Ережеп айы және Миғраж түні
Қасиетті айдың атаулары
Алла тағала «Тәубе» сүресінің 36-аятында: «Расында Алланың қасында көктер мен жерді жаратқалы Алланың Кітабындағы айлардың саны он екі. Бұлардың төртеуі құрметті айлар. Міне, осы берік дін», – деген.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) соңғы қоштасу қажылылығында ташриқ күндерінің ортасында Минада айтқан құтпасында осы айлар жөнінде: «Бір жылда он екі ай бар. Бұлардан төртеуі харам айлар, үшеуі қатар келген Зилқаьда, Зулхижжа және Мұхаррам, төртіншісі Мүьдар қабиласының Режебі. Ол Жұмазиел ахир мен Шағбан айлары арасындағы ай», – деді. (Имам Бұхари).
Арабтар ерте замандардан бері айларды қамари айлар ретінде таныған. Оларды қандай атпен атаса да, айлар мен жылдары қамари еді. Ибраһим мен Исмайыл (ғ.с) заманынан бері бұл он екі айдан төртеуі харам айлар болып есептеледі. Бұл айларда соғысуға тыйым салынуының себебі – ол айларға құрмет көрсету мақсатымен болатын. Бір-бірлерімен соғыспай, ғибадаттармен айналысатын. Бұл айларға құрмет ететіні соншалықты, әкесін өлтірген адамды көрсе, оған қол жұмсамайтын. Алла тағала осы харам айларда күнә істерге және қантөгіске тыйым салды. Әрине, Алла тағаланың тыйымдары негізінде бүкіл уақытқа арналған. Бірақ, басқа айларға қарағанда бұл айларда күнә істерге мұқият болуға дініміз үндейді.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ережеп айына екі түрлі атты қолданған. Біріншісі – Муьдар: Муьдар қабиласының бұл айға көрсеткен құрметі үшін атаған. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оның уақытын Жұмазил Ахир мен Шағбан айлары арасы деп белгілеген. Жыл мен айды есептеуде адамдардың қателік жасауына жол бермеу үшін осылай айтқан.
Ережеп айы келген кезде найзалар төмен түсіп, соғыстар тоқтатылып, қылыштар қынына салынып, бір белгілі уақыт арасында тәту-тәтті өмір сүретін. Алланың бұл әміріне адамдар Ибраһимнен (ғ.с.) бері бойұсынып, дұшпандық және өшпенділік сезімдерінен арылып, қасиетті айларды ерекше құрметтеген.
Ибн Әнбари: «Бірде арабтар бір-бірлерімен соғысып жатқан кезде ережеп айы болды. Ережеп айы туған мезет қылыш, найзаларын тастап, ұрыс майданынан кетер еді. Сол уақыттан бастап, не қылыштың, не найзаның дауысы естілмейтін. Егер ол айда біреу өзінің әкесін өлтірген адамды іздеп жүріп, осы айда оны жолықтырып қалса, қылмыскерді көрмегендей болып өте шығатын», – дейді.
Ережеп айына басқа да есімдер берілген. Бұлардан кейбіреуі мыналар: Шаһри–Муьдар, Шаһруллаһил Асмам, Мунсилул Әсинна, Шаһрул Мутаһһар, Шаһри Сәбиқ, Ферд, Шаһруллаһил Асааб.
Ережеп айында Алла тағаланың ешбір тайпаға азап етпегендігі, ғазабына ұшаратпағандығынан «Шаһруллаһил Асаам» деп атаған. Өткен үмметтерге күнәлары үшін басқа айларда азап жіберген. Ал «Шаһрул Асааб» деп аталуының себебі – бұл айда Алла тағала құлдарына мол (икрам) рызық пен істеген қайырлы істеріне көз көріп, құлақ естімеген сауаптар мен жақсылықтар береді.
«Шаһрул Мутаһһар» деп аталуының себебі – ережеп күндерінде ораза ұстағандардың күнә-қателерінен тазаланғаны үшін берген ат. Ережеп айы басқа үш айлардан ерекше болғандығы үшін оған «Ферд» есімі де берілген. Сонымен қатар, харам айлардың біріншісі болғандықтан оған «Шаһри Сабық» есімі берілген.
