МЕНІҢ ПРЕЗИДЕНТІМ! немесе ұлылықты тану жолындағы алғы сөз
Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол!
Абай.
Біз әлі бостандық пен тәуелсіздік дегеннің қадірі мен қасиетін жете ұғына алмай келе жатқандаймыз.
Адамзат өз жаратылысынан бері біреуге тәуелді болмас еркіндігі үшін алпарысып, күресіп келе жатқандығына көне тарих, сол тарихи кезеңдер мен дәуірлердегі түрлі оқиғалар куә. Қазақ баласы да өз баласының еркіндігін ешкімге бермес үшін алысып бақты. Сол еркіндігі мен тәуелсіздігі үшін алысқан халық «ақтабан шұбырындыға» ұшырады, ашықты, қырылды, қан кешті, сол тәуелсіздік үшін күрескен талай-талай арыстар сталиндік лагерлерде қамалды, атылды, шет ауып кетті...
Қазақ елінің тәуелсіздікке жету жолындағы осы бір қасіреттер мен апаттар жайын еске алсаң, ХХ-шы ғасырдың 90-шы жылдарындағы ие болған азаттығымызды ұлы жеңіске, тәңірдің берген жақсылығына, халықтың бағына балағың келеді.
Тұтас бір елдің, тұтас бір халықтың ғасырлар бойы армандап келген сол тәуелсіздігін өзі жариялап, сол тәуелсіздіктің көк байрағын өз қолымен тұңғыш көтерген Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сынды тарихи тұлғаның ерлігі мен ұлылығын тану және сол жайында айта да білу қажет енді. Қазақ елінің Тәуелсіздігі үшін Президентіміз жасаған және жасап келе жатқан істері мен қадамдарын, өз туған халқына айтып келе жатқан сөздерін, ақыл парасатын саралай білсең, көптеген ұлылықты танисың. Сол ұлылықты танисың да, бүгінгі күні «оппозициямын» деп «бас-басына би болған өңкей қиқым» (Абай) шуылдақ топтың билік пен байлық үшін өз елінің тәуелсіздігін құрбандыққа шалуға дайын қасиетсіздігінен шошынасың.
Әр қазақ баласының бүгінгі күні қасиет тұтар жеті дүниесі бар. Ол–Жер. Тәуелсіздік. Президент. Көк ту. Елтаңба. Әнұран. Қазақ тілі!
Міне, менің түсінігімде қасиетті болып саналатын осы жеті дүниенің біреуіне шек келтіруді ақылсыздық пен парықсыздық, тәуелсіздікке жасалар опасыздық деп білемін.
Тәуелсіздіктің тәтті дәмін сезіне бастаған көкейіме осы бір ойлар оралары бар. Сол тәуелсіздіктің кепілі болып отырған Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты «Менің Президентім!» деп асқақтағың келеді, өзің таныған ұлылық жайлы айтқым келеді. Сол ұлылықты әр қазақ баласы әуелі өзі тани білсе екен, ол да «Менің Президентім!» деп асқақ сөйлеп, рухтана білсе екен дейсің. Менің мына әр жылдардағы жазбаларым да сол ұлылықты тану, халқыма таныту жолындағы алғашқы ойларым.
*** Тәуелсіздік алдық, енді тәубә керек!
Қазақ халқының тасқа қашалған көне тарихының қайғысы мен қасіретін, ұлы дала көшпенділерінің «Елімайлаған» зарын тыңдау керек ол үшін.
Адамзат өркениетінің даму барысында талай ұлттар мен ұлыстардың жойылып кеткені бар. Жер-жаһанды дүр сілкіндірген алапат оқиғалардың отты ортасындағы жанталастар мен тайталастардың құрбаныны айналып, күлі шашылып қалған империялар да, патшалықтар да болған. Тіпті сіз бен біз аяқтағалы отырған ХХ-шы ғасырдың да қан жұтқан кезеңдері аз емес екен. Әлемнің алтыдан бір бөлігінің құрылығын бауырына басып, уысында атом бомбасын ұстап отырған Кеңестік империяның құлауы да, ыдырауы да тарихи сабақтастық.
