09.02.2023
  100


Автор: Жабал Ерғалиев

ЖАН СЫРЛАСЫ–ЖЫРЛАРЫ

“Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы”,–деп Абай айтқан осы бір ауыз сөзге жүгінер болсақ, қасиетті поэзия әлеміне талпыныс жасағанның несі айып?! Ал, енді сол өлең жазуға құмартқан әркім-ақ поэзияны өзінің жан сырласы, айнымас серігіне, мұңын айтар мұңдасына, қуанышын бөлісер досына балап, әрдайым әр өлеңін сыршыл жүрегімен дәмділеп, төгілдіре жазса, жыр бағының жанғаны дей беріңіз.


Жайығым менің, жаным-ау еркем, Сағынышыммен толғандаймысың?! Ақ сәуле нұрлы ақ толқындарың, Еркелей ертер армандаймысың?!


Өзі туған өлкенің еркелеп ағар Ақ Жайығынан: “Сағынышыммен толғандаймысың”–деп лүп-лүп соққан жүрегімен сұрап тұрған Серік Бөлтеновтің осынау жүрек жарды сыры еріксіз елең еткізері бар.


Серік жырлары мұң мен сағыныштан өріліп тұрары бар. Және де сол мұң атаулыны терең бір оймен жеткізе білер ақындық шеберлігі сүйсінтеді.


Мен туғанда қан майдан басталыпты, Анам менің жесір боп жас қалыпты. Өмірдің басқа салған қиындығын, Анашым қайыспастан қарсы алыпты. Өзімнен өзім жатып езілемін,


Өмірдің қайғы мұңын сезінемін. Дүние-ай, бір басымда болса бақыт,


Анашым, айналайын өзің едің,–деген жыр жолдарынан Серіктің ақындық үні айқын естілгендей болып көрінеді.


Адам баласының қасиетті үш тұғыры–ана мен әке, туған жері болса, сол үшеуінен ерте көз жазып айырылып қалған, содан да келіп сезімтал нәзік жүрегімен солардың өмірдегі қасиетін жете сезіне білген Серік осы бір үш қасиет жайлы ерекше бір тебіреніспен жыр жазады.


Орал облысының (қазіргі Батыс Қазақстан) Камен ауданындағы екінші Шежін ауылында 1941 жылы жарық дүниеге келген Серіктің әкесі бұл бір жасқа толар толмастан майданға аттанып, сол сапарынан күні бүгінге дейін оралмаған екен. Төрт бірдей балаларымен шырылдап қалған қайран ана да көп өмір сүрмеді. Майданнан оралмаған әке…дүниеден ерте өткен ана… жетімектерін жеткіземін деп еңіреп, еңкейген әже…жетімдер жәудіреп өскен интернат…Отыз жылға жуық уақыт бойы Көкшетау облыстық автоинспекция басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Міне, бұл өмір! Өмір болғанда да Серік сынды сыршыл жанның көкірегіне жыр болып тұнған мұңы мен сағынышы шалқар өміртұғын. Ақын Серік осы өмірді өзі ғана сезіне білген сезімтал жүрегімен әрдайым жырға айналдырып келеді.


 


Қасиетті өлең атаулының абыройын көтерген жырлар Серіктің осы кітабында баршылық. Осы жайды қуана айтумен бірге, ақын көңілінен мөлдіреп төгіліп жатар жыр бұлағы сарқылмасын деген ізгі тілекпен Серік ақынның жыр кітабын оқырман қолына ұстатқалы отырмыз.


 


Өлең етем ойымдағы барымды, Өлең жазу бәрінен де қадырлы. Өмір бойы аңсағаным, арманым, Тек өлеңім, бір өзіңнен табылды,


–деп өлеңнің қасиетін сезіне білген ақын Серік әлі де жыр сүйер қауыммен жүздесе де берер.


Лайым солай болсын!


 


(Серік Бөлтеновтің 1996 жылы “Ақ Жайығым, асылым” кітабына жазылған алғы сөз).


 





Пікір жазу