырған барша сайлаушыларға ризашылығымызды білдіреміз.


Бұл жеңіс еліміздің болашағы үшін керек еді! Соған қол жетті! Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланған халқымыздың адал перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты барлық көкшетаулықтар мен ақмолалықтардың атынан құттықтай отырып, еліміздің де, Елбасының да амандығын тілейміз.


–Осы күні мына жалындап өрттеніп жатқан дүниеден елімді қалай аман-сау алып қаламын деп күні-түні алаңдап жүрмін,–деген Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың осы бір ауыз сөзі Елбасының кемеңгер көкейіндегі адал ойын танытып тұрғандығы анық. Кәне, ағайын, осы бір адал ойымен елінің мүддесін ойлаумен бар саналы ғұмырын өткізіп келе жатқан тағы да сол ұлы міндеттер мен мүдделер жолында, болашағымыз үшін, Сіз бен біз үшін тағы да атқа қонып, таққа мінген Елбасыға тілекші де тіреуші болайық!


 


(Ақмола облыстық «Арқа ажары» газеті, 5 сәуір 2011 жыл, «Егемен Қазақстан» газеті 14 сәуір 2011 жыл).


 


 





Пікір жазу