Осы Кеңестік империяның құлдырап барып құлау кезеңінің жанталас сәттерінде қазақ баласының басына төнген қауіп зор еді.
«Қазақ ел бола алмайды» дегенді өзгелерге қосылып өзіміз айттық әуелі. Мемлекет боларымызға өзгені қойып өзіміздің сенбегеніміз де ақиқат. Өйткені біз қызыл империяның құлы едік. Сол қызыл империяның қызыл шоғының қоламтасын қайра үрлеп, қайра тұтандырып, қазақты сол сотқа қайра үрлеп, қайра тұтандырып, қазақты сол отқа қайра қақтағысы келген күштер аласұрып бақты.
Дүние тұтанып жатты... Сол тұтанып жатқан қақтығыстар мен қан төгістерден туған халқын аман сақтап, аман алып өткен Нұрсұлтан Назарбаевқа аузын айға білеген әлемнің өркениетті лидерлері сүйсінумен әрі таңқалумен болып жатты. Ұлыбританияның сол кездегі Премьер-министрі Маргарет Тэтчер: «Қазір әлемде ірі деген бес-алты және өте ықпалды саясатшылар бар, солардың бірі – Назарбаев. Мен оған өте сенемін және оның Қазақстанда жасап жатқан барлық ісіне келісемін»,–деп сүйінішін 1991 жылдың 29 қазан күні Лондонда өткізген баспасөз конференциясында ақтарып, айтып салған-ды. Оңайлықпен ешкіммен санаса қоймайтын АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Джеймс-Бейкер де: «Қазақстан басшысы – совет саясатындағы тұтқалы ірі тұлға. Біздің көзқарасымызша Қазақстан табиғи ресурстарға бай болуымен ғана емес, Президент Назарбаевтың көрегендік позициясымен де Совет Одағындағы ең маңызды республикалардың бірі. Назарбаев – алдын болжағыш, саясатты нақты түсінетін ақылды қайраткер»,– деп «Вашингтон пост» газеті арқылы адалын айтты!
Әлем осылай сүйсініп, осылай таң қалып жатқан Президентіміздің бағасын, қадірі мен қасиетін туған халқы да білмейді емес, біледі әрине.
Біздің Президент!
Адам жанының ыстық ықыласы мен пейіліне толы осы бір ауыз сөзді қазір қазақстандықтар жиірек айта бастады. Халық-дана! Сол дана халық өз Президентінің өздерін өркениет дамуының дұрыс әрі сенімді бағытымен бастап келе жатқандығын танып отыр. Тәуелсіздіктің жеті жылында кеңестік империяның жетпіс жылында шықпаған биіктерге көтерілгендігімізді ең әуелі біз өзіміз білуіміз керек. Қазақ елін, қазақ деген ұлтты әлем ең әуелі Назарбаев есімімен, Назарбаев келбетімен таныды. Бұл – тарихи ақиқат!
Назарбаев – бір ұлттың қасіретін тұтас бір адамзаттың қасіреті екендігін үзбей айтып келе жатқан Президент. Бүгінгі күні бір ғана мемлекеттің аясындағы мәселелер шешілгенімен, әлемнің әлде бір бұрышын аштық жайлап жатса, қаншама бай, қаншама мықты мемлекет болсаң да, түптің түбінде іргең сөгіліп, күйзелерің хақ. Біздің Президент әлемдік дамудың ендігі процесінде адамзаттың оқшаулануына жол беруге болмайтындығына, ол үшін мемлекеттер арасында, адамдар арасында бір-біріне деген сенім болу керектігін айтып та, соған әлем халқының да, өз халқының да көзін жеткізіп, мемлекеттер мен мемлекеттер, адамдар мен адамдар арасында сенім орнықтыруды сөзімен де, ісімен де дәлелдеп келе жатыр.