Ережеп айында ораза тұтудың артықшылығы
Абдулла бин Зубайыр (р.а.) былай дейді: «Бір кісі «шаһриллаһи Асаам», яғни ережеп айында бір кісінің мұқтаждығын өтесе, Алла тағала қиямет күні оған Фердауси жәннатынан көз жетер жеріне дейінгі ара-қашықтықта сарай тұрғызып береді. Есіңізде болсын, бұл айда Алла тағаланың сый-құрметіне лайық болуды қаласаңыз, өзгеге сый-құрмет жасап, икрам етіңіздер», – деген.
Мұса ибн Имран Әнас ибн Мәліктің естігенін былай деп баяндайды. Пайғамбарымыз: «Жәннатта бір өзен бар. Ол өзеннің аты – Ережеп. Сүттен ақ, балдан тәтті. Кімде-кім Ережеп айында бір күн ораза тұтса, Алла тағала ол кісіге сол өзеннен сусындауды нәсіп етеді», – деп ережеп айында ораза ұстауға үмметін ынталандырған.
Икрима ибн Аббастан риуаят етілген хадисте Алла елшісі (с.ғ.с.): «Ережеп – Алланың айы, Шағбан – менің айым, ал Рамазан – үмметімнің айы», – деген. Әнас ибн Мәліктен (р.а) риуаят етілген осы хадистің жалғасында: «Ей, Расулулла! Ережеп айының «Шаһруллаһ» деп аталуының себебі не?», – деп сұрады. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с): «Ережеп – Алла тағаланың күнәларды кешіретін айы. Алла тағала құзырында сүйікті ай. Бұл айда ұрыс-жанжал, қантөгіс тоқтатылған. Бұл айда Алла тағала әнбиялардың, яғни пайғамбарлардың тәубелерін қабыл етіп, әулиелерді дұшпандарынан қорғаған. Бір кісі ережеп айын ораза ұстап өткізсе, Алла тағаланың үш жақсылығына ие болады.
- Өткен күнәларін кешіреді.
- Қалған өмірінде түрлі теріс қылықтардан сақтайды.
- Қиямет күні Алла тағала тарапынан сусындалады», – деп жауап берді.
Сол мезетте қарт кісі орнынан тұрып: «Иә, Алла елшісі! Мен ережеп айының барлығында ораза ұстауға әлсізбін», – деп сұрағанда оған пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ережеп айының басында, ортасында, аяғында ораза ұстасаң, ережеп айының барлық күндерінде ораза ұстағандай сауапқа ие боласың. Өйткені, бір жақсылық он есеге еселенеді», – деген.
Қасиетті түндер
Осы айда ерекше атап өтетін мүбарак екі түн бар. Бұлардың бірі – Рағайып түні болса, енді бірі – Миғраж түні. Биыл Миғраж түні 28 ақпан мен 1 наурыз аралығындағы түнге сәйкес келеді.
Миғраж сөзінің тілдік мағынасы – «көтерілу, биікке шығу, рухани дәреженің шыңына биіктеу» деген мағыналарды береді. Бұл Екі дүние Сұлтанының (с.ғ.с.) Алла тағаланың шексіз құдіретін тамашалап, Оның құзырына көтерілген киелі сапары. Әлем Патшасы Жаратушының рұқсатымен болған таңғажайып кездесу.
Бұл түн мұсылман мемлекеттерінде және елімізде де ерекше мәнге ие. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) тарихында ерекше назар аударатын осы бір түн Жаратушының пайғамбарымызға (с.ғ.с.) берген сыйы. Бір түн ішінде Алла тағала сүйікті пендесі, адамзаттың ардақтысы Мұхаммедті (с.ғ.с.) Меккеден Құддысқа, Құддыстан көкке, одан кейін ешбір періштенің жете алмаған мақамдарына көтерген.
Осы бүгінгі біз баяндап отырған «Миғраж», «Исра» уақиғасы – пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) ең үлкен мұғжизалары. Хижреттен бір жыл бұрынғы бір түнде пайғамбарымыз Меккедегі Харам мешітінен Құддыстағы Ақса мешітіне барды. Осы аралықтағы сапарға Исра есімі беріліп, бұл жайында Құранда былай деп баяндалды: «Құлын (Мұхаммедті) бір түні өзіне белгілерімізді көрсету үшін Харам мешітінен біз айналасын мүбарак қылған Ақса мешіте апарған Алла тағала әртүрлі кемшіліктен пәк. Шексіз Ол естуші, білуші» деп, «Исра» сүресінің алғашқы аятында баяндаған.
