13.01.2023
  316


Автор: Есбол Бозан

ОЙЛАН АҒА

Ағатай-ау, аз болмай тұр сөзіңде мін,
Хабар тыңдап түнімен көз ілмедің.
Біздер үшін күлкілі газет оқып
Өзіңді бір данышпан сезінгенің.
Қайтейін, «теледидар» болды ермегің,
Орын алып төрінен əр бөлменің.
Ғаламның өсегін тыңдаймын деп,
Балаңның тəртібіне мəн бермедің.
Титықтап қанша ғұмыр сүрсекте біз,
Қалады екен жастарға өлсек неміз?
Ендігəрі біздерге ертегі айтып,
Өзіңді ақылды етіп көрсетпеңіз.
 
Тура сөзің болмаса жұртыңа анық,
Əлдекімді өсектеп, қыртымалық.
Саясатқа шынайы ұмтылар жан,
Бөлмесін де жатпайды пультін алып.
Ағатай-ау, иманмен оңбай мысың,
Бұл өмірде қайырлы болмайды ісің.
Экраннан жаңалық естіп алып,
Барлығын білем деп ойлаймысың?
Маңызы жоқ нəрсені ойға да алма,
«ТВ» қарап өмірлер жайнаған ба?
Балаң жүрсе көшеде арақ ішіп,
Саясатты білгеннен пайда бар ма?
Ұрпағы үшін ақылға тоқтасын жан,
Надандықтың белгісі көп тасынған.
Ұл-қызыңа көрсетіп дұрыс бағдар,
Саясатты бастаңыз отбасыңнан.
Зіркілдеп билегенше тойға барып,
Тапқан жөн бір ұшқын бойдан анық.
Ақыретте жер соғып қалмау үшін,
Уақыт бар да тезірек ойланалық.





Пікір жазу