08.02.2023
  272


Автор: Дәулетжан Махмұт

Портрет

– Келдің бе?


– Иә, мені Бақтияр аға жіберді.


–Айтқан, менің атым Бауыржан.


– Бақтияр ағаң бәрін түсіндіріп айтқан болар?! Міне кілтің, енді бұл үйдің амандығы саған жүктеледі.


–  Алаңсыз болыңыз.


Ерзат кілтін өткізіп алған бұл үй, Алматы қаласы «Таугүл» ықшам ауданында еді. Сатуға арнайы салынған, үш қабатты келіскен үй. Оның бұл үйде жалғыз тұрғанына екі күн, бүгін үшінші қонақта жатыр. Бұл үйдің жағдайының сенімді болуы үшін алдыңғы екі күнді елеусіз қалдырып отырмыз.


Ерзат бірінші қабатты төргі бөлмесінде тұрып жүрді.


Бірінші қабат сыртқы есіктен кіргенде үлкен бір бөлме, одан ары дәліз, дәліз бір қабырғасында душқа, екінші қабырғасында дәретханаға кіретін есік тұр. Дәліз ортаңғы кең бөлмеге апарады, ортаңғы қонақ бөлменің екі жақ жанынан өтетін екі есік арқылы ұйықтайтын бөлмелерге, төр жақ есіктен кішкене шағын бөлмеге өтуге болады. Ерзат осы шағын бөлмеге жайғасқан.


Ерзат бұл күні қараңғы түскенше ауладағы шашылған темір-терсек, ағаш-құғаштарды жинастырып әбден шаршап, төсегіне құлады да, ұйықтап қалды. Түннің жарымында қолында таяғы бар, үстіне ұзын қара киім киген қарт адам үйге кірді де оны таяғымен түртіп оятып жіберді. Қайта ұйықтады, таяғымен тағы түртті. Көзі ілінсе болды осы түсті қайталап көре берді. Түн жарымы ауғанда ұйқысы шайдай ашылып кетті. Ол орнынан тұрып душқа барып жуынып, тазаланып алды да жатып ұйықтап қалды.


Ертесі.


Ол сызып жатқан қыз портреті бітуге таяп қалған. Түн жарымына дейін ұйықтамай отырған еді. Бір кезде екінші қабаттың баспалдағынан түсіп келе жатқан адамның аяғының сырпылдаған дауысы естілді. Құлақ түріп тыңдап еді, аяқ дыбысы тоқтап қалады, қайта сырпылдап баяу қозғалады. Аурухана дәлізінде жүрген ауру немесе кәрі адамның аяғын сүйрете басқан баяу жүрісі сияқты. Аяқ дыбысы ақырындап бірінші қабатқа жетті. Ерзат орынынан тұрып өзі отырған бөлменің есігін ақырын ашқанда аяқ дыбысы жоқ болып кетті. Ерзатта қыбыр етпестен құлақ түрген. Көп тұрды. Бір кезде үшінші қабаттағы бөлмелердің есігінің баяу ашылған дыбысы естілді. Ол үшінші қабатқа қарай баспалады, аяқ дыбысы сол жақта сырпылдап естілуде. Үшінші қабат дәлізіне жеткенде аяқ дыбысы төр жақтағы бильярд залынан естілді. Залдың есігін ептеп ашып кіре берістегі айырып косқышты басып қалғанда залдың шырақтары жанды. Бильярд столының үстінде тастар шашылып жатыр, таяқ көлденең тасталған, жан-жағына қарады, ештеңе көрінбейді. Төр жақ терезенің бірінің пердесі баяу қозғалып тұр. Ерзат баспалап барып пердені түріп жібергенде ашық тұрған терезеден күздің салқын самалы бетін баяу сипап тұрғанын сезді. Ерзат терезені жапты да, пердені қайта сырып қойды.


Ертесі.


