13.01.2023
  171


Автор: Есбол Бозан

РИЯ

Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сəлемі болсын) өзінің хадис шəрифінде: «Сендер үшін ең қатты қорқатыным — кіші ширк». Одан: «ол не нəрсе?» — деп сұралған кезде, Ол: «рия», (көзбояушылық) деп жауап берген екен. Біздегі «серік» сөзі, арабтың «ширк» сөзінен алынса керек. Ал енді, қазіргі таңда кейбір мұсылмандардың қажылыққа барып суретке түсуі, өзінің жасаған құлшылығын жарнамалауы, оны жұртқа жариялап əлеуметтік желіге таратуы сынды əрекеттері — бір жазылмас індетке айналып бара жатқан сыңайлы. Мұсылман адам тек қана Алла тағаланың ырзалығын ғана іздемеуші ме еді? Барлық құлшылығын Аллаға арнамаушы ма еді? Өзінің жасаған қажылығын, берген зекетін, ұстаған оразасын, оқыған намазын, — елдер білсін, көрсін деп істеу, Алланың рақымынан құр қалдыруға себеп болатын күйтұрқы амал. Себебі ол, өзінің құлшылығын өзгелерге көрсету үшін ғана жасап жатыр ғой. Өзінің жеке басын, мансап-беделін, абыройын ойласа керек. Бұны дініміз де «рия» деп намдайды. Бұл індеттің жалғыз ғана емі «ықылас» деп аталады. Бүкіл əлемдердің патшасы Алла тағала барлық құдіретке ие! Оның бастауы не соңы жоқ. Оның ешбір ұқсасы жоқ. Ол еш нəрсеге де мұқтаж емес. Жарылқаушы, жазалаушы да Сол! Одан өзге құлшылық етуге лайықты ешбір тəңір жоқ. Осыған иман келтірген шын мұсылман, өзінің жасаған құлшылығын өзгелерге жарнамалап қайтеді? Себебі, жалғыз ғана Алла тағаладан сауап үміт етеді ғой. Иə, Алла тағалаға серік қосу ең үлкен күнə екендігін əрбір мұсылман баласы жақсы біледі. Ендеше, біздерге сол күнəға апаратын барлық жолдардан сақтану лазым. Алла тағала қасиетті Құранда: «Сондайақ кім Раббына жолығуды үміт етсе, сонда түзу іс істеп, Раббына істеген құлшылығында; Оған ешкімді ортақ етпесін» де.


 Кəһф сүресі, 110-шы аят.
Тақуаның бойында дария бар,
Раббысын жүрекпен тани алар.
Кейбір адам жасаған құлшылығын,
Мақтан үшін əлемге жариялар...
Тақуалар иманмен тыныстайды,
Ең алдымен ниетін дұрыстайды.
Жасырын таратқан садақасын,
Өзгелерге айтуға тырыспайды.
Қаламайды анығы, бұл күнəні,
Ықыласпен жүрекке нұр тұнады.
Момындар тек қана Жаратқанның,
Ырзалығын алуға ұмтылады.
Ерсеңіз Сүннет пен Құранға шын,
Жанарыңда болмасын тұман басым.
Рияның үлкен – күнə екендігін,
Мұсылмандар жадынан шығармасын.
Осы күні кей адам ғибадатын,
Жарнамалап күнəні жиған əр күн.
Риядан сақтанған жандар ғана,
Қияметте болады сыйға жақын.
Байқаса да ажарлы сұлбаңды кім,
Алынады иманды құлдан білім.
Ұмытпа, төбеңде жалғыз Құдай,
Əр ісіңді бақылап тұрғандығын!
Риямен бар амал отқа сіңбек,
Бұл дерттен Тəңірім сақтасын тек.
Даңғойда жасайды жақсылықты,
Адамдар ісімді мақтасын деп.
Момындар сый күтпес өзгеден құр,
Бір топ алтын болса да жүздеген мың.
Адамның алғысына мəн бермейді,
Алланың ырзалығын іздеген құл!





Пікір жазу