08.02.2023
  182


Автор: Аршагүл Мөшкеқызы

Із қалдырам десең егер ҒАЛАМДА

Құрсауында қалғандайын 


сыры жұмбақ ғаламның.


Құйттақандай жүрек келіп 


ақтарады маған мұң.


Көп сауалға жауап таппай сандалам,


Түйсігіне түсіне алмай санамның.


 


Шырылдаған шындығына 


түсіне алмай қоғамның,


Таңғаламын


өзгермелі мінезіне адамның. 


Кірлетіп жүр көп пенделер


кісіліктің келбетін,


Қатысы жоқ мүлде бұған 


қоғам менен заманның. 


 


Кейбіреулер тәкаппарсып бас имейді ешкімге, 


Кімге өздерін дәлелдемек 


мынау жалған бас күнде?


Қас-қағым сәт өте шығар бұл фәни,


Артық емес бір-бірінен ешкімде.


 


Ар-ұжданын айырбастап


 түкке тұрмас шекпенге,


Адамдықтан алыс кетіп 


бара жатыр көп пенде.


Ар сотынан қорқып неге 


адал ғұмыр сүрмейді?


Қандай күйде болар екен 


соңғы сәті жеткенде?!


 


Барлық кінә қоғамда емес, 


заман да емес, адамда,


Құйтырқылық, жасандылық санаңда.


Қойшы өзіңді, 


ұрпақ үшін ойланшы,


Жарқын іспен 


із қалдырам десең егер ғаламда!





Пікір жазу