ЖАППАС
Біздің жақтың тайқазан аталатын қауымдастығы тұсында ауылдың жетідегі баласынан жетпістегі шалына дейінгі еркек кіндіктісі пішенге аттанатынбыз.
Оқудағы біздің жазғы демалысымызда соған тураланып шананың құлағына мінеміз. "Бүгін жайлаудан өгіз түседі" дегенде бізде ұйқы болмайды. Жерге жарық түсе-ақ ауылдың сыртындағы ескі қырманға жүгіреміз. Сөйтіп, пысықтарымыз әрі жүйрік, әрі күшті деген мықты өгіздерге алдымен қол жеткізетінбіз. Өгізге қол жеткізген соң ағашшы ағайға жүгіреміз. Онда жасалған көп сүйреткі шана жатады. Соның әдемісін алдымен иеленгеніміз тағы ұтамыз. Үшінші қадамда арқан, мойынағаш, белдік, ыңыршақ, бесбақандарымыз түгелденеді. Осылайша "бес қаруымыз" сай болған соң айбынмен шанашылар легіне қосыламыз.
Ертіс бойының өзіміздің ауылдарға қарасты шаппалығын толық түгендеп шығамыз. Онда жұмыс жағдайына қарай үнемі далада көшпелі қоспен жүретінбіз.
Біздің арамызда Жаппас, Қаппас атты ағайынды жігіттер болды. Неге екенін білмеймін барлық бала Жаппасқа үйірміз.
Ақ жаңбыр сіркіреп тұрып алса біздің бағымыз жанады. Жұмысты доғарып қосқа жиналып алып әңгіме шертісеміз, карта ойнаймыз. Ондайда біз Жаппастың айналасынан табыламыз. Сөйлегенде екі езуі көпіршіп, дөңгелене қызарған көздерінен от шашып, қою қара қасты, қызыл шырайлы өңін өңменіңе қадап, айғайлай сөйлеуші еді.
– Сендердей кезімізде шалдарды аңдитын едік, кемпірі ерте өліп
қалған Балпаң деген ешкі-лақ бағатын шал болды. Бір күні әлгі шалдың ешкілерін қораға қамап алып өзі де ішіне кіргенін көрдік.
Қораның іші қараңғы еді. Тек шалдың әлденеге арсыл-гүрсіл болып пысылдап жатқанын естідік... Масқара-ай! Серкенің бірі есікті құлатып жіберді. Біз тұра қаштық. Шал боқтықты бұрқыратып жатыр. Ешкілер түгел далаға шығып кетті. Бүкшең қаққан шалды алыстан андып біз жүрміз. Бірдемесін іздеп қораға қайта кірді. Біз қораның артқы тесігінен сығаладық. Бұрышқа бүкшеңдеген шал:
– Ақ ешкінің жатқан жері мынау, тізенің батқан жері мынау,
сонда шақшам қайда қалды? – деп күбірлеп жүр екен. Әңгіме осы араға келгенде арамыздағы ересек балалардың бірі:
– Ой Жапыке, сонда сол ешкінің етін біз жеймізбе ? – деп қалды.
Жапыкең бет-аузы бүлк етпестен кірпігін қақпай, көзін бажырайта қадап түрып:
– Жоқ, оны шал қытайлар мен сарттарға сатып жібереді,– деді. Біз қыран күлкі боламыз.
– Жапыке, өз басыңыздан өткен оқиғаларды айтыңызшы, – дейтін қушыкеш түйнектердің бірі түлен түрткендей қутыңдап.
– Өз басымнан өткені ме, көп қой, қайсы бірін айтам. Осында Лаучүй деген қытайды білесіңдер, – деп бастайтын ол қытайлар тұратын қыстақты иегімен нұсқап, – Өзі кәрі болғанымен уылжыған жап-жас ақ сазандай қатыны бар. Оған құрт-май апарып беріп тұрдым, бір күні... Қойшы әйтеуір, Жапыкеңнің ендігі әңгімелері өзінің "ерліктеріне" көп ойысады. Біздің майрағай да тайрағай болған топан күлкімізге ересектер де жинала бастайтын. Енді бірде он жыл отасса да әлі күнге пұшпағы қанамаған әйелі туралы өзі құралыптастар әдейі сөз бастайтын:
– Ой, Жапеке, әйеліңе Озаттың барғаны распа? – дейді. Ал, Жапыкең еш іркілместен:
– Рас, рас болғанда қандай сол Озаттікі сиырдың оқырасындай
ғана бірдеме екен, барғанда онысы ішектей болбырап іске жарамай қалғанын төсектің астында жатып көріп тұрдым емес пе – дейді. Ду күлкі көтерілетін. Сөйлеген сайын екі езуі жараған бурадай көбіктенген Жапыкеңді енді ешкім тоқтата алмас еді. Пішен жұмысының небір ауыр кезеңдерінде жұрт рухын көтеріп жүретін жалғыз Жапыкең.
Біз әр жылы пішен аяғы жиыла бере-ақ оқуымызға кетеміз. Оқудан келген аралық демалыстарда Жаппастың әйелінің ажырасып, басқа күйеуге шығып кеткенін естіген едім.
Келесі жылғы пішен кезінде үйге келгенімде шешем мен көрші әйел Сәлима екеуі әлдекімді әңгіме қылып отыр екен.
– . . . Он жыл бойы ту қатын болып жүріпті-ау.
– Бара салып саңғытыпты ғой, мәселе биеден емес айғырдан болғаны да. – Бетім-ау, сонда ана Жаппас...
Әңгіме сол баяғы Жапыкеңнің үстінде екен.
Неге екенін кім білсін содан бастап Жаппас бізден қашқақтайтын болды. Басқалар да оған бұрынғыша мазасыз сұрақтар қоймайтын еді. Ол мүлдем өзгеріп басқа біреуге айналды. Біз баяғы Жаппасты сағынатын едік, есесіне мына Жаппас тез қартайып бара жатты.
– Е, қайран, Жаппас-ай!