08.02.2023
  419


Автор: Әділет Ахметұлы

Алтай, алтай, алтай. . . 

 


 


 


Алтай, алтай, айтпайын тарихыңды,


Онсыз да есі бар жұрт танитын-ды. 


Неше мың жыл жайлаған мекенім бұл,


Адамзат алғаш қонған нән үй сынды. 


Қойныңнан тас құралды қолына алып,


Ең алғаш адам деген сәби тұрды. 


 


Қарт Алтай,


Қабағыңнан байқаттың қатал ажар,


Бүкіл пенде ержеткен босаға бар. 


Оған куә жартастың шимай жүзі. 


Оған куә, мың балбал, тас обалар. . . 


 


Содан бері өтті екен қанша ғасыр,


Сай-салаңда көмілді қаншама асыл?


Бөрі етектен алғанда Болынды ме,


Жау жағадан алғанда жанталасып. . . 


 


Қанша ғасыр?


Мен оны қайдан білем?


Қарт Алтай, бауырың сенің майдан кілең. 


Жасыл манат, жаннат жер сыйға тартып,


Жаратқан жер бетіне жайған кілем. 


 


Мен ـ ақын, жатқа білем тек бергісін,


Текті жұрт тепершікті көп көрді шын. 


Төріңнен тұлпарлардың дүбірі өшіп,  


Төбеңе қайта қонды кептер құсың. 


 


Алтайым, айбатымсың, құтты асылым, 


Жұтаң ел жұмыр жердің жұтты асылын. 


Отыз түмен қазағым отын жағып,


Тек беріде-ақ өтіпті-ау, үш ғасырым. 


 


Өшпейтін шаң қалдырды сол үш ғасыр. 


Арыс батыр қызыл қан төгісті ақыр. 


Соғысты ақыр, сойқансыз тоғысты ақыл, 


Төсіңде сол айғай із тегіс жатыр. 


 


Өткіздің-ау, сансыз жаз, неше күзді, 


Ешкімге де кетірмей есемізді. 


Оқ аттаған үш ғасыр асқарыңнан,


Жолатпаған үш ғасыр бөтен ізді. 


 


Беу, менің қайсар өлкем, құтты аймағым,


Қарт қыран қалғып қалдың ұшпай нағып. 


Жұмыр жер жұқардың ба, жұтқа айналып,


Алтыным, азандадың мысқа айналып. 


* * *


Жон- жота кидің бүгін қоңыр бөрік,


Төсіңде өтті-ау, сенің небір жорық. 


Көкіректен көп шаншу қадалады,  


Көзсіздіктің шимайын көзім көріп. 


Зулайды астымызда темір көлік. 


 


Маған қымбат қап-қара тасыңдағы,


Аласұрды онсыз да ақын жаны. 


Жолаушының біреуі қасымдағы: 


«Иен дала үн-түнсіз жатыр нағып?! »


Деп жолдан жалыққанын жасырмады. 


 


«Е, құрбым, деме мұны иен дала,   


Мен үшін алтын Алтай киең дара. 


Жаратқанды, ата-анам, туған жерді


Жане сені көзімдей сүйем дала. 


Жолаушым, саған керек нән қала ма? 


Нә қала паң далаға сүйел ғана. 


 


Деме сен, мынау қандай тақыр дала,


Бұл дала ــ ақын дала, батыр дала. 


Ерліктің жыры қалған әр адырда,  


Ендеше, мені тыңдап отыр бала. 


 


Тарихына тасы айғақ, Тәңір айғақ, 


Анау бел бабаң шыққан А, Құдайлап. 


Бұл жазық батыр шапқан Абылайлап!


Жүйрігі жүзден озып, салып ойнақ. 


 


Анау сай қонған мекен ауыл-аймақ,


Жау әкеткен ұлыстың малын айдап. 


Ана кезең дұшпанның күні батып,


‹жау өлген› атаныпты жауы Жайрап. 


 


Ана тау, тұрған қардан салы байлап,


Түлкі алған аңшы бабаң тазы қайрап. 


Бұл жазықта батырлар басы қалған,


Өктемдікке кектеніп, қаны қайнап. 


 


Мынау дөңде төрт түлік өрістеді,


Бөлінбеген еншісін тең ішті елі. 


Боздайды сексеуілі, теріскені,


Ауған ел ـ анам айтқан көріс пе еді?


  


Секемшіл, сері дала сенбей қарап, 


Тар заман жерді тастап, елді айдаған. 


‹қаранардың бұйдасын жау кескенде,


Ағажай, Алтайымдай жер қайдалап› . . . 


Көшіпті тегеурінге көнбей қазақ. 


Жат елден мейір күтпей күрескен жұрт,


Ақ таңын азат күннің көрді аймалап. 


 


Бұл жерді тақыр дала деме қарғам,


Кесірлерге жолыққан кенен арман. 


