12.01.2023
  193


Автор: Жәди Шәкенұлы

БІЗ ҮШЕУ ЕДІК

Біз үшеу едік. Он сегіз, он тоғыз, жиырма. Бұған қарамай сендер мені аға көрдіңдер. Ол сенімен бірге есіктен кіргенде екі қалтасы томпайып тұратын. Алдымен сол жағындағы қалтасын жасқана сипалаушы еді. Құмыра көрінетін. Мен күлген соң суырып алатын. Құятын, ішетінбіз. Құмыра сарқыла бере ол тағы да қалтасына жасқана қол салатын. Онысы өлең еді. Енді ағалы-бауырлығымыз азайып қолтықтасып кете баратынбыз. Ауылдың сыртындағы құм төбеден көрінуші едік. Ежелгі сақтардың моласындай қадау-қадау құм төбелер «Айғай құм», «Сиқырлы құм», «Мойын құм»,      «Көшпелі құм» — барлығы осы өңірден табылады, таңдай-таңдай, бұп-бұйра құм төбелерде сексеуіл, жыңғыл, дүзген, қараған өседі. Бұзаубас кесірткелер құм арасынан жылтың-жылтың етеді. Көкшіл немесе жасыл түсті қоңыздар да көп. Құм төбелерінің бауырында ебелек те бар. Қарағанның бидай өңді жез қоңыраулары майысқақ самалмен сылдыр-сылдыр күй шертеді. Оған қуыс қурайлар сыбызғы үнін қосады. Біз өлең оқимыз. Ертегі, ертегі ғұмыр!


Ертегі демекші, ертегі айтады: Ауылдың топ баласы үнемі бір төбеге келіп ойнайды. Бірі би, бірі даугер. Бір қызға екі әке таласыпты. Әділ қазы шеше алмаған таласқа еш бидің билігі жүрмепті. Сөйтіп олар төбеге келіп ойнайтын бала биге жүгініпті. Бала би:


– Қане, екеуің екі қолынан керіп тұрыңдар, мен екеуіңе бөліп берейін, – деп қылышын алып тап бергенде шын әке қолын босата салыпты. Бала би қоя бергеннің қыз әкесі екенін танып, әділ билік айтқан екен. Сөйтсе сол төбенің астында ежелгі әділ патшаның алтын тағы бар болып, балаға билік айтқызған соның қасиеті екен. Кейін ойлаймын, Алтайды бөлген ала сызықтың иелеріне көктен Қайса түсіп, жерден Мәді шығып тап берсе қайтер еді... Біз отырған төбені қазса...


Бірақ мен тым жырақта жүріп, кеш ойлаған едім.


Біз үшеу едік. Көз алдымыздағы дүниенің бәрі өлең. Өлең толастаған бір сәтте қой көздерімен батар күнге мұңая қарап ол айтатын:


– Сендер бақыттысыңдар, өз әкелеріңнің атын шығарып жүрсіңдер, – деп.


Ертістің қалың орманына бетімді беріп мен айтамын:


– Сендер бақыттысыңдар, бастарың бос, еріктерің қолдарыңда, – деп. Шимен жер шұқылап сен айтатынсың:


– Сендер бақыттысыңдар, мен сияқты жалғыз емес аға-бауырларың бар, –деп.


Ол айтатын:


– Қой ішелік, тірі жүргеннің бәрі бақыт! – деп.


Үш бұрышталып қарама-қарсы отырған үшеуміз ошақтың үш бұтынан аумас едік. Ортада жыр қазаны қайнайды. Қурайды домбыра етіп өлең құраймыз. Ауызшаға келгенде ол ұтқыр еді. Төгіп-төгіп тастайтын. Төбе басында қып-қызыл жалын шалқиды. Айналада дүниенің бәрін жалмаған оттың қызыл тілі аспандағы мақта бұлттарға ілінеді. Ол да лап етеді де, бүкіл аспан қып-қызыл шоққа айналады. Өртеніп біткен дүние шай қайнатымнан кейін қара көмірлене бастайды, тек желдің үрлесінімен сексеуілдікіндей шоқтардың тұмсығы жылт-жылт етеді.


