08.02.2023
  240


Автор: Тұрдыхан Айдарханұлы

КҮМІС ӨЛЕҢ  

 



Ару өлең жазайын күміс білек, 


Ақ махаббат жүрекке тыныштық ек. 


Қойлы ауылдың отындай жылтырасын, 


Күміс ойым түндерді тіміскілеп. 


 


Маздасын бір жалғанның жыры сенен, 


Сексеуіл күй жанымның сыры терең. 


Аспанымның қалса екен айдынында, 


Құс жолындай жосылып күміс өлең. 


 


Тәтті-тәтті жырыма мұң үстеген, 


Қиялым бар қамшыдай күмістеген. 


Бір аруға ғашық ем күміс маңдай, 


Таныспаған дәриға-ай біліспеген. 


 


Туған жердің өзені күміс көбік, 


Тірлігіме жатады тыныс беріп. 


Сезімімді сағыныш әлдилесе, 


Төзімім де кетеді жіңішкеріп. 


 


Күлдір-күлдір күн өтсе кісінеген, 


Күлкісінен бұзылар түсім ерен. 


Күмістейін әлемнің аясында, 


Көтеріліп ұшады құсым өлең. 


 


Күңіреніп көңілдің мұң шанағы, 


Күміс таңды қара түн тұмшалады. 


Күміс өлең жазайын күн ертең-ақ, 


Күміс қырау басымды күн шалады.  


 


 





Пікір жазу