Біздің Президетіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың қарапайым адамдарды толғандырып отырған мүдделі тілектерін орындау үшін он қадам ілгері басу жөніндегі ұсынысының өмірлік маңыздылығын бұрынғы Кеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің саясатшыларынан бұрын, ең әуелі сол қарапайым халықтардың өздері ұғынып еді. Ұғынып еді де, бұлардың да мұң-зарын елеп, ескерер бір Президенттің табылғанына қуанған. Күні кеше ғана еркін араласып, еркін жүріп тұрған қарапайым адамдар арасындағы адами қарым-қатынасқа шек қойып, шекара сыза алмасың анық. Өйткені бірі ана, бірі мына мемлекетте тұрып жатқан ата-ананы баласынан, бірге туғандарды бауырынан айырып: «біз тәуелсіз елміз, біздің азамат емессіздер»-деп ел шекарасынан аттатпай қою, адами қарым-қатынастың ешбір аясына сыймаған да болар еді. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері халықтарының арасындағы осы бір адами еркін қарым-қатынасты сақтап қалу жөніндегі Назарбаев ұсынған он түрлі амалдың бәрі де біздің Президентіміздің адамзат мүддесін ойлай білетін кең тынысты, ақылман саясатшы екендігін, оған сенуге болатындығын мойындатып еді. Дүние халықтарына Ресейдің «Известия» газеті: «Қазақстан Кремльдің абыройын» сақтап қалды. ТМД елдерінің қарым-қатынасы тұйыққа тіреліп, достастықтың ендігі жерде өмір сүруі үшін жедел арада жаңа идеялар қажет еді. Алайда Мәскеуде ол жоқ болып шықты. Бірыңғай экономикалық кеңістік құру жөніндегі Ақмола ұсынысы болмағанда, бәлкім Кремльде талқылайтын ешнәрсе болмайтын еді», – деп жазды. Міне, Қазақстанның, оның бір ұлы Назарбаевтың мемлекеттер арасындағы интеграциялық ұсыныстары ұзақ жылдар бойы қалыптасқан адами қарым-қатынастардың нәзік бір жібін үзіліп қалудан аман сақтап қалып еді.
Дүние бөлшектенуден құралмасы анық. Қазақы пәлсапа айтады: «Бөлінгенді бөрі жейді!» Жер шары біреу болғаннан кейін оны мекен етіп отырған адам баласының да тағдыры бір. Оған дәлел: жер бетінде әлде бір апаттар болса, бір ғана халықты опат етіп кетпейді. Ол сенің түріңді де, түсіңді де, тіліңді де, дініңді де талғамайды. 1994 жылдың 29-шы наурызында Президент Назарбаев Ломоносов атындағы Мәскеу Мемлекеттік Университетінің профессорлық оқытушылары алдында сөз сөйлеп, «Евразиялық одақ құрудың мүмкіндіктерін қарастыру» жөніндегі бұрын-соңды ешкім айтып көрмеген тағы да бір тың ойды ортаға тастап еді.
Біздің Президентіміздің бұрынғы КСРО аймағында Евразия одағын құру жөніндегі ұсынысы мен ой-пікірі байтақ әлемге әп-сәтте тарап жатты. Ағылшынның «Таймс» газеті: «Батыс Назарбаевтың Евразия одағын құру жөніндегі ұсынысына ыждаһаттылықпен мұқият қаруға тиісті», – деп жазды сол шақта. Біреу қолдап, біреу дау айтып жатқан қаншама сәттер болса да, Нұрсұлтан Назарбаев Евразия одағының тарихи қажеттілігін айтумен келеді. Назарбаевтың Евразия одағын өз тәуелсіздіктеріне төнген қауіптей көретіндер және де бар. Алайда уақыт, өркениеттің дамуы, жер шарын мекендеген барлық Адамзат мүдделері түптің түбінде бәрібір бірігіп, ақыл қосып, бірлесіп іс жасау қажеттігіне мәжбүр ететіндігін біздің Президентіміз күні бұрын сезініп, біліп әрекет жасап бағуда. Биылдан бастап бүкіл Европа елдерініің ортақ бір валютаға – «Евроға» көшуінің өзі-ақ уақыт өте келе Нұрсұлтан Назарбаевтың евразиялық одағының да туы тігілер күні туарын дәлелдеп тұрғандай.
