09.02.2023
  120


Автор: Жабал Ерғалиев

“СӨЙЛЕ, ӘУЕЛЕ”, “ӘКЕ ШЫРАҒЫ!”

Өз кезінде өз ортасына өнерімен танылып, сол өнерімен жүрген жерін сүйсіндіре білген адамдар ел арасында аз болмағаны анық. Талғамы да, таңдауы да жоғары халық та шынайы талантты ғана әспеттеп, құрметтей білген. Әншіге “әу” дегеннің бәрі әнші емес” деген биік талғаммен қарай білген халық шынайы әншіні, шынайы өнерпазды өздері-ақ таңдай білген. Халықтың сол биік талғамынан шыққан бірегей өнерпаздың бірі–Нығмет Кәрібайұлы болғандығы дау тудырмаса керек-ті.


Жасынан әнге құмар болып, ән айтуға машықтана білген Нығмет ағаның биік талантын өз замандастары мен тұстастары әрдайым биік бағалайды. Бұл баға бағамын “Әке шырағы” кітабын оқыған әркім-ақ өзі саралай жатар деген сенімдеміз. Ел ішіндегі Нығмет сияқты әнші үнін күні бүгінге дейін ұмыта алмай жүргендер әлі де көп кездеседі. Бұл шынайы таланттың мәңгі жасар бір белгісі болса керек-ті.


“Әке шырағы” кітабы бізге сол Нығмет ағаның үніндей естіледі. Артына қалдырған сөзінен ағаның парасат-пайымын, ой деңгейін, кеудесінде күмбір қаққан сазын танығандаймыз. Ән айта білген кеуде жырлай да білері анық. Бұған Нығмет ағаның осы кітаптағы жырлары куә. Туған жұрт, өскен орта, кербез Көкше жыр өзегіне айналған. Әрине, ақын болған әр жүрек бұл тақырыптарға соқпай кетпесі де анық. Мәселе, кімнің қалай жырларында, айта білуінде ғой! Бұл жайында сөз қозғағанда Нығмет Кәрібайұлы ешкімге ұқсамайды, өзінше жырлайды, өзінше сыр шертеді. Және де не нәрсені айтса да жеткізе айтады, әсерлі айтады. Әрине, жыр жазуды өз кәсібіне айналдырмай-ақ, өлеңді өзінің жан сырласы ете білген ғашық адамның жүрек жылуын да аңғардық. Жылуы жоқ жүрек жырлай да алмас еді, жырға тұнбаған жүрек ән де сала алмас еді деген ойға келдік.


Бір қуаныштысы және аса бір көңілге медет болар жай–Нығмет Кәрібайұлының жазған дүниелерінің жоғалмай, біздің қолымызға тиюі болар сірә да! Ел ішіндегі талай бір таланттардың жазуын, айтқан дүниелерін өз кезінде қағазға түсіре алмай, ұмыттық, жоғалттық емес пе?! Бұл өкініш! Ал енді осы кітапқа топтастырылған аға жырларын, сондай-ақ “Тілеуберді” хиссасын жоғалтып алмай, бүгінгі ұрпаққа ұсынуымыз құнды бір еңбек деуге тиістіміз. Бұл орайда ең әуелі өз әкесінің жырларын жинақтап, кітап етіп бастырып отырған Айтжамал Нығметқызының осы бір игі қадамы елінен, халқынан алғыс алуға әбден лайықты ғой деп санаймын. “Әке шырағы” кітабы енді сол әкенің рухына, ол әкенің әсем әуені мен күмбір қаққан кеудесінің күй сандығының сазына айналары хақ.


Ал, кәне, сол сазды тыңдайық! Сөйле, әуеле, “Әке шырағы!”


 


(2001 жылы баспадан шыққан “Әке шырағы” кітабына жазылған алғы сөз).





Пікір жазу