МЕН ӨЛГЕНДЕ
Маған өлім жетеді бір күндері,
Ертең ажал күтіп тұр мүмкін мені.
Қиылар ғұмырым жапырақтай,
Тыйылар қуанышым күлкімдегі.
Қонақ екен өмірге бұл адамдар,
Сондықтан ажал күтіп тұрады алдан.
Мен кетемін түбінде Құдай жаққа,
Сол кезде ешқайсың жыламаңдар.
Шарасыздық көрініп ебіңнен бір,
Жүзі кеткен семсердей желінбеңдер.
Дұрыстап жуындырып мəйітімді,
Ақ матаға мұқият кебіндеңдер.
Қабірімді ағайын қазып оңдар,
Жəрдемдесіп, иманды асыл ұлдар.
Жаназамды оқытып, одан кейін,
Тезірек жерлеуге асығыңдар.
Мен өлгенде ешкімді сөкпеңіздер,
Ол туралы Исламда жоқ негіздер.
Қырқымды, жүзімді атап өтіп,
Ақшаны далаға төкпеңіздер.
Жасамаңдар жетімді, жылымды да,
Сол арқылы жүректер жылынды ма?
Одан гөрі Аллаға жалбарынып,
Мен үшін қылыңдар мыңың дұға.
Құр сенімді сіңдірсек бойға дербес,
Шариғаттың шарттары ойға келмес.
Моламды тастармен көтермеңдер,
Ол маған ешқандай пайда бермес.
Мен өлгенде сыртымнан мақтамаңдар,
Ешқайсың өсектеп, даттамаңдар.
Менен қалған бұйымның біреуін де,
Шаңырақтың төріне сақтамаңдар.
Қонып қалар адам жоқ фəни жаққа,
Айналады Исламмен əр үй баққа.
Мен өлгенде мұсылман ағайындар,
Сай етіп жерлеңдер шариғатқа!
Маған өлім жетеді бір күндері,
Ертең ажал күтіп тұр, мүмкін мені.
Қиылар ғұмырым жапырақтай,
Тыйылар қуанышым күлкімдегі.