13.01.2023
  186


Автор: Есбол Бозан

КОММУНИСТ ШАЛҒА АРНАУ

Бойыңнан өшкен қанағат,
Ауызыңыз толған балағат.
Қырыққа келіп сіз үшін
Қадірсіз жүрген жаман-ақ!
Саясат болып бар қайғың,
Диванға барып шалқайдың.
Насыбай болды атқаның,
Сондықтан ерте қартайдың.
 
Ішкенің арақ күні-түн,
Үйретті сізге бұны кім?
Ізгілік кеткен бойыңнан,
Жүрмейді елге үгітің.
Картамен өтіп əр жиын,
Ұлыңа жұқты бар күйең.
Талабы теңіз жастарға,
Осы ма берген тəрбиең?
Бойыңнан өшкен шүкірлік,
Ауызыңыз толған күпірлік.
Момынды даттап бастайсың,
Жиналып қалса бүкіл жұрт.
Сталин менің атам деп,
Адасып жүрсің надан боп.
Жаныңыз қалай жай таппақ?
Қыздарың жүрсе жалаңбұт.
«КСРО» болды ұраның,
Түбінде анық тынарың.
Имансыз кетсең, тозақта
Ібіліс болар сыңарың.
Өмірден іздеп тұнық мəн,
Байлыққа тегіс құнықпан.
Шалдарда бүгін аз емес,
Өлетін күнін ұмытқан.





Пікір жазу