Дүниедегі қулық-сұмдықтардың бәрі де адамдардың бір-біріне деген сенімдерінің болмауынан, бір-біріне сенбеушіліктен басталса керек. Мемлекеттер арасындағы сенімді орнықтыруға батыл қадам жасау үшін Назарбаев өз қолындағы ядролық қарудан да саналы түрде бас тартып еді.
Әлем тына қалды. Біздің Президентіміз Хельсинки процесіне қосылып, ядролық қаруды таратпау жөніндегі Лиссабон хаттамасына қол қойды. Бұл – қазақтың, қазақ елінің әлем алдындағы беделін аспандатып әкетті. Бұл – Назарбаевтың жалпы Адамзатты сеніммен, бейбіт қатар өмір сүруге шақырған асқақ үні әрі батыл қадамы еді!
Әрине, қайыс бұғаулы Ресей, темір бұғаулы Қытай сияқты екі алыптың ортасында отырып, қолындағы ядролық шоқпарды оп-оңай бере салған Елбасын сынап та жатты өз елінің қызу қандылары. Мұнымыз бекер болған екен. Сөйтсек, «халқым» деп, «елім» деп шырылдап жүрген Прзидентіміз әлемнің айбынды мемлекеттерінің басшыларымен жағаласа да, таласа да жүріп Қазақстанның қауіпсіздігіне кепілдік алған екен. 1994 жылдың ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда АҚШ-тың президенті Билл Клинтон екеуінің «Демократиялық қарым-қатынас партиясы туралы» келісімге қол қоюынан бастау алған бұл тарихи ұлы іс сол жылдың желтоқсан айында Будапешт қаласында ядролық державалар Ұлыбритания, АҚШ, Россияның Қазақстанға қауіпсіздігіне кепілдік беруімен және біраздан соң бұған Қытайдың қосылуымен аяқталып еді. Іргелес, бауырлас ел Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы Мәңгілік достық туралы шарт жасалуы, қытаймен арадағы татулықты сақтау үшін шекара шегін бүгін айқындап алғандығымыз да қазақ елінің ертеңі мен болашағы үшін жасалған сенімді қадам болды.
–Бізге дұшпандық көзқарастағы бірде-бір ел жоқ, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Астана қаласында өткен Республика Тәуелсіздігінің жеті жылдығына арналған салтанатты мәжілісте сөйлеген сөзінде.
Сенеміз бұған, қуанамыз бұған! Өйткені біздің Президентке әлем мемлекеттері сенеді!
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген әлемдік бұл сенімнің бастауын, ең әуелі оның бойындағы өз халқына, өз еліне, жалпы адам баласының мүддесіне деген Адалдықтан іздеу керек. Егер біздің Президентіміздің өз халқына деген сол адал ниеті мен перзенттік үлкен жүрегінің сүйіспеншілігі болмаса, ол барлық қазақстандықтардың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі, әл-ауқатының артуының «Қазақстан-2030» стратегиялық бағытын анықтап, оны әзірлеп, әуреге де түспес еді ғой деп ойлаймын. Президенттік құзырының мерзімі біткенше «Жағдайларың келесі жылы жақсарады» деген уәдемен-ақ тыныш әрі бақуатты билік құра беруге болатын да еді. Жоқ, біздің Президент өйтпеді! Ол өзінің келе жатқан ХХІ-ші ғасыр Адамзат өркениетінің тажал да қатал ғасыры болатындығын сезінді де, өз халқының сол тажал ғасырдың аранына түсіп, жұтылып, жойылып кетпеуі үшін Адамзат өркениетінің қиясына көз салады, алды болжайды. Осы арада данышпан абайдың «Түбін ойлап, уайым жеп айтқанмын» деген ғақлиясының да еріксіз ойға оралатыны бар.
