ТӨРТ МЕЗГІЛ
Аңсағанмен шуақты көктем күнін,
Осалдығым болып тұр өктем бүгін.
Байқамаппын зуылдап көз алдымда,
Жиырма жылдың қалайша өткендігін.
Қия басып шетелге барғаным жоқ,
Топырағына табан ізін салғаным жоқ.
Ең бастысы жүрегім, көктемдегі
Қар секілді жібісе арманым жоқ!
Жаңылысып келемін бүгін қанша,
Арғы өмірде беймəлім құным болса.
Қайтадан еңсемді көтерермін,
Жүрегімде иманым бүрін жарса.
Кең сарайға асылды құшқан жаппай,
Бұл дүние жүрер ме бізді алдатпай.
Əлсіз менің иманым гүлдесе екен,
Жаздағы құлпырған қызғалдақтай.
Жаңбыр суы себелеп талға сіңді,
Тамырына жайғасып нəр басылды.
Менде бір күн құлаймын қара жерге,
Бұтағынан үзілген алма сынды.
Ықыласқа ешқандай жетпес амал,
Сол арқылы иманың бетке шабар.
Күздегі қураған жапырақтар,
Өлімді бір сəтке еске салар.
Күзгі бақты ақырын кезіп келем,
Кезіп келем, өлімді сезіп келем.
Жалғыз ғана Алладан бұйрық келсе,
Өлім періштесі ешқашан кешікпеген.
Күзден кейін қыс келеді, бар жануар,
Қорасын да бүркеніп қар жамылар.
Анық емес көзіме, желтоқсанның —
Қандай хабар күтіп тұр аржағынан.
Бір Құдайға жүгіну жеке міндет,
Сол арқылы жүректен кетеді індет.
Айта алмаймын қаһарлы қыстан кейін,
Көктемге аман-есен жетемін деп.
Қаңтардың ызғарлы сыйқы басым,
Ас болады шүкір етсең қиқым асың.
Аяздан дірдек қақсаң халің мүшкіл,
Ал жүрегің мұздаса не қыласың?!
Күз секілді қуарсам мен расында,
Жаз секілді жайнауды ұмытпасам.
Көктем сынды ашылсам жолдасыма,
Қыс секілді дұшпанға суық болсам.
Жаз келіп жүрегімде жүзді көңіл,
Одан кейін қарсы алам күзді қоңыр.
Қыс секілді маңайды үсік шалса,
Көктем сынды жайнасын біздің өмір!