БАЛАУСА СЕЗIМ СЫРЫ
Бiз қазiргi жастарды бiлемiз бе?
Күн сайын көз алдымызда жүрген ұл-қыздарымыздың iшкi жан дүниесi мен ой әлемiне үңiле аламыз ба?
Осы бiр екi сауалға да екiұштылау жауап берерiмiз де анық. Бiлетiнiмiз де, бiлмейтiнiмiз де бар. Және де бiз сияқты емес, еркiн өсiп, еркiн ойлап, ой-өресi еркiн қалыптасқан бүгiнгi жастардың бiр артықшылықтары да бар. Ол–сол ойлағандарын еркiн айта бiлетiндiктерi.
Әлi де болса өмiрге деген көзқарасы толық қалыптаса қоймаған балауса сезiмдi Бану Қуандыққызы Рамазанова қызымыздың орыс тiлiнде жазылып, Көкшетаудағы “Келешек-2030” баспасынан жарық көрген “SmS-ная любовь” (“Балауса махаббат” деуге келер) кiтабын оқып шығып, осы бiр ойлар қамалады.
“Бұл әлемде махаббат туралы қаншама әндер, әңгiмелер, ертегiлер мен романдар бар! Оларды бәлкiм санап та бола алмаспыз. Мiне, мен де нақтылы оқиғаларға негiзделген өзiмнiң шағын ғана романымды жазып шығуға бекiндiм”,–деп бастайды Бану қызымыз өзiнiң тұңғыш дүниесiн. Және де бiр ауыз өлеңiнде: күн сыйлай алмайтыным да, телефон арқылы гүл ұсына алмайтыным да өкiнiштi-ақ, ендi өзiңе SmS арқылы хат жазып қана, жаныңа сенiң жылылық нұрын құйсам”,–дейтiн Бану ойынан балауса сезiмнiң таза да тұнық әрi мөлдiр ой айдынын аңдайсың.
Бүгiнгi заманның ақпараттар алмасуы сапырылысып кеткен кезеңде ендi баяғыдай қолыңа қалам алып, ақ қағазға “Алтыннан ардақты, күмiстен салмақты” деп бастап, үшбухат жазу дәуренiнiң өткендiгiн сезесiң. Сезесiң де, шапшаң шақтың iркiлмей айтылар сезiм сырына тағы да бiр үңiлесiң.
Банудың жазғандары бiрге оқып, бiрге араласып, күн сайын ой-пiкiр алмасып, асқақ арманымен бiрге өмiр сүрiп жүрген өз құрбыларының ауыз екi де және қалта телефоны арқылы бiр-бiрiмен сөйлесiп, не жазып жiберiп жататын хаттары негiзiнде құралған. Кәдiмгi бала көңiлдiң сыры. Алайда, Бану кейiпкерлерiнiң әңгiмелерiн тағы да сол бала көңiлдiң балалығы деп те қарауға болмас едi. Бану кейiпкерлерiнiң әңгiмелерi мен қылықтарын бiздiң бүгiнгi дәуiрдiң, бүгiнгi өмiрдiң, осы кезең мен уақыттың соғып тұрған жүрегi деп қабылдаған жөн. Бiздiң өсiп келе жатқан ұл-қыздарымыз бiр-бiрiмен өзара сөйлескенде, қарым-қатынас жасағанда не айтады, қалай ойлайды, арман- мақсаттары не деген кез-келген ата-ананы толғандыратын құпиялар сырын ашады Бану қызымыз өз кiтабында. Бүгiнгi арманшыл, бүгiнгi тiл жағынан тартынбай бiр-бiрiмен еркiн араласып, сөйлесiп, пiкiр алысып кете баратын жас буынның жаңа мiнезiне, алмастай өткiр ойларына сүйсiнесiң. Ашық та жарқын, еркiн де ерке, шыншыл да шымыр ойлы жас буынның ертеңгi ел үмтiн ақтарлығына иланасың.
Бану Қуандыққызы Рамазанова сол шыншыл да шымыр ойлы жастардың бiр өкiлi ретiнде өз құрбы-құрдастарының күнбе-күнгi өмiр сүру салтының сырын алдымызға жайып салғандығымен дара көрiнедi. Ол даралық–Банудың бойына бiткен байқампаздық пен аңғарымпаздық болса керек. Өзiнiң көрген, бiлген және естiгендерiнен ой қорытып, соларды жүйелеп, әсерлендiрiп жаза бiлген Бану талантына да тәнтi болып, сүйсiнесiң. Жас талант Банудың ойлау, сезiну арқылы түйсiнген жайларын еркiн айта бiлгендiгi де оның қаламгерлiк қарым, дарын қабiлетiн де аңдатады. Бұл күндерi Англияда бiлiм алып жүрген Бану Қуандыққызы сол өз бойындағы дарынымен күнi ертең жарқырап көрiнерiне де көңiл сенедi. Бану қызымыз осы бiр қалам сiлтесiмен-ақ “Өмiрде мен бармын!” дегендi айта келген сыңайлы. Сол өмiрде бағың жанып, жұлдызың жарқырап, биiктерден көрiне бер, айналайын!