Саналы адам өзгерісті өз қолымен жасауға бейім
Әр адам белгілі бір белеске келгенде өзгерісті қалайды. Таптаурын өмірден жалығады. Сіздің өмірдегі өзгерістер қалай орындалып жатыр? Мақсатқа нендей жолмен жетіп жатырсыз? Ұсынса қол жетпейтін армандар неге орындалмай қалды? Неге кей адамның арманы, ойы, тілегі жылдам орындалады, ал кей адам бір нүктеде тұра береді? Бұның себебі бар ма, жоқ па? Осы сұрақтар мазаласа, мархабат! Бұл мақала сізге арналады.
Адамдар күнделікті әрекеттерін қайталай береді. Бейсаналы түрде қайталайтын көп дағдымыз бар. Мұның барлығы өзіміздің яки өзгенің сіңірген әдеттерінің салдары, әрине, оның пайдалысы әлдеқайда көп: тоқ ұруы мүмкін, қайнақ су ыстық, үй тапсырмасын орындамасаң, екі аласың дегендей. Мұндай шаблондар мида толып тұр. Әр шаблон – мидағы нейрондар байланысын тудыратын код. Шаблонды көбірек қолданған сайын, нейронның байланысы беки түседі. Адам есейгенше мида өте үлкен нейронды тор құралады. Көзге көрінбейтін ғаламтордың сызбасы іспетті. Адам әлденені қалағанда, қажет ақпаратты сол нейронды тордан алады.
Соңғы жылдары миды басқарудың сан алуан тәсілдері туралы біліп жатырмыз. Сана мен түпсананың байланысы неде екенін ашып айтатын коучтар көп. Адам ойын өзгерту арқылы тұтас өмірін өзгертіп жіберетінін де көзбен көріп, күнделікті куә боп жүрміз. Таңғаларлық жағдай емес. Миды дамыту арқылы адам өзін жетілдіреді екен. Оны кезінде IQ тестті ойлап тапқан Альфред Бине мен Жан Пиажеден бастап, бүгінгі психолог ғалымдардың дені айтып келеді. Визуал, аудиал, кинестетиктердің әлемді тануы әр түрлі болатындығы секілді, бүгінде солардың бәріне ортақ ерекше тәсіл бар. Ол нейрографика.
Кезінде әр түрлі заттың суретін салу арқылы Леонардо да Винчидің зейін қою тәсілін жасап кеткені мәлім. Мәселен, «шаршасаң – гүлдің суретін сал; көңілсіз болсаң – кемпірқосақтың суретін сал; қатты уайымдасаң – ою-өрнек сал; күдерің үзілсе – жолдың суретін сал; мақсатыңды айқандағың келсе – тордың, нысананың суретін сал» дегендей. Осылай жалғаса береді. Қазіргі таңда сурет сала отырып миды дамытудың жаңа тәсілі кең таралып жатыр. Нейрографика деген не? Жаңаша ойлауды үйрететін графикалық тәсіл. Өз болмысыңды сурет сала отырып трансформациялау. Ой өзгермей жатса, онда нейрографика сізді ойды өзгертудің баяу жолына түсіреді. Суретті саласыз да, ұмытып кетесіз. Бірақ ол миға тікелей әсер етеді. Сурет ішкі әлемді құбылтады. Қатып қалған шеменді жібітетін, қозғалмайтын миды сілкіп алатын үдеріс. Түйткілді үндеместен тану, ұғынудың жолы. Әр адам өзінің ішкі халын сурет арқылы көрсетеді. Бір сөзбен айтсақ, нейрографика деген жаңа өмірге жетелейтін көлік іспетті. Бірақ адам бұл көлікті өз ойымен жасайды.
Нейрографикада шектеу жоқ. Сызықтарды құбылту арқылы қатып тұрған ой тіріледі. Адам түсінуге тиісті басты ереже, нейрографикадағы сызық жай кесінді емес, ол шектелмейтін сызық. Ақ параққа сыйғанша сызық сызып шығуға болады. Адам кинестетиканы қосқанда, яғни қолмен бірдеңе істегенде ми қозғалысқа түседі. Сурет салу арқылы адам өзінің ойы мен арманын тірілтеді. Ойы мен арманын өмірге айналдыру үшін трансформациялайды. Өйткені, әр сурет адамның ойы. Себебі, әр сызық адамның нейрондық кодтарынан құралады. Сызықтарды қосу арқылы адам өзі қалағанша суретке көрік береді, безендіреді. Яғни, сызық салу арқылы өмірде қиналған мәселелерді шешуге ерік-жігер оянады.
Сурет салу нейронды торапқа жаңа ақпарат жазады. Нейронды код делік. Мұның барлығы адамның әсершілдігінен туады. Егер кей адамға осындай үдеріс ұнаса, оның миы ізденіске түседі. Өзі күтпеген жерден жаңа шешімдер қабылдай бастайды. Қатып қалған шаблондар аазйып, жаңаша ойлау белең алады. Мысалы, шет тілін үйренгенде нейронды торап ұлғаятыны сияқты, сызық сызу арқылы да миды дамытуға болады екен. Бүгінде нейрографикамен айналысатындар қатары көп. Олардың айтуынша, адамның жеке өмірін, жаңа жұмыс табуын, уақыт тапшылығын шешуде осы тәсілді қолданған. Және шешімі позитивті түрде орындалған.
Мысалы, екі адам жұмысқа тұруға сұқбаттасуға дайындалды. Біріншісі, ертең мені бағалайды, қалай дұрыс жауап берсем екен, ештеңені бүлдіріп қоймасам екен деген үреймен барады. Екіншісі, тез жауап беріп, тағы біраз шаруаны тындырып, жұмысқа шығуға дайындаламын деп барады. Жұмысқа екіншісін таңдайды. Неге? Себебі, оның нейрондарындағы бағдарлама оны таңдауға итермелеп тұр. Ол сенімді болды. Егер мидағы шешімдер өмірді жеңілдетпесе, онда сол бағдарламаны өзгертуді қолға алған абзал. Ол үшін не істеген жөн? Әрине, нейрографикамен айналысып көріңіз.