12.01.2023
  137


Автор: Жәди Шәкенұлы

Қара көзден мөлдіреп жас келеді

Қарындасым, бүгін сенің үйлену тойың, амал не бара алмадым. Сен Алтайдасың, мен Алатаудамын.


Қарындасым, сен білмейсің.


Сен өмірге келуден бұрын маған іні, саған аға Назарбек деген бөбек бар еді. «Бай малшының ұрпағы, халық жауының баласы» деп сойыл үйірген қара құйын күндерде әкем мен шешем Алтайдың "ит жеккеніне" айдалып кетті. Мен көрінгеннің босағасында қалдым. Шиеттей Назарбекті әкемнің жеңгесі асырап алды. Ауыр күндердің ажал қармағы алдымен осы сәбиге ілінді. Мен інісіз қалдым. Басқа балалардың артынан томпаңдап жүгірген інілерін көргенде өзегіме өрт ілінді. Мен үшін алғашқы өлім. Өзім аузыма салып шайнауға үйір керіш топырақты қара жер балғын жүрегіме сұп-суық мұзын басты. Томпайған топырақты көрсем тұла бойым түршігіп кететін болды. Қара жерді жек көрдім. Балалар қолымен топырақ үйіп ойнаса, мен оны шашып жіберіп тұра қашатын едім, жылайтын едім. Көз жасына қосылған ана сүті, әкенің батпан күрсінісі көкірегіме шер шеменін байлады.


Қарындасым, сен білмейсің.


Сен көктемде туылдың. Бүкіл дала жусан иісін бүркіп, торғайлар ән сала бастаған. Алғаш ашылған тау гүлі – шұғынықты әкем жақсы көретін. Сенің атыңды Таугүл қойды. Менің қуанышымда шек жоқ. Айнала жүгірдім, көршілерден сүйінші сұрадым:


– Менің бауырым бар, менің қарындасым бар!


– Ме-нің қа-рын-да-сым бар. Тау-жоталар бірге сүйінші сұрады. – Бар... бар... бар...


Әкем айтатын ертегілердегі сияқты әлдебір алыстан келген самұрық сені іліп ала қашатындай жан атаулыдан қызғандым. Айналып, үйіріліп бесігіңнің қасынан кетпейтінмін. Бесіктен шешілгенде алты жастағы шамама қарамай тәлтіректей көтеріп "бермеймін, бермеймін!" деп құшақтай қашушы едім. Мұны білген ауылдағылар қызық шығармаққа мені әдейі іздеп келетін болыпты.


– Қарындасыңды бізге берші...


Өтініштің аяғы соғысқа созылып, мен оларды сойыл ала қуамын. Сені көтеріп ала қашамын. Олар қуған болады, жете алмаған болады.


– Апыр-ай, мына батырдың қарындасын бермей қойғанын қарашы, – деп лажсыздық танытқан болады. Кейде Дәуен ағай өктемдік көрсетіп сом қолдарын созып, саған тегеуірін сала бастайды. Мен шырылдап қоя беремін. Шешемнен араша сұраймын.


– Тәйт әрі, – дейді шешем, – бір бауырын берген, енді Таугүлді ешкімге бермейді, тиісіп көріңдерші қане!?


Мен көз жасымды құрғатып, ерлене қаламын.


Қарындасым, олар ақыры айтқанына жетті. Араға ширек ғасыр салып, мен


 


жоқ орайды пайдаланып сені алып кетті-ау.


Қарындасым, көтеріп алып құшағынан шығармай қоятын ағаң жоқ. Жетімсіредің-ау, көріс айтып босағамен қоштасатын біздің ауылдың салтын қалай өткердің екен. Алдыңда көрісетін әкең жоқ, ол анау, мен жек көрген қара жердің қойнына жатып алып, сенің зарыңды тыңдай алды ма екен деші...


Қарындасым, көрісіп айырылатын ағаң алыста, аңырадың-ау, еңіредің-ау, қарғам, қайтейін?! Төр алдында шошайған анаң сенімен қоштасып, қалай егілді деші... Ол: "Тәйт әрі, ағасы тұрғанда Таугүлді ешкімге бермейді" деуші еді ғой. Ағасы қайда...


Қаратаудың басынан көш келеді, Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді. Қарындастан айырылған қиын екен,


Қара көзден мөлдіреп жас келеді – деген әнді Алатау бөктерінде отырып айтқан менің де көзімнен мөлдіреп жас келеді.


Қош, қош, қарғам, қош енді, бақытты бол!





Пікір жазу