Кеш батты. Ерзат үш қабатты үйдің барлық есік-терезелерін мұқият жауып, жатын бөлмесіне келді де, қыл қаламын қолына алды. Алдында сызып жатқан қыз портреті. Ол барынша ұқыптылықпен, сабырлылықпен портреттің нәзік тұстарын бейнелеуге көшкен еді. Түн жарымы болды. Бір кезде екінші қабаттың баспалдағымен төмен түсіп келе жатқан аяқтың сырпылдаған дыбысы естілді. Ерзат бұрышқа сүйеп қойған бильярд таяғын қолына алды да, есікке барып қыбырсыз тұрып, аяқ дыбысына құлақ түрді. Бірінші қабаттағы дәлізбен өзіне қарай баяу жылжып келе жатқан аяқ дыбысы естіледі. Ерзат есіктің түбінде тұрып: «Кім бұл?» деп дауыстады. Аяқ дыбысы басыла қалды. Ерзат құлағын түріп тұр. Темекі тартым уақыттан соң коридордан залға кіретін есік сыртылдап тартылды. Ерзат залға кіре беріс есікке қарай мысықша баспалады, есік тұтқасы әлі сықырлап қозғалып тұр. Ол барып қозғалып тұрған тұтқаны ұстай алмақ болмағанда тыныш бола қалды. Ерзатта қимылсыз құлақ түріп тұр. Темекі тартым уақыт өткенше ешбір дыбыс естілмеді, кенет екінші қабаттың душының суы сарылдап аға бастады. Бильярд таяғын ұстап, екінші қабатқа жан ұзырта жүгірді. Душтың есігі жабық тұр, есікті жайлап ашып еді, ішінде ештеңе көрінбейді. Душ еденін алақанымен сипап көріп еді қолына су жұқпады. Құп-құрғақ. Ерзат болып жатқан оқиғаға миы жетпей ойға батып тұрып қалды. Көп тұрды. Бір кезде далаға шығатын үлкен есікті тарсылдатты. Бұл жолы шынымен қорықты, баруға дәті шыдамады. Есікті әлі тарсылдатып тұр. Ерзат сыртқы есікке қарай баспалады, есік түбіне барғанда есікті қағып жатқан дыбыс жер төледен естілді. Өне бойын үрей билеген ол, баспалап өзінің жатын бөлмесіне кірді де есікті іліп, көрпесіне бүркеніп жатып қалды. Аяқ дыбысы сырпылдап үш қабатты кезіп жүрді. Таң атқанша көз ілмей жатқан Ерзат таң атысымен басылған аяқ дыбысынан кейін көзі ілініп кетті.


... Аспанда жүр. Ақша бұлттарға отырып алған. Жанынан бұлтқа отырып алған ақ сақалды қария жанап өтті. Сәлем беріп еді, сақалдарын сипап күлімсіреп қояды... бірде асау теңіздің бетінде жүр. Кенет, дүлей толқын оны су астына батырып жіберді. Теңіз бетіне қайта лақтырды, көзді ашып жұмғанша теңіз астына қайта көміліп кетті. Теңіз астында бір топ балдырдың түбінде өзі портретін салып жатқан ғашық қызы отыр. Қыз тым қорқынышты. Ерзат қыздың жанына келіп:


– Бұл жерде қайдан жүрсің?


– Қаш, акулаааа.


Ерзат артына қарап еді тістері ақсиған, алып акула келе жатыр екен. Ол қыздың жанына жасырына қалғанда акула өтіп кетті.


Бірде қалың зираттың ішінде атасы екеуі жүр. Өмірінде атасын көрмеседе, атасын әкесіне ұқсатты. Бірақ бойы биіктеу екен.


– Мынау менің әкем, – деді атасы жер болуға айналған төбешікті көрсетіп.


– Мынау менің шешем, – деді тағы бір төбешікті нұсқап. Қолын зираттың арғы басына сөзып:


– Жетінші атаң, әжең... бесінші... төртінші – деп зираттарды бірден атап көрсетіп жатты... Атасы жоқ боп кетті.


Ол қап-қараңғы үңгірдің ішінде жүр. Үңгір іші қатты ыстық, оның өне-бойын тер басып тынысы тарылып кетті. Бір басып, екі басып зорға жүріп келеді. Тастай қараңғы тас үңгірдің төбесінен бір тамшы су оның желкесіне тамды. Үңгір төбесінен тастап құлап түсіп жатыр, тарсылдап түсіп жатқан тастардан қашып жүріп оянып кетті. Түс ауып кетіпті. Сыртқы есікті біреу қағып тұрғаны естіледі. Ерзат асығыс киініп есікті ашты, арғы жақтан жұпыны киінген, сақалы өсіп кеткен, орта жастағы ер адам көрінді. Ерзат:


– Кімді іздейсіз?


