02.02.2023
345
Жалаңаш қоғам келбеті
Жалаңаш қоғам келбетін,
Жасыра алмас шымылдық.
Жетім мұң кезсе жер бетін,
Жезөкшелері мұрындық.
Жартыкеш байдың бір күні,
Жалғанды телір жұмаққа.
Жарлының жарым тірлігі,
Жанпида үні құлақта.
Жесірі желпіп етегін,
Желменен желкен ашылып.
Жан емес тәнде жетегім,
Жарымес нәпсі бас ұрып.
Жаутаңдап көзі мұңлықтар,
Жетімек тағдыр құн сұрар.
Жасыра алмас шындыққа,
Жалғыздық дейтін сыншы бар.
Жазмыш па осы, жарық күн?!
Заманның мұңы – бар мұңым.
Жансауға сұрап жалықтым,
Жахандануда тағдырым.
Жырақта, желдің өтінде.
Жаратқанына сиынып.
Жаяды үнсіз саусағын,
Жансебіл болған бір үміт.