Осы аяттан кейінгі Миғраж оқиғасын біз хазреті пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінен оқып үйренеміз. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) Жәбірейілмен (ғ.с.) болған жолаушы сапарында көкке көтерілу сәтінде өзіне дейінгі пайғамбарлармен дидарласқаны турасында хадистерде кеңінен түсіндірілген.
«Исра және Миғраж» – Ислам тарихындағы ең қиын, ауыр кезеңде болған оқиға. Бұл кезде пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) басшылығындағы аз санды мұсылмандар мүшіріктердiң зорлық-зобалаңынан, Алла жолынан мұсылмандарды қайтару үшiн жасаған әрекеттерiнен әбден қиналған едi. Пайғамбарымызды (с.ғ.с.) олардан қорғап, үлкен қамқоршысы болған, өз баласындай аялап асыраған атасы Әбдiмүтталiп, ағасы Әбу Тәлiп және сенiмдi жолдасы, жұбайы Хадиша анамыз дүниеден қайтқан шақ еді. 621 жылы, ережеп айының 26-сынан 27-сіне өтер түнде, дүйсенбiде, Мекке қаласынан Мәдинаға һижрат етуден 18 ай бұрын Алла тағала пайғамбарымызды (с.ғ.с.) исра және миғраж оқиғасымен кереметтедi. Бұл оқиға пайғамбарымыз (с.ғ.с.) үшiн Алла тағала тарапынан үлкен бiр жұбаныш әкелдi. Үмiт шамын қайта жақты.
Осы түнде Жәбiрейiл (ғ.с.) перiште пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) алдына келiп: «Ей, Мұхаммед, Алла тағала ешкiмге нәсiп етпеген шарапатты саған нәсiп еттi. Сенi құзырына шақырып жатыр», – дейдi. Осыдан кейiн Жәбiрейiл (ғ.с.) пайғамбарымыз хазретi Мұхаммедтi (с.ғ.с.) Харам мешiтiнен Ақса мешiтiне бiр сәтте алып келдi.
Миғраж оқиғасының ұлықтығы – Алла тағала шексiз ғаламды, ұшы-қиырсыз ғарышты, көктегi аспан қабаттарын, пейiш пен тозақты көрудi Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбарға нәсiп етті. Онда Алла тағала пайғамбарымызға (с.ғ.с.) көптеген мұғжизалар көрсеттi. Бұл оқиғаның растығын «Исра» сүресiнен басқа «Нәжiм» сүресiнде де бүтiн пайғамбарлар тарихында жалғыз болған, теңдессiз мұғжиза – Мұхаммед (с.ғ.с.) миғражға шыққандығын қуаттай отырып, Алла тағала пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) адаспағандығын, ол өзiнше сөйлемейтiндiгiн, көргенiнiң барлығы растығын, тiптi Жәбірейiлдi (ғ.с.) де өз бейнесінде көргендiгiн серт берiп айтады.
Әдетте Жәбірейiлдi (ғ.с.) барлық пайғамбарлар адам бейнесінде көргені белгілі. Ал осы кеште және бұдан бұрын бiр мәрте пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Жәбірейiлдiң нағыз өзiн көрген едi. Мұны Алла тағала Құран Кәрiмде растап: «Расында ол, Жәбiрейiлдi өз суретiнде екiншi рет Сидрат әл-Мунтаһада (соңғы ағаш маңында) көрдi» («Нәжiм» сүресi, 13-14-аяттар), – делiнген.
Оқиға арқылы көзделген тағы бiр мақсат – Алла тағала Құран Кәрiмде: «(Ей, Мұхаммед (с.ғ.с.), Саған (миғражда) көрсеткен нәрселерiмiздi адамдарға бiр сынақ еттiк» («Исра» сүресi, 60 аят), – деген.