– Адам іздеп жүрген жоқпын, – деп ер адам ішке кірді.


– Қандай шаруамен келдіңіз, рұқсатсыз кіруге болмайды аға.


– Көп сөзді қой, жүз грамға қалайсың? – деп қалтасынан бір шиша ашты, суын алып шықты.


– Аға, бұл жерден кетіңіз, бастық келсе ыңғайсыз болады.


– Сенен бұрын бұл үйді мен қарауылдағам, бұл бір қызық үй, сен білесің бе, білмейсің бе білмеймін, бұл бір қызық үй.


Екеуі жатын, төргі бөлмеге кірді. Ер адам қыз портретіне қарап:


– Суретші екенсің ғой, саған бір ой айтайын, сен осы үй туралы сурет салуың керек, үйдің ішінен ештеңе көрмедің ба сонда?


– Көрдім, – деді Ерзат ер адамның бетіне сұраулы бейнеде қарап. Ер адам қарқылдай күліп қолындағы шишасын көтере жұтып, Ерзатқа ұсынды:


– Кел, ішіп жібер, жақсы боп қаласың.


– Жоқ, ішпеймін.


– Іш, жақсы боп қаласың, осыны ішіп алып жату керек бұл үйде, болмаса өліп қалуың мүмкін, ішіп алсаң анау да жоқ боп кетеді. Сен көрдім дедің ба?


– Иә, біреу жүр бұл үйде бірақ көре алмадым, қашып жүр ұстатпай.


– Ол ұстатпайды, бұл басы ғана, қызықтың бәрі енді басталады, – деп ер адам шишасын көтере жұтып қояды.


– Енді не болады, ол кім, сіз білесіз бе?


– Не болатынын көресің, тек қорықпауың керек, негізі саған мынау көмектеседі, – деп қолындағы шишасын көтеріп ашты суын көрсетті.


– Мен анықтаймын.


– Жоқ сен ештеңе істей алмайсың, абайла жынданып кетіп жүрме, жақсы мен кетейін, сенің жағдайыңды білуге келген едім, бірақ сен абайла тегінде, – деп ер адам аяғын қайшылай басып шығып кетті.


Ерзат кеш батысымен бөлмелердің есік-терезесін жауып, тұтқалардың бәріне жіңішке жіп байлап шықты. Есік ашылса жіп үзіледі. Сүйтті де өз бөлмесіне кіріп, қыз портретінің алдына отырып қыл қаламын бояуларға матыра бастады...


Түнің жарымы болғанда қыз портретін салып болды да көрпесін басына бүркеп жатып қалды, күндегі әдеті бойынша аяқ дыбысы бөлмелерді кезіп жүрді. Есіктер ашылып жабылды, Ерзат ұйықтап қалды.


Ертесі орнынан тұрып өзі байлаған жіптерді тексеріп көріп еді, жіптердің біреуі де үзілмеген өзі байлаған күйінде тұр. Ерзат ойға батып кетті. Ол өз бөлмесіне кірді де, төсегіне шалқасынан құлады, төбеге қарап ұзақ жатты. Бір кезде сыртқы есік қағылды. Орнынан тұрды да есікке барып:


– Бұл кім?


– Мен, аш есікті, – деді үй иесі. Ерзат есікті ашты. Сырттан үй иесі мен көзінде түссіз көзілдірігі бар жас әйел кірді. Үй иесі:


– Сіздер алдынғы жолы келгенде шала қалған жердің бәрін жасадық, ауланы да тазалап қойдық, – деді қасындағы әйелге. Әйел үйді аралап қарап жүр. Үй иесі:


– Бауырым үй сатылды, ертең кете берсең болады, – деп, қалтасынан ақша алып шығып Ерзатқа берді. Ерзат:


– Мен қазір кетем – деді.


– Неге асықтың?


– Шаруаларым болып тұр.


– Онда жинал.


Жас әйел үй ішін аралап жүріп Ерзат жатқан бөлмеге кірді. Ерзат пен үй иесі де бірге кірді. Үй иесі:


– Портретті салып болдың ба? – деді.


– Иә, бүгін болдым.


– Көрейік ендеше.


