08.02.2023
  233


Автор: Тұрдыхан Айдарханұлы

ЖАЗАЙЫН ДЕП. . . 

 


 


Жазайын деп жазбаймын мен өлеңді, 


Жылқы жылым алдымда көрер енді. 


Толмайды ғой білемін түпсіз көңіл, 


Толтырсам да кітапқа сөрелерді. 


 


Жазайын деп жазбаймын мен өлеңді, 


Ару да көп арбаған нелер өңді. 


Сайтанға ұқсап кетеді қиқым қыздар, 


Қыз-Жібек пен ойласам Төлегенді. 


 


Жазайын деп жазбаймын мен өлеңді, 


Кетсем деймін шаттыққа бөлеп елді. 


Көрген сайын сыздайды көкірегім, 


Төмпешіктер көбейген төбелерді. 


 


Ана-жердің көгілдір ішінде мен, 


Өгей жырын өмірдің пішіндегем. 


Табиғаттың жүрегін түсіне алмай, 


Талай-талай оқыдым мүсінге өлең. 


 


Мұңым менің білмеймін дәрі кімге, 


Өз мұңы бар пенденің бәрінің де. 


Табиғатқа айналып кетсем болды, 


Сағынышым ауысып сары күзге. 





Пікір жазу