13.01.2023
  175


Автор: Есбол Бозан

ЖАЛҒЫЗ ҚАРҒА

Баяндайын оқиғаны мен өткен,
Жаз болатын аптап ыстық жел өпкен.
Келе жатып темір жолдың шетінде,
Балапанды көзім шалды, кенеттен.
 
Қауырсыны теңбіл түсті, əрі өңді,
Қарғаның баласы екен кəдімгі.
Сол мезетте абыр-сабыр тыйылып,
Тыныштық басқан еді маңымды.
Жаз алабы бір керемет түрге еніп,
Жайнаң қақты өсімдіктер гүл беріп.
Балапанның дəрмені жоқ ұшуға,
Қанаты да жетілмепті үлгеріп.
Жаңа арнаға негізделіп ой бағам,
Құштарлығым қуат алды бойдағы əм.
Қарғаның балапанын қасынан
Тамашалап өтемін деп ойлағам.
Сол ойымның бағаланбай бір құны,
Ақырында жүрегімді жұлқыды.
Бала қарға бір бəлені сезді ме?
Алыстан мені көріп үркіді.
Одан кейін у-шу қылып кешкі үнді,
Қарғалардың дауыстары естілді.
Жаңағы құштарлығым бойдағы,
Өңі солған жапырақтай тез тынды.
Қалбалақтап тұрып қалды тым жайым,
Қарғалардың жан айғайы қылды уайым.
Артық қимыл жасар болсам, əлгілер
Маған қарай бас салуға тұр дайын.
Барлығы да тұмсығымен шоқ өрген,
Жанарыма сұсты болып көрінген.
Соны ескеріп, балапанын қарғаның
Артқа тастап кете бардым жөніммен.
 
Бірақ, бірақ, тəрбиесі мол бізге,
Өнегелі бір оқиға болды өзге.
Хайуанның өз баласын дала да
Тастамасына көзім жетті сол кезде.
Ал біздерге өзімізді жиі ақтау,
Адамдыққа сай келмейтін сияқты-ау!
Адамдардың өз баласын қоқысқа,
Тастағаны сөзсіз енді ұяттау!
Болғанымен адамзатта қалыпты ой,
Қай бетімен жасайды екен барып той.
Шындығында, кей кездері қарғаның
Адамнан да озатыны анық қой.
Болса екен деп сыртың таза, ішің – гүл,
Бұл жағдайды өлең қылып ұсындым.
Адамдарға адам болу үшін де,
Иманның керектігін түсіндім.





Пікір жазу