СУРЕТ СӨЙЛЕЙДІ
Мен суреттегі адамдар сөйлейді дегенге сенбейтінмін. Ол сөйлеп тұр:
– Сен мені қайда тастап кеттің? Менің жүрген жерім Ертістің жағасы еді ғой... Белуардан келетін көк шалғынды көріп тұрсың ба. Мені суретке әкем түсірген. Жүзімнің көлеңкесіз көкжиектей жарқырап тұрғанын байқайсың ба. Күннің ашықтығынан дедің бе, қой ары, әкемнің дидары күннен де жарық болатын. Енді киімдерің жұпыны екен дегенің жөн. Сен білмейсің, үлкен қалада тұрасың, ішкенің алдыңда ішпегенің артыңда. Тамағың тоқ, көйлегің көк, астыңда шетел машинасы... Біз онда киім түгіл бір жапырақ нанға зар едік қой. Ауылдың өгізіне тақымымз тисе түнімен ұйқымыз келмейтін. Сен енді құдайдың құлағын ұстағандай бәрімізді ұмыттың. Ұмыту дегеннің не екенін білесің бе, ертең сені бүкіл адамзат біржолата ұмытып кетсе қайтер едің, сенің бұл фәниге келіп-кеткеніңді ешкім білмей қалса қандай күйде боласың?!
Суреттегі адам үйдің ішін кезіп жүрді. Оның аяғының сықырына дейін ап-анық естіледі, мен “субыханымды” үйіріп әзер ұйықтадым.
Түсім бе, өңім бе күбірлеп жатырмын. .
Тұлпарлар тұяғы түткен жабағы даланың төсінен бұлқына шапқан асау тайды көремін.
Жылдар шылбырын ұзартқан сайын сол асау тайыңның алыстап бара жатқанын көзбен көру еттен жаралған жүректің еншісіне ауыр тиеді екен, қарашы...
Жібектей құлын жал күннің сәулесінде толқи ойнап, күмісше жарқырап барады. Тік шаншыған құйрығы ғана артында қалған леп белгісіндей! Сағымданған дала төсінде жалғыз ноқат жоғалып барады, одан ары асқар таулар... Асқар таулардың піл сауырлы жоталары, көк бұйра төскей, бұлаққа тұмсығын матырған бұйрат-бұйрат төбелер...
Ертесі ертемен тұрып бала күнгі суретімді үлкейтіп, төрдің алдына іліп қойдым. Ол енді сөйлемейтін болды.
Балам оны өз суретім деп сеніп жүрді.