Ерзат орап қойған портретті ашып жатты. Үй иесі:


– Студент жігіт қой, жақсы суретші. Жұмыстарын көргенмін, – деді. Ерзат суретін ашып қалғанда өз көзіне өзі сенбей үнсіз тұрып қалды. Үй иесі:


– Мен көрген сурет бұл емес еді ғой, мынауың бір түсініксіз дүние екен, – деді. Жас әйел де суретке үңіліп қалған.


– Иә, ол сурет өзіме ұнамады. Өзгертіп салдым, сюреалистік бағыттағы сурет қой, – деп суретке телміріп тұр. Суретте түсіне кірген таяқ ұстаған адамның сұлбасы көрінеді. Үй қабырғалары айғыздалған түсініксіз сызықтар. Таяқ ұстаған қарт адам тұманның ішінен шығып келе жатқан сияқты сезіледі. Ерзат өз көзіне өзі сенбей ұзақ тұрды. Үй иесі:


– Бұл жігіт қазір кетеді, сіздер бүгін көшіп келе берсеңіздер болады, – деді. Жас әйел:


– Бүгін көшіп келсек жақсы болар еді, – деді. Ерзат сөмкесін асынып:


– Бұл суретті осы үйге қалдырайын, – деді. Жас әйел:


– Шынымен ба?! Сұрап алсам ба деп тұр едім, рахмет, бағасы қанша болады, ақшасын берем, – деді.


– Ала беріңіз ақша керек емес, – деді де кетіп қалды. Үй иесі мен жас әйел сурет туралы сөйлесіп тұрды.


Сол күні кеште көзілдірікті әйел күйеуі және үш жастағы қызы үшеуі бұл үйге көшіп келді.


Түн. Көзілдірікті әйел ұйқысы келмей жатыр еді. Қорылдап ұйықтап жатқан күйеуі гүбірлеп сөйлей бастады. Көзілдіркті әйел:                                                                  


– Тыныш жатшы ұйқы бермедің ғой, – деп күйеуін түртіп қалды.


– Сөзімді бөлмеші.


– Сен не істеп жатырсың, ояусың ба? – деп күйеуінің бетіне үңілді. Күйеуі жалғастырып сөйлеп жатыр:


– Саған бәрін түсіндіргім келеді.


– Нені түсіндіргің келеді?


– Мен қорқа бастадым сенен, арамызда келісім бар екенін ұмытып барасың.


– Қандай келісім?!


– Менің әйелім бар екенін білесің ғой. Біле тұра маған қиындық тудырып жүрсің.


Көзілдіркті әйел күйеуін жұлқылап оятып жіберді. Ол ары аунап түсті де қайта ұйқыға кетті.


Ертесі. Түн.


– Мен сен үшін неден аянып едім, бәріне көніп жүрмін ғой.


– Не айтып жатқаныңды білесің ба?


– Иә, сен бәрі бір менен алыстап, қашып жүрсің, кейінгі кездері өзгеріп кеттің.


– Өз әйеліңді қалайша жазғырып тұрсың, түсінсем бұйырмасын.


– Айжан сен мың құбылып сөйлейтін болып жүрсің соңғы кездері.


        – Кім ол Айжан дегенің? – деп көзілдірікті әйел жастықтан басын жұлып алды.


– Сен сайтан сияқты боп барасың, Айжан басында келіскен бойынша болсын бәрі.


Көзілдірікті әйел бұдан арыға шыдай алмады, күйеуін жұлқылап оятып алып:


– Кім ол Айжан деген?


– Түсінбедім, қандай Айжан?


– Қандай келісім, сенің бір жасырғаның бар, кім ол Айжан? – деді дауысы қатты шығып, күйеуі үнсіз қалды. Көрші бөлмеден кішкентай қыз жылап шықты.


Ертесі. Түн.


Көзілдіркті әйел де, күйеуі де ояу жатыр.


– Сенің сыртта біреуің бар ма? Шыныңды айтшы.


– Жоқ.


– Түнде ұйықтағанда не айтып жүргеніңді білесің ба өзің?


– Не айтып жүрмін, жәй ұйқысыраған болармын.


– Бөтен әйел туралы айттың, араларыңда құпия келісім бар екен, ол қандай келісім?


– Түсінсем бұйырмасын? Не айтып кеттің?


Көзілдірікті әйел теріс қарап жатып қалды, көрші бөлмеден кішкентай қыз тағы жылап шықты.


Көзілдіркті әйел құрбысы екеуі ас бөлмеде сөйлесіп отыр.


