09.02.2023
  155


Автор: Жабал Ерғалиев

ЖЫР КЕСТЕСІНІҢ ШЕБЕРІ

Шәмшия апа!


Бұл есім қазір Көкшетау халқына әбден таныс. Тіпті апамыздың атақ- даңқының Көкшеден асып, басқа да орта, басқа жұртта аталып жатары бар. Әуелі өзінің ою-өрнегімен, қол өнерімен, кесте тігіп, кілем тоқып, ою ойған ісмерлігімен ортаға шықты. Халықтық өнерге, ұлттық өрнекке сусап отырған халқымыз Шәмшия Айтжанова апамыздың бұл іскерлігіне бірден назар аударды. Апамыздың қолынан шыққан ою-өрнекті бұйымдарын, бейнелі кілемдерін жұрт қалап алатын болды. Бұл бұйымдардың ел арасында зор сұранысқа ие болғандығы соншалықты, апамыз енді сол өз өнерін өзгелерге үйретуге ден қойды. “Шәмшия апай өнер мектебі” келді дүниеге. Бойына біткен қажыр-қайратымен талпына жүріп біраз абыройға бөленді.


Сөйтіп жүрген Шәмшия апамыз қазір жыр жазады. Екі бірдей: “Өмір–өзен” және “Өнерім–өмірім” деген кітаптарын жарыққа шығарды. Бұған біреулердің таң қалғандары да болды. Алайда, апамыздың ою-өрнек салып, кесте тіккен қолынан шыққан шығармалары да шебердің бізіндей із салады ақ қағазға. Апамыздың жүрегінен шыққан жылы шуақты, өрнекті жырларды мына қолыңыздағы кітаптан молынан кезіктіресіз.


Жас келді өмір сырғи арнасымен, Ұрпағым артындағы жалғасымен. Қолыма ерінбестен қалам алып,


Ақынның аталып ем, қатары тең,–деп өзінің жан сырын алдыңызға жайып салған Шәмшия ақынның бұдан кейін де айтары аз емес.


Ақын апа жүрегі қоғамда болып жатқан бар оқиғаға, тіршілік тынысына үн қатады, сыр айтады жырыменен.


Шалқары болып шабыттың, Тиегін жырдың ағыттым.


Керуенін бастап ұлы көш,


Өзгертпей жолын, бағытын,–деп ел тәуелсіздігінің береке-құтын, маңызы мен мәнін жырға қосады. Сол жыр өзегінің алтын арқауы–туған жер тағдыры,


 


кісілік келбет болып келетіні бар. Апамыз тәуелсіздікті, 1986 жылдың желтоқсан оқиғасын, Ұлы Отан соғысын, отызыншы жылдардың нәубетін жырласа да, өз тақырыбын тереңінен толғайды. Бұдан ұққанымыз ақып апа қолына қаламын алып жазбастан бұрын, ұзақ толғанысты басынан кешіреді, ойланады, ой қорытады.


Ақынның бір шоғыр жырлары–арнаулар. Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, МәшҺүр Жүсіп сынды алыптардан бастап өз ортасында жүрген елге сыйлы, халқына қадірлі азаматтарға арналған әр жырдан ақын апаның сол адамдарға деген пейіл, ниетін аңғарар едің. Бұл да ізгі көңілдің, абзал жүректің сөзі деп қабылданары бар.


Тамаша оймен, зердемен өзегі кең, Шоқанымды биікке көтеріп ең.


Баянауыл бауырына болған күйеу,


Майражанмен жарасып әдемі тең,–деп Асанәлі Әшімовке арнау жырдан әйгілі өнер жұлдызының қоғамдағы да өмірдегі орнын жырмен көркем кестелейді. Әрбір арнау өлеңінде, сол адамның жан дүниесін, кескін-келбетін ашу бар.


Бұған дейін де өзінің жырларымен танылған, оқырманына айтар ойы, ашар сыры бар Шәмшия апамыздың бұл жыр жинағы да көңілден шығар деген сенімдеміз. Жырдың да, кестенің де шеберлігін қатар ұштай білген апамыздың алдағы уақытта да айтары таусылмағай деп тілейміз.


 


(Шәмшия апаның 2002 жылы баспадан шыққан “Жырдесте” кітабына жазылған алғы сөз).





Пікір жазу