13.01.2023
  111


Автор: Есбол Бозан

ҚАЛЫҢ ЖҰРТ ОЙЛАМАСЫН

Көп өлең жазғанмен шабыттанып,
Өнерден ешқандай мəн ұқпадық.
Хақты айтпай сөзіңнен қайыр болмас,
Жатырса да атыңды халық танып.
Адам ойы дəлелмен тұнық, білсең,
Одан басқа сөздерді ұмыт қыл Сен!
Менің шын бейнемді көрер ме едің?
Жүрегімнің бір шетін тіліп көрсең.
 
Уақыт бөліп арға мың, ізетке мың,
Қəне, менің өзімді түзеткенім?
Арынды көп өлең жазамын деп,
Жанымды бір сəтке күзетпедім.
Мұра болды бұл өнер бабалардан,
Сол жолды жалғастыру маған арман.
Қалың жұрт ойламасын, мына мені,
Данышпан деп қолына қалам алған!
Түсірсем де параққа сөзімді епті,
Бойдан иман əлсіреп, төзім кетті.
«Даналық» келмейді екен ақындықпен,
Осыған ап-анық көзім жетті.
Жайнаң қақса жанымның көгал бағы,
Қандасыңның ешқандай жоқ арманы.
Сөреден қанша кітап оқысам да,
Одан бірақ, тəрбием оңалмады.
Не айтайын мен сізге одан бөлек?
Тақуалық қонса екен маған кенет.
Өзгеге үгіт айтар жағдайым жоқ,
Өзіме ақыл айтар адам керек.
Деп айтпаймын бар істі жөнге қойдық,
Өз нəпсімнен аспады мендегі ой тек.
Қалың жұрт ойламасын мына мені
«Дүниеден бет бұрған пенде ғой» — деп.





Пікір жазу