01.02.2023
  189


Автор: Олжас Қасым

Ахроматопсия 


Шерге малған, қос жанарын,
Мұңданған.
Тапқысы кеп алуан түсті жылдардан.
Бірақ оған ақ пен қара түс болып,
Жолығыпты бұл жалған.

Көре алмайды ол,
Сарғыш атыраптарды,
Көре алмайды,
Жасыл жапырақтарды.
Көре алмайды,
Қызыл оттың сөнгенін,
Қызғалдақтың көре алмайды семгенін.
Көре алмаған келбетін де көгалдың,
Сұрланғанын көре алмады қоғамның.
Осы өңірдің өлеңіне ұласқан,
Боз жусанды көре алмаған бүр ашқан.
Көре алмады,
Күздің күрең шақтарын,
Көре алмады,
Кер дөненнің шапқанын.
Бояуларын көре алмады аспанның,
Көгергенін көре алмады жас талдың.
Сұқытындай әкем тартқан шылымның,
Өртенгенін көре алмаған іңірдің.

Сол бір адам түсіме ылғи енеді,
Содан бері танып алдым мен оны.
Үш жыл болды. Ештеңе емес ол менен,
Қайта-қайта бояу сұрап келеді.

Білем, оның күйін терең сезіндім,
Білем сырын ондағы асыл сезімнің.
Қайдан тауып берем оған бояуды,
Бояуымды іздеп жүрсем өзімнің.

Кеше келген, келді және бүгін де,
Бұл маусымның мазасыздау түнінде.
Өмір өзі ақ пен қара екенін,
Тағдыр оған ұғындырар түбінде.





Пікір жазу