– Ананың сыртта біреуі бар сияқты?


– Қойшы, Саятты айтасың ба?


– Білмеймін, осы үйге келгелі бәріміз өзгеріп жүрміз. Қызымда ұйықтай алмай жылай береді.


– Жаңа үй болғасын бөтенсіп жүрген болар, үйреніп кетеді.


– Саят түнімен ұйқысұрап ұйықтатпайды, менің де ұйқым қашып жүр.


– Саған не болған? Жоқ нәрсеге алаңдай бересің.


– Ол ұйықтап жатып менімен сөйлеседі. Мені Айжан деп атап жүр, оның жасырып жүрген бірдеңесі бар сияқты.


– Айкезбе болып жүрмесін, егер шынымен айкезбе болса, бар шындықты ұйықтағанда айтып қояды деп естіген едім.


– Менің басым қатып жүр.


– Саятты емдету керек шығар.


– Бұрын ондайы жоқ еді, шынымен ...


– Шаршап жүрген болар, мән берме, сенде қара түнді қаптатып отырсың.


Осы кезде ас үйдің терезесінде тұрған Ерзат салған сурет құлап жерге түсті. Тарс еткен дыбыстан көзілдіркті әйел атып тұрып ас үйге келді. Құрбысы да ере келді. Ол еденде құлап жатқан суретті орнына қойып қойды. Екеуі осы сурет туралы сөйлесіп тұрғанда ұйықтап жатқан кішкене қыз жылап бөлмесінен шықты.


Түн. Көзілдірікті әйел ұйықтай алмай жатты, күйеуі күндегі әдеті бойынша сөйлеп жатыр еді, кенеттен орнынан тұрды да сыртқа шығып кетті. Көзілдірікті әйел жата берді. Күйеуі қайтып келмеген соң, сыртқа шығып еді, іш киімімен дарбазаны аша алмай тұр екен, жанына жүгіріп барып:


– Еййй, не істеп тұрсың?


– Үндеме, қазір қайтып келем, бір жаққа баруым керек болды.


– Мына түріңмен ба? – деп күйеуін жұлқылап жіберді. Күйеуі жан-жағына қарап:


– Мен не істеп тұрмын бұл жерде?


– Өзің білесің ғой, не істеп тұрсың?


– Қасымдағы адам қайда кетті?


– Кім ол, қайдағы адам? Қандай адам?


– Қара киім киінген бүркенген адам, – деп жан-жағына қарап қорыққандай болған күйеуі:


– Үйге кірейікші.


Екеуі үйге кіргенде кішкентай қыз төсекте жылап отыр. Көзілдірікті әйел:


– Не боп қалды, құлыным?! Жылай беретін болдың ғой, – деп, кішкентай қызын құшағына басып. Кішкентай қыз:


– Қара киімді ата қорқытты, – деді. Шешесі үнсіз отыр. Күйеуі терезе алдында Ерзат қалдырып кеткен суретке қарап тұр еді. Қызының сөзін естіп:


– Осы суреттегі адамның дәл өзі, мені далаға ертіп шыққан, – деді. Көзілдірікті әйел ұялы телефонын алды да біреуге қоңырау шалды, жауап жоқ. Қайта қоңырау шалды. Жауап бермеді. Орнынан тұрды да күйеуі қарап тұрған суретті алды да терезеден лақтырып жіберді. Үшеуі де үнсіз, бір-біріне қарап қояды. Күйеуі ойға батып кеткен. Осы кезде үстінгі қабаттан баспалдақпен түсіп келе жатқан аяқтың сыбдыры естілді. Үшеуіде құлақ түріп, үнсіз отыр. Аяқ дыбысы бұлар жатқан бөлмеге жақындап келеді. Күйеуі:


– Кім бұл? – деді, аяқ дыбысы басыла қалды. Олар тым-тырыс бөлмеде қыбырсыз отыр. Екінші қабаттың кіреберіс есігі шиқ етіп ашылды. Кішкентай қыз:


– Біздің үйде қара киімді ата жүр, мені қорқытқалы жүр – деп қатты жылады. Көзілдірікті әйел кішкентай қызын құшақтап күйеуіне қарады. Күйеуі қыбырсыз отыр, аяқ дыбысы есікке келіп тоқтады, үй ішінде үшеуінің дем алған дыбысы ғана естіліп тұрды...





Пікір жазу