12.01.2023
  113


Автор: Жәди Шәкенұлы

ҚАБІР БАСЫНДА

 


 


 


 


Күздің жаймашуақ күні емірене өпкен сары белді майыстырып қалың мола тұр.


Ғұмыр бойы балапаны үшін шырылдап өткен ғазиз ананың ыстық тәні қара жердің суық қойнына , мейірімсіз мешкей дүниеге жұтылып барады.


Ана қазасы – Адам қазасы! Оған қара жердің қабырғасы да қайысар. Бірақ, Алланың бұйрығынан аспақ жоқ. Жер екеш жеріңіз он сегіз мың ғаламның біреуі ғана. Қараңызшы...


Алла қара жерге айтты:


– Мынау ғұмырдан қайтқан пенделерді өз қойныңа тапсырсам деймін. Жер айтты:


– Ей, Алла, өмірге әкелген пендеңнің бәрі періште емес. Оның тап-таза балғын тәніне алақанымды тосып алақайлап едім. Енді лас-былапыт етіп, көкірегін арамдықтың ұясына айналдырып маған табыстағаныңа көне қоймаспын-ау.


Алла айтты:


– Қара жер, сен есіңе алшы, мен оны сенің топырағыңнан алып, балшыққа айналдырып, жан салып едім. Өз топырағыңды өзіңе қайтарсам оны неге алмайсың?!


Жер айтты:


– Жаратушы Аллам, сіз, сол топырақты менің бойымнан алғанда ол кірсіз, ұлпа еді. Аспанның ақ қарын ғана сімірген таза күйінде болатын. Енді оны шайтанның арбасына мінгізіп, жамандық атаулыны жапсырып, дайрақ көлшігіне матырып, маған бергеніңіз қалай?


Алла айтты:


– Сен өте дұрыс айттың. Мен оны сенің көгеніңнен таза күйінше босатып алған едім. Енді аузына иманын салып, жуындырып-шайындырып, өздері білген тазалығымен өзіңе жөнелтіп отырмын. Ендеше, су тазарта алмаған дүниені сен тазартасың. Өз топырағыңды өзің тазалау сенің ғана қолыңнан келеді.


Жер айтты:


– Алла, әміріңе құлдық. Денемнен ойып алған бөлшектерді өзіме қайтарғаныңызға мың алғыс. Оларды әуелгі                                    бостығына жамаймын. Топырақ пенделерді топыраққа ғана айналдырып тазарту табиғат тағылымы мен дала заңына да қайшы емес. Бүгінгі тірі пенделердің барлығы да кеше қалай топырақ болса ертеңде сондай топырақ...


Күбірлеген бұл үнді біреу естіді, біреу естімеді. Үн аспан мен жердің арасын кезіп қанша ғасыр жүрді – оны да ешкім білмейді.


Ананың, жер бетіндегі ең асыл жанның мүрдесі тас табыттан сырғып, сұп-суық қабырдың тұңғиық аранына сүңгіп барады. Ораудағы ақ киіз ағытылып, аппақ кебінге оранған аяулы тән ұстаушыларының қарымын талдырып, жанақымға сұғынып барады.


Ақ уызын емгеннен көз жазбай өскен көп әулет жарық дүниеден біржола аттанған қонақ – ғұмырдың топыраққа көмілетініне сенер емес. – Шеше, шешем менің... Анам менің, топыраққа қалай қиям сені?!


Қорғасындай тамшылар ұлпа топырақты тесердей тырыс-тырыс тамады. Олар өмірге әкелген аналарын өз қолдарымен, аналары тұзбен жуып, маймен сылап өсірген сом қолдарымен қара жерге көмбекші...


Қатыгездікке үйренген пенделер топырақ сала бастады. Ананы көміп жатыр, “Неткен жауыздық!”. Анадан туған екі аяқты мақұлықтар ана қабырына асығыс топырақ тастауда. “Тоқтаңдар, тоқтатыңдар!” Бірақ, бұл сөзді ешкім айта алмады.


