ҚАРШЫҒАНЫҢ ЕРЛІГІ
Күндердің күнінде құмай, құзғын, қаршыға бәрі мәжілістес болып отырып, құзғын:
– Менің жасым бәріңнен үлкен. Көргенім де көп, түйгенім де көп. Үлкен деп мені силасаңдар, далбаңдап ұша бергенді қойыңдар. Аң ұстаймын деп арам тер болғанша, дайын тамақ болатын жемтік тауып жеп күн көргендерің дұрыс, – деп ақыл айтыпты.
Оны қостаған құмай:
– Онсызда аю, қасқыр, арыстандар өлтірген өлекселер толып жатыр. Соның қан-жынын жесеңдерде аштан арып, көштен қалмайсыңдар. Тыныш жан бақсаң, басқалаға да жаман көрінбейсіңдер! – депті.
Ал қаршығы болса, олардың сөзіне келіспейтіндігін білдіріп:
– Басқалар дайындаған арам астан, табан ет маңдай термен тауып жеген алал ас қымбат емес пе! – депті. Оның сөзіне құзғын қатты ашуланып:
– Інім-ау, әлемнің арам, алалын айыратын екеуімз бе. Онсызда мың жылға жақын ғұмыр кешіріп отырған жоқпын ба. Әлін білмеген әлек, аса қайрат – бойға қас. Тырнағымызды қандамасақ та, кеңірдегіміз тоқ. Ондайыңды естіртпе!- деп дүрсе қоя беріпті.
Қаршыға олармен сөз таластыра беруді жөн көрмей, биікке қарай самғай жөнеліпті.
Сөйтіп жүрген күндердің бірінде, жемтік аңдыған құзғынның балапанын шүйебөрі бас салыпты. Бас салып қана қоймай, шырылдағанына қарамай ауызына тістеп алысқа ала жөнеліпті. Құзғындар қанша шулағанмен шүйебөрі балапанды тастай қоймапты. Балапан өлуге айналыпты.
Осы кезде аспаннан қатты ысқырған дыбыс білініпті. Аң-таң болған жан-жануарлар мен құс біткен бір кесек болат шардай болып, оқтай зымырап келе жатқан қаршығаны көріпті. Қаршыға бар екпінімен келіп, бір аяғымен шүйебөрінің таңынан іліп, бір аяғымен мойынын қайырып, жанын жаһаннамға жіберген екен. Құзғынның балапаны аман қалыпты.
Мұны көрген құзғын, құмайлар қаршығадан кешіріп сұрап:
– Біздің мың жасаған жасымыз сенің бір күндік ерлігіңе жетпеді-ау, – деп көздеріне жас алған екен.