ТАСБАУЫР
Рахим Ағзамұлының рухына
– Сен неткен тасбауыр едің, оны неге тастап қеттің?
– Аға, сіз өзіңіз айтушы едіңіз ғой «Дүниеде нағыз махаббат, теңдік, әділдік деген нәрсе жоқ, ол адамдардың алғы күнге үмітпен қарауы үшін жалғаннан жасалған қиял биігі» деп.
Мен жауап қайтара алмаймын. Қолымдағы кесеге қараймын. Кесе болғанда мөлдіреген шарап толы кесе. Жетісулықтар құятын шайдан да көбірек. Дірілдеген қолдарым кесе бетінде ұсақ толқындар тудырып, түймедей-түймедей тоғыс жасап жатады. Сол толқындар кенеттен көтеріліп қып-қызыл өңешке, жоқ, қызыл өңеш емес, қап-қара тамұқ үңгіріне – түпсіз аранға жұтылып кетеді. Тағы толқып, ұсақ қан арналары арқылы шапқылай жөнеледі.
– Аға, білесіз бе, өмірде жауапсыз сұрақтар көп болады.
Тағы сол баяғы ұсақ мөлдір толқындар тынымсыз толқиды. Енлігісі қошқар мүйізденіп жағалаудың жартастарын теңселте сүзгілейді.
– Сен де бір стакан алып қой.
Бұл жолы жанарымның алдында көлденеңдеп шөккен нардай көгілдір тұман ештеңені көрсетпеді. Бірақ, оның ұйқыдағы сәбидей болмашы тыныс алғаны ап-анық естіліп тұрды.
– Өзіңіз іпше деп үйреткенсіз.
– Ішпесең өзім-ақ ішейін, үһ, мен сенің тастап кеткен қалыңдығыңды көрдім.
– Аға, шын айтасыз ба, ол не дейді?
– Не деуші еді, сені тасбауыр екен дейді.
– Шынын айтыңызшы, ол мен туралы бірдеңе айтты ма? – Иә.
– Не дейді?
– Не деуші еді. Жаңа айттым ғой.
Оның үздіккен дауысы жалынышқа жақын шықты: – Аға?..
– Есіңде ме, бір жолы сен оның суретін көрсеткенсің. Толықша денелі, екі беті алмадай, томпиған ғана қыз еді ғой. Ал, мен соңғы рет көргенде сүзектен тұрғандай құр сүлдері ғана қалыпты. Мені көріп жылады. Оның ботанікіндей жәудіреген жанарынан мен «Аға, ініңіз мені тастап кетті» деген сөздерді оқыдым. Бірақ соңғы жағы тағы да буалдырланып кетті. Оның тұп-тұнық жанарынан мөп-мөлдір тамшылар қайнап шықты. Кірпіктерінің ұшынан үзілген ұсақ мұз текті маржандар қорғасындай салмақпен қара жерге домалап жатты. Ол енді жанарын оқыта алмасын біліп, өксігі езуіне тартқан жұқа еріндерін өз әміріне әрең көндіріп, мыналарды айтты: «Ініңізбен таныстық, табыстық, сөз байластық. Бір күні ол маған келіп: «Мен қарыздармын, қарызымды өтеу үшін біраз орай бер. Аз уақыт сені көре алмайтын шығармын» – деді де, ыстық демі бетімді шарпып, сүюге де
дәрмені жетпеді, кері бұрылды. Ол кеткенде көгілдір көктем болатын, онан ары жадырап жаз келді. Мен шешек атқан дала гүлдерінің арасынан іздедім, ол келмеді. Күреңіткен күз келді. Аспанда ұшқан алты қазға сәлем айттым, ол келмеді. Қылышын сүйретіп қытымыр қыс келді. Қыраулы терезеден елесін іздедім, таппадым. Міне, тағы да көктем келді, құс екеш құстар да оралып жатыр, ол неге келмейді, мені неге алдайды, тым құрыса жөнін айтып кетсе оң болар еді ғой?!» – оның айтқаны осы. Ал, кім тасбауыр екен.
– Аға, онда мен шынында қарыз өтеуге кеткен болатынмын. – Қарыз?
– Иә, қарыз, мен ананың ақ сүтіне, әкенің аяулы алақанына қарыздар болатынмын.
– Інім-ау, қарыз қашан өтелуші еді, біз өмірдің өзіне де қарыздармыз ғой.
– Аға, мен басқа қарызды қуып шаршап жүргенде қара жердің қарызы бәрінен ауыр екенін білмеппін.
– Неге?
– Адам атамыз қара жердің топырағынан жаралған. Демек, біз қара жердің бір кесек балшығын алып, онымен өз тәнімізді жамағанбыз. Ендеше, өзіміз ойып алған сол бостықты мәңгі толтыра аламыз ба, жоқ! Толтыра алмаймыз. Дегенмен кейде жер жыртығын жамауға керекпіз.
– Сен тым жассың ғой.
– Көп жасап жер бетін күнәға толтырғанша, опасыз жалғаннан ерте кеткен де бақыт сияқты.
– Ата-анаңды қан жылатып кеттің ғой.
– Мүмкін мен тірі жүрсем, оларды одан да көп жылататын шығармын. Адам ғұмыры арманмен басталып, арманмен аяқталып кетсе, жер үстіндегілерге де, жер астындағыларға да қадірлі боласың. Ал, жер бетін былғап жүзге келсең де, лағынеттен басқа аларың жоқ! Жылауға келсек, ол тағдырдың ісі!
– Жоқ, жоқ! Олай емес!!!
Мен Алматының тұманды көшесіне жүгіріп шығып, бар даусыммен осылай деп айқайладым.
– Мүлде . . . мүлде олай емес, е-мес!
Алып жартастай Алматының сұп-сұры қабат үйлері түк білмегендей тымсырайып, сыздана қарайды. Ал, байқұс талдар сақалынан су аға селкілдейді. Жапырақтар жаназаға жығылғандай үнсіз бас шұлғиды.
Ол кең иықты, ерттеген арғымақтай сындарлы тұлғасын тіп-тік ұстаған қалпында көше бойымен ары қарай асыға адымдап кетіп барады.
– Рахим, Рахим, тоқташы...
Асыққан пенделер қашан тоқтаушы еді. Бірбеткей, оралмайтын уақыт тіліндей ол да артына қайырылған жоқ. Алматының суық тұманына жұтылып кетті.
Мен тасбауыр тағдырды қарғап, ерте ме, кеш пе адамдарға берген қарызын аямай қайтарып алатын тасбауыр қара жерге отыра кеттім.
Біз жердің бүйірін тепкілеп, қаншама жауыз атансақ та, жүрегіміз тас
емес, еттен жаралғанын мойындаймыз. Ал, қара жердің бауыры қаннан емес, тастан жаралғандықтан ол бізді ықылым заманнан бері жұтып келе жатса да, тойған жоқ.
Жанарымнан домалаған жып-жылы тамшылар тағы да сол қара жерге, тасбауыр қара жерге тама бастады. Жер болса моп-момақан қалпында жаңбыр суына қосылған менің жылымышы көз жасымды үнсіз жұтып жатты.