Дөң басында, сағымдар арасында қурай басын майыстыра қонған бозторғай әлсіз шырылдады. Екі көзі топыраққа аунаған пенделер оны елеген жоқ.


Жұрт алдына шыққан ақ сәлделі имам қос иығын қомдай сөйлеп тұр. Оны осы жұрттың бәрі біледі. Мешіт салған, медресе ашқан. Қазақ даласы елдігін қайта алған жылдары мұсылмандыққа мұрындық болған инабатты адам. Сондығынан болар, осы маңдағы торқалы той, топырақты өлім ол кісіні соқпай өтпейді.


Қабыр басындағылар имамды мүлгіп тыңдауда, тек, “күмп-күмп” тасталған топырақ үні естіледі.


– Балапан басына, тұрымтай тұсына тартып, жерді додаға салғанын бәріңіз білесіздер. Сол тұста әкімдердің есігін тоздырып тулақша бөлінген жерден осы алақандай төбені алғанбыз. Біреудің анасы, біреудің мынасы дегендей марқұм болғандарға соңғы мекен болды. Жер алтынға айналған мына күнде ешкімнен ақы дәметпедік.


Жұрт ішінде ұсақ күбірлер шықты.


– Рас-ау, жалғыз басын біресе онда, біресе мұнда сүйреп талай жанның сауабын алды.


– Егер бұл кісі болмағанда жаназа шығарғанды қойып, шарапқа сылқия тойып, әлі талайды кебінсіз көмер едік.


– Е, Аллатағала сауабына жазсын...


Имам тамағын кенеп, жұрттың төбесінен асыра көз тастап, сөзін жалғады: – Қазір заман өзгерді. Біздің қолымызда құран аударып, мешіт қарап отырған бес-алты бала бар. Олардың киер киімі, ішер тамағы бар дегендей. Алда құрбан айт келе жатыр. Құрбанға мал шалсаңдар біреуін


біздің мешітке беріңіздер, Алланың сауабын аласыздар, – жұрт аузы аңқия, ұшқан шыбын үні естілердей үнсіздікке көшкен: – жақыннан бері жігіттеріміз қабыр қазып шай- шалаңын айырып жүр. Бұдан кейін қабыр қаздыру керек болғанда мешітімізге хабарласыңыздар. Қабірлік жердің бағасы да аса қымбат емес...


Неге екенін кім білсін, осыдан кейін жұрттың құлағы тарс бітіп қалды. Қас-қаққанша аспанды бұлт торлап, айнала шаңыт-туманға оранды.


Олар буалдыр дүниенің ішінен имамның ауық-ауық жыбырлаған аузын ғана көріп тұрды. Ақсиған тістерінің арасынан қып-қызыл сүйір тіл жылтың-жылтың етеді. Одан жоғары сексеуілдікіндей екі шоқ тұманды тесіп тұр.


 


Жұрт қабір басынан ауыр жүк арқалап, еңсесін көтере алмай қайтты. Артта олардың қимас жандары қалды.


Арттағылардың барлығы төбе басына жиылып, өздерінен алыстап бара жатқан тірілер тобын үнсіз ұзатуда. Жер бетіндегі тірілер қара жердің құшағына енгенде ғана бір-бірімен теңеседі. Патшаға да қара құлғада бұйырары бір уыс топырақ. Қазір олардың көзін шел басқан. Алысты көре алмайды. Бірақ, оларды кешіруге тура келеді. Өткені, өздері де кеше тірі болған. Тірілерге қарағанда өлілер мейірімді келеді. Адамдарда жалғыз ғана мекен бар. Ол – қара жер. Қара жердің құшағы қашанда ыстық. Бұл өлгендердің уәжі.


Екі дүние үшін табиғат қана мәңгілік. Ол сол мінезін тағы бір мәрте танытқысы келіп түк сезбегендей сары жонды, сары жондағы үлкенді-кішілі молаларды баяғдай маужырай сүюде. Ал топырағы суып үлгермеген екеудің шыбын жаны торғайға айналып, өлгендер мен тірілердің арасында шырылдай ұшып жүрді.


Олардың бірі – ана, бірі – имам еді.


 





Пікір жазу