Әлемнің қуатты бай елдері де өздерінің бүгінгідей молшылықты мамыражай өмірлерін бірден орната алмағаны анық. Олар да бүгінгі біздің балаң жолдан өтіп алған әуелі. Ал, біздің Президентіміз болса Қазақстанның бүгінгі тәуелсіздігін уыстан шығарып алмай, дәуірдің өзі беріп отырған бүгінгі тарихи мүмкіндіктерін пайдаланып қалу үшін халқына жол сілтейді, жөн айтады, сол үшін жанталасады. «Егер біз осы мүмкіндікті сәтімен пайдалана алмасақ, егер біз болашағымызға жоспар және бүгінгі күні нақты іс-қимылдарды іске асырмай, күндер мен апталарды уысымыздан шығарып алсақ, егер сәтсіздікке ұшырасақ, онда өзімізден басқа ешкімге кінә арта алмаймыз», – деп «Қаақстан-2030» Бағдарламасында айтылған Президентіміздің осы бір ауыз сөзінен туған халқына деген жаны ашитын ақ адал көңілін танимыз.
Тәуелсіздіктің аз ғана бір өлшемдік шағында қазақ елінің ғасырлар тоғысындағы, түрлі-түрлі оқиғалары қайнап жатқан тұрлаусыз дүниенің аласапыранды кезеңіндегі даму бағытын бағамдап, болашағымыздың көкжиегін болжап бере білгендігі – біздің Президентіміздің ұлттың рухын көтере білген ұлы ерлігі!
«Алға қарайтын кез келді, іске кірісетін кез келді. Ерік-жігерімізді танытатын кез келді. Өмірді өзгертетін кез келді!»
Нұрсұлтан Әбішұлының бойыңа жігер құяр, санаңды селт еткізер Қазақстан халқына жолдауындағы осы бір ауыз сөзіне кім уәж айта алар?! Бұл – тоқтайтын сөз! Бағытың белгіленді, болашағың болжанды, жүрер жолың айқындалды, туған ел! Еңсеңді түзе, еңбек ет! «Біздің ісіміздің таразысы – тарих. Бізге балаларымыз бен немерелеріміз көз тігіп отыр. Солар үшін, өзіміз үшін болашақтың жолында осы айқаста мерейіміз үстем болмағы керек», –дейді Елбасымыз.
Адалдық – жан тазалығы. Біздің Президентіміздің даналығы да, балалығы да мол өзінің туған халқына, қазақ жерін мекендеп отырған барша ұлттар мен ұлыстарға деген жан тазалығы, адал сөйлейтін пейілі мен адал көңілі – елдің бағы! Егер кез келгеніміз адами адалдық пен жан тазалығының ұлы өлшемі – Ар алдында жүгінер болсақ, адал сөйлеп, адал баға бере білсек, біз – қазақстандықтар, өз Президентіміздің тәуелсіздігіміздің жеті жылында ғасырға бергісіз тарихи істер атқара білгендігін танып, мойындасақ еді. Дүбірлі дәуірдің отты шағындағы мемлекеттер мен құрылықтардың, жер шарының ғасырлар тоғысындағы адамзат өркениетіне алғыр ойлы саясатшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан тарихи үлесін ешкімнің де жоққа шығара алмастығы және ХХІ ғасыр оның есімін өз дәуірінің ұлы перзенттерінің бірі ретінде атайтындығы да ақиқат.
Тек осы бір бүгінгі күннің тарихи ақиқатын ең әуелі қазақ баласы өзіміз мойындап, соны өзіміз айта білсек еді.
Қазақ елінің әлем танып отырған лидері – Нұрсұлтан Назарбаев жайындағы осынау бір ойлармен толғана отырып, ұлы Абайдың «Сүйер ұлың болса, сен сүй, сүйінерге жарар ол» деген бір ауыз сөзіне жүгіндік!
(«Қазақ әдебиеті» газеті, 4 қазан 2002 жыл).