Біз әлі үшеу едік. Кеш кіріп сам жамырай бастағанда орнымыздан теңселе қозғаламыз, аспанға аңыра қараған ол:


– Аға жұлдыздар неге ағады? – дейді оқыстан. Біз жауап қайтара алмаймыз. Түн құшағына үш көлеңке сіңіп бара жатамыз. Ол күбірлеп бара жатады.


Ертегі! Ерте, ерте, ертеде біздің ауылда дәл осылай болған. Жылдар уақыт доңғалағын талай айналдырды. Екеуміз ауылдан кеттік. Ол қалды.


Қалды демекші, соңғы рет автобусқа шығып бара жатқанымда ол артымнан жүгіре жетіп:


– Аға, сәл аялдаңызшы, – деді. Автобус қозғалуға шақ тұр. – Көлік көп қой, ертең кетсеңіз болмас па?


– Қандай бұйымтай?


– Ондай бұйымтай жоқ, әншейін, сізбен сырласайын деп едім, – аздап ішіп алғаны білінеді. Пендешілік ой: «Қайтесің, ішіп алыпты, ертең жұмысқа шығуың керек, жолыңнан қалма» дейді.


Сосын пендешілікке бейім адамдар әдетімен:


– Інім-ау, жолдасыңды жолынан қалдырма деген, ертең қызмет бар, тағы көрісерміз, – дедім. Автобус қозғалып кетті. Ол ләм-мим деместен әншейіндегі қызылсары өңі тезек қоламтасындай бозарып оң қолын көтерген күйі қала берді.


"Не айтпақ екен деші?".


Біз үшеу едік. Ол қалды. Мәңгілікке қалды. Баяғы жыр оқитын Көктөбені күзетіп пәни жырын бақиға жалғады.


Түс көрдім: Астына ақбоз ат мінген ол, біздің үйдің есік алдында тұр екен. Бірдеңе айтпақ болып тосаңсып айта алмайды. Сосын арқасына асқан домбырасын қолына алып "Қара торғайды" бебеулетеді. Құлағыма:


"...Астына    қанатының    маржан    тағып"    деген    жолдар    ап-айқын естілгендей болады. Атынан түсіп маған әлденені айтпаққа оқталады. Бірақ осқырынған ақбоз ат үркіп ала қашты. Боз мұнарға оранған құм төбелердің арасына сіңіп жоқ болды.


– Ол не айтпақ екен деші?


Нұрлан, адам тағдыры деген сол шығар. Ол ауылда Көктөбеде, сен Алтайда, мен Алатауда. Дәм айдап Көкшетауда да болдым. Ақан туралы аңыз қозғаған ауылдас қариясы бірде "Қараторғай"ды шырқады. Баяғы түсім есіме түсіп: "Астына қанатының маржан тағып" деген жолдардың мәнісін сұрадым. Күрсінген қарт:


– Е, заман-ай, алмақшы болған қалыңдығын ала алмаған мұңлық, оның жүкті кеткенін айтқаны ғой, – деді.


О,       тәубе,        осындай     да        ұқсастық        бола       ма?       Оның қалыңдығының жүкті қалғанын, кейін бір ұлды болғанын естіген едім, рас па екен деші... Ертегі! Ертегі ғұмыр осылай бола ма?! Біз үшеу едік, Нұрлан білесің бе, біз әлі үшеуміз. Отыз, жиырма тоғыз...


Біз қашан жыр оқимыз, баяғы төбе орнында ма екен деші?.. Әне, Алатау аспанында бір жұлдыз ағып барады. – Жұлдыздар неге ағады, ә?





Пікір жазу