08.02.2023
265
ГҮЛ
Тіршіліктің бағына қона қалған,
Көркің сенің мәңгілік болады арман.
Сұрғылт топырақ бүрісіп еріндерің,
Көрінесің көмескі молалардан.
Қысқа десе біреулер ғұмырыңды,
Кірпігіме кіреуке мұң ілінді.
Тәтті үмітпен жарылса қауашағың,
Сорып кетер аралар шырыныңды.
Тәтті арманмен ашылған қауашағың,
Секілді бір менің де бала шағым.
Түсімде емес, өңімде көрсем еді,
Гүлге толы әлемнің алақанын.
Көркемдіктен өмірде жеріген кім?
Есім кетті ентелеп емірендім.
Аулайсың ғой сиқырлы жамалыңмен,
Тірі түгіл көңілін өлілердің.
Әлем-жәлем жасанған бейнеге еніп,
Мазалайсың жанымды кейде келіп.
Жатқанымда рухымды аймаларсың,
Жеңсіз берен желбегей жейделеніп.