ЕСКЕКСІЗ ҚАЙЫҚ
Ертіс сабасынан асып-төгіліп жатыр. Таңертең ерте өгіз мініп бері өткенде өткелден өтіп едік. Мүмкін кеше Алтайдың жон тауларына жауын жауған болар, не болмаса, күн қатты ысыған да шығар. Сонан жон-жоталардың қары еріп, етекке сарқылып, Ертіс таситын дағдысы бар.
Күн кешкіріп барады.
– Өткел қай жақта қалды, мына су терең бе екен, ә? – дедім әкеме. Әкем мырс етіп күлді де:
– Е, өткелдің қайда екенін бір құдайым білер. Тек үйректердің қабырғасынан ғана келіп ары-бері өтіп жүр ғой, – деді. Сәл аңырған мен әзіл екенін артынан түсініп езу тарттым.
Әкем екеуіміз өзенді жағалап едік, талдың тамағында қайық тұр екен. Ескексіз қайық, жергілікті ауыл адамдарының қайықты албаты адамдардың айдап кетпеуі үшін ескегін тығып тастайтын әдеті. Құмға көміп су ағызып кеткен де болуы мүмкін. Әкем ары-бері қарап еді, ескекті таба алмады.
– Әке, қалай өтеміз?
– Балам, ескекті енді таба алмаймыз, Алланың басқа салғанын көреміз, қорықпа. Тәуекел түбі – қайық, өтесің де кетесің деген.
Сөйткен әкем әлгінде өгізге өңгеріп әкелген есіктің екі босағалығын суырып алды, сонан соң қоңыр өгіздің бұйдасын басына түріп суға салып жіберді. Басы су бетінде қалқақтаған Зеңгі бабаның ұрқы өршелене жүзеді. Пыс-пыс етіп қайқая жүзіп қарсы жағалауға тартып барады.
Іле-шала әкем есіктің босағалығын ескек етіп қайықты арқаннан босатты. Дәу толқындар бізді шаптыға ұрып шалқасынан құлайды, ізінше тура сондай одан да дәу бір толқын тағы ұрады. Ал әкем екі босағалықты жанталаса есіп, су иесі Сүлейменге сиынып, Ертістің ортасына қарай тартты. Мен басымды төмен салып бұғып отырмын. Шарылдаған су, ысылдаған толқындар анда-мұнда қайық ішіне меруерттерін лақтырады.
Артқы жағалау бұлдырап қалып барады. Ағаш бастарында қызыл сәулелер ойнайды.
Біз ақыры өттік. Жануар зеңгі бабаның ұрқы сілкініп-сілкініп қойып, жағада жайылып, бізді күтіп тұр.
Араға ширек ғасыр салып тағдыр бізді Арқа төсіндегі Есілдің жағасына әкелді. Алас ұрып ағатын Өр Алтайдағы тентек Ертістей емес, Есіл баяу шымырлап, кілкіп ағатын өзен екен. Жағада ескексіз қайық тұр.
Балам сұрады:
– Әке, қалай өтеміз? – деп.
– Қалай өтсек екен, ә?! – Мен айналама қарадым.