Бұл жайт пайда жолына түсiп кеткен, ой өрiсi тар, ақылдары шектеулі, барлық iстi өз санасымен өлшейтiн, дүниенiң қалай пайда болғанын ойламай және Алла тағала құдiретiне күмәнмен қарап, сауатсыздық төңiрегiнен аса алмайтын, «Керуен бiр айда әрең барып келетiн ұзақтықты Мұхаммед қалай басып өтедi?» деген сияқты мәнсiз нәрселермен айналысқан ақылсыздардан, «Егер Ол осыны айтқан болса, онда Ол дұрыс айтыпты. Мен оны бұдан да ұзағыраққа бардым десе де растаймын», – деген Әбу Бәкiр сияқты шынайы мұсылмандарды айқын ажыратып бердi.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) мұнан кейiнгi сапары жайында: «Жәбiрейiлмен қоштасып қайырласқан соң, қорқа бастадым. Сол мезет Раббым Алланың дауысын естiдiм. Алла тағала маған: «Ей, Мұхаммед, менiмен сөйлес!», – дедi. Мен сөйлеуге сөз таба алмадым. Бiрақ Алла менiң көкiрегiме салды. Мен: «Ей, Жаратушым Алла! Тiлмен, жан-тәнiммен, мал-дәулетiммен жасалатын ғибадаттарымның баршасы сен үшiн», – дедiм. Сонда Алла тағала: «Ей, Алланың елшiсi, саған сәлем мен Алланың рахметi және берекетi болсын!», – дедi. Мен: «Сәлем бiзге және Алланың iзгi пенделерiне болсын», – дедiм», – дейді.
Мұндағы бетпе-бет сөйлесуден кейiн Ұлы Ғарышта – аспанның жоғарғы қабатында перiштелер бiр ауыздан танымал сөздi оқыды: «Алланың барлығы мен бiрлiгiне, хазретi Мұхаммед Алланың пендесi және елшiсi екендiгiне куәлiк беремiз», – дедi. Бiз әр намазда оқып жүрген «Әттаһият» дұғасы – осы. Алла тағала мен пайғамбарымыз Мұхаммедтiң миғражда сөйлесуiнен келiп шыққан дұға.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Миғраж түнi «Үмбетiм, үмбетiм» деп жылап, өзiне iлескен барлық мұсылмандар үшiн көп дұға-тiлектер жасады, ғапу сұрады. Алладан үмбеттерi үшiн де Миғраж сұрады. «Ей, Тәңiрiм, Миғраж мұғжизасымен менi нығметтендiрдiң. Үмметiм үшiн де осындай бiр нығмет тiлеймiн», – дегенiнде, Хақ тағала: «Намаз момындардың – миғражы», – деп, Мұхаммед үмбетiне миғраж дәрежесiнде жүретiн намаз ғибадатын сыйлады.
Миғраж түнiнде пайғамбарымыз Мұхаммедке (с.ғ.с.) үш сый жасалды:
- «Бақара» сүресiнiң соңғы екi (285-286) аяты «Амәнәр-расул» уахи етiлдi.
- Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) қиямет күнi үмбетiне шапағат ету мүмкiншiлiгi берiлдi. Қияметте ол (с.ғ.с.) күнәһар мұсылмандарға жәрдем берiп, оларды азаптан құтқарады.
- Миғраждың ең үлкен сыйы – бес уақыт намаз.
Мысырлық Зүннуни былай дейді: «Ережеп айы – дәнді егу айы. Шағбан айы – егінді суғару айы, ал Рамазан айы – егінді ору, қырман айы. Егілген егіннің жеміс бергені секілді, әрбір жақсы істің нәтижесі де болады».
Сол себепті бұл айда ораза тұтып, көбірек намаз оқып, рухани амал жасау керек. Осы айдың құрметі үшін біздер де арамыздағы дұшпандық, алауыздықтан арылып, кешірімді болуға тырысуымыз қажет. Өйткені, бұл – Шаһруллаһ, яғни Алла тағаланың айы болған ережеп айы. Қайыр-ихсан, садақа жасап, мұқтаждардың қажетін өтеп, көмектесіп, Алла тағаланың сый, құрметіне лайық болуға тырысайық.
Бақтыбай БЕЙСЕНБАЕВ