13.01.2023
  165


Автор: Есбол Бозан

АЙТЫП АЙТПАЙ НЕ КЕРЕК

Ей, Қазағым! Бағалым!
Жүрегімде нала-мұң.
Бүгін шығып шаһарға,
Айналаға қарадым.
 
Мен мен деген батырың,
Ар-намыстан мақұрым.
Шылым шегіп, саулығын
Құртып жатыр ақырын.
Қызың кетті жолына,
Шампан ұстап қолына,
Отыз шақты жігітті,
Ертіп алып соңына...
Салмақ түсіп еңсеге,
Біз келеміз теңселе,
Білімі жоқ жандарды,
Бастық қылдық кеңсеге...
Бүгін қайрат жоқ ерде,
Құр мақтану өнер ме?
Ақымақты қолпаштап,
Жұлдыз қылдық əлемге.
Тəйтіктерді дым дерлік,
Жақсылармен тең көрдік.
Парақорлық көбейіп,
Белең алды жемқорлық.
Отанымда арайлы,
Сөзіменен талайғы,
Ақиқатты айтатын,
Ақсақалдар азайды.
Ей, Қазағым арынды,
Сеземісің халіңді?
Орда бұзар ерлерің,
Ішкілікке салынды.
 
Ұлт мүддесі күйреуде,
Жұрт ақысы түйреуде.
Арланады кей қазақ,
Өз тілінде сөйлеуге.
Мəңгүрт болып ұрпағың,
Кете ме деп қорқамын.
Ислам діні – тірегің,
Қазақ деген ол қаның.
Айтып айтпай не керек,
Елден қаяу тапса кім.
Сол қаяуды көп елге,
Даттау емес мақсатым.
Əрбір қазақ діңгекті,
Іштен шыққан індетті,
Өз халқына ертерек,
Ескертуге міндетті!





Пікір жазу