Көп рахмет, мың алғыс
1-наурыз алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтамын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Әр көктемге жеткізіп, алғыс айтуға мүмкіндік беріп, амандық сыйлап отырған Жаратқан иемізге мың алғыс!
Ақ батасымен шаңырағымызды шаттыққа бөлеп отырған, көңілі дархан атамызға көп рахмет, мың алғыс айтқым келеді. Осы уақытқа дейін біздер үшін аянбай еңбек етіп, пейнеттің зейнетін көріп отырған атамыз жүз жасасын, әрбір көктемнің алғашқы күні — алғыс айту күніне аман-есен жете беріңіз ата! Алла амандық берсін!
Немерелеріне қарап, ертегі айтып беретін, немересінің бар жағдайын жасап, көңілдеріне нұр себетін асыл әжемізге көп рахмет, мың алғыс айтқымыз келеді. Әжетай, көңіліңіз жай болып, немере, шөберелер ортасында гүл жайнап, әр көктемге аман-есен жете беріңіз, Аллам сізге ұзақ ғұмыр берсін!
Асқар тауым, әкешім. Үйіміздің тірегі, соғып тұрған жүрегісіз. Біздер үшін аянбай еңбек етіп, бар жағдайымызды жасап келесіз. Ешкімнен кем қылмай, бар мейріміңізді төгіп өсіріп, алға қарай жетелеп келесіз. Көп рахмет әкетай, алғысымыз шексіз! Амандықта, саулықта ортамызда көшбасшымыз болып жүре беріңіз, әкешім! Жаратқаным жар болып, өмір жасыңыз ұзақ болсын!
Бұл өмірге әкеліп, ыстық алақанда аялап өсірген, қатемізді кешірген аяулы ақ жаулықты анашым, сізге көп рахмет, алғысымыз шексіз! Алланың нұры жаусын! Көңіліңіз жайнап, өміріңіз шаттыққа тола берсін! Ұл-қыздарыңыз бен немере-шөберелеріңіздің қызығына тоймай, қызықтарын тойлай ортамызда гүл жайнап жүре беріңіз, Анашым! Ғұмырыңыз ұзақ болып, әр көктемде сізге осылай алғысымызды жаудырып жүре берейік!
Асыл ағам, жанашыр бауырым менің! Қандай жағдай болмасын біздерге қорған болып, қолдап жүресің, қолыңдағы барыңды бересің. Әлемдегі бар жақсыны арнап, тілеуімізді тілеп жүресің. Сол үшін де рахмет аға, алғысымыз шексіз. Өмір жасыңыз ұзақ боп, жүз жасаңыз! Әрбір көктемге аман-есен жеткізуді Аллам нәсіп етсін! Отбасыңыз, бала-шағаңыз аман болсын!
Аяулы әпкем, жаны ашып жүретін, бар жақсысын тілеп, көңілге нұр себетін алтын әпкем сізге көп рахмет, мың алғыс! Өмір жолыңыз ғажайып, қуанышты сәттерге толы болсын! Отбасы, бала-шағаңыз аман болып әр көктемге амандықта, саулықта жете беріңіз! Сіздің барыңызға Аллаға сансыз шүкір, мың алғыс!
Соңымнан ерген жан інім, бауырым! Саған да көп рахмет, мың алғыс айтқым келеді. Әрқашанда отбасының қамын ойлап, жақсылық тілеп жүресің. Бойыңдағы бауырмалдығыңмен біздерге қамқор болып жүресің! Аман жүр, Аллам жар болып, өмір жасың ұзақ болсын!
Сырласым, мұңдасым бола білген, көңіліме шуағын сеуіп, әрқашанда жанымнан табылатын ардақты сіңілім менің! Саған айтар алғысым көр, ғұмырлы бол! Әрбір көктем өз қуанышын сыйлап, гүл жайнап ортамызда жүре бер жаным!
Қарындасым, қарлығашым! Сенің барыңа Аллаға мың да бір шүкір! Алғысым шексіз! Өзіңдей бауырмал жанның барына көп рахмет, мың алғыс! Жадырай түс, жайнай түс! Қарындасым менің, Аллам саған денсаулық беріп, өмір жасыңды ұзақ етсін!
Нағашым менің, әрқашанда жиендердің қамын ойлап, қастарынан табылып жүресің! Саған көп рахмет, алғысым шексіз! Өмір жасыңыз ұзақ болсын, ортамызда амандықта, саулықта жүре беріңіз, Жаратқаным жар болсын!
Жаны жайсаң жиендер! Сендерге көп рахмет, алғысымыз шексіз! Өмір жастарың ұзақ болып, аман-есен бақытты болып жүре беріңдер! Алла жар болып, биік белестерді бағындыра беріңдер!
Құрметті құрбы-құрдас, дос-жарандар! Тай-құлындай тебісіп өскен, қуанышта да, қиындықта да бірге болып, бір ортадан табыла білген барша достар мен құрбыларға көп рахмет, алғысымыз шексіз! Жаратқаным жар болып, өмір жастарың ұзақ болып, арман-мақсаттарың орындала берсін!
Мен танитын да, танымайтын да барша Қазақстандық азаматтар мен азаматшаларды 1-ші наурыз Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Баршаңызға көп рахмет, алғысым шексіз! Аллам амандық беріп, отбасы, бала—шағаларыңызды аман етсін! Бақыттың баяндысын берсін!
«Ғажайып Қазақстан —2050» журналының және «Ғажайып Қазақстан» газетінің бас редакторы Жібек Искакова, Түркістан қаласы