08.02.2023
  331


Автор: Аршагүл Мөшкеқызы

Берген соң мына өмірді сынақ қылып...

Өмірде арамдықпен аласарған,


Кездерім жоқ жаныма жара салған.


Өз еркіммен биігімнен құлап тұрып, 


Адалдықтың алдында аласарғам.


 


Өз-өзімді кей-кейде сұракқа алып,


Ой-санам күннен-күнге тұрақталып.


Кемелдену келген соң тұла бойға,


Пенделік те барады жырақ қалып.


 


Бағындырмас биікті аласа арман,


Адал жанмен адал боп, жараса алғам.


Әркімнің өмірдегі жолы бөлек,


Ешкіммен ешқашан да таласа алман.


 


Жақсылардың сөзіне құлақ түріп,


Шөлдегенде шөл басар бұлақ қылып.


Бойыма үлгі аламын өнегелі,


Мен үшін ең бастысы –тұрақтылық.


 


Мұң тұнбасын көңілдің аспанында,


Ой жатар асыл сөздің астарында.


Мендік арман жасайды аласармай,


Әрқашан адамдықтың асқарында. 


 


Сөнбейтұғын сәулелі шырақ қылып,


Адамдықтан аттамас мұрат құрып.


Жан дүниемнің бойлаймын тереңіне,


Жамандықты жағаға лақтырып.


 


Жүрегімнің үніне құлақ түріп,


Сүре жүріп өмірді жылап-күліп.


«Ұрпағымның қызығын көрсете гөр,


Жаратқан!» - деп сұраймын жылап тұрып.


Берген соң мына өмірді сынақ қылып...





Пікір жазу