Арғы атаң атағашын мұнда орнатып,


Өз әкең бұл даладан өнеге алған. . . »


 


Деген едім, жолдасым, армандасым, 


Байқады алғандығын аңғал басып. 


Қан төгілген қарт мекен төскейінде, 


Ұялған боп изеді арзан басын. 


* * * 


Айтайын, ал бүгінгі Алтайымды,


Ашкөз темір тінтіп жүр сай-сайыңды. 


Кеудесіне таулардың сызат түскен,


Әжіміңнен тіксіндім ай сайынғы. 


 


Жазбақ едім мұңыңды дастан қылып,


Алмақ болды жат біреу аттан жұлып. 


Алтын-күміс, ақ жақұт, тастар құрып,  


Ақ түтінді моржалар аспанға ұлып. . . 


 


Ар-намыстан алтынды артық көрді ел,  


Шыңдарыңда түнеп жүр шартық-кемдер. 


Байғұз жырын пайымдап оқып берді,


Айғыз-айғыз із қалған барқыт белдер. 


 


Айбар қайда, әй, Алтай, шіркін-шіркін!


Текті жұрттан іс көрдім қылтың-сылтың. 


Тұншыққан суретіңді сызбайыншы,


Бұл жүрегім онсыз да тілкім-тілкім. 


* * * 


Есіңді жи, жеңілтек, жетесіздер,


«Текесіз де туылмас некесіздер» . 


Ей, халқым, сені мінеп отырғам жоқ,


Мың қарын май шірісе не етесіздер?


 


Тауы _ алтын, тасы да _ алтын. 


Тасымақшы. 


Ертеңгісін ойламас ақымақ бұл. 


Ұрлығыңды иеннен ешкім білмес,  


Аспанның аржағында бақылап тұр. 


 


Ыс-түтек сіңіп ұшқан ар құсына,  


Жасағанның жазасы, жарғысы ма?


Елдің де ерлік ізі солғындады,


Қалғандай нар табиғат қарғысна. 


 


Жарты тұғыр қалыпты түйе тастан,


Жауһар шың бауырына күйе шапқан. 


Судың да сұрауы бар емес пе еді,


Иесі бар алтынның киесі атқан. 


 


Қымбатына құт жердің қармай дәл, 


Шаршатыпты қарт тауды шалағайлар. 


Арықтап арса-арса қарағайлар,


Көзін қысып қарайды ажал_ айбар. 


 


Темір қолдар тінтіп жүр тіміскілеп,


Ақ қайыңдар құлады күміс білек. 


Уыт зәрін төгіпті бал бұлаққа,


Құлағынан құрақтың у ішкізед. 


 


Даналарым қайдасың құрыш жүрек,


Бабаларым қайдасың құрыш жүрек. 


Аңсаумен келгенімде құшағыңа, 


Сүймеді маңдайымнан тынысты леп. . . 


****  


Қош-есен бол, алтын тау ақ шапанды,


Қош-есен бол, нар терек ақ сақалды. 


Қош, есен бол, арда тау бөбегіңнен


Аямайсың білемін ақ батаңды. 


 


Мен келгенше есен тұр, ырысты өлке,


Әлі-ақ қайта киерсің күміс көрпе. 


Ақ бұлақтан сусындар сат те туар,


Жасаған жалпақ жұртқа тыныс берсе. 


 


Араны ашық пенденің аш құлқыны, 


Бұлағыңнан мөлдір жас ақты іркіліп. 


Ей, ақ бұлақ, сен менің тірлігімсің, 


Айбатыңнан жасымай ақ бұлқынып. 


Асау Ертіс, даламның жанарысың,  


Самырсын, қарағайлар- қас кірпігің. 


Қайсар Алтай, еңсеңді қайта көтер,


Жазылар қыр арқаңның дақ-тыртығы. 


**** 


Мен қайттым. 


Жол бойында келем налып,   


Сырымды тауға тастап, денемді алып. 


Асқақ тау бөктерінде жылындым мен,


Ақпанның аязында өлең жағып. 


 


Тау аппақ, жолдар аппақ, дала да аппақ,


Бөктер тау бөкен мінез, жамалы асқақ. 


Қонышынан етігімнің қар құйылып,


Қырқада қиял қуып барам аттап. 


 


Ақ ниетпен келдің бе ақпан, ақпан,


Ақша қарды аймалап ақ тамақ таң. 


Жер бетімен өбісіп асқақ аспан, 


Секілді кең далаға мақта жапқан. 


 


Есті еркек келіп қалды, егей далам,  


Кең болдың көп кешіктің демей маған. 


Әр адырға жүгіртіп жанарымды,


Өткеніңе беу, Алтай, көп ойланам. . . 


 


Есен бол, егей Алтай, мен келгенше, 


Бекем бол, жойдақсызға ел жол бергенше. 


Тауыңды дастан етем мен де өлгенше,


Тасыңды мақтап өтем жерге енгенше. . . ! 


2014 жыл 9 ақпан





Пікір жазу