08.02.2023
  4827


Автор: Мұқағали Мақатаев

Мұқағали Мақатаев қысқа өлеңдері

Керек осы адамға?
Бүгін бе, болашақ па?!
Ақылгөй кәрілік пе, бала шақ па?!
Қиын-ау, өзің жатып жерошақта,
Жансыз тән, жанарсыз көз - болашақта.
Әлде өмір сүрмекпісің бүгініңмен?!
Бүгіндік тірлік қуып, жүгірумен,
Өтпекпісің?!
Қолыңды бір-ақ сілтеп,
Ұмытып болашақты түңілумен?!
Күн кешіп жығылумен, сүрінумен?!
О, өмір!
О, неғылған сиқыр едің,
Қалай-қалай соғады құйты желің?!
Діңкелеп, шаршап келіп жантайғанда,
Тәтті бір түс көрсеткен ұйқы ма едің?!


 




 


Көлің қайда, туған елім?
Шабақ болам титтей.
Белің қайда, туған елім?
Ойнақтайтын киіктей.
Далаң қайда, туған елім?
Жатайын да ойлайын.
Бабам қайда, туған елім?
Сақалымен ойнайын.
Шөлің қайда, туған елім?
Шөліркейін, аңсайын.
Құлазыған құмдарыңда,
Ғұмырымды таусайын.
Көгің қайда, туған елім?
Желігейін, қалқиын.
Желің қайда, туған елім?
Желпінейін, шалқиын.
"Тауың қайда, туған елім?
Табынайын, ардақтай,
Жауың бар ма, туған елім?
Атылайын садақтай.


 




 


Аттандырып тым тәтті сәттерімді,
Мен аяқтап келемін дәптерімді.
Сәттерімді айттым ба, әттеңімді,
Әйтеуір жуып алдым пәк көңілді.
Анда-санда аударып парақтарын,
Күн батқанын білмедім, таң атқанын.
Бетіне ақ дастарқан тамып кетті,
Тулаған бойымдағы шарап-қаным!
Жырым, сырым - екеуі егіздерім,
Екеуін екі бөлек емізбедім.
Жатсам-тұрсам мұң шағып дәптеріме,
Жабырқаған жаныма ем іздедім.
Таптым ба оны, білмеймін, таппадым ба,
Халім келмей қажыған шақтарымда!
Жан-жырым жанға шипа болғаны рас,
Әлсіреп, сөніп бара жатқанымда...


 




 


Ауыздықтап тұра алсын арманды кім,
Жай таптырмас жаныңа жалған бүгін.
Байыздамай өмірден біз де өтерміз,
Болашаққа қалдырып қалған жүгін.
Армандаймыз, аңсаймыз, қиялдаймыз,
Мына думан өмірге сия алмаймыз.
Бос қиялмен өтпесек жарар еді,
Көктемеген егінді жия алмай біз.
Өзімізді, себебі, жиі алдаймыз,
Өзімізден-өзіміз үялмаймыз.





Пікір жазу