07.02.2023
  437


Автор: Насыреддин Қожырбайұлы

Аруақ

Аруаққа сенбейиіндердің құлағына алтын сырға

Бұл өзі ертеректе болған оқиға. Бірде бір жақын жолдасым мені бір аталардың басына апарып келесіңбе түнейін деп едім, деп қолқа салды. Ол өзі ащы суды жақсы көретін, кейде бас көтермей жатып алып ішетін. Шамасы соңғы кезде денсаулығы сыр беріп жүрсе керек. Жарайды, деп келісе салдым, бірден Шақпақ ата есіме түсті. Басына түнесе арақ ішкен адамдар қойып кетеді екен дегенді естуші едім.
Сонымен келесі күні Шақпақ ата қайдасың, деп жолға шықтық. Күннің қызылы семе барамыз, деп есеп жасап шыққанбыз. Бара сала жолдағы тілеуханасына соқтық, басында абыр-сабыр, садақа таратып жатыр екен. Содан садақадан ауыз тиіп басына барамыз дегенше ымырт үйірілді, көлігімізді зираттың ата жақ бетіне қойып, аралап дұға оқып шықтықта Шақпақ атаның үйіне беттедік. Астында, үстінде есіктері бар екі қабат етіп салынған, кіріс тәрізді жер асты мешіт. Жоғарыға баспалдақпен көтерілесің. Төбедегі тесіктен жұлдыздар сығалайды. Жым жымырт тыныштық, төбеден түскен болмашы жарыққа мешіттің қабырғалары біртүрлі үрейлі де, жұмбақ болып көрінеді екен. Біразға дейін сыбырлап әңгімелесіп жаттық. Көзім ілінер, ілінбес болып жатыр екенмін, бір кезде көліктің қиқулаған дабылы естілді. Көліктің пультін алып айырып тастап, үн-түнсіз тыңдай қалдық, бір шама уақыттан кейін дабыл қайта ойнады. Тағы да айырдым, енді екеумізде қорқа бастадық. Сөйтіп жатқанда тасты, тасқа ұрған шақылдаған дыбыс шықты да артынша екі есік екі жақтан сартылдап ашылып, жабыла бастады.
Артынша сәлден кейін көліктің дабылы қайта ойнады, енді амал жоқ, қорқа, қорқа сыртқа шықтым. Ай сәулесіне шағылысып, анадайдан көлігіміз көрінеді. Түнгі зират маңы тып- тыныш, күңгірт тартқан үрейлі қабырғалары арсиып одан сайын қорқыныш тудырады. Көліктің аяғын әрі тептім, бері тептім дабыл ойнамады. Сосын алдымда дабылды мүлдем айырып, жер асты мешітінің екі есігінде тәмбілеп, орныма келіп жаттым. Қасымдағы досым, мені күтіп жатыр екен, келген бойда кетейікші дегені. Сағатқа қарасақ түнгі бірге таяп қалған екен. Мен аздап көз іліндірсем жолдасым мүлдем ұйықтамаған. Үрейлі көзінен не болды, бұл не?, деген сұрақ тұрды. Мен, кеше арақ ішпеппе едің, деп сұрадым. Ия, кеше қонақта болып едік, деген жауап алдым. Бәсе бәр бәле сенен екен ғой, о не болғаның деп наразылық білдіріп жатырмын.
Артынша тез жиналдық та тілеуханаға барып жаттық. Таң қылаң бере жолға түстік, жол бойы әңгімеміз болған жағдай жайлы болды, жолдасым мықтап қорыққан, арақ ішіп келмеу керек екен, деп қайталай береді. Сонымен осы сапарымыз жолдасыма мықтап әсер еткені соншалық, арақты аузына алуды мүлдем тастап кетті. Біреу айтса сенуім неғайбыл еді …





Пікір жазу