БІР УЫС СӘУЛЕ
Тіршілік үшін аспан шалғайынан ұшып жететін дауыстар көп. Кейде сол дауыстар құлағыңның түбіне келіп күмбірлеп тұрып алатынын қайтерсің? Толған айдың бетіне зер салып қарайсың ба, шарананы жарып шығуға жанталасқан балғын нәрестенің бүктетілген бейнесін көресің. Көп өтпей оның үнін естисің. Айдың бетінен ұшқан дыбыс “ә” дегенше құлағыңа кіріп, жүрегіңді шымырлатады.
Сол сәтте құдіретің күшті болса дауыспен бірге ұшып келген жұдырықтай сәулені уысыңа ұстап үлгіруің керек. Әй қайдам, ұстай алмайсың, егер ұстай алсаң ол сенің бүкіл бәденіңе нұр болып тарайды. Қан тамырыңда асау ағындар жүйткіп, жан сарайың саф алтынға айналады.
Мен қолым жетпеген көп нәрсені өңімде емес, түсімде көретінді шығардым.
Көктемнің көк төскейінде үш жасар ұлым көбелек қуып жүр екен. Олай-бұлай бұлтақтай жүгіргеніне қарап көбелегі құрғыр ұстатпай жүр-ау деп ойладым. Оған болысып, көбелекті бірге қумақ болып ентелеген менің көзіме көбелек емес бір уыс сәуле көрінді. Менен бұрын жеткен ұлым әлгі сәулені ұстап үлгірді.
Ұйқымнан оянып кеттім, жанымда ұйықтап жатқан ұлымның жұдырығы тарс жұмулы екен. Мен оның алақанын ашуға бата алмадым. Бір уыс сәуле...